Ұлттық бірыңғай тест өмірімізге етене еніп кеткелі қашан. Осы тест бір баланың бағын жандырса, екіншісінің жолын байлап жатады. Бағы жанғаны белгілі. Ал жолы байланды дегенде нені айтып отырмыз? Мәселен, талапкер 100 балдан артық жинайды. Бірақ конкурстың жоғарылығынан әлгі жинаған балы іске аспай қалады. Қысқасы, сынақтан құлайды. Дегенмен, есіл еңбек пен жиған білім далаға кетпеуі үшін ақылы негізде оқуға түседі. Келер жылы тапсыру үшін, оған уақыт кетеді. Бір жылдан кейін биылғы білім көмескіленіп, мидан өше бастайды. Сонымен білім-білігіне қарамастан бала ақылы негізде оқуға мәжбүр болады.
Осы арада баланың тағдырына мемлекет араласып жатыр. Қалай дерсіз? Бірінші курстың қысқы және жазғы емтиханы кезінде ҰБТ-дан жоғары балл жинаған, оқуға ақылы негізде түскен, сонымен қатар емтиханды жақсы бағаға тапсырып, өзінің алғырлығымен көзге түскен студенттерге мемлекет арнайы білім гранттарын бөледі. Кеше ғана ақылы негізде оқып, ата-анасының қалтасына түсіп отырған бала бір күнде мемлекеттік грантқа ауысады. Осындай қуанышты жағдай Қорқытата атындағы мемлекеттік университетінде де орын алды.
Жүздері бал-бұл жанған, шоқ-шоқ гүл құшақтаған студенттердің қуанышы қойнына сыймай жүргені бірден байқалады. Ал әрбір студенттің жанында жүрген ата-ананың тебіренісі тіпті бөлек. Перзенттері алқашқы сынақта сүрінгенімен, өздерінің білім-білігін дәлелдей отырып, мемлекеттік грантқа ие болып жатыр.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізінен үш мемлекеттік бағдарламаны назарда ұстайды. Олар – денсаулық сақтау, білім беру, тіл мәселелері. Жыл сайын жоғары оқуға түскісі келетін талапкерлерге 35 мың грант бөлінеді. Әрине, грантқа ілінбей қалған, бірақ жоғарғы балл жинаған балалар қай аймақтан болса да табылады. Сондықтан, 2009 жылдан бастап Елбасының тікелей тапсырмасымен республика бойынша қосымша гранттар бөлінетін болды. Бүгін біз ақылы негізден мемлекеттік грантқа ауысқан 44 студентті марапаттағалы отырмыз, – деді Қорқытата атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Байзақ Момынбаев.
44 студент мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл – 44 тағдырдың өміріне қуаныш кіріп, мемлекеттің ыстық алақанын сезінді деген сөз. Мұндай жақсылық, шуақты күндер ұмытылмайды. Сондықтан осы студенттер ертең маман ретінде ел дамуына зор үлес қосатыны да шығар күндей ақиқат.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.