Мен Елбасымен бірнеше рет жүздестім. Сол жүздесулерде оның халық әндерінің, қазақ композиторлары әндерінің шығу тарихын, музыкасын жетік білетініне талай рет куә болдым. Сондай жүздесулерде өрбіген әңгімелерді қағазға түсіріп жүретінмін. Бүгін соларды ықшамдап, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.
Бірінші жүздесу
1993 жыл. Шуақты көктем.
Бұл кез Қазақстан Тәуелсіздігінің екінші жылы болатын. Қиын жылдар. Сол дағдарысты мехнатқа қарамастан, Елбасы саясатын бір кісідей қолдаған халық, оның ішінде өнер қайраткерлері елдің рухын көтеруге жұмыла кірісіп жатты. Сондай күндердің бірінде Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Ақан серінің туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты жиын болды. Сол бір күндерде менің (ұзақ жылғы зерттеулерім) сценарийім бойынша “Ақан сері әндері” атты музыкалы-деректі фильм түсіріліп жатқан-ды. Көкшетауды шарлап, Ақан серінің ел ішінде әлі де болса ұмытылмаған “Ақтотының аужары”, “Шырмауық”, “Райхангүл”, “Нәзікгүл”, “Жамал”, “Үштоты” секілді беймәлім әндерін тауып, жан-жақты насихаттаған едім. Бүгінгі концертте осы әндер тұңғыш рет орындалады. Жүрегім соған толқулы.
Біз, бір топ өнер қайраткерлері – композиторлар, ақын-жазушылар, режиссерлер, киношылар, актерлер театр сахнасының қалтарысында тұрдық. Жиынның президиумына отыратын топ. Бұл салтанатқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысуға тиіс. Міне, Нұрекеңнің келуін тағатсыздана күтіп тұрмыз. Кенет айдай жүзі жарқ етіп Нұрекең кіріп келе жатты. Ол бәрімізді аялы жанарымен шолып өтіп, ізетпен күлімсіреп, басын иді. Содан соң бәрімізбен қол алысып амандасты. Жүзінен шаршау сезіледі. Сол шаршаулы реңінің өзінде де бір сәулелі шуақ бар.
Мен сахнаның сол қанатында рояльдың қасында тұр едім. Жұрттың ең соңынан келіп менің қолымды алды. Саусақтары салалы, жұп-жұмсақ екен. Сондай бір жанға жайлы жылылықты сездім. Нұрекең жымиып:
– Жайлаукөлге барып тұрасыз ба? – деді.
– Иә, барып тұрамын, Нұреке. Биыл қобыз күйінің атасы Ықыласқа да 150 жыл. Өзіңізге мәлім, бейіті Жайлаукөлде. Ол жерде күйшінің өрен-жараны отыр. Солардың ортасында “Ықылас” атты деректі фильм түсіріп жүрміз.
– Бәрекелді, Ілеке, жұмыстарыңыз сәтті болсын! Тілектеспін! Сіздің “Жайлаукөл кештері” әніңіз біздің жастық шағымыздың асқақ романтикасы болды ғой. Әндеріңізді жақсы білемін. Айтамын да. Кейбіреуін “Сол өткен күндеріміздің сырға толы сәулелі белгісі екен ғой” деп аңсайтыным бар, – деп тебірене сөйлеген Нұрекеңнің осы бір сөзі жүрегімдегі сезім пернесін күні-бүгінге дейін қозғайды да жүреді.
Бұл – менің Президентпен тұңғыш кездесуім еді.
Екінші жүздесу
1996 жылдың 17 желтоқсаны.
Таң атқалы бері дым бүркіп, бұлттанып тұрған Алматы аспаны сәске кезінде шайдай ашылып, жадырап сала берді. Шығыстан соққан жел көкшулан бұлттарды лезде батысқа қарай жылжытып әкетті. Алатаудың ақ сеңгір шыңдары ап-анық көрінді. Алматы тұрғындары Республика алаңында Тәуелсіздік монументін тамашалап, қыдырып жүрді.
Осы бір күндері Қазақстан халқы ел Тәуелсіздігінің бес жылдық торқалы тойын тойлауға кіріскен-ді. Бұл тойға орай бір көшелі жиын Алматыдағы “Рахат-палас” қонақ үйінде өтіп жатты. Қонақ үйдің шамдары самаладай жарқыраған сәулетті залына үш жүзден аса қазақ зиялылары, өнер қайраткерлері, бизнесмендер жиналған. Тәуелсіздік монументінің тұсаукесері!
Бұл тұсаукесерге бізді жинаған осы монументтің авторы, атақты сәулетші Шота Уәлиханов еді. Бұл оқиғаны да қаз-қалпында айтып көрейін: жиналған дүйім жұрттың ортасында Нұрсұлтан Әбішұлы мен оның жұбайы Сара Алпысқызы. Кіріспе сөзді бастаған Шота Тәуелсіздіктің асқақ символы осынау монументтің идеясы Президент тарапынан туғанын айтты. Басқа сөйлеушілер де Нұрекеңнің атына жылы-жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Жұрттың бәрі жайдары. Өздерін еркін ұстады. Шампандар атылып, рюмкелер сыңғырлады. Әндер шырқалып, шағын оркестр классикалық музыканы ойнады да тұрды. Кенет осы ду-дудың бір тұсында Шота ортаға шықты. Сол қолында алтын жіптен әдіптелген шапан. Президентке күлімсірей бұрылып:
– Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді бұдан әрі Шота толқи сөйлеп, – осы бір естен кетпес басқосуымызды пайдаланып, сіздің алдыңызда қазақ пен қырғызға ортақ композитор, жазушы, өзіңіз әндерін сүйіп айтатын Илья Жақановқа бір құрмет көрсеткелі тұрмын. Бұл Илья мамыр айында өткен өзінің алпыс жылдық тойына шақырып еді, бір себептермен бола алмадым. Сол қуанышты күнінде “кигіземін” деген шапанды енді ұсынғалы тұрмын, Нұреке.
Шота осылай деді де:
– Қане, Илья! – деп мені өзіне шақырды. Жұрт тым-тырыс боп тына қалды. Мен ыңғайсыздана қобалжып, Шотаға жақындай түстім. Көз қиығым түсіп кетіп еді, Нұрекең мен Сара екеуі маған сондай бір жылы сезіммен мөлдіреп қарап қалған екен. Шота шапанды иығыма жауып жатып:
– Нұреке, мен хан тұқымымын ғой. Ильяға анау-мынау емес, ұлы Абылайхан атам киетіндей шапан жауып тұрмын, – деді. – Ильяның теледидардан берілген “Шоқан және музыка” атты төрт сериялы үлкен еңбегін осындағы біраз кісілер көрген де шығар деп ойлаймын. Ұлы Шоқанның рухын тірілткен осы бір музыкалы хабарлары үшін дән риза болдым.
Жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Осы сәтте Нұрекең маған:
– Ілеке, “Толағай” әнін айтыңызшы, – деп жүзіне нұр тола жымиған. Мен қысылыңқырап:
– Осында Бекболат Тілеуханов деген ініміз бар ғой, Нұреке, – дедім, – Бекболат айтып берсін.
Бекболат та лып етіп келе қалды. Орындыққа отырды да “Толағайды” айта бастады. Осы сәтте Президент оның иығына қолын салды да, “Тоқтай тұр, Бекболат” деді. Содан соң “Олай емес, былай” деп, “Толағайды” өзі айтып шықты. Ән орындалып жатқанда менің көз алдыма Нұрсұлтан Әбішұлының 60 жылдық торқалы тойына арнап түсірілген деректі фильмде Нұрекеңнің “Толағайды” домбырамен айтып отырған сәті келді.
“Толағайды” айтып болған соң Нұрекең:
– Енді “Еділ-Жайығыңызды” өзіңіз айтыңыз, – деді.
Мен “Еділ-Жайықты” толық айтып шықтым. Ту сыртымда кішкентай баласымен тұрған атақты композитор Нұрғиса Тілендиев:
– Тамаша! Жарайсың, Илья! – деп арқамнан қақты.
Салық Зиманов, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Ақселеу Сейдімбеков, Иманғали Тасмағамбетов, бізді қоршаған зиялы топтың көзінен шын жүректен шаттанған сезімнің нұрын көрдім. Шота Уәлиханов өзінің осы бір игі ілтипатына мәз бола сүйсінді. Бұл бір сәт те тәтті түс секілді есімнен шыға қоймас.
Үшінші жүздесу
2001 жылдың желтоқсан айы.
Еліміз үшін елеулі мереке де тақап қалған еді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы! Осы ұлы мерекеге орай бүкіл республика көлемінде әзірлік жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатты. Осындай бір дүбірлі күндерде Атыраудың Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі мерекеге арнап концерт беру үшін Астанаға келді. Бұл өнер шарасы сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің идеясымен жүзеге асқан еді. Концерт Конгресс-холда салтанатты түрде зор табыспен өтті. Концертті мен жүргізген едім. Дирижері Рысбай Ғабдиев. Концерт жүріп жатқан сәтте сыртта Арқаның бораны түтеп тұрды. Ертеңінде Иманғали Тасмағамбетовтің тапсыруымен осы концертті Көкшетауда екі рет қайталадық.
Концерттен соң кешкі асқа отыра бергенімізде Рысбайдың ұялы телефоны шылдырлап қоя берді. Рысбай сөйлесіп болды да: «Иманғали ғой, “Түнделетіп болса да Астанаға жетіңіздер. Ертең кешкі сағат жетіде, Конгресс-холда кешегі концертті қайталайсыздар. Оған Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысады дейді», – деп тосын хабар айтты. Сөйтіп, сол түні ақтүтек боранда тоқтай-тоқтай жүріп отырып, таң алдында Астанаға жеттік. Кешкісін Конгресс-холда Президент қатысқан бұл концерт те өте қызықты өтті.
Концерттен кейін біз банкет залында Президентпен бірге шай дастарқанына отырдық. Осы сәт менің жүрегімде бір сезім оты тұтанды. Ішімнен “Мұндай сәттілік бола бермейді, Нұрекеңнің өз аузынан біраз жайды біліп алайын,” дедім де:
– Нұреке, сізбен араласып жүрген дос-жаран, сыйлас, қадірлес адамдардан менің әндерімді сүйетініңізді, кейде әндетіп орындайтыныңызды естіп, іштей сүйініп жүремін. Осы бір жайды өз аузыңыздан естісем деп едім, – дедім.
Нұрекең маған күлімсірей қарап былай деді:
– Е, Ілеке, ол ұзақ сыр. Сіздің бір ғана “Толағайыңыздың” өзі неге тұрады? Сезе білген жанға бұл әннен қазақтың кең даласының жұпар лебі еседі. Даладай кеңдігін айтыңыз. Ал “Алматы кешінде”, “Әсел”, “Еділ-Жайық”, “Жалғыз қайық”, “Балқантау”, “Жайлаукөл кештері” ше?! Біз осы әндердің лебімен өстік. Бұл әндерде халықтың тұмадай тұнған ұлттық колориті бар. Жібектей есілген нәзік лирика. Адамның жан-жүрегін баурайтын ой мен сезім. Әлбетте, айтсақ осындай әндерді айтамыз.
Әңгімеміз осылайша бек жарасқан соң Нұрсұлтан Әбішұлының әншілік болмысын білгім келіп, әнге деген құштарлығының қайнар көзі қайда жатқанын сұрадым. Нұрекең бір тәтті сырлар есіне түскендей, ет жүрегі елжіреп: – Біздің шешей жаратылысынан әнші кісі еді. Үні сондай ашық, сондай таза, нағыз дәстүрлі әнші дерлік сырлы сезімді, ақынжанды кісі болатын. Халық әндерін көп білді. О-ой, ол әндерді санап та болмайды. Ауылдың той-томалақтарында ел алдына шығып, еркін шырқады. Сауықшыл ортаға сол өнерімен көрік берді. Тұрмыстың ауыртпалығын әндете жүріп білдірмеді. Шешейге қосылып ара-тұра әкей де ән салатын-ды. Осындай әндеткен отбасында қазақтың халық әндерінен бастап, осы заманғы әндердің көбін біліп, зердемізге түйдік. Менің ән салуымның бар сыры осында, – деді.
Осы шүйіркелесу үстінде мен Нұрекеңе арналған “Теміртау түні” атты әнімді айтқым келді. Бірақ, сабыр сақтадым. Ән тағдыры да адамның тағдыры секілді ғой. Әлі сиясы кеппеген жаңа әннің бағы қалай болады? Біраз айтылсын. “Жұрт көңілінен шығып, елге тарай ма, жоқ па, көрейік” деген оймен іштей бөгелдім.
