Болатбек Шәмшиевпен сұхбат
Өлмейтін өнерді, яғни рухани құндылықты жасайтын – адам. Адам болғанда – Құдай ерекше жаратқан талантты адам. Ондай адамдар көп емес. Әрине, олар кеудесін өрге сүйреп, жүзден жүйрік болып көрініп қалуды мақсат еткендер емес, мыңнан тұлпар секілді дара жаралғандар. Дара тұлғалардың көп жағдайда ойы биік тұрады. Олардың ұлттық рухы да бөлек. Сол себептен де болар, ондай алыптардың ұлтпен бірге, жұртпен қатар жасайтыны. Иә, қанша жерден күл шашып, қоқысқа лақтырсақ та, кеңес дәуірінің өзіндік жақсылығы болмай қойған жоқ. Бұл арада біз бақталастықтан, бақастықтан, мен кім, сен кім деген қараниет тақымдасудан туған қатыгездікті жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ. Әйтсе де, рухани дүниеде, өнерде тума таланттар шоғыр-шоғыр болып шықты. Олар төрткүл дүниеге танылды. Ондай дәрежеге жеткенге дейін біраз қиындықтарды көре жүріп, жоқтан бар жасады. Осы орайда жақында ғана газетімізде жарияланған белгілі ғалым Құлбек Ергөбектің «Қайран, қазақ қыздары!» (10.03.2011) атты триптихіндегі қазақ биінің тұңғыш қарлығашы Шара Жиенқұлованың: «Опера және балет театры ол кезде жоқ. Жоқты жасаймыз деп республика басшылары, болмаған жанрды болдырамыз деп жазушылар жүр», деген сөзі ойға оралып отыр. Шынында, қазіргі әлемдік деңгейге көтерілген өнеріміздің іргетасы сол кезде қаланғанын кім жоққа шығара алады. Қайта алдыңғы толқынның жалғасымыз деп жар салсақ жарасады. Бұл бір жағынан, өнерді, өнерпазды тану болса, екінші жағынан, алтын арқауы үзілмеген ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Әйтсе де, күні кеше кеңес дәуірінің бастау басындағы орашолақтықты біз де қайталадық. Оны бүгін жасырғанмен, ертең әшкере болады. Сол себептен де шындықты айтқаннан кеміп қалмаймыз, қайта тазарамыз, кейінгілер одан сабақ алады. Рас, бардың бағасына жете алмаған кездеріміз де болды. Қызылдар ол дәуірде жеке өмір сүріп жатқан адамдарды біріктіреміз деп құрық ұстап, қойдай қуалап жүріп апатқа, аштыққа ұрындырса, бұл заманда жекешелендіреміз деп ұйып отырған ұйымдарды тарыдай шашып, талқанын шығардық. Осы науқанның тұсында рухани құндылықтарымыз әлсіреп-ақ қалды. Төрткүл дүниенің анталап келген қызыл-жасылына жастарымыз бой алдырып, дәл қазір соның балшығына батқан аяғымызды тазалай алмай жүрген жайымыз бар. Дегенмен, тәубе дейік. Соңғы жылдары іргелес отырған өзге жұрттардан көшілгері озып, әлемдік дамудың алғашқы баспалдағын игердік деуге болады. Сондай жақсылығымызды өзімізден гөрі өзге ағайынның аузынан естігенде бір марқайып қалатының анық.
Қырғыздың атақты режиссері, КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Болатбек Шәмшиев Қазақ елінің Қызылжар өңіріне келіпті дегенді құлағымыз шалғаны бар еді. Таяуда бір замандары атағы жер жарған кино режиссерімен елордадағы Президенттік мәдениет орталығында дидарласып қалдық. Көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаев аталмыш орталықта халықаралық Абай клубының қолдауымен шығарылған «Жидебай» жылнамалық журналының және жыр дүлдүлі Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» атты кітабының тұсаукесерін өткізген еді. Соған Болатбек арнайы атбасын бұрыпты.
Таяуда ғана 70-ке келген режиссердің тек тамырына көз салсаң, қырғыз ақыны Төлен Шәмшиевтің отбасында дүниеге келіпті. Сұхбат үстінде ол өз отанындағы қилы кезеңдер туралы жабырқап тұрып, бір-екі ауыз сөзбен ғана ойын ортаға салды. Сондағы айтқаны, талас-тартыс, талан-тараж, бей-берекеттік орын алған жерде шығармашылық жұмысқа орын болмайды екен. Сені түсініп, түйсінеді дегендер түгелге жуық түлен түрткендей түтігіп шыға келетінін, өнерің адыра қалып, сөзің қарабақыр болатынын күйініп, біздің Отанымыздағы жарасты тірлікке сүйініп, сүйкімділіктің белгісі елдің бірлігі екенін жеткізді.
– Шығармашылығыңыз туралы не айта аласыз?
– Не айтамын, біздің елде әбден қиын болып тұр ғой. Мен қанша жыл жұмыссыз отырып қалдым. Омалып отыра бермей, бір әрекет жасайын деп айналама қарағанда, қазақ бауырлар шақырды.
– Шақырған кім, осы жағын нақтылай кетсеңіз.
– Сәбең (Мұқанов), Ғабең (Мүсірепов) туған топырақтың азаматтары, яғни Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов, оның орынбасары Фархат Қуанғанов. Мұндай азаматтар қазақ топырағында көп болуы керек. Лайым солай болсын. Ұзаққа баратын елдің ұлдары осындай болуы тиіс қой.
Содан азаматтардың өтінішін жерде қалдырмадым. Елден, жұрттан кешірім сұрап, осы өткен жылдарымның белгісіз қалған күндерінің орнын толтырайын, басым аман, есім түзуде қазақ туыстарыммен тізе қосып кино түсірейін, театрға бар күш-жігерімді жұмсайын, сөйтіп, сирексіп кеткен өнердің өрісін кеңейтейін деп белімді бекем будым.
Қолқа салған азаматтар үй-жай берді, қолдан келгенше мүмкіндік жасап жатыр. Қазақ әдебиетінің айтулы өкілі Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерекесі таяп келеді, соған қолұшыңызды беріңіз, қандай жоба-жоспар, бағыт-бағдар ұсынасыз деді. Алақанға салып, аялап отырғанда мен неге аянамын.
Қазақ әдебиетінің өткені мен кеткеніне көз жібердім. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысын» қадалып оқыдым. Қаламгердің өмір жолына үңілдім. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ойранды санамда сараладым. Соның нәтижесінде «Ақан серінің махаббаты. Мүсірепов және НКВД» деп аталатын драма жаздым. Бұл дүниені алдымен театрда спектакль ретінде жұртшылыққа көрсетсем деймін. Одан кейін деректі фильм түсіру ойда тұр.
– Болатбек Төленұлы, сіз осы уақытқа дейін қанша кино түсірдіңіз?
– Он бестен асады. Олардың қатарында «Фудзияма биігін бағындыру», «Мерген», «Ерте келген тырналар», «Қасқырдың апаны», «Қараш асуындағы атыс», «Ақ кеме» – осылай жалғасып кете береді. Мен түсірген фильмдердегі кейіпкерлердің жартысын қазақ бауырлардан шыққан талантты әртістер сомдады. Мысалы, «Қасқырдың апанындағы» басты рөлді тағдырлы азамат, талантты әртіс Кененбай Қожабеков ойнады. Сол секілді керемет өнер иесі, кескін-келбеті, болмыс-бітімі бөлек Нұрмұхан Жантөрин, Нұржұман Ықтымбаев, тағы басқалар бар.
– Қазақстанға келгенге дейін қандай жұмыстар бітіре алдыңыз?
– Кино түсіру мәселесі қиындап кетті, қаржыдан қағылдық. Содан қарап отырмай қолыма қалам алдым. Әңгіме, повесть, романдар жаздым. Екі повесім жарыққа шықты. Дайын тұрған екі романымның басын біріктіріп, оқырманға ұсынсам деген ниетім бар. Ол алдағы күннің еншісінде. Әрине, бәрі қаржыға келіп тірелетіні өзінен өзі түсінікті.
– Қазақ еліне келіп, жақсы жұмысқа ұйытқы болмақ ойда екенсіз. Бұл – талант үшін шекараның жоқ екенін, оның ақыл-ойы бүкіл адамзаттың байлығы болып саналатынын көрсетсе керек. Енді баяғы дәстүрді жаңғыртып, қазақ қаламгерлері шығармаларының желісі бойынша кино түсіру жағы қалай болады?
– Бір замандары мені қазақтың бір шоғыр жазушылары «телқоңыр» деп атады. Оның да себебі жоқ емес еді. Мен көбіне осы елдің азаматтарымен шығармашылық байланыста болдым. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын 20 сериялы кино етіп түсірсем деген ниетімді білдіргенмін. Бірақ ол орындала қоймады. Тіпті, Абай рөліне Советбек Жұмаділов деген тума талантты да дайындап қойғаным бар. Ол бұл өмірден өтіп кетті. Одан кейін Құрманғазы туралы фильм жасауға да талпындым. Оған өздеріңізге таныс Сулейменқул Чоқморовты тартпақ болдым. Сулейменқул құйып қойған Құрманғазы еді. Ал жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының негізінде 21 сериялы фильм түсірмек болдым. Ертіс өзені мен қазақ жерін қан қақсатқан Ермак арқылы бүкіл бір дәуірдің көрінісін жасасам дедім. Бұл 70-жылдары еді. Ол кезде сериал фильм деген бізде атымен жоқ болатын. Бұл талпынысым да орындалмады.
Дегенмен қазір Ғабең шығармасының негізінде сценарий әзірлеп, «Ақан сері» деген фильм түсірмек ойдамын. Бір замандары Біржан жөнінде сценарий жазғаным бар еді.
– Сізге қазір мүмкіндік берсе, «Абай жолын», Құрманғазы туралы кинолар түсірер ме едіңіз?
