• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Бюджет қаражатын тиімді жұмсауды бақылау артады

342 рет
көрсетілді

Экономика өсуінің жаңа моделі бізге бұрыннан сүйеу болып келе жатқан шикізат саласының мұнай-газ өндіруінен емес, жаңа, жоғары технологиялы салаларды дамытуға негізделгені жаңа Жолдаудың ең басты ерекшелігі болды деп айтар едім. Жолдау Қазақстанның Үшінші жаңғыруы деп аталғаны да тегін емес. Алғашқы жаңғыруды біз өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында, ал екінші жаңғыруды 2000-жылдардың басында өткердік. Президенттің айтуына қарағанда, экономиканың Үшінші жаңғыруы жаңа салаларға көшумен ерекшеленетін болады. Өсімнің жаңа факторлары ашылмақшы. Осы орайда, Президент Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын атап өтуге болады. «Цифрлық индус­трия­­ны дамыту басқа салаларға да сер­пін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс», деді Президент. Маған Ұлттық банк функцияларының өзгеруі қатты әсер етті деп айтар едім. Бұрын бұл Банк негізінен инфляцияны реттеуге ғана жауап беретін еді. Енді ол ақша-қаражат саясатын тиімді жүргізу арқылы экономикаға инвестиция тарту мәселесімен де шұғылданатын болады. Осы бағытта Президент Ұлттық банктің еліміздегі жалпы банк секторын қалпына келтіру бойынша шаралар кешенін дайындауды тапсырды. Банктердің балансын тиімсіз несие­лерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек, деді Президент. Сонымен қатар, банктердің ахуа­лына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке бұрынғыдан көбірек құқық берілетін болды. Сонымен бірге, Елбасы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды. Сайып келгенде, енді Ұлттық банк Үкіметпен бірге экономиканың өсуіне де жауапты болады. Жолдауда салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу мәселесі де айтылды. Мұны өте дұрыс деп санаймын. Осыған дейін бюджет шығыстарының тиімділігіне аса көп мән берілмейтін. Енді осы бағыт та қадағаланатын болады. Президент 2017 жылғы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Енді министрліктер мен ведомстволардың осынау қаражаттарды игеруінің тиімділігін тексеру қажет, деп нақты міндет қойды. Бұл шешуін көптен күткен мәселе болатын. Тек бақылау мен дұрыс тексеріс болғанда ғана жақ­сы нәтижеге қол жеткізілетіні белгілі. Вячеслав ДОДОНОВ, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері