• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2011

Жыр аққуының жүрек лүпілі

539 рет
көрсетілді

Белгілі  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожина Ұлттық өнер академиясының өрендерімен кездесті. Қазақтың өткен ғасырдағы қилы тағдыры Марфуға ақын­ның соқпақсыз басталған соқ­тық­палы өмір жолына да өз бедерін аз салмағандай. «Арғы бет, бергі бет» деген сөздің мағы­на­сы ол үшін тым тереңде жатыр. Бір уыс топырақ ата жұрттан бұ­йыруын армандаған, ақыры сол тілегіне жеткен әкесі Ғали келеді көз алдымызға. Сонау ала­шап­қын, дүрбелең үркіндіде ата­сы Айтхожа итжеккенге айда­лып, әкесі халық жауы атанып, түрмеге қамалғанда көп баладан қалғаны қазақтың бүгінгі ай­маң­дай ақыны Марфуға екен. Сонау Мәскеуден тартып, Алматы, Алтай, Атырауға дейін атасының атын шығарған да сол қызы. Біз білетін Марфуға ақын поэ­зия құдіретін адамдық асыл сезіммен астастыра қабыл­дай­ды. Өмірдегі жақсылық, махаббат, ізгілік атаулының негізі осы аяулы сезімде жатыр деп түсі­неді. Оның «Жыр аққуы» деп аталып жүргені де содан болар. Сонымен бірге осынау нәзік жан­ды ақынның тағы бір тартым­ды­лығы азаматтық тұғыр-тияна­ғы­ның беріктігінде болса керек. Ел мен жер тағдыры, Отаны мен ту­ған халқы орайындағы айнымас ұлық ұстанымы ақынның азамат жүрегінің бұлқынысын танытудан жазған емес. Жартығасырлық шы­ғармашылық жолы, 40-қа жуық жыр кітабы, көптеген ән-ро­манс­тары осының айғағы. Міне, осындай әйгілі ақынды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сахна төрінде ақ тілегін ақтара, гүл шоқтарын ұсынып, иығына ілтипат қамзолын жапты. Бұдан соң тізгінді қолға алған белгілі әнші Дәлел Уәш кездесуді желпіндіре жүргізіп, қауымға қуанышты мезеттерді көптеп сыйлады. «Ей, сырлы саз, Мөлдіреген Марфуға! Сендей қызға сыйлық аз, Өмір керек тартуға» деп келетін ақиық ақын Төлеген Айбер­геновтің жаһұт жырына жазылған Дариға Жаңабаеваның әдемі әні «Марфуға» қонақкәдесі ретінде тартылды. Бұдан соң кездесу ба­ры­сында ақынның өлеңдерін Өнер академиясының өнерпаз өрен­дері әдемі көріністермен өр­нек­тей оқыды. Ақын сөзіне жа­зыл­ған әндер орындалды. Дарын жан-жақты болады ғой. Марфуға ақынның сазгерлік таланты да танымал. Осы арада оның өлеңін де, әуенін де өз жүрегінен ту­дыр­ған «Исламабад аспаны», «Сар­баздар» атты әндерін студенттер нәшіне келтіре шыр­қады. Марфуға өлеңдерінен құ­ралған «Ақын монологын»  тол­қымай тыңдау мүмкін еместей көрінді. Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып: «Туған елдің көгіндей елжіреген, Туған жердің кө­лін­дей мөлдіреген. Енді бірде ай­налып ақша бұлтқа, Ақ орамал сияқты желбіреген, Жүрегімді тербейді сол бір өлең... Нәзіктік пен сұлулық үлгісіндей, Мәңгі жас жан көрмедім бұл кісідей. Бір қарасаң, Баянның жүрегін­дей, Бір қарасаң, Сараның сің­лісіндей» деп осы арада шабыт­тана оқыған жыр жолдары Мар­фуға ақынның бейнесін шынайы кестелегеніне сүйсініп отырдық. Тағы бір ақын інісі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай Мар­фуға Ғалиқызының қазақ өлеңіндегі өзіндік орны жайлы салиқалы ойларын ортаға салса, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері Болат Әбділманов оқуын­дағы «Алатаудың ақ бата­сы» дас­танының фрагменттері құлақ құрышын қандырды. Кездесуді ақын сөзіне жазылған моңғол композиторы Файзолла­ның «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма» әні сағынышты сезімдер толқынымен әдемі түйіндеді. Өнер ордасында азамат жү­рек­ті жыр аққуын ардақтаған осын­дай өнегелі жиын өтті. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.