Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Орталық сайлау комиссиясында жаңа ғана, таңғы сағат 10-нан 7 минут өткенде аяқталған брифингте кешегі сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс бергені хабарланды. Солай. 95,5 пайыз қолдаған. Бұл көрсеткіштің мән-маңызын толық пайымдауға біраз уақыт керек. Осы сайлауда жастардың ерекше қайрат көрсеткенін, бұрынғы сайлаулар тұсындағы самарқаулықтан арылып, қоғамдық белсенділіктің ғажап үлгісін танытқанын ғана бөле айта тұрайық. Егемен елдің ертеңі өз қолдарында екенін, Елбасы басшылығымен жасалып жатқан жұмыстың бәрінің игілігін өздері көретінін сезінді жастарымыз. Біз кеше, 2011 жылдың 3 сәуірінде қазақ жерінде, қазақ елінде шын мәнінде орасан оқиға өткенін қазірдің өзінде айта аламыз. Неліктен олай айтамыз? Сайлау қай елде өтпей жатыр? Талай елде президенттер сайланып, талайы қайта сайланып жатқан жоқ па? Иә, өтіп жатыр. Иә, сайланып жатыр. Иә, талайы қайта сайланып жатыр. Онда неге орасан оқиға дейміз? Кезінде бір мақалада былай деп жазғанымыз бар еді: «Нұрсұлтан Назарбаев әлем тарихында бұған дейін бірде-бір адам қабылдай алмаған шешімді тіпті тәуелсіздік қолға тимей тұрған шақтың өзінде қабылдап, адамзатты айран-асыр қалдырған болатын. Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адамдар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жанталасты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жат жұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолымен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан». Сол сөзді енді міне еліміздегі Президент сайлауына орайластырып та айта аламыз. Айта алатынымыз – алағай-бұлағай мынандай заманда әлемнің бірде-бір елінде сайлауға сайлаушылардың тоқсан пайызға жуығы (айтқандай, ол көрсеткіштің әлі сәл өсуі де мүмкін: шалғай аудандардағы, шетелдік елшіліктердегі сайлау мәліметтері қазірше толық алынбаған) қатыса қоймайды. Айта алатынымыз – басшы атаулының бәрінің дерлік бәсі түсіп тұрған мынандай заманда әлемнің бірде-бір елінде дауыс берушілердің тоқсан пайыздан астамы тек бір адамды қолдай қоймайды. Мұндай феномен тек Қазақстанда болып отыр. Мұндай феноменді тек Назарбаев қана жасай алып отыр. Не нәрсе де адамның пейіліне қарай беріледі дейміз ғой. Не болсын халыққа да пейіліне қарай беріледі. Өткен жылдың соңындағы Астана Саммиті күндерінде біз ежелгі қазақ жері Алланың Назары түскен, Құдайдың Нұры төгілген мекен екеніне тағы бір көз жеткізгендейміз. Әншейінде қарашаның басынан-ақ қыс қаһары қатайып алатын елордамызда желтоқсан жеткенше, Саммит басталғанға дейін жаймашуақ ауа райы орнап тұрғаны да, дәл шетелдік делегациялар басшыларының ұшақтары қонатын күні аспанның айдай ашық болғаны, Саммит өткен күннің ертеңінде-ақ Арқаның ақ бораны түтеп кеткені де осылай ойлауға мүмкіндік береді. Саммит аяқталған күні Қазақ елі сапалық жаңа белеске ауысты – біздің мемлекетіміз, тәуелсіздік алғанына 20 жыл да тола қоймаған жас мемлекетіміз енді әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы болмайтыны былай тұрсын, тіпті белсенді қатысушысы ғана болмайтыны былай тұрсын, сол саясатты қалыптастырушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Осы арқылы Қазақстан дүние дидарын айқындайтын мемлекеттердің қатарына қосылды. Осы арқылы Назарбаев жаһандық саясатқа әсер-ықпал жасай алатын әлемдік тұлғалар қатарына қосылды. Баға деген салыстырмалы нәрсе. Бағаның бағасы ол бағаны кімнің беруіне байланысты. Біреудің керемет дегенінен біреудің жаман емес дегені артық шығуы да мүмкін. Өз басымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемнің ірі тұлғаларының аса жоғары баға бергенін талай рет естігенбіз. Солардың бірі – Грузияның экс-президенті Эдуард Шеварднадзе. Өткен жылдың мамырында Тбилисиде сұхбат алғанымызда Эдуард Амвросевич: «Казахстан – великое государство. И руководит им великий человек», деген болатын. Осыдан сегіз жыл бұрын Шыңғыс Айтматов бізге берген сұхбатында «Назарбаев – халықтың бағы» деген сөз айтты. Бұл сөздің ақиқаттығына халқымыз әу бастан-ақ сенген. Қазақстан Еуропаға төбебилік жасап, ЕҚЫҰ сынды беделді ұйымға тамаша төрағалық етіп, осы Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін Астанада жоғары деңгейде өткізгеннен кейін бұл сөздің ақиқаттығына енді бүкіл әлем сенді. Кешегі сайлау, ондағы Елбасымыздың жарқын жеңісі бұл биік беделді одан сайын беркіте түсетін болады. Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың бағына туған перзент екендігі ендігі жерде ешқандай талас тудырмайды. Нұрсұлтан Назарбаев, шын мәнінде, мүмкін емес дерліктей істерді жүзеге асыра алған, тарихта талай есесі кеткен туған елінің, арғы ғасырлардағы бодандықты қозғап, боздамағанның өзінде, осыдан небәрі ширек ғасыр ғана уақыт бұрын басқаруға Мәскеу көлденең көк аттыны жібере салатын елінің етектегі басын төрге шығарып берген адам. Қайталап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны қазірдің өзінде айдай әлемге айқын – жиырма жылға да жетпейтін уақыт ішінде қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, бір емес екі бірдей әлемдік қаржы дағдарысы тұсында мемлекетті қиындыққа ұрындырмай, қайта бұрынғыдан да ширатып, шынықтырып шығару, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет Еуропаға төбе би болатындай биікке көтеру, 56 елдің басын біріктіретін ұйымға тамаша төрағалық жасау, онымен де шектеліп қалмай, сол ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай жүрген Саммитін ұйымдастыру, аса күрделі форумды осындайлық абыроймен өткізу, Астана Декларациясының қабылдануына қол жеткізу, өз елін дүниені дендеп тұрған дағдарыстар дауылында, мазасыздық мұхитында нағыз тұрақтылық аралына айналдыру, мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің көлемін 12 есеге дерлік асыру, жиырма жыл бойы халқына оқтың даусын бір естіртпей, таңын тыныш атырып, кешін тыныш батыру тек ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді. Мұны ашық айту – біздің ақиқат алдындағы парызымыз. Назарбаевтың есімі қазірдің өзінде әлем тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақстан төрағалығы арқылы Еуропа мен Азияның арасындағы, Батыс пен Шығыстың арасындағы, христиандық пен мұсылмандықтың арасындағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан алып дуалды, қалың қабырғаны құлату үдерісі басталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаткер ретіндегі тындырар ең ірі ісі де, әлемдік тарихта қалдырар ең ірі ізі де осы болуы мүмкін. Оңайлықпен біте қоймайтын, тіпті ондаған жылдардың ішінде де аяқтала қалмайтын бұл үдерістің де әуелде қазақ даласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыскер адамзат разылықпен еске аларына, біздің ұрпақтарымыз мақтанышпен айтарына сенгіміз келеді. Еліміздегі реформалардың жүйелі де жемісті жалғасуы үшін, бүкіл әлемде құрметке бөленген ішкі және сыртқы саясатымыздың сабақтастығы үшін, қоғамдық тұрақтылығымызды берік бекемдей түсу үшін, мемлекетіміздің әлемдегі беделінің бұдан да биіктеуін қамтамасыз ету үшін, халқымыздың бірлігін нығайта түсу үшін бізге биліктің баяндылығы ауадай керек еді. Бұл ең алдымен біздің өзіміз үшін керек еді. Бұл біздің келешегіміздің кепілді, болашағымыздың баянды болуы үшін керек еді. Дәл солай болды да. Халқымыз осы жылдар ішінде ұлы көшті сенімді бастап келе жатқан ұлына тағы сенім көрсетеріне титтей де күмән келтірмегенбіз. Соның өзінде де 3 сәуірдегі ел халқы танытқан азаматтық белсенділік, Елбасын дәл мұндайлық қолдау таң қалдырып, тәнті еткізеді. Бұл жайында кеше түн ішінде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ел басқарған адамға бұдан артық қандай марапат керек?!» деп разылықпен айтты. Кешегі өткен сайлауда Елбасының елдің тағы бір сынына түскені рас. Сонымен бірге кешегі сайлауда біздің елдігіміз, ауызбірлігіміз, әлем таныған, мойындаған, құрметтеген басшымызды қадірлеуіміз, ең бастысы – басымыздағы бақтың бағасын білуіміз сынға түскені де рас. Ел халқы елдіктің бұл сынынан да абыроймен өтті. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан, басшысына тақ тұратын елдің басына бақ тұратынын білетін халқымыз тағы да биіктен көрінді. Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі. Кешегі сайлау нәтижелері тіл-көзден сақтасын дегізетіндей. Мынандай сайлаудан кейін қазақтың ауызбірлігі бекем емес, біз әлі ұлт болып ұйи қойған жоқпыз деген сыңайдағы сөздің бәрі артық екендігін айтудың өзі артық. Елдің бұдан артық біртұтастығын көзге елестету мүмкін емес. Алаш баласының атқа мінген азаматты ардақтайтын асыл дәстүрлеріне адалдығын айғақтаған ағайыннан қалай ғана айналып кетпессің! Асылды айнытпай танитын халқымыздың даналығына қалай ғана бас имессің! «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деп, міне жиырма жыл бойы аттан түспей, ауыздықпен алысып, жасампаздық жорығында жүрген Елбасымыздың ел үшін еткен еңбегін, ерен ерлігін қалай ғана құрмет тұтпассың! Біздің Ел осындай! Біздің Ер осындай! Жеңісіңіз құтты болсын, Нұрсұлтан Әбішұлы! Жеңісіміз құтты болсын, ардақты ағайын!
•
04 Сәуір, 2011
Біздің ел осындай! Біздің ер осындай!
721 рет
көрсетілді