• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2011

Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі

1125 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» деген тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы өтті. Сессия жұмысына республи­ка­лық және өңірлік этномәдени бір­лестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, Үкімет мү­ше­лері, еліміздегі саяси пар­тия­лардың жетекшілері, діни бір­лес­тіктердің, дипломатиялық қызмет­тер­дің, сай­лау­ды қадағалау жө­нін­дегі қоғам­дық комиссияның, ғалымдар және шығар­ма­шы­лық зиялы қауымның, сондай-ақ бұ­қа­ралық ақпарат құ­рал­дарының өкіл­дері қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сес­сиясын ашық деп жариялаған соң, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны ойналды. Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылы­қ меңгеру­шісі Ералы Тоғжа­нов ел Президенті, Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берді. Елбасы былай деді: Құрметті Ассамблея мүшелері! Қымбатты сессия меймандары! Сіздерді Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы 17-ші сессиясының ашы­­луымен шын жүректен құт­тық­таймын! Тарихи кезеңнің бастауында ашылған бұл сессиясының маңы­зы айрықша. Таяуда елімізде кезектен тыс Президент сайлауының өткені баршаңызға мәлім. Ұлысты ұйыстыра түскен бұл сайлауда халық маған, осы отыр­ған бәріңізге тағы да тағдырын сеніп тапсырды. Бізге тапсырды. Ел бірлігін көрсетіп, әлем ал­дында бедел алдық. Сайлау кезінде Ассамблея мү­ше­лері мен этно-мәдени топ­тар­дың өкілдері қалтқысыз қолдау білдірді. Сондықтан, Ассамблеяның мү­шелеріне және барша Қазақ­стан халқына шынайы ризашы­лы­ғым­ды білдіруге рұқсат етіңіздер! Қадірлі қауым! Бүгінгі алқалы басқосу ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қар­са­ңында өтуде. Тәуелсіздік алған тұста біз таң­дауы қиын жолайырықта тұрдық. Біз сол күрделі кезеңде өмір­шең жолға түсіп, берекелі бола­ша­ғымызды бекем бірлікпен бай­ланыстырдық. Тату елге тыныштық ор­най­ды, бейбіт елде ғана береке бо­ла­ды деген. Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген пара­сат­ты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біз жүз жылға татитын жиыр­ма жылда ортақ жауапкершілік жолын жүріп өттік, биік белестерді бірге бағындыра білдік. Бауыры бүтін бірлігімізбен елдікті еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгі­сін танытып, дамудың қазақ­стан­дық жолын айқындадық. Мұның бәрі бізге өздігінен оңай келген жоқ. Осы жылдары тату­лықтың тұтқасы, бірліктің бе­сігі болған Ассамблея еліміздің дамуына зор үлесін қосты, қосып та келеді. Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті әлеумет! Қазақстанды, қазақты достық­тың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арай­лы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде бар­шамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдыры­мызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз. Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз. Біздің жасампаз тарихымыз­ды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс. Сондықтан, біз тамырын те­рең­ге тартып, тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи таным­ды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Ел бірлігін еселейтін бұл құн­дылықтар отаншылдық сезімін орнықтырады. Сонда тәуел­сіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырыс­ты болады. Бұл ретте тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы біз үшін мерейлі меже ғана емес, болашаққа бағдар болатын байыпты белес. Еңсе тіктеген еліміздің ал­дында ұлан асу, биік белестер тұр. Сондықтан, бүгінгі сессияда өзекті мәселелер талқыланып, келелі ойлар айтылады деп сенемін. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұ­ғыр­лы, мемлекеттігіміз мәңгі бол­сын, ағайын! Баршаңызға бірлік пен береке тілеймін! Құрметті сессияға қатысушылар! Қымбатты қазақстандықтар! Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның он жетінші сессиясы тұң­ғыш рет Бірінші Мамыр, Қазақ­стан халқы бірлігі күні қар­са­ңында өтіп отыр. Биыл біз Бірінші Мамырды ал­ғаш рет жаңа пішінде атап өте­тін боламыз. Өткен жылы, Тәуелсіздік Кү­нін тойлаған кезде менің осын­дай тапсырма бергенімді сіздер білесіздер. Бүкіл Қазақстан бойынша бұ­қаралық шерулер, патриоттық акциялар өтеді. Көктемгі 1 мамыр мерекесі біз­­дің еліміздің барлық этнос­та­рын бұрынғыдан да гөрі жақын­дастыра түсуге тиіс. Бұл – 20 жыл ішінде құ­рылған біздің ОРТАҚ ҮЙІМІЗ – туған Қазақстанымыздың ең басты мерекелерінің бірі. Біз оның берік қабырғасын тұрғыздық. Біздің шаңырағымыз берік нығайтылды. Біздің терезелеріміз мөлдір. Біздің үйіміздің есіктері бүкіл әлемдегі барлық достар үшін кеңінен ашық. Біз өзіміздің өте айрықша, та­ту-тәтті қазақстандық отбасын құр­дық. Мен сіздерді алдағы мерекемен, біздің мерекемізбен құттық­таймын, қымбатты отандастар. Қымбатты қазақстандықтар! Таяуда ғана кезектен тыс президенттік сайлау табысты өтті. Ол біздің ұлттық бірлігіміздің салтанатына айналды. Онда Қазақстан халқы Ассам­блеясы маңызды рөл атқарды. Дәл осы ҚХА-ның өткен сес­сиясында Президент өкілеттігін ұзарту туралы бастаманың алғаш рет көтерілгенін еске түсірейік. Рас, осы мінберден оны 2030 жылға дейін ұзарту да ұсынылды. Бірақ, біз үшін бәрі әлі алда. Менің сайлау штабымда ҚХА-ның және өңірлік ассамблея­лар­дың, іс жүзінде барлық этно-мә­дени бірлестіктердің мыңдаған өкілдері жұмыс істеді. Мен біздің ортақ тағдыршеш­ті жеңісімізге баға жетпес үлес қос­қан баршаға алғысымды білдіремін! Сайлау қорытындысы – Қа­зақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығының заңды қорытындысы. Президенттік сайлаудан кейін маған түрлі ұлттардан тұратын біздің азаматтарымыздан ондаған мың құттықтаулар келіп түсті және әлі де келіп түсуде. Мен күн сайын бір де бірін жі­бермей, ыждағаттылықпен оқы­ған әр жолдың астарында біздің хал­қымыздың бірлігінің мызғы­мас­ты­ғына деген берік сенімділік, еліміз бен біздің балала­ры­мыздың табысты болашағына деген терең сенім жатыр. Мен жолдауларындағы жылы­лық үшін, тілектер мен жеделхаттар үшін барлық қазақстан­дық­тарға шын жүректен алғысымды айтамын! Қымбатты достар! Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихы – тұрақтылықтың, Қа­зақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы. Осы жылдар ішінде этнос­ара­лық және конфессияаралық тең­діктің тиімді құқықтық базасы құрылды. Оны дін, тілдер еркіндігі ту­ра­лы, Қазақстан халқы Ассам­блеясы туралы заңдар құрайды. Өткен жылы қабылданған Ел бірлігі доктринасы маңызды қа­дам болды. Конституциялық мәртебеге ие халық Ассамблеясы біздің еліміздегі ұлтаралық келісімнің арқау­лық институтына айналды. Оның құрамына 820 этно-мәдени бірлестіктер кіреді. Астанада, Бейбітшілік пен келісім сарайында этно-мәдени ор­та­лықтар үшін барлық