– Әзірмін. Ширығып жүрген жайым бар. Ұлы Абай бейнесі 30 серияға дейін сұранып тұр ғой. Ғабеңнің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуын» атақты жырмен ұштастыра отырып оқығанымда, Сарыбай мен Қарабай, Қодар бейнелері киноға дайын тұр. Оларды бұрынғы қаралау тәсілімен емес, бүгінгі көзқараспен жасар болсақ, жайнап кетері хақ. Сарыбай өлді, Қарабай тірі. Осы Қарабай бейнесін бүгінгі кейбір сараңдармен ұштастыра келіп, Қодардың қулық-сұмдығына ойысар болсаң, ол қызы үшін емес, байдың байлығын көздеп жүргенін аңғарасың. Өмір сүрудің технологиясындағы ұқсастықты пайымдайсың. Қодар секілді жансыздардың қазір әр жерден табылатынын түсініп, түйсінесің.
Шыны керек, қазақ қаламгерлері шығармаларының түп тамырына үңілсең, халықтың қадірлі қасиеті, алға қойған мақсаты, болашағы астарлап айтылады. Мәселен, Ғабеңнің «Ақан серісі» Сталин билік құрған заманда жазылған туынды. Бір қарағанда, е, өткен өмір осылай ғой, дей салуға болады. Ал тереңдеп үңілсең, ол заманды айта отырып, бүгінгі күнді де суыртпақтап жіп суырғандай етіп, алдыңа тартады. Мен қазақ қаламгерлерінің ақыл-ойының алыптығына таң қала жүріп, тәнті болудамын. Қазір Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің – бәрінің де, тіпті осы күндері жұрттың аузында жүрген замандас қаламгерлердің де таңдаулы дүниелерін уақытым жеткенше парақтап отырамын. Бізде бір жағымсыз әдет бар. Өзімізден гөрі өзгенің киносын мықты санаймыз. Көбіне-көп қияли небір сұмдық жат қылықтарды бейнелейтін Голливудтың әртістеріне тамсанып қараймыз. Олар да керек шығар, бірақ талғам деген таразы бар ғой. Сол таразыны ойдан шығарып алып, көзсіз бас ұра бермесек екен. Адамдық, адалдық, ізгілік, ізет, инабат деген бар ғой. Көре алсақ, сезсек, түсінсек, ондайлар өзімізде де жетіп-артылады. Қазақтың бір аталы сөзі ойыма оралады. Жат жарылқамайды, өзі өлтірмейді дегенге келеді ол. Шындық осы. Біз алдымен өзімізді өзіміз бағалайық, өзімізді өзіміз жарылқайық. Менің кейде есіме атам түседі. Шіркін, ол кісі тіріліп келсе, «Мына елімнің жайы қалай болып барады?» деп сұрар едім. Ол жаны ашып тұрып, ақылын айтар еді. Ал ішкі есебі бар жаттан ондай шарапат шыға қоюы екіталай. Олардың сөзі мен ісі үйлесе қоймайды ғой. Мен осыны өскін ұрпаққа жалықпай айтып келемін.
– Болатбек Төленұлы, Шыңғыс Айтматов туралы не айта аласыз?
– Шыңғыс та қазақ пен қырғыздың ортасындағы телқоңыр еді ғой. Мен ол кісінің қасында 50 жыл жүрдім. Төрт туындысын кино тілінде сөйлеттім. Орындасақ, мәреге жеткізсек деген мақсатымыз көп болатын. Бірақ ол енді орындала ма, орындалмай ма, үміттен күдік көп болып тұр. Жатсам да, тұрсам да мені бір ой мазалай береді. Ол елімнің тынышы кетіп, тірлігі астан-кестең болғанын Шыңғыс аға көрсе, не дер еді деген ой. Шарасыздық танытпай, халқын ұйытқыдай ұйытар ма еді, суық қармаған жүректерін жылытар ма еді?
– Сіз қазақ топырағында кино түсірсеңіз онда ойнайтын әртістерді қайдан алар едіңіз? Музыкасын кімдерге жаздырар едіңіз?
– Қазақ талантты халық дедім ғой. Талантты әртістер жетіп-артылады. Тайдай тулап тұрған таланттарды қазірдің өзінде елеп-екшеп жүрмін. Музыкасын жазатын сазгерлер де баршылық. Өмір болып жатса, Сәбең мен Ғабеңнің кіндік қаны тамған топырақта, баяғының батырларындай күн санап түлеген Астанада шеберхана ашсам деймін. Жас таланттарды балапандай баулысам деймін, сөйтіп қазақ киносы мен театрын шамам жеткенше бір белеске көтеруге бауырлық үлесімді қоссам, алаң көңіл орнығар еді. Менің бұл ниетімді қызылжарлық азаматтар оң қабылдап, Алаш арыстарының ақиқатын кейінгіге өлместей үлгі етіп қалдырып беріңіз деген тілектерін айтты. Мұның өзі – білген адамның ісі. Білгеннің тілін алған кісі кішілік танытуы керек қой деп ойлаймын. Оларға ризалығым шексіз. Қазақ пен қырғыздың ортасындағы телқоңыр болып, ел азаматтары бастаған істі өнер арқылы ұштастырып, алтын көпір болсам, арман не?
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.