Ал бұл әннің шығу тарихы былай еді: 2001 жылдың тамылжыған күзінде Теміртауда болдым. Бұл қалада сонау бір жылдары металлургия зауытында Нұрекеңмен бірге жұмыс істеген әріптес досы, металлург Тілеукен Смағұлов тұрады. Ол мені бірер күн қонақ етті. Көп сырластық. Сол әңгіменің арасында Тілеукен Нұрекеңнің Теміртаудағы жастық өмірін жыр ғып шертті. Ол кісі тұрған екі қабатты, қарапайым коммуналдық үйді көрсетті. Қаланың көрікті жерлерін аралатып, Самарқан көлінің жағасына апарды. Осы көлдің жағасында Арқаның маужыраған айлы кештері мен мақпал түндерінде Нұрекеңнің түрлі ұлт жастарымен әндетіп, билеп, сейіл құрып жүргенде жан жары Сарамен танысқанын, өздерінің сол кездердегі өз қоғамына, өмірге деген жарқын көзқарастарын, Теміртаудың екінші Магнитка атанған даңқын тебірене, толғана сөз етті.
Ертеңінде “Қарағанды-Алматы” пойызында келе жатып, Тілеукенмен арада болған сұхбатты, Теміртауда аралаған жерлерімді еске түсіріп отырып, “Теміртау түні” әнін шығардым. Алматыға келген соң ән сөзін лирик ақын Қасымхан Бегмановқа жаздырдым. Сол жылы қыс түсе Теміртауда концертім болды. Әнді “Теміртау” тобы орындады. Осы оқиғадан кейін Нұрекең Сара екеуі Теміртауға келіп, жұртшылықпен кездесіп, өздеріне арналған әнді сондай жүрек толқуымен сүйсіне тыңдап, аудио және бейнетаспаларға жаздырып алып кетіпті. Ал тағы бір жолы қыс айларында сол Теміртаудың маңында шаңғышылардың спорттық кешені ашылып, соған Нұрекең қатысады. Шараның бір тұсында Қарағандының әншілер квинтеті “Теміртау түнін” орындайды. Әнге беріле толқыған Нұрекең Арқаның шақиған сары аязына қарамай, “Теміртау түнін” қайта-қайта тыңдағанын сол кездегі облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов қызыға әңгімелегені есімде.
Төртінші жүздесу
2003 жылдың қыркүйек айы.
Атыраудың жұп-жұмсақ барқыт күзі. Жайықтың екі жағалауындағы тал-теректер алуан түске малынып, балбыраған мамыр айындай тамылжиды.
Дәл осы бір күндері Атырауда ақберен ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы өтіп жатты. Махамбет тойының соңғы кеші Жайық жағасындағы «Ренко» қонақүйінің алдында өтті. Бұл жерде театрландырылған шоу көрінісі тамашаланды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлері бірінен соң бірі төгіліп, Жайықтың кербез айдыны жарқ-жұрқ еткен лазер сәулесіне шағылысты. Менің “Еділ-Жайық” әнім ойнады да тұрды. Қонақүй алдындағы орындықтардың сол жақ қанатында Иманғали Тасмағамбетов пен Аслан Мусиннің ортасында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы отырды.
Театрландырылған шоу біткен соң Нұрекең, Иманғали және Аслан үшеуі орындарынан көтерілді. Біз де түрегелдік. Осы сәтте Нұрекең бізге бұрылып, жақындап келді де:
– Ілеке, сәлеметсіз бе? – деп сондай бір жылы ілтипатпен амандасты да қолымды ұстаған күйі: – Ілеке, Махамбет атамыздың ұлы тойы үстінде кездестік. Қуаныштымын. Ел ішінде жүрсіз. Бұл жақсы. Мына Иманғалидың сіздердей өнер иелерін елдің ортасына әкелгені бір өнегелі іс болды. Елге сіздер сияқты адамдар керек. Әндеріңізді тыңдап жүремін. “Теміртау түні” әніңізге дән ризамын. Анда-санда әндетіп отырып, ептеп өлең жазып қоятыным бар. Лирикалық өлеңдер. Уақыт тауып соның кейбірін сізге жеткізе алсам, соған ән шығарсаңыз деген үмітім де бар. Бұл сіз екеуіміздің арамыздағы достық сыр.
Сіз халықтың ән мұрасын зерттейсіз. Міне, сол ісіңіз Атырауда, бүкіл батыс өлкесінде жалғасып жатқан көрінеді. Ескі өнер мұрасын өлтірмей, тірілте беріңіздер. Оған қазір қолайлы мүмкіндіктер де туды. Сіздер сияқты жандарды сондай еңбектеріңіз үшін қадірлейміз, – деді.
Атыраудағы осы кездесуден кейін көп ұзамай бүкіл республика бойынша Президенттік “Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданды. Бұл шара бір күннің ісі емес, әрине. Ол жүйелі түрде жүретін өте күрделі процесс. Біз өнер мен мәдениет жөнінен кешегі бір жылдарда көп нәрсені жоғалтып алған едік. Тоталитарлық қоғамда “қазақтың өз жазуы, тарихы болмаған” дейтін теріс пікір де қалыптасқан-ды. Соның көбесін сөгу, әлбетте, оңай емес. Президенттік бағдарлама осының үдесінен шығуды көздейді. Өнер иелері, ғалымдар бұл іске құлшына кірісті. Тарихшылар тұншыққан тарихтың көмбесін ашты. Ана тіліміздің мәртебесін көтердік. Көне дүниенің “Орхон-Енесей”, Күлтегін ескерткіштерін өзімізге қайтардық. Қазір олар Астанада тұр. Біздің жазу мәдениетіміз ең көне жазу деп есептелетін қытай иероглифінен (VII-VIII ғасырлар) әлдеқайда бұрын болғандығы бүгінде әлемді таңғалдырып отыр.
Президент бағдарламасының тағы бір тармағы бойынша ғалымдарымыз Қазақстанның тарихи мұрағатын қалпына келтірді. Белгілі тарихшыларымыз бен мұрағатшыларымыз Қытайға арнайы барып, Пекин кітапханаларының құпия сөрелерінен Қазақстан тарихының ғайыбынан сақталып қалған беймәлім беттерін ашты. Сондай-ақ, осы жерден Абылай ханның хандық құрған дәуірінен хабар беретін мұрағаттық деректердің табылуы да сенсациялық жаңалық болды. Қазақ тарихына байланысты осындай зерттеу жұмыстары қазір дүние жүзі бойынша кең көлемде аса ыждағаттылықпен жүргізіліп жатыр. Оған қыруар қаржы бөлінгені өзінен-өзі белгілі жай.
Ал “Бабалар сөзі” жүз томдығының жарық көруі, Астанада Отырар кітапханасының құрылуы да рухани кеңістігімізді мүлде кеңейтіп жіберді. Осындай игі шаралардың ішінде әр облыста жергілікті авторлардың еңбектеріне де ерекше көңіл бөліне бастады. Бір ғана Атырау облысында жүз томнан тұратын “Атырау таланттарының антологиясы” жарық көрді. Оған Атырау облыстық әкімдігі қыруар қаржы жұмсап, тікелей басшылық етті. Сондай-ақ, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, “Нарын” фольклорлық оркестрі тек республика көлемінде ғана емес, бүгінде шетелдерге де белгілі. Құлсары мен Доссордағы және басқа да аудандардағы мәдениет ошақтары қайта жанданды, онда білімді, талантты жастардан құралған оркестрлер мен ансамбльдер игілікті жұмыс жүргізіп жатыр. Ел алдында жиі-жиі концерттер көрсетеді, әдеби-музыкалы кештер өткізеді.
Тарихи-өлкетану мұражайы мен өнер мұражайындағы жәдігерлер де біздің өз тарихымызға, жерімізге деген мақтаныш сезімімізді оятады. Осының бәріне Мемлекет басшысы тарапынан зор көңіл бөлінуі халықтың эстетикалық талғамын жетілдіріп, рухын көтеруде. Міне, Елбасының рухани өрлеуімізге жасап отырған жан-жақты қамқорлығының игі әсерлері.
Бесінші жүздесу
2005 жылдың маусым айы.
Ел өмірінде аса маңызды саяси науқан жүріп жатты. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Президент сайлауы қарсаңында бүкіл Қазақстанды аралап жүрді. Атырауда да Елбасымен сондай кездесу болатындығын дүйім жұртшылық асыға күтті. Президентпен сол сапарында да жүздескенім әлі көз алдымда.
Маусым айының жұлдызды бір күні Елбасы Атырауға келді. Қала мерекелі күндей безендірілген. Атырау жұртшылығы шаттық құшағында. Сол күні “Атырау” қонақүйінің мәжіліс залында Елбасы облыс ардагерлері мен интеллигенция өкілдері, диаспора жетекшілері қатысқан жиын өткізді. Шын ықыласты әңгіменің бас кезінде маған сөз берді. Мен Нұрекеңнің нұрлы жүзіне қарап: «Нұреке, қош келдіңіз! Алдымызда Президент сайлауы. Осы тарихи оқиғаның қарсаңында Қазақстанның біраз жерінде болдыңыз. Халық сізді шаттана қарсы алып, әр сапарыңыз ұлан-асыр мерекеге айналып жатыр. Міне, енді атыраулықтардың ортасында осы тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жетістіктерімізді жарқырата айтып, жарқын мүмкіндіктерімізді көрсетіп отырсыз. Еліміздің болашаққа бет түзеген ұлы көшінің алды сондай нұрлы, біз сізге қалтқысыз сенеміз. Сіздің жолыңыз – қаһармандық жол! Біз сіз бастаған жолмен жүреміз», дедім.
Сосын жүрегім тебірене толқып, “атыраулық жерлестерім білсін” деген оймен Нұрекеңнің өткен жылы өзіме жазған бір хатын оқып, “Теміртау түнін” әндеттім. Осы сәтте ойда жоқта Нұрекең шабыттана шалқып, менің “Толағайымды” шырқай жөнелді. Мен де жүрегім өрекпіп, қуанышты сезіммен желпініп, қосыла кеттім. Ән айтылып болғанда маңдайы жарқыраған Нұрекең қатты толқып, мені құшақтай алды. Жұрт масаттана қол соғып жіберді. Мәз болған жандар Нұрекеңді ортаға алып, жапа-тармағай суретке түсті.
Алтыншы жүздесу
2005 жылдың қоңыр күзі.
Арқа күзінің жауынды-шашынды күндерінде “Нұр Отан” партиясының үйінде Президент сайлауына орай құрылған штаб жұмысы қызу жүріп жатты. Штаб құрамындағы 29 адамның қатарында мен де бармын. Және Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау мен Батыс Қазақстан облысы бойынша сенімді өкілі едім.
Сол бір күндері штаб отырыстарында Нұрекең: “Ел ішін аралап жүресіз, көп жай көз алдыңызда”, деп әр кез менен өзім кездесулер өткізе бастаған Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының көңіл-күйі, еңбегі мен тұрмысы, әлеуметтік хал-күйі, мәдениеті жайында сұрап отырды. Мен шамам келгенше көріп жүрген жайлар мен естіп-білгендерімді, халықтың Президентке деген қалтқысыз ықыласын бүкпесіз баян еттім. Сонымен бірге ауылдық жерлерге әлі де болса ерекше көңіл бөлінуі керектігін де жасырғаным жоқ. Сонда Нұрекеңнің осы сөздерді жан жүрегімен хош көріп: «Біз осы бір қиын да ауыр жылдарда қанша жетістікке жеттік десек те, әлі де шешетін мәселелеріміз жетіп-артылады. Бұл ретте біз ел жағдайын ыждағатты білген сайын ісімізді нәтижелі жүргіземіз. Ал ауыл мәселесі, әлбетте, үш-төрт жылдық науқанмен шектелмейді. Ол өрісті сала. Қашан да күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Біз де бір кездерде сол ауылдарда өстік. Құдай қаласа, көркейтеміз әлі», дегені де есте.
Мен Президенттің сайлау штабында Нұрекеңмен жүзбе-жүз отырып, мәслихат құрған сәттерде “Ел үшін ат үстінде қалғиды” дейтін сөздерді еске алдым. Нұрекең шынында шаршаулы еді. Ел болашағы үшін жоспарлап жүрген биік мақсаттарын ойдағыдай етіп, толық жүзеге асыруына білім, іскерлік, қажыр-қайрат қана емес, орасан мол уақыт… уақыт керек екенін сездім. Уақыт болғанда ұзақ жылдар керек… жылдар! Соны ұқтым.
Жетінші жүздесу
2005 жылдың 4 желтоқсаны.
Бұл күні президенттікке үміткерлер үшін дауыс беру науқаны өзінің шарықтау шегіне жетті. Халық өз қалаулысын таңдайтын күн!
