Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған семинар өтті.
Семинардың модераторы болған Философия, саясаттану және дінтану институты философия бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Аяжан Сағиқызымен қатар, аталған институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Серік Нұрмұратов, философия бөлімінің ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров баяндама жасап, қоғамдық өмірдің әлеуметтік-гуманитарлық бөлігін жан-жақты дамыту тақырыбына кеңінен тоқталып өтті.
«Қазіргі таңда адами болмыс, өнер, ғылым таза технократтық жолмен, яғни адамға адам ретінде жауап бере алмайтын жолмен дами бастағандай. Трансгуманизм, постадамдық идея, қоғам өмірінің барлық салаларының роботтануы рухани, гуманитарлық бастаумен теңестірілмеген, сондықтан адам бойындағы адамдықты басып тастамақ. Адамның рухани әлемін байыту қазіргі таңда стратегиялық міндет болып табылады. Сондықтан ғылым-
ның техниканың, технологияның, «Цифрлы Қазақстанды» дамытудан өзге, гуманитарлық ғылым, адамгершілік тәрбие, дүниетанымдық ағартушылық даму сияқты рухани-инновациялық стратегия да қажет», – деген түйін жасасты философ ғалымдар.
Сондай-ақ, семинарда сөз сөйлеген Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Сағади Бөлекбаев, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Есенжол Алияров гуманитарлық білім корпусы аясында философтардың, дінтанушылардың, саясаттанушылардың, психологтардың, тарихшылардың және басқа да гуманитарлық сала ғалымдарының ғылыми талпыныстарын біріктіріп, жүйелендіру қажет деген пікірлерімен бөлісті.
Аталған шараға бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанттары мен магистранттары қатысты.
Олар Президент Жолдауының негізгі тұжырымдарын қазақстандық философияның мақсаттары аясында қарастыра отырып, Қазақстандағы жаңару үрдістерін әдіснамалық және дүниетанымдық тұрғыдан талқылады.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