жағдайлар жасалған. Еліміздің әр өңірінен, ұлты­ның қандай екендігіне қара­мас­тан, мемлекеттік тілде еркін сөй­лей­тін жас қазақстандықтарды көру мені қуанышқа бөлейді. Біз бүкіл этностар өкілдерінің өзінің тілін, мәдениетін сақтауы үшін барлық жағдайларды жаса­дық. 108 мектепте 22 этностың тілі дербес пән ретінде оқытылады, ал 88 мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. Елдің түрлі өңірлерінде 33 ма­ман­дан­дырылған мектеп бала­ларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыта отырып, үш тұғырлы тіл қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тек этностық БАҚ-тарға қол­дау көрсетіп, этносаралық қа­рым-қатынастарды жазып көр­сету үшін ғана 2005 жылдан бастап қаржыландыру 4 еседен астамға ұлғайтылды. Ұлттық театрларға мемлекеттік қолдау көрсету көлемі соңғы 2 жылда 30 пайызға дерлік өсіп, шамамен 500 миллион теңгені құрайтын болды. Этно-мәдени бірлестіктерге қар­­жылық қолдау көрсету 2010 жылы 100 миллион теңгені құрады. Наурызда мен Алматыда жаңа Достық Үйін аштым. Ол әншейін үй емес. Ол 19 этно-мәдени орталық­тар мен мемлекеттік және ана тілдерін оқып үйрену жөніндегі 9 жексенбілік мектеп орналасқан нағыз Достық сарайы. Біздің Тәуелсіздігіміздің та­рихы – барлық этностар досты­ғының шежіресі. Біздің еліміздің құрылысына Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкіл­дері бірі қалмай атсалысуда. Бүгінде Ассамблеядан сай­лан­ған депутаттар біздің Парла­мент­тің ажырамас бөлігіне айналды. Ең бір сан түрлі этностардың азаматтары біздің Қазақстанның даңқын бүкіл әлемге асқақтата отырып, мемлекеттік қызметте, биз­несте, ғылым мен білім беру са­ласында еңбек етеді, өз талант­тарын спорт пен өнерде паш етеді. Астана мен Алматыда сал­танат­ты жағдайда өткен Қысқы Азия ойындарында қазақтар, орыс­тар, украиндар, корейлер, не­містер, татарлар және ұйғырлар чемпион болды, олар біздің елі­міздің даңқын асырды. Бұл Қазақстан халқының дос­тығының, топтасқандығының, пат­риотизмінің көрнекі көрсеткіші! Біз жас астанамызды көп этносты еуразиялық мегаполис ретінде дамытудамыз. Мұнда мешіттердің мұнара­лары мен храмдардың күмбездері бейбіт қатар көршілік етуде. Қазақстандықтарды және біздің бүкіл шетелдік қонақтары­мызды Астананың алуан бейнелілігі, оның айырықша толерант­тылық рухы таңдандырады. Осы сипаттарды қазақстан­дық барлық қалалар үлгі ретінде алуда. Мен өзім бүкіл ел бойынша он­даған достық үйлерін, монументті кешендерді, саябақтарды, бейбітшілік пен келісім скверлерін, мешіттерді, храмдарды аштым. Ол қазақстандықтар үшін әр­кезде де нағыз мереке. Адамдар өздерінің тілдері мен мәдениетін еркін дамыту, өз от­басы мен бүкіл Қазақстан игілігі үшін еңбек ету мүмкіндігінің бол­ғаны үшін, өз балаларының бо­ла­шағына сенімділігі үшін және әсі­ресе біздің ортақ үйі­міз­дегі тұрақ­ты­лық пен бейбітшілік үшін әр­кез­де де маған ал­ғыстарын білдірді. Қазақстанның табыстары әр­кез­де де біздің шетелдік отандас­тарымыздың басты назарында. Бүгінде олардың көбі өз­дерінің нағыз Отанына оралуда. Олар тек осында ғана өз әлеуе­тін жүзеге асырып, өздері туған елге пайда келтіре ала­тынын түсінеді. Тек соңғы бес жылда ғана түрлі себептермен өзге елдерге қоныс аударған ондаған мың отандастарымыз қайтып оралды. Мен оралмандар туралы ай­тып отырған жоқпын, ол бөлек әңгіме. Мен 44 мыңнан астам орыстар, 5 мыңға жуық немістер туралы айтып отырмын. Тіпті, шет елдерде қалған­дар­дың да көпшілігі Қазақстан тура­лы, өзінің Отаны туралы ең бір жылы естеліктерді сақтап қалған. Интернет желісінен бұл та­қы­рыпқа мыңдаған хабарламаларды табуға болады. Мәселен, Иркутскіден Марина былай деп жазады: «Менің отбасым 1995 жылы толық құрамда Петропавлдан көш­ті. Қазір Ресейде тұрамыз, өмір әлдеқашан қалыпқа түсті, бір­ақ жан тыныштығы қалай болмаса, әлі де сол күйі жоқ. Мен Қазақстанға қайта ора­ламын. Мен оны 100 пайыз білемін. Ре­сейде жақсы болса да, бірақ үйде одан да жақсырақ». Өздерін әлі де қазақстандық сезініп жүрген мұндай адамдар мыңдап саналады. Біз отандастарымыздың Ота­ны­мен, қазақстандық достары­мен және туыстарымен рухани бай­ланыстарын жоғалтпауы үшін мүм­кін дегеннің бәрін жасаймыз. Біздің жолдарымыз бен есіктеріміз олар үшін әрқашан ашық. 20 жыл бойына біз ең бір сан алуан діндерді ұстанатын қазақ­стандықтардың өздерінің рухани дәстүрлерін алаңсыз жалғас­ты­руы үшін күш-жігер жұмсадық. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан аумағында жұмыс істейтін діни қауымдастықтар саны жеті жүзден төрт жарым мыңға дейін өсті. Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жұмысына қатысқан біздің зама­нымыздың әйгілі рухани қайрат­керлерімен талай рет сөйлестім. Олардың сөздері бірауыздан шығады. Қазақстан – мұсыл­ман­дар, право­славиеліктер, католиктер, протестанттар, буддисттер, иудейлер келісіммен өмір сүріп жатқан әлемдегі бірден-бір ел. Бұл олар бірге жиналып, өздері­нің бүкіл проблемалары туралы айта ала­тын бірден-бір орын. Біз достықтың тамаша моделін құрдық және оны сыртқы қатер­лерден сақтай да білуге тиіспіз. Жанжалдар қайдан шығады? Өнегесіздік пен іштарлықтан шығады. Егер Қасиетті кітаптарды оқыр болсақ, дәстүрлі конфес­сия­лар­дың бір де бірі зорлық-зомбы­лықты уағыздамайды. Қазақстанда наным негізіне еш­кім көз алартпайды, өсиет­терді бұрмалауға талпынбайды. Таңғаларлығы, әлемдік және дәстүрлі діндердің бір де бірі Ұлы далада, біздің жерімізде пайда болған жоқ. Бірақ, шынайы бейбіт рух дәл осы жерден өзіне нағыз мекен тапты. Қазақстан бүкіл әлемге прогресшіл интеграциялық бастамалар дәстүрлі түрде таралып жат­қан айрықша ел, мұнда саммиттер мен ізгі ниетті кездесулер өтеді. Бүгінде біздің елімізде қай ұлтқа жататынына қарамастан аза­маттар құқықтарының абсолюттік тепе-теңдігінің қамтама­сыз етілгеніне қазақстандықтар­дың 85 пайыздан астамы сенімді. Халықтың 75 пайызы бізде түрлі этностардың өздерінің тілі мен мәдениетін сақтауы үшін бар­лық жағдайлардың жасалға­нын атап көрсетеді. Қоғамдық келісімнің мұндай көрсеткішін сіздер қазіргі заман­ғы әлемде өте аз табасыздар! Еліміздің түрлі өңірлеріндегі кездесулерде қазақстандықтар, әсі­ре­се біздің жас азаматтарымыз олар өздері ел үшін не істей алар еді деген сауалды маған өте жиі қояды. Мен әрқашанда біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді біз және біздің буын сақ­та­ғандай сақтаңдар, бір-біріңді сый­лаңдар, шыдамды болыңдар, өз­ара түсіністікті нығайтыңдар, білім алып, Отан игілігі үшін адал еңбек етіңдер деп жауап беремін! Біздің бәріміз әртүрліміз, Жер­дегі адамдар сыртқы түрі, шашы мен көзінің түсі бойынша әртүрлі. Егер адамдар шыдамды болмаса, бір-бірін түсінбесе онда біздің әлеміміз не болар еді? Сондықтан келісімде, бейбітшілікте, өзара түсіністікте, шыдам­ды­лықта үл­кен проблема – біздің өркениетті сақтау проблемасы тұр. Ұлтаралық бейбітшілік пен ке­лісім бізге