Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазанат» кітабының тұсаукесері өтті.
Белгілі атбегі Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгелдің үшінші мәрте басылып шыққан бұл еңбегі – бүгінде қазақ атбегілерінің қолынан түспейтін қымбат құнды энциклопедияға айналып үлгерген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген энциклопедия бес бөлімнен тұрады. «Табиғаттың құн жетпес асылы» атты бірінші бөлімде әлемдегі жылқылардың шығу тегі, тарихы, таралуы және өсіп-өнуі жайлы қызықты деректер қамтылса, екінші бөлім «Көне заман күмбірі немесе жылқы жайындағы қиял-ғажайып аңыздар мен тарихи жазбалар» – деп аталады. Мұнда көшпенді қазақ халқының мінсе көлігі, адал серігі болған жылқы жайындағы аңыз-әңгімелер жинақталған. Тұлпарлардың бөлекше тұлғасы мен әрбір мүшесіне дейін ғылыми зерттеу жасалған келесі бөлім «Жылқының биологиялық ерекшелігі» деп аталған. Сәйгүліктердің түрі мен өңірлік ерекшелігі «Жылқы тұқымы» бөлімінде қамтылса, ең соңғы бөлім «Қазақстандағы жылқы шаруашылығы және ат спортына» арналған.
Әлемде 200-ден астам жылқының түрі болса, оның 20-дан астамы біздің елде өсіріледі екен. 1916 жылы 4 млн. 640 мың, тәуелсіздік алған 1990 жылы 1 млн. 700 мың шамасындағы жылқы малы бүгінгі таңда шамамен 1 млн. 300 мың басқа жеткен, оның 85 пайызы жекешенің үлесіне тиесілі көрінеді. Бір айта кететін жәйт, соңғы 20 жыл ішінде Сәдібек Түгелдің басшылығымен және қатысуымен республика көлемінде ұлттық спорт түрлерінен 2357 жарыстар мен мәдени іс-шаралар өтіпті. «Құлагер» ескерткіші де осы С.Түгелдің бастамашылығымен қазақ жерінде бой көтерді.
Жылқы шаруашылығын өркендету, оны халық игілігіне жарату арқылы жас жеткіншектерді ерлікке, ептілікке баулуды мақсат тұтып, қазанат әлеміне саяхат жасаған бұл кітап 2006 жылы алғаш рет оқырманмен жүздессе, 2008 жылы екінші мәрте басылып шыққан болатын. Ал бұл жолы тағылымды туындыға 2500 жылдық тарихы бар айғырлардың суретімен қоса 323 тың фотолармен толықтырылған.
Сондай-ақ, осы тұсаукесер тұсында осы кітаптың атымен аталатын «Қазанат» этнографиялық-фольклорлық ансамблі де өнер көрсетті.
Кеш соңында «Қазанатпен» қоса автор Сәдібек Түгелдің басқа да еңбектері Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартылса, қонақтардың қоржыны да бос қайтпады.
Майгүл СҰЛТАНҚЫЗЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті.