Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтарда жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы тұтас бір дәуірдің ауқымындағы мемлекет атқаратын мақсаттар мен міндеттерді қамтып, айқындап беріп отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі алмағайып ахуалды, түбірлі өзгерістерді зерделеп барып жасалған маңызы зор тарихи құжат.
Елбасы, 2000-жылдардың басында-ақ, ХХІ ғасырдың ғылым мен технологиядағы жетістіктері мен жаңалықтары қаншалықты орасан болса, халықаралық саясат пен экономикадағы тәуекелдер мен сынақтар да соншалықты жойқын болатынын айтқан еді. Арғы-бергі өркениет тарихын, әлемдік геосаяси, геоэкономикалық үрдістер табиғатын терең білетін, бүгінгі, болашақтағы дүние дамуының аужайын қапысыз болжайтын сұңғыла саясаткер ретінде Н.Назарбаев уақыт тынысын тағы да дөп басты. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығымен ілесе келген әлемдік қаржы дағдарысы, халықаралық шиеленістер мен толассыз қақтығыстар, терроризм мен жаппай соғыс қаупі және т.б. осыған көзімізді жеткізіп отыр.
Қазақстан Президенті әлем үшін де, өз елі үшін де дамудың эволюциялық, балама жолдарын ұсынудан танған емес. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы да халқымыз үшін Қазақстан дамуының жаңа сатысын бағдарлайтын эволюциялық жаңғырту тұжырымдамасы болса, атқарушы, заң шығарушы билік тармақтары үшін стратегиялық бағдар деп пайымдаймын.
Үшінші жаңғыру мақсаты Қазақстанды Мәңгілік Елдің межесіне жетелейтін темірқазық болмақ. Мемлекет басшысының өзі айтқандай, алғашқы екі жаңғырту елімізді аз ғана уақыттың ішінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына алып шықты. Әрине, ғасырлар бойы бодандықта болған, әлемдік қоғамдастыққа алғаш енген постколониалдық ел үшін бұл аз жетістік емес.
Қазақстанды Үшінші жаңғырту аясында Президент ұзақ мерзімді мақсаттармен қатар, жедел шешілуі тиіс міндеттерді нақтылап беріп отыр. Жолдауда бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелер түгел дерлік қамтылған. Соның ішінде, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін шаралар.
Елбасы өз Жолдауында қауіпсіздік мәселелеріне айырықша тоқталды. Меніңше, Президенттің «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек» деген тоқтамы арнаулы күштік құрылымдар үшін де, жалпы қоғам үшін де осы зауалға қарсы бірлесіп әрекет етудің ұстанымы болуы тиіс.
Президенттің сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында қадамдар жасалғанымен, оның алдын алуда, себептері мен алғышарттарын анықтауда кемшіліктер барын ескертуі де бұл бағыттағы жұмыстардың күшеюіне серпін беруі қажет деп санаймын.
Жолдауда еліміздің аграрлық саласына кеңінен көңіл бөлінген. Президент: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», деді. Мұның өзі ауыл шаруашылығы секторында жұмыс істеп жүрген еңбеккерлер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Себебі, бұл салада да әлі іске қосылмай жатқан әлеует пен тетіктер жеткілікті.
Жолдаудағы елдің көңілін серпілткен тағы бір тұс білім беру жүйесі мен әлеуметтік, денсаулық сақтау салаларының маңыздылығына ерекше мән берілуі болды. Әсіресе, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту, 2020 жылға дейін балабақша мәселесін шешу мен зейнеткерлердің жалақысын 20 пайызға көтеру сияқты тапсырмалары – елдің бүгіні мен болашағы үшін жасалған игі бастамалардың алды. Осы қағида арқылы Қазақстан өзінің «әлеуметтік мемлекет» ұстанымынан айнымайтынын дәлелдеп отыр.
Бір қарағанда, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы елдің ширек ғасырлық прагматикалық даму тарихының заңды жалғасы көрінгенімен, биылғы құжаттың мән-маңызы тіпті, орасан деуге болады. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы Қазақстан дамуындағы сынақты кезеңдерді артта қалдырып, жаңа дәуірге аяқ басқан мемлекеттің жоспары.
Ең бастысы, біз осы жетістіктерге ширек ғасыр ауқымында-ақ жеткенімізді ұмытпауымыз қажет. Бұл – біздің баға жетпес табысымыз. Осы орайда, Мемлекет басшысы Жолдауында: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді», деді. Меніңше, Елбасының туған халқына жеткізбек болған сөзінің байламы мен Жолдаудың тұжырымы осында жатыр.
Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жауапкершілігі енді билік институттары мен қоғамның мойнында. Әрине, алға қойған міндеттерді тиімді іске асырудың өзіне тән қиындықтары мен тосқауылдары да бар екені белгілі. Бұл экономикалық жүйедегі, атқарушы биліктің жұмыс істеу тәсіліндегі, қоғам болмысындағы түбегейлі әрі жүйелі өзгерістерді талап етеді. Ал біздің мемлекет, қоғам Жолдауда көрсетілген бастамаларды табысты іске асыруға дайын екеніне өз басым кәміл сенемін.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты