• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2011

Дөңгелектегі клиника дегеніміз не?

542 рет
көрсетілді

                        Елбасы биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалайық!» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында «...Ауыл тұрғындары үшін меди­циналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба – маман­дан­дырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмы­сын бастады. Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады. Қазақ­стан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін бо­лады. Жұмылғыш медициналық кешендер-автоклиникалар са­нын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қазақ­станда жүзеге асырылуға тиіс» – деп атап көрсеткен болатын. Міне, осындай Қазақстанда түңғыш рет жасақталған, ТМД елдерінде теңдесі жоқ жылжымалы клиниканы «Асар-Береке» қо­ғамдық қайырымдылық қоры – дүние жүзінің оннан астам елінен 50-ге жуық онкология саласының көрнекті ғалымдары мен білгір ма­мандары қатысқан Қазақтың онкология және радиология ғы­лыми-зерттеу институтының 50 жылдығына арналған халық­ара­лық конференцияда таныстырылымын өткізген-ді. Сол жолы бізге де аталмыш автоклиниканы жақынырақ көріп-біліп, та­нысуға мүмкіндік туып, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қоры мен «Асар-Береке» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Дариға НАЗАРБАЕВАҒА жолығып, дөңгелектегі меди­ци­налық диагностикалық кешеннің мақсаты, алдағы іс-жоспарлары жайында тереңірек білудің реті келген-ді. – Дариға Нұрсұлтанқызы, шалғай ауылдағы ағайын­дар­ға қолайлы да өте тиімді мұн­дай қондырғыны жасақ­тап шығаруға не түрткі бол­ды? – Баршаға аян, бүгінде он­кологиялық жағдай әлемде ең дамыған, экономикасы өсіп-өр­кендеген елдерде де өзекті де күрделі мәселенің бірі. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, жыл са­йын жаңадан 12 млн. адам қа­терлі ісікпен тіркеледі екен. Әрине, бұл қорқынышты жағ­дай біздің елімізге де жақсы та­ныс. Бүгінде мемлекетіміз адам өмірін осы бір тажал ау­зынан алып қалу үшін об­лыстық онкодиспансерлер мен ғылыми-зерт­теу институтын қа­зір­гі заманауи диагности­калық және емдеу қон­дырғыларымен, аппаратуралармен жасақтап, хи­мия­лық препараттарды сатып алу­ға қы­руар қаражат бөлуде. Соған қа­ра­май, науқас саны азай­май отыр. Мәселен, Қазақ­станда қа­терлі ісіктен 2009 жы­лы 17 мың­нан аса адам қайтыс болса, олар – біздің жақын­да­рымыз, дос­тарымыз, әріптес­те­ріміз, көр­­­шілеріміз. Міне, осы қатерлі дертпен тек мемлекет пен медицина жалғыз күресе ал­май­ты­нына көзіміз жетті. Оның үстіне бүгінде мамандар қатерлі ісікті қаншалықты ерте анық­таса, ем­нің тиімділігі артып, тіпті бірінші сатысында құлан-таза айы­ғып кетуге болатынын айтуда. Өзіңіз білесіз, біздің елі­міз­дің жер көлемі ауқымды, халық­тың орналасу тығыздығы да әр қа­лай. Мәселен, ең шеткі шал­ғай жерлерде орналасқан ауыл­дарға медициналық көмек қол­же­тімді емес. Міне, осындай жә­не басқа қадау-қадау мәсе­лелер бұрнағы жылы «Асар-Береке» қоғамдық қайырымдылық қорын құруға мұрындық болып, шалғай елді-мекендегі халыққа арнайы жыл­жымалы медици­на­лық диагнос­тикалық кешен жа­сақтап, ауру­ды ерте анықтау­ға көмектесуді ұйғардық. Өйт­кені, ауруды не­ғұрлым ерте анық­­тау – өзіңіз білесіз, жарты жетістік. Осылайша, 2009 жылдың қыр­күйек айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының қол­дауымен, Қазақстан-Ресей ме­дициналық университеті мен аймақтық денсаулық сақтау департаменттерімен тығыз әріп­тестік жағдайында ұйымдас­ты­рылған бірінші «КамАЗ» көлі­гіне диагностикалық орталық жинақтап, алдымен балалар жә­не мүгедектер үйлерін, пансионаттарда тұратын еңбек және соғыс ардагерлерін тексеруді бас­тадық. Кейіннен облыс­тар­дағы ең алыс ауылдарды ара­лауға кірістік. Онда тек қатерлі ісік ғана емес, басқа да бірқатар ауру түрлеріне диагностика жа­салды. Біз бұл жеткен жетістігімізді ары қарай жалғастырып, 2010 жылы одан да жетілдірілген, мүмкіндігі ауқымды, ұзын­дығы бес метрлік тағы бір ар­найы «Хово» көлігін жабдықтап шығардық. Жаңа көлік ең соңғы сандық қондырғылармен жарақ­танып, бір мезетте он адамды тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсете алады, қажет болса, операция да жасайды. Сон­дықтан бастапқы кезде бұл көлікпен жұмысты жүргізе ала­мыз ба, алмаймыз ба деп оны жарнамалауға асықпадық. Нәти­же болған соң ғана бүгін жария етіп отырмыз. Сөйтіп, әлемдегі осы кеселмен күресіп келе жат­қан медицинаның ең бетке ұстар­лары жиналған жиынға осы жыл­жымалы клиникамызды мақ­та­нышпен көрсеттік. – Енді жылжымалы кешен­нің жұмысына толығырақ тоқ­талсаңыз. – Жылжымалы клиникада ең бастысы, адамның ішкі ағзаларын тексеретін жапондық соңғы уль­тро­­дыбыстық аппарат (УЗИ), өзі­мізде жасалған реанимациялық консуль, кардиологтың жұмыс ор­ны, гинекологиялық орындық, ла­бораториялық зерттеу, дәрігер­дің жуынатын, демалатын жері бар. Ал жүк салатын орын ас­тыңғы қабатқа орналасқан. Бір айта кетерлігі, дәл мұндай жасақ­талған дөңгелектегі диагности­калық кешен ешбір елде жоқ. Әрине, Еуропада, Америкада, Ресейде жеке жобаларға арналған жиынтық дөң­гелектегі автокөлік­тер бар болғанмен, бірақ біздегідей бар­лығы бір жерге жинақ­талған клиника ешкімде жоқ. – Клиниканың ішін аралап көрдік. Шындығында да дәрі­гердің жұмыс жасауына да, тексерілуге келген науқасқа да бар­лық жағдай жасалған екен. Енді алғашқы нәтижелеріңізбен бөліссеңіз. – Жоғарыда айттым ғой, қа­терлі ісіктен қорықпайтын адам жоқ. Қазіргі кезде мемлекетіміз осы ауруға шалдыққан науқас­тар­ға үлкен жәрдем беріп жат­қанмен, ол көмектің әр адамға жетпеуі мүмкін. Ал біз осындай арнайы жабдықталған «КамАЗ» автокөлі­гі­мен алғашқы бір жыл ішінде 40 мың шақырым жол жүріп, жүз­деген елді-мекенді аралап, 16 мың­ға жуық адамды тегін меди­циналық тексеруден өткіздік. Олар­дың 6 мыңын жасы отыздан асқандар құраса, 58-інде онкопатология көрсеткенімен, 15 адамнан онкологиялық ауру тапты. Мұның өзі үлкен нәтиже емес пе!? – Қандай облыстарда, ай­мақ­тарда болдыңыздар? Ауыл­дағы жағдай қалай екен? – Алматы облысының шалғай аймақтарын түгел дерлік аралап шықтық. Жамбыл, Қостанай, Қа­ра­ғанды, Ақмола, Солтүстік Қа­зақстан, Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарының да алыс ауылда­рында болдық. Алдағы уақытта аяғымыз жетпеген басқа да елді-мекендерге баруды жоспарлап отырмыз. Әрине, бір көлік бар­лық елді-мекенді қамти алмайды ғой. Бізде осындай көлік саны көбейсе деген тілегіміз бар. Көр­діңіздер ғой, бір ғана жылжы­малы клиника көмегімен жылына 16 мың адам денсаулығын тексертіп, арнайы маманның кеңесін алып, емделіп отыр. Егер мұндай көліктің саны көп болса қаншама науқасты емдеп, қаншама ауру­дың алдын алған болар едік. Бү­гінде дәрігерлердің осы жасаған үлкен жұмысы мен үшін мақ­таныш сезімін туғызарын жасыр­маймын. – Осындай ауқымды дөң­гелектегі клиниканы жасақ­тауға қанша қаражат қажет? – Алдыңғы құрастырып жа­сал­ған «КамАЗ» көлігіміз 140 мың долларға түссе, екінші «Хово» көлігіне одан екі есе қаражат кетті. Дәлірек айтсақ, 253 мың дол­лар. Ал