• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2011

Сайлау: мөлдірлік пен ашықтық үлгісі

2028 рет
көрсетілді

Астанадағы «Рамада Плаза» қонақүйінде орналасқан Сайлауға септесу орталығы шетелдік байқаушылар мен осы сайлау үшін Астанаға арнайы атбасын тіреген өзге елдердің журналистеріне қызмет көрсетті. Жалпы, шетелдіктердің сайлауға деген ықыласының өзгешелігін мынадан ғана байқауға болатындай. Айтқан ойлары мен жарияланған әрбір пікірлеріне әлем құлақ түретін азулы-азулы БАҚ Қазақстанда өткізілетін кезектен тыс президенттік сайлауға деген қызығушылығын журналистерін іссапарларға жіберумен білдірген. Мұхит асып «Вашингтон пост», «Ассошэйтед Пресс», «Таймс» келсе, кәрі құрлықтан «Франс Пресс», «Рейтер» және Еуропа елдерінің өзге іргелі мемлекеттерінен келген журналистермен қатар, азиялық «Әл Жазира», «Синьхуа» агенттіктері, «Жэньминь жибао» сынды көптеген басылымдар өз өкілдерін біздің елімізге аттандырыпты. Не керек, тек журналистердің ғана саны 220-дан асты. Сайлау басталған төрт жарым сағат өткен соң алғашқы байқаушы Ислам кон­ференциясы ұйымының өк­іл­дері брифинг өткізетін ниетін білдірген. ИКҰ-ның Бас хатшысы Кабинетінің шефі Шукру Турфан, ИКҰ директорлары Тариг Али Бахыт және Али Абдолхасан Шахреза көп күт­тірген жоқ. Әріп­тес­терінің атынан жалғыз өзі сөйлеген Шукру Турфан таң атқаннан бері бірнеше сайлау учаскелеріне барған­да­рын, олар­дың қай-қайсынан да ешқан­дай бір ке­леңсіздікке куә болмаған­дық­тарын, қай­та барлығы өз мәнімен, ашық түрде өтіп жатқанына көздері жеткендіктерін айтты. Дауыс беру барысында аза­мат­тардың құқықтары бұзылмағандығын көр­дік, кейбіреулерімен тілдестік те. Сайлау­дың ұйымдастырылуы да, өткі­зілуі де жоғары деңгейде деген. Сайлауға Болгариядан келіп, бай­қау­шылық атқарған халықаралық істер, эко­номика және тарих саласының док­торы Нина Дюлгерова мен «Мөлдір ережелер қорының» қызметкері Тодор Благев пікірлері де ИКҰ өкілдерінің пікірімен үндес шықты. Дауыс беріліп жат­қан 4-5 сағат­тың ішінде біз сайлау ұй­ым­дасты­ры­луы­ның жоғары дәрежеде екенін байқадық. Еш­қан­дай асығу-үсі­гусіз, байыпты түрде, әрі аш­ық өтіп жатқан сайлауды көрдік. Тіпті, дау­ыс берушілер өздерін тізімнен таппай қал­ған күнде ол шешімін таба­тындай жағ­дай жасалынған. Және бір айта кететін мәселе – сайлаушылар сенімді, олар өздерінің кімге дауыс беретінін анық білетін жандар. Әріптесімнің пікіріне толығымен қо­сы­ламын деп сөзін бастаған Тодор Благев бір жайды қосымша айтайын деді. Ол – сай­лау­шылардың өздерінің тарапынан кеткен кемшіліктері. Мәселен, азаматтар сайлау бола­тын күнге дейін өздерінің тізімде бар, ия жоқ екендігін білуді қажетсінбеген. Егер олар азаматтық белсенділік танытып, алдын-ала білген жағдайда, жоғарыда әріптесім айт­­қан жай болмас еді. Жалпы бұл жайт – әлем­дік сайлау тәжірибесінде бар мәселе. Тізімде жоқ азаматты сол жерде есепке алып, дауыс беру бюллетенін беріп жатқан­дық­тан, мен мұны кемшілік қатарына жат­қызбаймын. Осы жерде залдан сұрақ түсті. – Сарапшылар сайлау өтпей жатып-ақ қазіргі іс басындағы президент жеңіске жетіп қойды деген пікір айтты. Сіздер осындай пайымға не дейсіздер? – Сарапшылар деп атының өзі айтып тұрғандай, олар қоғамдағы түрлі мәсе­ле­лерге қатысты алдын-ала бір болжамдар жасап, оны жариялап жатады. Тура келіп жатса, менікі дұрыс болды деп марқаяды, ал кейде дұрыс келмей жатқанын да уақыт көрсетіп жүр. Болгар халқында «Күні бұ­рын жоспар құрған жанға құдай кү­леді», деген мақал бар. Біз сіз айтқандай са­рапшы емеспіз, байқаушы болған­дықтан, сайлау өтпей біреу жеңіске жетті деп айта алмаймыз. Біз барған жерлерде шамалы уақыт қана өткендігіне қарамастан, дауыс берушілердің 25 пайызы сайлауға қатысып үлгерген. Ал біздің Болгарияда саясат­кер­лердің солақайлығынан халықтың оларға деген сенімі аз. Сондықтан халықтың сайлауға келу пайызы төмен. Сіздердегі көрсеткіш өте жоғары. Бельгияның құрметті сенаторы Пол Вилле: – Менің ойымша, барлығы жақсы өтіп жатыр. Біз қысқа мерзімдегі, тек сайлау өтетін мезгілдегі байқаушы болғандықтан біздің көзқарасымыз ЕҚЫҰ /АҚҚДБ-дан өзгешелеу. Сондықтан біздердің есептерімізде алшақтық болуы ғажап емес. Менің көргенім бойынша ой түюімде барлығы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. – Оппозиция біз сайлауға дауыс бермейміз деп жұртшылықты да дауыс бермеуге шақырды. Осы бойынша не айтар едіңіз? – Оппозиция дауыс бермейміз десе, ол – олардың таңдауы. Ал негізінде, мықты демократия бар жерде оппозиция болуы заң­ды­лық. Және оппозицияның міндеті – тек мынау дұрыс емес деп айту ғана емес, кем­шіліктің орнын толтыратын жолдарды да көрсетіп, айтып отыру. Өкінішке орай, сіздердегі оппозиция тарапынан осындай жақ­сы ұсыныстар естімегенімді айта кетейін. Еуропарламент депутаты Милослав Ранс­дорф Қазақстандағы сайлауға бұрын да бақылаушы ретінде қатысқан екен. Бұ­рынғыға қарағанда 1999 жылмен салыс­тырғандағыдан жағдай әлдеқайда өзгер­ген. Өздеріңіз білесіздер, онда эконо­ми­калық жағынан елдеріңіз қиын жағдайда болатын. Сайлауда ОСК-дан ақпарат алу­дың өзі күшке түсетін. Қазіргі жағдай өз­ге­ше, барлығы еуропалық стандартқа өте жақындаған, деді депутат. Бельгиялық байқаушылар Ирнерио Семинаторе мен Бодуэн де Сонис, бұрынғы сенатор Элке Тиндеманс өткізген брифингте де сайлаудың демократия қағи­дат­тарынан ауытқымай жүріп жатқанына мән берілді. Бельгия корольдігі болғандықтан өздерінің елінде президент сайлауы өт­кі­зілмейтінін, тек парламент сайлауы ар­қы­лы де­мо­кра­тия­лық принциптер орнаған мемлекеттің өкіл­дері де Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың заң аясында, халық­ара­лық нормаларға сәйкес жүргенін атап өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев сай­лауға байқаушылық атқаратын біздің Мис­сияның құрылғанына екі апта болды, оның құрамына өз елдерінде белгілі саясаткерлер мен дипломаттар, Орталық сайлау комиссияларының мүшелері енгізілді деп бастаған сөзін. Миссия үш топқа бөлініп, жұмыс атқаруда, оның бір үлкен тобы Астанада, екіншісі – Алматыда және Қа­ра­ған­дыда жүр. Біз осы уақыттың ішінде 24 учаскеде болып, президенттікке үміткер­лер­мен де кездестік. Сайлау демократия принциптеріне сәйкес өтуде. Дауыс бе­ру­шілердің құқықтарына кедергі келтіретін ештеңе көрмедік. Бір сөзбен айтқанда, сайлауда ха­лықаралық стандарттар мен нор­малардан ауытқу болғанын байқа­ғаны­мыз жоқ. Италия делегациясының атынан брифинге екі өкіл келді. Олар – Италия Пар­ламентінің депутаттары Джанкарло Маццука мен Массимо Вануччи болды. Бұдан кейін Испания Корольдігі бай­қау­шылар делегациясы өкілдері – Испания Парламенті Сенаты спикерінің орынба­сары Хуан Хосе Лукас Хименес, Испания Пар­ламентінің сенаторлары Хавьер Маркес Лопес, Дионисио Гарсия Карнерно және Луис Фраганың қатысуымен брифинг өтті. Алғашқы болып сөз алған Испания Парламентінің сенаторы Хавьер Маркес Лопес өздерінің журналистермен кездесіп отырғандарына алғыс білдіріп, сайлау науқанынан алған әсерлерімен бөліскісі келетіндерін жеткізді. «Климаттық тұрғы­дан алғанда бүгінгі күн салқын болға­ны­мен, демократиялық тұрғыдан алып қа­рағанда өте «ыстық» күн болды. Испаниядан келген 4 сенатор, яғни біздер байқаған күннің атмосферасы қалыпты жағдайда өтті. Сайлау науқанына тұрғындар асқан белсенділікпен қатысты. Кейбір сайлау учаскелеріне әйел азаматшалар мен жас­тардың келу қарқыны өте жоғары болды. Сайлау науқаны кезінде оны байқап, ба­қылаған түрлі саяси күштермен арадағы пікірлесу барысынан түйгеніміз – біз сайлау үдерісіндегі қандайда бір қақ­ты­ғыстар мен басқа да кері оқиғаның орын ал­ма­ғанына көзіміз жетті. Сайлау учаскелеріндегі сайлаушылардың дауыс беру үдерісі арнайы жабдықталған кабинада жа­бық түрде өтті. Келген сайлау­шы­лар­дың еркін барып, қандайда бір қысымға ұрынбай дау­ыс беруіне барлық жағдай жаса­лы­нып­ты. Ал өзге саяси партиялар атынан сай­лау­ға келген азаматтар еш кедергісіз сай­лау­ды бақылауға мүмкіндік алды. Сөз со­ңында айтарым, бүгін Қа­зақ­станда ха­лық сөйледі. Ал ертең, сол ха­лықтың ой-пікірі қандай екенін білетін боламыз», деді ол. Кездесу барысында журналистер тара­пы­нан бірқатар сауалдар түсті. Олардың алғашқысы «Испания мен Қазақ­стан­дағы сайлау жүйесінің айырмашылығы туралы қандай пікір айтасыз?» деген сауал болды. Аталған сұраққа жауап берген Испания Парламенті Сенаты спи­ке­рінің орынбасары Хуан Хосе Лукас Хименес ең бірінші айырмашылық, ол Испанияда президент сайлауы болмайтынын және Испанияда Қазақстанда өтетін сайлауға жақын, сәйкес келетін ешқандай үдеріс өтпейтінін атап өтті. «Яғни, Қазақстанда Президент сайланса, ал Испанияда ел басшысы – Король. Ал егер, парламенттік сайлау туралы айтар болсам, мына жәйт­терге баса назар аударар едім: мә­се­лен, Испанияда сайлау науқаны кезінде сайлау бюллетеньдері арнайы кабинаның ішінде жатады. Ал Қазақстанда ол бюллетеньдер сайлаушылардың қолына кабинаға кірер алдында үлестіріледі екен. Екіншіден, Испанияда сайлау кезінде екі мәселе назарда тұрады. Олар: барлық сайлау­шы­лар мүмкіндігінің қамтамасыз етілуі және ешқандай қорқытушылықсыз сайлауға қа­тысуға жағдай жасау»,– деді Хуан Хосе Лукас Хименес. Сөз соңында ол бүгін қа­зіргі іс басындағы президентпен кездесіп, оның халық тарапынан қаншалықты қол­дау­ға ие болатынын білгісі келетіндерін жеткізді. Украина делегациясы атынан келген өкіл – Украинаның Жоғарғы Радасы аппа­ратының қызметкері Юрий Голуб өзі бар­ған бірқатар сайлау учаскелеріндегі ха­лық­­тың дауыс беру үдерісіне қатысты көр­ген-түйгені мен ой-пайымын ортаға сал­ды. «Кейбір азаматтар түрлі себептермен: біреулері науқастанып, енді бірі басқа да жағдайлармен сайлауға келіп дауыс бере алмаған. Бірақ ондай жандардың саны өте аз екен. Тағы бір атап өтерлігі, сайлау учаскелеріне келген кейбір азаматтардың арасында өздерінің аты-жөнін таппаған жандар да кездесті. Сайлау комиссиясы­ның мүшелері олардың қай жерде тіркелуі мүмкін екендіктерін анықтап қана қоймай, тиісінше жол көрсетіп, жөн сілтеп жатты», – деді Украинадан келген өкіл. Журналистердің: «Мемлекеттердің бір-бірлерінен қандайда бір мәселе жө­нін­де тәжірибе алуы қаншалықты тиімді?» деген сауалына: «Әрине, кез келген ұлт, кез келген мемлекет тәжірибесінен оқ­ып-үйренуге болады» деп жауап берді. Нидерланды Корольдігіндегі сараптама институты сарапшының қатысуымен бол­ған брифингте шетелдік байқаушы өзі­нің саяси науқанға қатысты пікірімен бө­лісті. Ол: Амстердам университетінің адъю­тант-профессоры Ласло Кароли Мараш. Ни­дерландыдан байқаушы өз сөзінде Қазақ­станға келіп, ондағы президенттік сайлау үдерісіне халықаралық байқаушы ретінде қатысып отырғанына ризашылық сезімін жеткізді. Оның Қазақстанға бірінші келуі екен. «Мен бұл елдегі сайлау кампа­ниялары жұмысын интернет арқылы және университет ішінде жүріп, бақылап отыр­дым. Мен 8 сайлау учаскесін аралап көрдім. Бұл учаскелердің барлығына ха­лық өте көп келді. Батыс Еуропада аза­мат­тардың сайлауға келіп, дауыс беруі өте күрделі мәселе. Себебі, сайлауға қаты­са­тын азаматтардың саны аз. Мәселен, Еуропарламенттегі сайлау үдерісіне қатысу пай­ыздық көрсеткішпен алып қарағанда өте төмен. Ол орташа есеппен алғанда 40 пайызды ғана құрайды. Ал Қазақстандағы азаматтар не үшін сайлауға келіп, дауыс беру керектігін жақсы түсінетінін білдім. Мен үшін бұл көңіл сүйсіндіретін, жағым­ды жаңалық болды. Бұл – демократиялық сайлау үдерісіне халықтың үлкен белсенділікпен қатысуы дер едім», – деді Амстердам университетінің адъютант-про­фес­соры. Германиядан келген өкіл, Р. Люксембург атындағы қордың бейбітшілік мә­се­лелері жөніндегі сарапшысы Вольфганг Гра­бовски өз сөзінде сайлаудан жақсы әсер алғанын, ал елдегі саяси науқанның демократиялық принципке негізделгенін жеткізді. «Жастардың белсенділігі өте жо­ғары. Бұл халықтың болашағын көрсетеді. Қазір саясатта да, журналистикада да жастар өте көп шоғырланған. Бұл жақсы үрдіс», деді шетелдік байқаушы. Ресейден келген байқаушылар миссия­сы өкілі – Ресей Федерациясы қаржылық-өндірістік ассоциациясы тобының мүше­сі, Ұлттық стратегия институтының Ха­лық­аралық жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов өзінің посткеңестік ке­ңіс­тік бойынша бірінші рет байқаушы қыз­метін атқарып отырмағанын, оның ішін­де Қазақстандағы үш сайлауға ба­қы­лаушы ретінде қатысқанын жеткізді. «Ол­ар 2005 жылғы президенттік сайлау, 2007 жылғы мәжіліс сайлауы және биылғы жыл­ғы президенттік сайлау. Бізді, яғни ТМД елдері, сондай-ақ, шетелдік байқау­шы­лар­ды мына мәселе қуантты: ха­лықтың белсенділігі. Сайлау науқаны басталған таңғы сағат 7-ден бастап дауыс беруге келген халықтың үлкен нөпірі айқын көрінді. Бұл Қазақ­станның жоғары саяси белсенді ел екендігін айқындап берді. 20 жыл ішінде Қа­зақстан демократия жолын, жаңару жо­лын мықтап таң­даған ел ретінде та­нылды», – деді Ю. Солозобов. Грекиядан келген байқаушылар: атал­ған елдегі Америкалық колледждің ғалам­дық қарым-қатынастар жөніндегі дип­ло­матиялық институтының ректоры Андреас Андрианопулос, сондай-ақ «European Pro­files» компаниясының кеңесшісі Стефано Ауглеас өз сөздерінде көптеген сайлау учаскелерінде жүргізілген жұмыстан кейін үлкен кемшіліктердің орын алмағанын, белгілі бір деңгейде тәртіп болғанын, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісі жақсы жолға қойылғанын жеткізді. Сон­дай-ақ, олардың айтуынша, халықтың бел­сенділігінің көрсеткіші жақсы деңгейде. Ұлыбритания мемлекетінен Қазақ­стан­ға арнайы ат басын тіреген тағы бір шетелдік байқаушы, Британ-Қазақстан заң­гер­лер ассоциациясының хатшысы Руперт Де Круз өзінің 5 сайлау учаскесінде бол­ға­нын және олардағы сайлау үдерісіне жан-жақты бақылау жүргізгенін, жалпы алған­да сайлау науқаны қалыпты деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. «Ұлыбританияның Қазақстандағы сайлау үдерісінен қан­дай ерекшелігі бар?» деген сауалға ол: «Біздегі сайлау жексенбі емес, бейсенбі күні өтеді. Алайда, жексенбі күні өткен сайлау халықтың көптеп дауыс беру белсенділігін қамтамасыз ететіні анық. Ал жалпы алғанда, екі елдегі сайлау жүйесі арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Кейбір өзгешеліктер ғана байқалады. Мен мынаны баса айтқым келеді. Батыста ха­лықтың сайлауға қатысуы некен-саяқ. Және биліктің халықтың дауысына деген зәрулігі де шамалы. Сондықтан, халық сай­лауға келіп, дауыс беруді аса бір ай­тарлықтай қажеттілік санамайды. Бәлкім, бұл «сая­сат­кердің барлығы бірдей деген пікірдің орын алуына да байланысты бо­луы мүмкін», – деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанда ха­лықтың дауыс беруге деген белсенділігі олардың көңіл күйінен, әлеу­меттік жағ­дайынан да хабар беретін көрінеді. Ал Ұлыбританиядан келген енді бір өкіл Лорд Уейверли кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушы ретінде қаты­сып отыр­ғанына ризашылық сезімін жеткізді. Ол Қа­зақстандағы сайлауға 1999 жылы қаты­сып­ты. Ал биылғы жылғы сайлау кезінде ол басты басымдықты Астана аумағынан сырт жердегі елді мекендердегі сайлау учаскелеріне берген көрінеді. Оның пікірінше, өзі барған жерлерде ешқандай кедергілер, кемшіліктер, заң бұзушы­лы­қ­тар орын алмаған. Бұл күні Сайлауға септесу орталығы түрлі көзқарастағы пікірлердің ала­ңы­на айналды. ТМД өңірінен және Еуропа елдерінен келген байқаушылар миссия­сының өкілдері жалпы алғанда Қазақ­стандағы сайлау үдерісіне көңілі тола­тындықтарын жеткізді. Әрине, түрлі сыни пікірлер білдіріліп, көңіл тоғая­тын сөздер де айтылды. Біреулер: «Өте жас мемлекет – Қазақстан мен ондағы өте жас демократияны Батыс Еуропа­да­ғы аяғынан нық тұрған, тәжірибелі демократиямен салыстыру қисынсыз, деген пікірімен бөлісіп, алайда, енді бір 20 жылдан кейін бұл жас елдегі сайлаудың ұйымдастырушылық деңгейі тіпті де көтеріле түседі деген сенімін жеткізсе, енді бір байқаушылар Қазақстан «Ор­талық Азия – демократиялық үдерістен сырт, артта қалған кеңістік» деген жаңсақ түсінікті жоққа шығарған мемлекет болды деген ойын ортаға салды. Десек те, қандай пікір орын ал­ма­сын, бұл Қазақстанның өзінің даму, оның ішінде демократиялық үдерістің өзіндік өлшемге негізделген жолын таңдап алғанын айқындап берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.