Қызылорда облысының Кәсіпкерлер кеңесінде аймақта кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
- Шағын және орта кәсіпкерлікті, әсіресе микрокәсіпкерлікті дамытуға басымдық таныту керек. Облыста өңірлік кәсіпкерлік палатасы құрылғаннан бастап (2013 жылы) аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына мақсатты жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны құрылды,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Кеңес отырысын аша отырып.
Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким өңірдегі бизнесті дамытудың перспективалық бағыттары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша Қызылорда облысында тоқыма және аяқ киім, сондай-ақ ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау және қағаз өндірісін дамытуға болады. Алайда өңірде кәсіпкерлікті дамытуға дәстүрлі бизнес салаларын жөн көретін кәсіпкерлер мен старт-ап жобаларға несие бермейтін екінші деңгейлі банктер кері әсерін тигізіп отыр.
- Нақты мысал келтірейін. Жуырда біз жұмыс сапарымен Өзбекстанға бардық. Өзбек кәсіпкерлері тоқымадан бастап күрделі машина жасау өнеркәсібі салаларында өте белсенді. Тіпті балалар жөргектеріне дейін өндіреді,- деді Е.Ким.
Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлер жұмысындағы әкімшілік кедергілерді жою бойынша атқарған жұмыстар жөнінде баяндады. «Палата кеңесшілері жүздеген кәсіпкерлерге өз құқықтарын қорғауға көмектесті» деп жеткізді Ғ.Жақсылықов. Сондай-ақ кездесу барысында өткен жылдың желтоқсан айының аяғында ашылған Кәсіпкерлерге кеңес беру орталығының тұсаукесері өтті. Орталықтың басты мақсаты кәсіпкерлерге қысқа уақытта рұқсат қағаздарын алу, кеңес беру болып табылады. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы инвесторларды тартып, инвестициялық жобаларды жүзеге асырады.
Кеңес отырысында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта толықтай талқыланатын болады.