көлікті бізге Алматы қаласы мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев аға сыйға тарт­ты. Ол кісіге көп рахмет. – Ауыл халқы қалай қа­был­дады? – Әрине, үлкен қуанышпен қа­былдап, рахметтерін айтуда. Қазір аз халық тұратын кішкене ауыл­дарда дәрігерлік амбулаториялар қысқаруда. Болған күнде ол жерлерге білікті дәрігерді апару қи­ын. Ал біздің жағдайымызда бірнеше арнайы маман бір жерге шоғырланған. Екіншіден, бұл кө­лік кез келген жерге тоқтай қа­лып, операция да жасай алады. Ауруларды тексеріп, анализдерін қол­дарына ұстатады, әрі емделуге кеңес береді. Ағартушылық жұ­мыс­тарын да жүргізіп, парақ­ша­лар, кітапшалар таратады. Әри­не, мұндай жағдай елдің көңілінен шығары хақ. – Дариға Нұрсұлтанқызы, сонда «Асар-Береке» қайырым­дылық қоры Қазақстанның Тұң­­ғыш Президенті қорының ая­сында құрылып отыр ма? – Жоқ. «Асар-Береке» бұл өз алдына қайырымдылық қор. Оны өзім құрдым. Қазір екі қорды да басқарамын. Екі қор жиналып, осындай қайырым­ды­лық жұмы­сын жасап отыр. Біз бірқатар облыстарда болғанмен, барлық ауылдарды қамти алған жоқпыз. Бұл алдағы жоспары­мызда бар. Мұндай көліктер көп болған сайын, елді-мекендерді көп аралап, адамдарға мейлінше кө­бірек көмек беретін боламыз. Меніңше, өзіміз барған ауылға жылына бір рет барып тұрсақ, ол керемет көрсеткіш болар еді. Дәрігерлер неге жылына бір рет тексерілуге үгіт жасайды дейсіз. Өйткені, былтыр барғанда ауру белгісі табылмаса, жыл бойына ол адам ауырмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл осы­лай үздіксіз еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Сондықтан алда атқаратын жұмыс көп. Қазақ­станда 7 мың елді-мекен болса, міне, соларды жылына бір рет аралап, адамдардың денсау­лы­ғын тексеріп отырса дейміз. Олай дейтінім, үкіметімізге ша­ғын ауылдарда аурухана ашып, дәрігерлерді ұстау өте қымбатқа түседі. Меніңше, біздерге қол қусырып, мемлекет осындай кө­лік жасақтайды деп отыра беруге болмас. Алдағы уақытта елімізде ең болмаса екі-үш ауданға осындай көлік жүріп тұрса, онда үкіметке де, халыққа да тиімді болар еді. Халықтың жағдайы әртүрлі. Олардың арасында қара­жаты болмай, қалаға, аудан орталығына келіп тексеріле ал­майтындар баршылық. Ондай кезде ең шеткі ауданның ең шеткі ауылындағы халыққа жоғары технологиялық жабдықталған, әрі барлық маман дәрігерлері бар кешен есігінің алдына келіп тұрса ғанибет емес пе. Халық жер түбіне барып шаршамайды. Адам денсаулығын тексеріп, ау­рудың алдын алса, ауырған­нан гөрі сақтанған тиімді. Мұнда бәрі компьютерленген. Барлық тексерілгендерді компьютерге ен­гізіп, аудандық, об­лыстық ем­ханаларға әкеліп та­быстап, «мы­на адамдарды ша­қыр­та­сыздар, мына адамның науқасы осындай» деп ескертеді. Бұл қарапайым адамға тап­тыр­май­тын тамаша жоба. Қазір елімізде қайырым­ды­лық көмек көрсетіп, болмаса мешіт салып жатқан ағайындар, меценаттар саны баршылық. Олар да осындай көлікті ұйым­дастыруға атсалысса деймін. Егер ондай қол ұшын беретіндер табылып жатса, біз өз тә­жі­рибемізбен бөлісуге дайын­быз. Алдағы уақытта мемлекетіміз осындай 50 жылжымалы ме­дици­налық орталықты шы­ғару­ды жоспарлап отыр. Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, осы істің басы-қасында жүрген дәрігерлерге, басқа да қызметкерлерге рахметімді айтып, басымды иемін. Ойлап қараңызшы, олар отба­сыларын тастап, ұзақ уақытқа кетеді. Оның үстіне ылғи жолда жүреді. Шынында да, бұл үлкен қажырлы еңбек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. ____________________________________ Суреттерді түсірген Ю.БЕККЕР.