“Өмір өткелдері” деген кітапты парақтап отырғанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың “Не деген керім еді! Не біледі осы жұрт, не біледі? Бабалардың баласы қариялар, Сиреп бара жатқандай көрінеді” деген өлең жолдары ойға оралғаны бар. Шынында, кешегі мен бүгінгінің арасын жібек арқаудай жалғап, ұрпақ сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, құлқынның құлы емес, жұрттың ұлы болудың, ақылдың кенін, сөздің нәрін қадірлеудің әдемі үлгісін көрсетіп келе жатқан, түлен түртсе де түзу жолдан таймаған, әділеттен айнымаған қадірлі қарттардың қашанда жөні бөлек қой.
Кітап авторы – таяуда өмірден өткен Нағым Құсайынұлы өмір бойы ауылда тұрып келген екен. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің үздік оқытушысы болыпты. Өз мамандығынан, туған жерінен айнымаған мұндай адамды ауылдың алтын діңгегі, қасиетті даланың лүпілдеп соққан жүрегі десе болар. Ұстаздық ете жүріп, өмірден көргендері мен көңілге түйгендерін қағазға түсіріпті.
Кітаптың әр бөліміндегі ұлттық үлгі, халықтық салт-дәстүр, тарихи кезеңдер, тіл тағдыры, ел бірлігі, өнер өрісі, өрен жастың өршіл рухы туралы жазбалар оқыған адамды бірден баурап алады. Ел ішіндегі жылт еткен жақсылықты, ұлтымызға тән жақсы қасиеттерді автор сергектікпен хатқа түсіріп, халыққа ұсыныпты. Жеті бөлімге топтастырған мақалалардың тақырыбының өзінен-ақ көп жайды аңғаруға болады. Мысалы, “Қартая білу де қадірлі қасиет”, “Тоқсанда тозбаған, толғатып сөз қозғаған”, “Тілді қорлағаны, бізді қорлағаны”, “Ақсақал” мен “ардагердің айырмасы”, “Бас бұзарға сот бар, тіл бұзарға ше?”, “Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа” сияқты және тағы басқа тақырыптар негізінде қозғаған әңгіме ащы шындықты, бұлтақсыз ақиқатты алдыңа тартады. Мұнымен қатар, кітапта автор ел аузынан жинаған шешендік сөздерге, ұрпаққа тиесілі үлгі-өнегеге, аңыз-әпсаналарға да мол орын беріпті.
Бір замандары хат жазысып тұру өнер болғанын бүгінде бәріміз де білеміз десек, кітап авторы әлі күнге оны өшірмей жалғап келеді екен. Соның бір дәлелі қазақтың айтулы азаматтарымен жазысқан хаттарының ең соңғы біреуі қолымызға түсіп еді. Соны оқырманға таныстыра кетсек, артық бола қоймас. Қазақ әдебиетінің айтулы ақсақалдарының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың тетелес інісіне жолдаған сәлем хаты былай басталады. “Құрметті Нәке! Сізге сәлем жолдаймын. Хабарласпағанымызға көп болды.
Өткен жылдың аяғында Астанада “Егемен Қазақстанның” 90 жылдық тойында балаңыз Темірмен кездестім. Темір маған сіздің “Өмір өрнектері” деген тамаша кітабыңызды сыйлады. “Тамаша” деп отырған себебім: бала оқытқан, көптеген жалынды жастарды тәрбиелеп, халық орбитасына көтерген сіз сияқты үлгілі қарт ұстаздар көп қой. Бірақ, солардың көбі, кәрілік заңына бағынып, таяқ ұстап, тым-тырыс отырып қалды.
Сіз ұстаздық ұлағаттарыңызды қағазға түсіріп, кітап етіп шығарып, қазақ халқының болашақ бірнеше ұрпақтарына үлгі етіп, ұсынып отырсыз. Мен сізді осы ұлы еңбегіңізбен құттықтаймын!
Мен ертеде шыққан Макаренконың, Сухомлинскийдің кітаптарын білетін едім. Қазақ ұстаздарынан шыққан солардай үлкен кітапты бірінші рет қолыма ұстауым. Жеті тараудан тұратын бұл қымбат кітапта қазақтың ұлттық өнегелері тегіс топтастырылған. Сіз сияқты үлкен ұлағатты ұстаздың кітабына менің “Мәңгілік махаббат жыры” кітабым туралы өзіңіздің ұстаздық қасиетті қолыңыздан шыққан өнегелі мақалаңыздың кіргеніне өте қуаныштымын.
Құрметпен қолыңызды қысамын. Отбасыңызға сәлем.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.
24.01.2010 ж. Алматы” деген көрнекті қаламгердің берген бағасына біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек тілек-ниеттің ортақтығын білдіргіміз келеді.
Сүлеймен МӘМЕТ.