Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі атқарылып жатқан жұмыс еліміздегі жалпы саяси реформалардың бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстан бұған дейін «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағадатты негізге алып келді. Еліміздің бұл бағытты ұстануына тәуелсіздік таңындағы экономикамыздың мүшкіл халі басты себеп болды десек, қателеспеспіз.
Ширек ғасыр өте келе, еліміздің бұғанасы қатып, дамыды. Қазақстан нақты жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен, еліміздің алдында озық мемлекеттердің қатарына қосылу міндеті тұр. Қазақстанның одан әрі дамуына, сапалы өсуіне жаңа шабыт, жаңа серпіліс қажет екені анық. Сондықтан саяси реформаларды жүргізу бағытындағы бастама уақтылы көтеріліп отыр.
Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлудің ұзақ мерзімдегі басты нәтижесі: қуатты Парламент, жауапты атқарушы билік және тәуелсіз сот жүйесінің пайда болуы. Бұл – тек жаһандық үрдіске ілесу ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанның тұрақтылығына, келешек өркендеуіне тікелей әсер ететін оң өзгерістер бағдарламасы.
Ал бұл реформалар дестесінің келешегіне тоқталатын болсақ, менің ойымша, саяси реформаның келесі кезеңдерінде сот жүйесінің тәуелсіздігі мен жергілікті биліктің, яғни әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттіктерін арттыруға айрықша көңіл бөлінсе, еліміздің тұрақты дамуына айтарлықтай жағымды әсер тудырар еді.
Жанболат ҮСЕНОВ,
Еуразиялық кеңестің халықаралық
қатынастар
жөніндегі директоры