• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Елбасы сенімін ақтауға ұмтылайық

145 рет
көрсетілді

Елбасының жыл сайынғы Жолдау­ларында мемлекеттің әлеуметтік-эконо­микалық әлеуетін арттыру, оның қауіп­сіздігін нығайту, ел азаматтарының бос­тан­дықтары мен құқықтарына кепілдік беру, ғылымды өркендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту секілді өзекті мәсе­лелерді шешу жайы көрініс тауып келеді. Сондықтан да болар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауын да барша халық жылы қабылдады. Біз де әріптестерімізбен бірге, Мемлекет басшысы тарапынан Қазақстанның бола­шағына, қазақстандықтардың мүдде­леріне қатысты мәселелер терең қарастырыл­ған тарихи құжаттың әр жолындағы қағидат­тармен мұқият танысқан болатынбыз. Елбасының биылғы Жолдауында бар­ша қазақ­стандықтарды біріктірген, ел бола­шағының іргетасын қалаған басты құндылықтар атап көрсетілген. Халық­­аралық сарапшылардың айғақтауын­ша, уақыт сынынан өткен Қазақстан­ның тәуелсіздігі баянды болды, қоғамы­мыз­дағы ұлттар мен ұлыстар арасындағы ауыз­бірлік, бейбітшілік пен келісім сал­танат құруда. Елімізде жоғары руха­ният­қа негізделген зайырлы қоғам қалып­тас­ты. Оның үстіне, мемлекетіміз индустрия­ланды­ру мен инновацияларға негізделген тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан атсалысып отырған еліміз бүгінгі таңда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағдар түзеуде. Қазақстандықтар басқа қонған бақ – Тәуел­сіздікті баянды ету үдерісіне Елба­сы­ның бас болып келе жатқандығын жадыдан шығармауы керек. Мемлекет басшысының халықаралық қоғамдастық мойындаған еліміздің шаңырағы биік, керегесі берік, туырлығы бүтін болуын көз­деп, соған бүкіл ақыл-парасатын, жігер, қайратын жұмылдырып келе жат­қаны­на, құдай қаласа, биыл 26 жыл тол­ғалы отыр. Міне, осы уақыт ара­лы­ғында жарық көрген Елбасының «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламаларынан туындайтын мін­деттерді жүзеге асырудағы ел Үкіметінің қолданған шаралары Қазақстанның әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатынан табылуына және халықаралық қоғамдастықтағы барынша өркендеген отыз елдің қатарынан көрінуге батыл қадам жасауына мүмкіндік туғызуда. Ал Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы кең-байтақ еліміздің даму жолдарын нақтылап берді. Елбасы әлем жаһандануға бет бұр­ған тұста бұйырған тәуелсіздігімізді нығай­т­атын да, оны одан әрі баянды ететін де жастар екендігін үнемі айтып келеді. Соған байл­анысты еліміз егемендігін алған ал­ғаш­қы жылдардың өзінде-ақ туындаған әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, қабілетті, дарынды жастарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел асырып оқытты. Енді, міне, олар лек-легімен елге оралып, мемлекеттік билік жүйесінің жауапты буындарында, экономика саласындағы құрылымдарда басшылық тізгінін қолға алуда. Бүгінде жасы қырықтан асқан біздер бұрынғы унитарлық-тоталитарлық жүйе ыдырар алдында ғана мектепті аяқтап, жоғары оқу орнының табалдырығын енді ғана аттаған жастар едік. Елбасының бас болуымен жас мемлекетіміздің Конс­ти­ту­циясын жазуға атсалысқан ғалым-заң­герлер Ғ.Сапарғалиев пен М.Бай­ма­ханов­тан дәріс алып, тәуелсіз еліміздің заң­на­масын оқып-үйрендік. Әлі де үйрену үстін­деміз. Өйткені, жаһандану аясы – өте күр­делі үдеріс. Үздіксіз ізденіп, білі­мің мен білігіңді ұштап отырмасаң, өрке­ниет көшінен кейіндеп қалып қоюың әбден мүмкін. Бұл – Елбасының артқан сенімін ақтауды парызы санайтын әр адамның ұдайы жадында болатын қағида. Тек сонда ғана ол кіндік қаны тамған туып-өскен жерінің түлегі, егемен елдің белсенді азаматы ретінде Елбасының Жолдауларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға үлес қоса алады. Дархан ЖАБАЕВ, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің аға оқытушысы АСТАНА