• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Ойы – нар, сойы – ар

655 рет
көрсетілді

Профессор Рысқұл Ойнаровтың азаматтық, рухани-адамгершілік келбеті ұшқан ұясынан дарыған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жетелі, көшелі жасөспірімнің таным-түсінігі, оқу-білімге деген құштарлығы, биікке іңкәрлігі қалыптасқан. Тәжірибелі, білімдар, көреген ұстазы Темір Тілесбаевтың жол-жоба көрсетуімен математика мамандығын таңдаған. Иә, әкесі Ойнар Байарыстанов бір түйесін қаражатқа айналдырып, ақ жол тілеп, Алматыға аттандырады. Сөйтіп, КазГУ-дің механика-математика факультетіне қабылданады. Айтулы профессор В.А.Харасахалдың ғылыми үйірмесіне қатысып, тәлім алады. Ол негізінен, дербес туындылы дифференциал теңдеулер жүйесін зерделейді. Ал 1968 жылы, яғни 4-ші курста профессор Д.Үмбетжановпен бірігіп жазған мақаласы жарияланады. Ол 1969 жылы университет тәмамдап, Арал қаласындағы №67 сегіз жылдық орыс мекте­бінде мұғалім болып, одан әскери міндетін өтеп, 1972 жылы КазГУ-ге оралып, сол жерден Ғылым академиясына ауысады. 1981 жылы «Урыссонның сызықтық операторларының Липшицтілігі мен үзіліссіздігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Сөйтіп, ғылыми-шығармашылық әлеуе­тін, математиканың түпсіз тұң­ғиық иірімдерін танитын зерек қабілетін танытады. Қорғау рәсімдерінен кейін анасы Сәнім: – «Рысқұл, тағы оқисың ба?», – депті. «Апа! Бұл оқу – білімнің ба­сы ғой», – деген. Анасы қайта­дан: «Жарайды, Рысқұл! Аман бол да, алға оза бер, оқи бер!», – депті. Ананың ақ тілегі жарылқап, 1994 жылы ойлы ғалым «тереңге бет қойып» (Абай), таным-пайым жолында қажырлылықпен еңбектеніп, тоғыз толғанып, он ойланып «Интеграл және дифференциал операторлардың жүктемелік бағамдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Ол әділдік, кісілік, түзулік жолында жан сала қызмет етті. Математика және механика инс­титутында жұмыс істеген кезеңде Рысқұл Ойнаров ғылыммен түбегейлі шұғылданып, қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласты. Он жылдан астам уақыт ол институттың кәсіподақ коми­тетін басқарды. Институт басшылығымен бірлесе отырып, ұжымның әлеуметтік жағдайын көтеру жолында көп еңбек етті. Әсіресе, жыл сайын институт қызметкерлеріне қаражат бөлдіріп, бала-шағасымен 40-50-ге жуық адамды Алматау турбазасына 10 күндік демалысқа алып баратын. Ол институтта ұжымдық келісімшарттың орындалуын қатты қадағалады. Профессор Р. Ойнаров функ­ционалдық талдау және оның қолданыстары саласында 100-ден аса ғылыми мақалалар жазып, олардың ішінде 35-тен астамы халықаралық жоғары деңгейдегі импакт факторлы журналдарда жарияланған. Математикадағы интегралдық операторлар теориясындағы өте күрделі мәселенің бағытын алға тартатын зерттеулері дүниежүзілік математикалық әдебиеттерде «Ойнаров шарты (Oinarov condition)», «Ойнаров өзегі (Oinarov kernels)», «Ойнаров класы (Oinarov class)» терминдері қолданылып, «Ойнаров, Oinarov» қағидаты дүниежүзілік мате­матика мәдениеті тарихына енді. Ойнаров қағидалары! Ой­­ландырады. Рас, ұшан-те­ңіз жетістіктерге жеткізетін адамның ары, жүрегінің қай­раты, ақылдың сәулесі, рухани болмысы. Ол тумысынан қазақтың фольклорын жанындай сүйеді. Абайды, Мағжанды, Мұқағалиды, Жұмекенді рухани нәр-қорегім деп қабылдайды. Математикалық ойлау қабілетін ұлттың көркемдік ойлау жүйе­сімен сәулеттендіреді. Профессор Р.Ойнаровтың ғылыми еңбектерінің халық­аралық деңгейде тағы бір баға­лануы оның ағылшын тілін­дегі «Eurazian Mathematical Journal» (Астана), «Journal of mathematical inegualities» (Загреб, Хорватия) және «Advances in Inegualities and Applications» (Лондон, Ұлыбритания) сияқты халықаралық математикалық ғы­лы­ми журналдардың алқа мүше­сі екендігінен де көрінсе керек. Профессор Р.Ойнаров 1986 жылдан бастап ғылыми жобалардың жеңімпазы және ғылыми жетекшісі. 2006 жылы халықаралық INTAS, Open call грантын ұтып алып, 2006-2008 жылдар аралығында халықаралық INTAS ғылыми тақырыбының жетекшісі болды. 2009 жылы ғылыми координатордың атынан ақшалай сыйлықпен марапатталды. Профессор Р.Ойнаровтың ғылыми жетекшілігімен 1 физика-математика ғылымдарының докторы және 1 филология ғы­лым­дарының докторы, 15 ғылым кандидаты даярланды. 2005 жылғы ел Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстанның екі университетіне, ҚазҰУ мен ЕҰУ-ге шетел профессорларымен біріге, PhD докторларын дайындау үшін қомақты қаржы бөлініп, ЕҰУ-де PhD докторантурасы ашылған-ды. Р.Ойнаров ЕҰУ профессорларының қарлы­ғашы атанып, 2005 жылы профессор Ларс-Ерик Персонмен бірге Швецияның Лулео техно­логиялық университеті (ЛТУ) мен ЕҰУ арасында, 2008 жылы профессор Массимо Ланца де Христофриспен бірге Италияның Падова университеті (ПУ) мен ЕҰУ арасында бірігіп PhD докторларын даярлау жөнінде келі­сім­шарт жасасты. Осы келісім шарттардың негізінде ЕҰУ-де 12 PhD докторлар дайындалды. Олардың ішінде Айгерім Қалыбай, Замира Абдықалықова, Лариса Арендоренко, Айнұр Темірханова, Ақбота Абылаева Р.Ойнаров пен Л.-Е.Перссонның ғылыми жетекшіліктерімен Шве­ция­ның ЛТУ-інде қорғап, Шве­ция­ның PhD докторы ғылыми атағын алды. Ал Жанар Таспағанбетова мен Салтанат Құдабаева Р.Ойнаров пен профессор Массимо Ланца де Христофристің ғылыми же­текшіліктерімен Италияда қор­ғап, Италияның PhD докторы ғылыми атағын иеленді және де Ойнаровтың ұсынысы бойынша профессор Назерке Тілеуханова мен Л.Е.Перссонның ғылыми жетекшіліктерімен Ләззат Сары­бекова Швецияда қорғап, Шве­цияның PhD докторы ғылыми атағын алды. Бұл диссертацияларды қорғау аталған университеттердің есе­бінен қаржыландырылады. Мұның өзі Р.Ойнаровтың білім­паз математик ретінде шетелдерде де мәшһүр екендігін айғақ­тайды. Қазақстанда PhD докто­рантураға түсіп, диссертация­сын Қазақстанда қорғаумен қатар, шетел университетінің қаражатымен сол университете қорғау Қазақстанның басқа ғылыми саласында болған емес. Профессор Рысқұл Ойнаровтың пайым­дауларын ескерсек, өрке­ниетті мемлекеттерде PhD док­торларын әзірлеудің мейлін­ше қатаң әрі әділ шарттары бар екен: Біріншісі. Диссертанттың ғы­лыми-шығармашылық әлеуеті. Екіншісі. Оның адами қасиет­тері: ар мен жан тазалығы, абырой-беделі. Үшіншісі. Іскерлік деңгейі, шеберлік қырлары. Төртіншісі. Диссертацияны талқылауға комиссияның 3 мүше­сі және 1 оппонент қатысады. Сондай-ақ, диссертация қорғауға белгілі бір майталман, білгір маман қолдаухат (рекомендация) береді. Қолдаухат берушінің жауапкершілік міндеті аса ауыр. Ол талапкердің ғылымдағы тағдыр-талайына таразы. 1991 жылы ұлтжанды Р.Ой­наров «Қалауын тапса қар жанар...» дейтін мақаласында («Ана тілі», 26 желтоқсан 1991 жыл, №52) Ш.Біләловпен бірігіп, ұлт­тық математикалық ғылыми тер­миндер жасаудың жолдарын тереңнен ойластырады. Тегінде, белгілі бір ұғым, құбылыс, заң­дылықтың қасиеттерін, ара-қатынастарын зерделеу барысында жаңа ұғымдардың туындайтынын және мұның табиғатын, ішкі сыр-сипатын нақтылы сөйлететін атаулы термин – сөз пайда болатынын баяндап, «қисынымен қызықты» термин сөзтаным үдерісіне әсер ететінін, оның қазақтың әдеби тіліне көшетінін, ұлттың санасынан жарқын кө­рініс табатынын дәйектейді. Жат ұғымдар мен терминдерге лайықты баламалар табудың тәсілдерін былай айқындайды: 1) жаңа сөз жасау; 2) түркітектес халықтар тілінен балама іздеу; 3) халықаралық терминдерді қолдану мәселесі. Бұл орайда автор «бұл терминдерсіз біз халықаралық байланысқа кіре алмаймыз, ғылым мен техни­каның жетістіктеріне қолы­мыз жетпейді-мыс» дейтін пікірлерді терістейді. Мы­салы, Елдес Омаровтың «Пішін­деме» атты еңбегінде (Қызыл­орда қаласы,1928) «функция» терминдік атауы «берне» делінген. Бұл қазақтың төл сөзі, Ах­мет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» бар. Профессор Р.Ойнаровтың Ж.Біләл­ұлымен бірігіп құрас­тырған «Математикалық аталым­дардың орысша-қазақша сөздігі» (Алматы, 1992. -430 бет) ғылыми байыптылығымен, салиқалы ізденістерімен ерекшеленеді. Ұлттық ғылыми сана, ұлттық ғылыми тіл мәнісі де осы бір сөздіктен айқын елес береді. Айта кетерлік бір жайт, профессор Р.Ойнаров Математика және механика институтында 1989-1991 жылдарда ғылыми семинар ұйымдастырып, Алма­тыда ЖОО-дағы білімдар матема­тиктердің басын қосып, пі­кірлерін сарапқа салып, тал­қылап, ой бөлісіп, ақыл­дасып, ғылыми терминдерді қалып­тастыру негізін жасаған-ды. Ізгілік әрекеттерге, тәуекел­шіл­дікке, әділеттілікке, дегдар­лыққа, сыпайылыққа, мейір-рақымға, ішкі мәдениетке ие дарынды оқымысты-математик, тамаша ұстаз Рысқұл Ойнаровтың кемел тұлғасы турасында Шве­цияда PhD докторы ғылыми атағын иеленгендер былайша сыр толғайды: – Менің ойымша, Рысқұл ағайдың басқа кісілерден ерек­шелігі мынада: ол кісі тек әлемге әйгілі профессор, да­рынды және парасатты тұлға ғана емес, біріншіден, қарапайым­дылығы және әр уақытта шәкірт­теріне өз білген білімін үйре­туден тынбайтын кісі. Ол кісі тек жетекшілік етіп, ғылыми бағыт қана беріп қоймай, өмірлік білім беруден де жалықпайды. Барлық шәкірттері жоғарыдан көрінсе, бірдеңеге қол жеткізсе, өз қатарының алды болса деген ізгі ақ ниетпен біздің тілеуімізді ті­леп, бізді соған сүйреп жүреді. Бар­лық шәкірттері қорғап, жырақ кетсе де, әлі күнге дейін ағаймен ха­бар­ласып, жағдайын біліп тұрады. Тағы да ерекше айтып кететін қыры, ол кісі өзі тыңдай біледі және тыңдата біледі. Әр отырыстарда керемет билеп, сол отырыстың гүлі болып, барлық уақытта сол отырысты басқара біледі – дейді әдептілігіне жан сүйсінерлік Ақбота Абылаева. – Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезді еске түсір­генде бірінші мұғаліммен байланыстырсам, ғылым жолындағы ұстазым ол – Рысқұл аға. Рысқұл аға оқуға келген жастарды, соның ішінде мені, ғылымға тартып, қызықтырып, жұмыста бағыт-бағдар беріп, өмір-тіршілік жағдай­ларында өз кеңесін аяма­ған, жетістіктерімізге қуанып, қиыншылықта демеп, өмірімде ерекше орын алған қорған-панам болып табылады. Ұстазға деген ілтипатымды: Жақсы аға күнде шуақ сыйлар жанға, Мерейім өсіп тұрар ағам барда, – деп сипаттасам дұрыс болар еді. Және де Бауыржан дейтін әріптесім: Рысқұл ағам білім кенін аямаған, Өзіңіздей қызғалдақты аялаған. Ағамыз бәйтерек қой ғылымдағы, Шәкірттері жапырағын саялаған, – деп мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болғанда, ұста­зымның маған деген ұлы еңбегін осылайша сөйлеткен-ді, – деп ағынан ақтарылды сырлы сөзіне, жан сырына нәзіктігі жарасқан Айнұр Темірханова. Толық кәме­летті ұстаз еңбегінің жемісі мен бақыты, дәстүрі мен мектебі, ғибрат-тағылымы деген осы. Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдары­ның докторы, профессор