Үмітіңді үкілеген тұңғыш кітабыңның қуанышы жүрегіңді қалай жылытса, ол туралы баспасөз бетінде білдірген алғашқы пікір одан бетер жаныңа ыстық. Қара ормандай қаптаған оқырман түгіл, әдеби ортаға да әлі жөнді танылып үлгермеген сенің өнердегі бірінші қадамыңа сәт-сапар тілеген жалғыз ауыз сөздің өзі шалқар шабыт сыйлап, күдігіңнің бұлтын сейілтіп, алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, балапан сезіміңе қанат бітіреді емес пе? Тұсауы жаңа ғана кесіліп, әдебиет табалдырығынан именіп аттаған талапкердің өз
творчествосы жөнінде жазылған мақаланы оқыған кезде қалай тебіреніп, тәтті әсердің құшағында балқып, қандай күйге түсетінін тәптіштеп бермесем де түсінетін шығарсыз. Жиырма жыл бұрын дәл осындай тілмен айтып жеткізуге болмайтын ғанибет сезімді басымнан кешкенім әлі күнге дейін есімде.
Иә, иә, сол жылы Алла жарылқап, әдебиет әлеміне қарай алғашқы қадамын басып, балапан сезімдеріне қанат бітіп енді таныла бастаған менің бір топ замандастарымның тұңғыш кітаптары жарық көрді. Мемлекеттік тапсырыспен, «Отырар» кітапханасы сериясымен шығып, оқырманға жол тартқан жүздеген кітаптардың ішінде менің де «Ақ жауын» атты сын мақалалар жинағым бар-тын. Тоқсаныншы жылдардың сең соққандай сергелдеңге түсірген экономикалық дағдарыстарын еліміз енді-енді еңсеріп, айылын жия бастаған өліарада шыққан тұңғыш кітаптарымыз жүрегімізге әдемі сенім ұялатып, сөніп бара жатқан үмітіміздің шоғын үрлегендей болған. Кітабымыз қолымызға тиген соң бұрынғыдай емес, өзімізді әжептәуір ақын, жазушы, сыншы сезініп, шығармаларымызды талантты ағаларымызға сыйлап, қуанышымыз қойнымызға сыймай, мәз-мәйрам болып жаттық. Ашық айтпасақ та, бәріміздің де көңіліміз жарыққа ұмтылған көбелектей алып-ұшып, әдеби ортаның бір ауыз лебізін асыға күттік.
...Кітабым шыққан кездегі қуанышымның қызуы басыла бастаған күндердің бірінде менің сын-мақалалар жинағыма алғысөз жазып, сәт-сапар тілеген, өнердегі ұстазым, һәм қамқоршым Зейнолла Серікқалиев ағам ойламаған жерден хабарласты. Телефон арқылы азды-кем амандық-саулық сұрасқан соң ол: «Сенің кітабың туралы «Книголюб» газетіне шыққан орыс тілінде жазылған мақаланы оқыдың ба?» деп күтпеген сұрақ қойды. Аң-таң қалып, оқымағанымды мойындадым. Зекең болса: «Газетті тауып алып, міндетті түрде оқып шық. Өте сауатты жазылған дүние. Кітабыңа ғана емес, шығармашылығыңды да жан-жақты талдап, жоғары баға беріпті», – деп одан бетер менің қызығушылығымды арттыра түсті.
Ертеңіне бүкіл Алматыны табанымнан таусылып шарлап «Книголюб» газетін көк базардың жанындағы дүңгіршектердің бірінен әзер таптым. «Первая книга критика» деп аталатын газеттің тұтас бетін алған көлемді мақала расында да жақсы жазылыпты. Автордың менің творчествомды ғана емес, жалпы қазақтың әдеби әлемінің қазанында қайнап жатқан дүниелердің бәрін де назардан тыс қалдырмай, оқып жүретіні жазу мәнерінен-ақ байқалып тұрды. Бір өкініштісі, басылымда мақала авторының аты-жөні көрсетілмепті. Кімнің жазған дүниесі екенін білгім келіп газет редакциясына сан мәрте телефон шалғаныммен, ешкім жауап бермеді.
Көңілім толқып, ойым сан-саққа жүгіріп, ұйқым қашып, түні бойы кірпігім желімденбей қойды. «Орыс оқырмандары алдындағы менің абыройымды асырып, мерейімді өсіріп тастаған жұмбақ жан кім болды екен?» деген жегі сауал таң атқанша жаныма тыныштық бермей, мазамды алды. Орыс тілінде жазатын, оның ішінде қазақтың сөз өнерін біледі-ау деген авторлардың бәрін ішімнен тізіп шыққаныммен, кімнің мақаласы екеніне ақылым жетпей, басым қатты.
Жауабы табылмаған талай сауалды мезгіл тасқыны ағызып әкеткенімен, осы бір сұрақ ойымнан кетпей, көңілімнің бір түкпірінде беріштей бекіп, тастай орнығып жатып алды. Құстай ұшқан уақыт заулап, көзді ашып-жұмғанша он жыл да зымырап өте шықты.
2008 жылдың желтоқсаны еді. Бір себептермен қызмет ауыстырып радиоға жұмысқа тұрдым. Алматының көшелері ақ мамыққа оранған қыстың ортасында сұхбат алу үшін әдебиетіміздің ақсақалы, жазушы Герольд Бельгерге жолығуға тура келді. Сыртынан ғана біліп, баспасөзде жарияланған еңбектерін оқып жүргенім болмаса, кездесетін кейіпкерімді жыға танымаймын.
Әуелі екеуміз телефонмен сөйлестік. Өте биязы, мәдениеті жоғары, зиялы адам екенін сөз саптау мәнерінен аңғардым. Ол сұхбат беретін уақытын белгіледі. Сағат төртке келістік. Кешігіп қалмауымды өтінді. Кешкі бесте Герағаңа тағы да бір тілші сұхбат алуға келеді екен.
Үйден ертерек шығып, сағат тілі тура төртті көрсеткенде жазушы пәтерінің түймедей қоңырауын бастым. Есікті Герағаңның өзі ашты. Амандық-саулық сұрасқан соң, әуелі әңгімелесетін тақырыбымыздың нобайын әйгілеп алдық.
Өмірімде бірінші рет Герағаңнан сұхбат алып отырған мен ол кісінің қандай қитұрқы сауалдар қойылса да күлбілтелемей, ешкімнен тайсақтамай сөйлейтін батылдығына, ойын ішінде бүгіп қалмай, ашық айтатын турашылдығына дән риза болдым. Бұл сұхбатты алуға Герольд Бельгердің «Кезбенің үйі» («Дом скитальца») романының Германияда жарық көруі түрткі болып еді. Жазушының көркем туындысы маған қатты ұнаған. Романда кезінде жер аударылып, қуғындалып, тағдырлары тәлкекке ұшырап Қазақстанға келген немістер жайында баяндалады. Кітапта жазушының көзімен көрген жағдайлары, басынан кешкен оқиғалары өте әсерлі сипатталыпты. Шығарманы оқи отырып, қазақтардың немістерді қабылдауында және олардың біздің халыққа оңай сіңісіп кетуінде табиғи заңдылық бар екенін аңғарасың. Неге дейсіз ғой? Немістер де, қазақтар да неше түрлі азап пен қорлықты басынан өткерген халықтар ғой. Сондықтан, езгі мен теперішті көп көрген ұлттарда бір-біріне деген бауырмал сезім күшті болады және олар бірін-бірі жақсы түсінеді. Герағаңның қазақтың жанын жақсы түсініп, бауыр басып кетуінің негізгі себебі осында жатқандай болып көрінеді, маған. Әйтпесе, сонау тоқсаныншы жылдардың қиыншылығында артына қарайламай Германияға тартып отырса, ешкім де оны кінәламас еді. Табалап, соңынан сөз де айтпас еді. Қаны неміс болғанымен, рухы қазақ еді, Герағаңның. Рухынан бас тарта алмады. Жазушымен сұхбаттасып отырғанымда осы шындыққа көзімді жеткізгендей болған ойлардың сағымы санамда мұнарланды.
– 1941 жылы бізді Еділ бойынан Қазақстанға, Сібірге жер аударды, – деп бастады ол әңгімесін. – Ол жерде біздің автономиялық республикамыз болатын. Мен сол республиканың астанасы Энгельс қаласында тудым. Жеті жасымда Қазақстанға келіп, содан бері осы елде тұрамын. Шығармадағы негізгі оқиға осыдан басталады. Ал, 1956 жылы Совет одағында тұратын немістер жылымықты сезіп, оларға аз да болса бостандық берілді. Оған дейін немістердің барлық жағынан жолы кесіліп, құқығы шектеліп, тіпті, оларды жоғары оқу орнына қабылдамайтын. Еркін жүруге құқығы жоқ-тын. Мен сол жылымықтың арқасында алғашқылардың бірі болып жоғары білім алу бақытын иеленген неміспін.
1954 жылы КазПИ-ге бар-жоғы бес-ақ неміс оқуға қабылдандық. Бізге дейін ол білім мекемесіне бірде-бір неміс оқуға түсе алмаған. Ал, кәсіби диплом алғысы келген кейбір немістер аты-жөнін, ұлтын өзгертіп жазуға мәжбүр болған. Менің романым немістердің еркіндік алуына рұқсат етілген осы кезеңмен аяқталады. Роман Астанадағы «Аударма» баспасынан 2003 жылы жарық көрді. Екі жыл бұрын «Раритет» баспасы романды қайта басты.
Біраз уақыт өткеннен кейін Германиядағылар романға қызығушылық танытып, Берлиндегі «Ханц Шиллер» баспасынан неміс тілінде шықты. «Қазақ кітапханасы» деген сериямен елімізде туған он бес шақты автордың кітабының қатарында неміс жерінде менің романым да жарық көрді.
Марқұм әкем енді мен Еділге қайтпаймын, өз Отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын деген шешімге тоқтап, ақыр соңында қазақ ауылында зәулім ағаш үй салған азамат. Романның оқиғасы да осы бір эпизодты суреттеуден басталады. Шығармадағы кейіпкерлер – аяулы әкем, еңбек армиясында болып, талай қиыншылықты көрген інісі Христиан және Гарри есімді үшіншісі – өзім.
Гарридің көзі арқылы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, бозбала шағындағы қазақ қызына құлай ғашық болған тұңғыш махаббаты, т.с.с бәрі баяндалады. Қазақтармен жақсы қарым-қатынасының арқасында алғашқылардың бірі болып төлқұжат алған, осы дархан елдің жақсылығын көрген неміс баласының тағдыры сипатталады бұл туындыда.
Романда ойдан шығарылған оқиға жоқтың қасы. Жалпы, менің жазушылығымның бір ерекшелігі кейіпкерлерімнің көпшілігі өмірде болған адамдар. Оларды сол күйінде шығармаларымда сипаттаймын да, тіпті, кейбіреулерінің аты-жөндерін де өзгертпеймін. Шығармамда біздің ауылдағы талай кісілердің есімдері сол қалпында жүр. Менің бұл туындымды деректі, автобиографиялық роман десеңіз де қателеспейсіз.
– Неміс халқы романыңызды қалай қабылдады?
– Ол туралы әзірше хабарым жоқ. Романның тұсаукесері таяуда ғана өтті. Мені немістер Кельнге шақырған. Бірақ денсаулығыма байланысты бара алмадым да, сол жақтағы немістер, таныс жазушыларым, достарым, сосын неміс тіліне аударған Лихтенфейльт дейтін келіншек қатысып, мен туралы жақсы пікір айтып, жылы лебіз білдіріпті. Германиядағы елшіміз Нұрлан Оңжанов кітаптың тұсаукесерінің қалай өткенін хабарлап маған хат жазды, ал Әлжанов есімді қазақ маған арнап неміс тілінде өлең жазып, оны жұрт алдында оқып берді. Баспагердің айтуы бойынша, шығарманың тағдыры дұрыс болатын сыңайлы. Өйткені, онда шындық, немістерге бейтаныс қазақ тірлігі бар. Сондықтан, баспагер романның оқылатынына сеніп, таяуда оның екінші басылымын жарыққа шығаруға әрекет етіп жатыр, – деді Герағаң көңіл кесесіне сыймаған қуанышын жасыра алмай, күлімдеп.
Негізгі жұмысымды аяқтап, сұхбатты алып болғаннан кейін екеуміз уақыт тауып бүгінгі әдебиет, қоғамдағы түрлі оқиғалар, саясаттағы өзгерістер жайында да сөйлестік. Қоштасар кезде Герағаң «Айтпақшы, сен сыншысың ғой. Жазғандарыңды оқып жүремін. Мен де кейде қолым қалт еткенде сын жазамын, әліме қарамай. Біреулерді – сынаймын, біреулерді – мақтаймын. Жақында сол жазғандарым кітап болып шықты. Сол еңбегімді саған сыйлайын. Оқып көрерсің» деп қолтаңбасын жазып, таяуда жарық көрген сын кітабын берді. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп апта соңында ғана кітапты қолыма алудың мүмкіндігі туды. Үйреншікті әдетіме салынып, алдымен кітаптың мазмұнын қарай бастағанымда он жыл бұрын оқыған «Первая книга критика» деген мақала көзіме оттай басылды....
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