Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына 2017 жылғы 31 қаңтар күні «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық дамудың және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған стратегиялық қадамдардың негізі.
Бұл Жолдауда белгіленген бес басымдықтың төртіншісі – адами капитал сапасын жақсарту. Осы басымдыққа сәйкес елімізде білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі өзгеріс, биылғы 1 шілдеден енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты. Бұл жүйенің тиімділігі жан-жақты талқыланды. Бұл бағытта Мәжіліс депутаттарының, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел де өткізілді. Айта кететін жағдай, көпшілік бұл жүйеге үлкен үмітпен, сеніммен қарайды. Себебі, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Жаңа жүйе, денсаулық сақтау саласында халыққа медициналық көмекті ұйымдастырудың деңгейін көтеру жөнінде, медициналық мекемелерді басқару және олардың бәсекелестікке дайындығын арттыру үшін үлкен талаптар қояды. Осыған байланысты Елбасымыз Үкіметке және әкімдерге қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын дамытуды, кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.
Еліміздегі денсаулық сақтау саласын алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтеруге толық мүмкіндік туып тұр, сондықтан әрбір медицина қызметкері, медициналық мекемелердің басшылары бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында үлкен жетістіктер бар, әртүрлі жаңа медициналық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр, жоғары деңгейдегі медициналық көмекке қарапайым халықтың қолжетімділігі артты. Осы бағытта үлкен көңіл аударатын мәселе ол медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру, яғни негізі болашақ дәрігерлерді дайындау кезінен бастап, кейін де тұрақты түрде жалғастырып отыру. Бұл жөнінде мамандар дайындайтын орта және жоғары оқу орындарына сапалы білім беру бойынша көп міндеттер қойылады. Жақын арада өткен депутаттардың Жолдаудың негізгі қағидаларын халыққа жеткізу мақсатындағы кездесулерінде осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Жолдауда, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі – халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінген, яғни заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажеттілігі айтылды. Медициналық көмектің сапалылығы науқастардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігіне байланысты екеніне ешкім күмән келтірмейді. Мемлекеттік бюджеттің есебінен науқастар аурудың 49 түрі бойынша дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі. Жалпы, науқастарды емханада және ауруханада тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 164,8 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Халық өз тарапынан 200,0 млрд теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек сатып алады. Өкінішке қарай, нарық талабына сәйкес дәрі-дәрмектерге (негізінде сырттан әкелінетін) осы уақытқа дейін еркін баға қойылып келген, осының нәтижесінде әртүрлі дәріханаларда сатылатын бағалардың айырмасы 2-3 есеге жетеді. Мұның бәрі кепілді тегін медициналық көмек шығынының артуына, науқастардың дәрі-дәрмекке деген қолжетімділігінің төмендеуіне ықпал етеді. Көп жылдар бойы еліміз сырттан келетін дәрі-дәрмектерге тәуелді болып келді, сондықтан олардың бағасын реттеуге мүмкіндік болмады. Айта кететін жағдай, дүние жүзінде, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген елдерде, сақтандыру жоспарына енгізілген медициналық көмек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген кезде олардың бағасына мемлекет деңгейінде шектеу қойылады.
Біздің елімізде де фармацевтика өнеркәсібінің дамуына жағдай жасалып, қазіргі кезде халықаралық талаптарға сәйкес дәрі-дәрмектер шығарыла бастады, сырттан әкелінетін дәрі-дәрмектерге тәуелділігіміз төмендеді, яғни мемлекет тарапынан олардың бағасын реттеу мүмкіндігі туып отыр. Бұл үлкен әлеуметтік мәселе, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің сақтандыру жоспарына енгізілген медициналық көмек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген кезде мемлекеттік бюджеттің, қордың қаржы шығынының төмендеуіне, жиналған қаржының тиімділігін арттыруға көп ықпал жасайды.
Зәуреш АМАНЖОЛОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты