• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2011

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсы

948 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы  Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің  2011 жылғы 31 наурыздағы № 30 бұйрығына қосымша

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының

ЕРЕЖЕСІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыс тілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық конкурс өткізеді. Бұл конкурсқа еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту мен мәртебесін нығайту мақсатында қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы өткір де өзекті материалдар жариялаған жекелеген журналистер қатыса алады. Конкурс төрт номинациядан тұрады: - «Үздік журналист» (баспасөз бойынша ) ; - «Үздік журналист» (телеарна бағдарламалары бойынша); - «Үздік журналист» (радио бағдарламалары бой­ынша); - «Үздік журналист» (сайт материалдары бойынша). Конкурс 2011 жылғы 10 қаңтар мен 10 маусым аралығында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жарияланымдарды, эфирден өткен хабарларды, қазақ тілінде жұмыс істеп жатқан арнайы сайттарды қамтиды. Конкурс материалдары жарияланған күйінде (газет-журналдар беттерінде, бейне және аудиокассеталар түрінде) 10 маусымға дейін қабылданады. Қазылар алқасында сараланып, үздік деп танылған жүлдегерлердің есімі 2011 жылғы 25 маусымда анықталады. Бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді. Конкурсқа ұсынылатын материалдар 2011 жылғы 10 маусымға дейін мына мекен-жайға поштаға жолдануға тиіс: 01000, Астана қаласы, «Министрліктер үйі», 15 кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет минис­тр­лігінің Тіл комитеті, «Мемлекеттік тіл және бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары» республикалық конкурсына. Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01, 74-01-84, 74-05-08 (тел/факс). E-mail: ahaeva@mki.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №30 бұйрығына қосымша

«Тілдарын – 2011» республикалық олимпиадасының

ЕРЕЖЕСІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту мақсатында «Тілдарын – 2011» республикалық олимпиадасын (бұдан әрі - Олимпиада) өткізеді. Олимпиаданың өткізілу мақсаты: 1. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау. 2. Тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалып­тас­ты­рып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақ­стандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу. Олимпиаданың міндеттері: 1. Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру. 2. Тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру. 3. Жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Олимпиаданың шарты: Олимпиадаға 18 бен 30 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Олимпиада екі кезеңде өтеді: Бірінші кезең – облыстық (қалалық); Екінші кезең – республикалық. Олимпиадаға қатысушыларға мынадай тапсыр­малар беріледі: 1. Берілген тақырыпқа сай «тұсаукесер» (презентация) өткізу. 2. Берілген тақырып бойынша эссе жазу. 3. Берілген тақырып бойынша баспасөз мәслихатын өткізу. 4. Мәтінге ілеспе аударма жасау. Олимпиадаға қатысушылар үш кезеңнен өтуге тиіс: Бірінші кезең – қазақ тілін білу; Екінші кезең – ағылшын тілін білу; Үшінші кезең – орыс тілін білу. Олимпиаданың міндетті шарты - алдыңғы деңгейден (кезеңнен) өткен қатысушы ғана келесі деңгейге қатыса алады. Олимпиаданың қорытындысы үш деңгейден өткен қатысушылар арасында жүргізіледі. Бас жүлде иегері республикалық кезеңге жолдама алады. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының Тілдерді дамыту басқармалары Олимпиаданың облыстық (қалалық) кезеңін өткізу үшін құрамында (келісім бойынша) жергілікті атқарушы орган өкілдері, білім беру мекемелерінің, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың білікті қызметкерлері, БАҚ өкілдері бар комиссия құрады. Республикалық комиссия құрамын Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті бекітеді. Олимпиаданың қорытындысын шығару Қорытынды шығару кезінде: 1. Тілдерді меңгеру деңгейі. 2. Жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуы. 3. Жауаптың оралымдылығы мен сапасы. 4. Жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі ескеріледі . Ақпараттық қолдау Олимпиаданың жүргізілу барысы телеарналар, радио, Интернет, мерзімді басылымдар арқылы кеңінен жариялануы тиіс. Олимпиада жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және басқа да сыйлықтармен мара­патталады. Мекен-жайымыз: Астана қаласы, Есілдің сол жағалауы, «Министрліктер үйі» ғимараты, 15 кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет министр­лігінің Тіл комитеті. Байланыс телефондары: (87172) 74-04-56; 74-05-09 (тел/факс). Ескерту: бұрынғы байқаулардың жүлдегерлері биыл өткізілетін республикалық байқауларға жіберілмейтін болады. Қазақстан Республикасы  Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің  2011 жылғы 31 наурыздағы № 30 бұйрығына  қосымша

«Абай оқулары» республикалық байқауының

ЕРЕЖЕСІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында 2011 жылғы қыркүйек айында ХІІІ Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауын өткізеді. Байқаудың міндеттері: 1. Қазақ тілінің көркемдік ерекшеліктерін, бай қорын Абай шығармалары арқылы насихаттау; 2. Абай шығармалары негізінде қоғамдық ынты­мақтастықты орнықтыру; 3. Абай шығармалары арқылы көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру; 4. Абай шығармаларын тіл үйренудің тиімді әдісі ретінде таныту. Байқау шарттары: «Абай оқулары» байқауына Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері шақырылады. Әр облыстан және Алматы, Астана қалаларынан көркем сөз оқу мен ән айту шеберліктерін қатар игерген 16 – 30 жас аралығындағы 1 үміткерден қатыса алады. Байқау үш тапсырмадан тұрады: 1. Көркем сөз оқу шеберлігін айқындау: - Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ тілінде жатқа оқу; - «Абай жолы» романынан қазақ тілінде жатқа үзінді оқу. 2. Әншілік қабілетін таныту – Абай әндерін немесе қазақ халық әндерін орындау (1 ән). Байқау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – облыстық (қалалық) іріктеу байқаулары (аймақтық байқаудың жеңімпаздары туралы ақпараттар үстіміздегі жылғы тамыздың 20-на дейін Тіл комитетіне жолдануы тиіс); Екінші кезең – республикалық байқау, Қазақстан халқы тілдері фестивалінің аясында қыркүйек айында өтеді. Республикалық байқаудың сарапшылары байқауға қатысушыларды алдын-ала тыңдап, сахнадан оқыла­тын өлеңдерін іріктейді. Үміткерлер өнерін бағалау кезінде: көркем мәтінді оқу шеберлігіне; қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне; ән орындау қабілетіне; сахналық мәдениетіне назар аударылады. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Мекен-жайымыз: 01000, Астана қаласы, «Министрліктер үйі», 15 кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, «Абай оқулары» республикалық байқауына. Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01, 74-01-84 (тел/факс 74-05-08); E-mail: ahaeva@mki.kz Ескерту: бұрынғы республикалық байқаулардың жеңімпаздары биыл өткізілетін байқауларға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы  Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 30 бұйрығына  қосымша

Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХІІІ республикалық байқауын өткізудің

ЕРЕЖЕСІ

1. Қазақстан Республикасы Мәдениет министр­лігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атын­дағы ХІІІ республикалық байқауын өткізеді. 2. Байқау 2 кезеңнен тұрады: Облыстық (қалалық) іріктеу байқаулары шілде-тамыз айларында әр облыс орталығында және Астана, Алматы қалаларында; Республикалық байқау Қазақстан Республикасы халқының тіл фестивалі аясында (қыркүйек-қазан айлары) Астана қаласында өтеді. 3. Байқауға 15-30 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады. 4. Кәсіби өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орындарының студенттері байқауға жіберілмейді. 5. Байқауға қатысушылар 3 тапсырма орындауы тиіс: - прозалық шығармадан үзінді оқу; - драмалық шығармадан үзінді оқу; - мәнерлеп өлең оқу. 6. Байқау шарттары: оқылатын мәтін көлемі 5-6 минуттан аспауы керек; дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады; белгісіз авторлардың көркемдігі төмен шығар­маларынан үзінді оқуға болмайды; талапкер сарапқа ұсынуға таңдап алынған мәтіндерді жатқа білулері қажет. 7. Республикалық байқауға облыстарда, Астана және Алматы қалаларында өткен байқаулардың жеңімпаздары (бір-бірден) қатыстырылады. Оларға жергілікті тіл басқармалары жолдама береді. 8. Республикалық байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың: көркем мәтінді оқу шеберлігіне; дауыс мәнеріне және тіл тазалығына; мәтінді таңдау талғамына; сахнада өзін-өзі ұстауына; киім сәніне баса назар аударады. 9. Байқау жеңімпаздары Бас жүлдемен және дипломдармен, бағалы заттай сыйлықтармен марапат­талады. Анықтама үшін мекен-жайымыз: 01000, Астана қаласы, «Министрліктер үйі», 15 кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХІІІ республикалық байқауына. Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01, 74-01-84 (тел/факс 74-05-08); E-mail: Abdualieva@mki.kz Ескерту: бұрынғы республикалық байқаулардың жеңімпаздары биыл өткізілетін байқауларға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 30 бұйрығына қосымша «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауының ЕРЕЖЕСІ Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілі пәнінен сабақ беретін оқытушылардың әдістемелік сауаттылығын арттыру, қазақ тілін оқы­тудың алгоритмдік әдістерін қалыптастыру, ұлттық педагогика принциптерін жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында республикалық «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауын өткізеді. Байқаудың мақсаты мен міндеттері: 1. Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау; 2. Қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылардың қоғамдық мәртебесі мен кәсіпқойлығын, беделін арттыру; 3. Кәсіптік педагогикалық шығармашылықты дамыту; 4. Оқытушының әдістемелік шеберлігін шыңдау, тіл үйретудің озық әдістемесін насихаттау, тарату; 5. Педагогикалық қызметтегі инновациялық тәсілдерді қолдану үлгілерін анықтау және тарату; 6. Оқытушылардың сабақ берудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптау; 7. Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасы мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру. Байқау шарты: «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауына республика аумағында мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар қатысады. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар: - Қазақ тілін оқытудың салалық авторлық бағдарламасын жасау; - Оқытушының әдістемелік қорымен таныстыру және оның тиімді қолданылуын дәлелдеу; - Оқытушының салалық терминологияны білуі және меңгеруі; - Тіл үйретуде ОТҚ-ның (оқытудың техникалық құралдарының) қолданылуын көрсету; - Қазақ тілі сабағы арқылы қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің сабақтастық әдістемесін көрсету; -Тіл үйрету барысында жағымды психологиялық ортаны қалыптастыру жолдарымен таныстыру. Байқау үш кезеңде өтеді: Бірінші кезең – облыстық (қалалық) деңгейде өтеді. Облыстық, қалалық тіл басқармалары жанынан білікті мамандардан қазылар алқасы құрылады. Байқауға қатысуға үміткер оқытушылардың құжат­тары жиналады, сарапталады. Екінші кезең – облыстық (қалалық) тілдерді да­мыту басқармалары бекіткен кестеге сәйкес қазылар алқасы мүшелері іріктеуден өткен қатысушылардың сабағына қатысып, жұмысын сараптап, жүлдегерлерді анықтайды. Байқау қорытындысы бойынша жүлдегер атанған оқытушының құжаттары Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлес­тіру-әдістемелік орталығына 2011 жылғы қыркүй­ектің 20-сына дейін жолданады. Үшінші кезең – үміткерлер Ш. Шаяхметов атын­дағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында өзінің авторлық тұжы­рым­дамасы негізінде әдістемелік қорымен таныстырып, сабақ үлгілерін көрсетеді. Комиссия қорытындысы бойынша жүлделі ор­ындарға ие болған оқытушылар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Мекен-жайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10-үй. «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауы. Байланыс телефондары: 8(7172) 74-05-10, 32-31-00, 32-25-72, 32-12-27, 32-23-93 (факс), Е-mail: aibolat_1970@mail.ru Ескерту: Бұрынғы республикалық байқаулардың жеңімпаздары биыл өткізілетін байқауларға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 30 бұйрығына қосымша

«ТІЛ – БАРЛЫҚ БІЛІМНІҢ КІЛТІ» АТТЫ ОРЫС ТІЛІ БІЛГІРЛЕРІНІҢ БАЙҚАУЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымы жас­тарды толеранттылыққа тәрбиелеу, тілдерді меңгеруге деген шығармашылық қабілеттерін жандандыру, сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында қазақ тілінде оқитын жастар арасында орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» атты республикалық байқауын жариялайды. Байқауға қатысуға 14-22 жас аралығындағы жастар шақырылады. Орыс тілі білгірлерінің республикалық байқауы 2011 жылғы наурыз – мамыр айларында екі кезең бойынша өткізіледі. І кезең – аймақтық, ол 2011 жылғы 10 наурыз – 4 мамыр аралығында облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша өткізіледі. ІІ кезең – республикалық, ол 2011 жылғы мамырда Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымының ұйымдастыруымен Астана қаласында, Ресей ғылым және мәдениет орталығында өтеді. Аймақтық байқау комиссиялары республикалық байқауға қатысушы үміткерді анықтап, оны республикалық байқауға қатыстыру туралы өтініш-хатпен бірге, жинаған ұпайларының қорытындылары туралы хаттаманы жолдайды. Байқаудың бірінші кезеңінің шарттары: бірінші номинация: лексикалық-грамматикалық тест. Тест тапсырмасын орындау уақыты – 40 минут. екінші номинация жазбаша және ауызша бөлім­дерден тұрады: а) жазбаша бөлім: ұсынылған үш тақырыптың біріне эссе жазу; ә) ауызша бөлім: қатысушылар елтану, лингвистика, әдебиет бөлімдері бойынша викторина сұрақтарына жауап береді; үшінші номинация: кез-келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу (үй тапсырмасы). Байқаудың екінші кезеңінің шарттары: - «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» атты ауызша таныстырылым (электронды және басқа нұсқалары, 3-5 мин.); - «Тіл – бабалар мұрасының бастауы» орыс сөз өнерін білуге арналған тест. Орындау уақыты – 30 минут; - орыс әдебиеті классиктерінің шығармалары үзінділерінің мазмұнын заманауи театрландырылған интерпретацияда баяндау (үй тапсырмасы). Орындау уақыты 5 минуттен аспауы керек - шығармашылық тапсырма «Шабыт жұлды­зы»: халық аспаптарында ойнау, ұлттық ән, би, көркемсөз оқу және т.б. орындау (үй тапсырмасы). Орындау уақыты – 5-7 мин. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады. Байқауға орыс тілінде оқытатын оқу орындарында және «орыс филологиясы» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алатын, сондай-ақ арналған алдыңғы байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыстырылмайды. Байланыс телефондары: 8(717/2) 740510 Астана қаласы.

Ұйымдастыру комитеті.