Сайлау штабының соңғы басқосуында Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен бірге болып, штаб мүшелерімен әзілдесіп, әрқайсымыздың сөзімізді ілтипат сезіммен мұқият тыңдап отырды. Арамызда олимпиада чемпионы Ольга Шишигина да бар еді. Нұрекең Ольгаға ерекше ықылас білдіріп: “Біраз шаруаларды реттеген соң өзің көздеп жүрген спорт мектебін де ашамыз”, деді. Ольга бұған қатты тебіреніп: “Спасибо, спасибо Вам, Нурсултан Абишевич!” деп қуанып қалды. Ұлт диаспора жетекшілері, жас бизнесмендер де Нұрекеңмен ежелгі сырласындай өз ойларын еркін айтып, ашық пікірлесті.
Осылайша емен-жарқын әңгімелесіп отырғанда сайлау науқанының соңғы сағаты да тақап қалған еді. Бір кезде штаб мүшелері бір шағын залға шақырылды. Залға кірсек “Нұр Отан” партиясы орталық ұйымының қызметкерлері түгел осында екен. Бәрінің жүздері жарқын. Қабырғада сайлаудың облыстар бойынша көрсеткіштері жазылған тақта ілулі тұр. Нұрекең сол тақтаға ойлана қарап: «Бәрекелді, Атырау мен Батыс Қазақстан облысы жарады! Ілеке, сіз осы екі облыс бойынша маған сенімді өкілсіз ғой. Елге, елді басқарып отырған азаматтарға ризамын!», деді.
Сол сапар Астанадан Атырауға қуанышты сезіммен оралдым. Халқы сүйген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл жолы да үлкен құрметпен Президент боп сайланды.
Мұндай тарихи оқиғалар болашақ күндерге тағылым!
Сегізінші жүздесу
2006 жылдың күз айы.
Орал қаласы. Президент Жайық бойындағы осынау әсем қалаға төрт облыстың әкімдерін жинап, басқосу жиынын өткізді. Біраз келелі мәселелердің басы қайырылған осы мәслихат үстінде Елбасы Аслан Мусинді ауыстыратынын айтты.
Келесі күні Атырауға Елбасы мен Аслан Мусин келді. Облыс әкімдігі ғимаратына жапсарлас мәдениет кешенінде Атырау жұртшылығы қатысқан үлкен жиын болды. Онда Елбасы сөз сөйлеп, Аслан Мусиннің Атырау облысын басқарған жылдардағы сан-салалы жемісті қызметіне кең тоқталып, жоғары баға берді.
Жиынның бір тұсында мен де сөз алып, Елбасының ішкі-сыртқы саясаттағы жұмысының сара жолы, ұстанып келе жатқан бағыты дұрыстығын, елімізді сүттей ұйытып отырған ұлы тыныштық пен ұлттар татулығын атап көрсеттім. Аслан Мусин басқарған жылдар облыс үшін игілікті кезең болғанын да өнер иесінің жүрекжарды сөзімен еркін толғадым. Бұдан соң Елбасы облыстың жаңа әкімі қызметіне Бергей Рысқалиевті тағайындап отырғанын жария етті.
– Бергей – өз ұлдарыңыз, – деді Елбасы, – ол қарапайым кәсіпкерден бастап мәслихат хатшысы, қала әкімі секілді жауапты қызметтер сатысынан өтті. Жаңа қоғамның бағытын, нарық жүйесін жақсы білетін Аслан Мусиндей тәжірибелі қайраткердің үлгі-өнегесін, тәрбиесін көрген алымды жігіт. Қызмет істесін. Мұндай жастар қоғамды алға апаратын ең сенімді күш.
Залдағы жұрт бұл кездесуге дән риза болды.
Міне, Елбасымен жүздескен сегіз сәттің суреттері осындай. Былайша қарағанда, менің осы жазғандарымда сөз негізінен Президенттің өзі туралы емес, ол кісінің маған көзқарасы, әндеріме берген бағасы туралы болып кеткендей көретіндер де табылар, бәлкім. Мейлі. Елбасының өз шығармашылығыма ықыластылығын мақтан етемін. Мәселе бірақ онда емес. Мәселе біздің Президентіміздің жүрегінің нәзіктігін, сезімінің сұлулығын, әнге әуестігін, күйге құмарлығын көрсетуде. Ондай адамдардың қандай іске де шығармашылықпен қарайтыны, қандай жұмысты да шабыттана атқаратыны анық.
Илья ЖАҚАНОВ, композитор, өнер зерттеушісі.