көктен түсе қалған нәрсе емес. Ол мемлекет пен біздің бәрі­міздің күн сайынғы саясатымыз бен тәжірибеміздің нәтижесі. Біздің алдымызда әлі де көп­теген істер тұр. Бірінші. Біздің жалпыұлттық бірлігімізді нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Осы жұмыстардың ортасында Қа­зақстан халқы Ассамблеясы болуға тиіс. Ассамблея Хатшылығы ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму стра­тегиясының жобасын әзірледі. Бұл құжатта біз төмендегі ең басты сауалға жауап беруге тиіспіз: ХХІ ғасырдың күрделі жағ­дайында біздің толеранттылық мо­делін нығайту жөніндегі бар­лық жұмыстарымыздың мәні неде? Бұл жерде де өзіміз эконо­ми­калық және әлеуметтік жаңғыру мәселелерінде қолданып жүрген­дер­ге сәйкес инновациялық көз­қарас қажет. 20 жыл ішінде біз Тәуелсіздік жағдайында өсіп шыққан қазақ­стандықтардың алғашқы буынын тәрбиеледік. Оларды елдің және халықтың игілігіне орасан күш-жігермен жұ­мыс істейтін патриоттар, белсенді және толерантты азаматтар етіп тәрбиеледік. Жас сайлаушылардың басым көпшілігі Қазақстанды дамыту­дың стратегиялық жоспарларына және Мемлекет басшысы ретінде маған қолдау көрсетті. Біз Отанның толерантты пат­риоттарының болашақ буынын тәрбиелеу үшін одан әрі жұмыс жүргізетін боламыз. Бұл біздің ортақ міндетіміз. Бұл Қазақстан халқы Ассам­блеясы қызметінің басты мағы­насына айналуға тиіс. Біз өзіміздің этно-мәдени ор­та­лықтарды, этностық БАҚ-тар­ды, театрлар мен ұжымдарды құ­рып, оларға қолдау көрсету мен да­мытуды мақтан үшін жасап жат­пағанымызды түсінуіміз керек. Ассамблеяның бүкіл инфра­құ­рылымы қазақстандықтардың, ең алдымен, біздің жастарымыз­дың бойында ортақ үйіміздегі бей­бітшілік пен келісімге деген жо­ғары жауапкершілік сезімін тәр­биелеу үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл жүйе әрбір қазақстандық­тың – оның саналы өмір сүруінің бірінші күнінен бастап өмірінің бар­лық жақтарына бойлап енуі керек. Бір сауал қоймақпын. Халық Ассамблеясы балалар­ға мектепке дейінгі білім беру бағ­дарламасын қабылдауға қаты­са ма? – Жоқ! Ассамблея мамандары мек­теп­тердің тарих бойынша оқу­лық­тарына толеранттылық, оларда қазақстандық этностар дос­ты­ғының көп қырлы тарихының көрініс табуы тұрғысында сараптама жасай ма? – Тағы да жоқ! Бұл ұсақ-түйек емес! «Еркіндік тек заңдарға ғана тәуелді болудан тұрады», деп Вольтердің өзі айтып кеткен. Яғни, заңдарда олардың бәрі де жазылған. Егер біреулер ұмытар болса, оған жан бітіру керек. Өйткені, Заң – билік пен ха­лық арасындағы келісім-шарт. Оны біз қабылдадық, біздің Конституция жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Сондық­тан бұл мәселелерде біз өте қа­зымыр болуға тиіспіз. Ассамблея құрылымында жүз­де­ген мың адам бар. Мемлекет қар­жыландыруы жылдан-жылға өсе түсуде. ҚХА қызметіндегі салтанатты-қолданбалы қиғаштықтан бас тарту қажет. Өз ресурстарымызды этнос­ара­лық және конфессияаралық са­лалардың бүкіл ауқымын қамти­тын­дай етіп бөлу керек. Ең бір шағын мәселе де назардан тыс қалмауы тиіс. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – қазақстандық ұлттық идея­ның басты өзегі. Бұл идеология бүкіл мемлекеттік органдардың, үлкен және кіші Ассамблеялардың, этно-мәдени ор­­талықтардың белсенді, ырғақты жұмысына арқа сүйеуі тиіс. Сіздер осы жылдар бойына ме­нің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудың барлық мә­се­лелерімен жеке айналысып келе жатқанымды білесіздер, өйткені ол бүкіл бастаулардың басы, он­сыз ештеңе де – экономикалық өсім де, әл-ауқат та, бірлік те болмайды. Бұл мәселе сол сияқты әрбір министрдің, әрбір әкімнің, компаниялар мен кәсіпорындардың әрбір басшысының басты наза­рында болуға тиіс. Тек осылайша ғана біз Қазақ­стандағы берік тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осы тұрғыда Ассамблея Хат­шы­лығына Президент Әкімшілігі­мен бірлесіп Стратегия жобасын мұқият талдап, әзірлеуді, оны Ассамблея Кеңесінде талқылап, ме­нің бекітуіме ұсынуды тап­сы­рамын. Екінші. Бүгінде бүкіл Қазақ­стан халқы модернизациялау, ин­но­вациялық индустрияландыру және болашаққа технологиялық секіріс жасау идеясының төңіре­гінде топтасқан. Кеше біз ат­қарушы билікпен арнайы кеңес өт­кіздік, мен өздері тыңдап, бо­лашақтағы және бүгінгі міндеттерді білуі үшін Ассамблеяның көптеген мүшелерін шақырдым. Қазақстанның этно-мәдени ор­та­лықтары оған барынша белсенді атсалыса алады және атса­лысуға тиіс. Алматы облысының Үштөбе қаласында жыл бойына жабық топырақта ең жаңа технологиялар бойынша көкөніс өнімдерін өсіру жөнінен ерекше жобаны жүзеге асырып жатқан Қазақстан корейлері ассоциациясының тәжірибесі қызғылықты. Жобаның қуаты – 150 тонна көкөніс, жылыжай алаңы – 1600 шаршы метр. Бірінші жылыжай қазірдің өзінде өнім беруде, тағы сондай екеуі биыл салынатын болады. Оның сыртында жоба шең­берінде оқу орталығы құрылған, онда кешенде жұмыс істейтін мамандар даярланады. Осындай және басқа да игілікті істермен өзгелер де айналыса алады. Әкімдіктер бизнес, ауыл шаруашылығы, индустрия сала­сын­дағы осындай бастамаларға қолдау көрсетуі керек. Бұл басқа да этно-мәдени бірлестіктер тарапынан дамытуды қажет ететін жақсы мысал. Инаугурация кезіндегі сөзімде мен «жүз абсолюттік инновация­ларды», яғни Қазақстанда әлі бол­маған, бірақ болатын дүниелерді іріктеуді бастауды ұсындым. Айрықша идеялар мен жоба­лардың авторларын бүкіл әлем бойынша іздеп, Қазақстанға жұ­мыс­қа шақыру үшін Ассамблея­ның халықаралық байланыстарын іске қосу қажет. Ең бастысы, ең алдымен өзіміздегілерге қолдау көр­сету керек. Ондайлар бізде бар. Халық Ассамблеясы біздің бү­кілхалықтық құрылыстарда белсенді жұмыстар жүргізуге тиіс. Ол – Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы. 2700 шақырымы тек Қазақ­стан арқылы, 6 тығыз қоныс­тан­ған облыстар арқылы өтеді. Онда қазір 50 мың адам жұмыс істейді. Ол – бүгінде біз Парсы шы­ға­нағына дейін тартып жатқан темір жол. Және басқа да жобалар. Биылғы жылы индустриялан­дыру бағдарламасы бойынша т­ағы да 192 нысан іске қосылады. Солардың бәрінен де өзіңді кәдеге жарататындай орын табуға болады. Бұл жерлерге этно-мәдени шы­ғармашылық топтардың, ан­сам­бльдердің, театрлардың, белгілі адамдардың баруын ұйым­дас­тыру қажет. Қазақстандағы түрлі этностар­дың тілдерінде шығатын бүкіл БАҚ-тар да осындай жұмыстарға бағыт ұстануы тиіс. Яғни, мен тағы да қайталап айтқым келеді, индустриялан­ды­ру, ресурстарға тәуелділіктен кету – бұл болашақ, бұл перспектива. Біз бұған егер оны бүкілхалықтық идея жасасақ, қол жеткіземіз. Әркім осымен өмір сүруі тиіс, сон­да жос­пар­ларымызды жүзеге асырамыз. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясымен, Мәдениет, Байла­ныс және ақпарат министрліктерімен бірлесіп жүргізуіміз керек. Үшінші. Біз Ассамблеяның өз жұмысын тұрақты жетілдіріп оты­ру­ға тиіспіз. Ол елді дамытудың шешуші мәселелерін жасау үшін азамат­тық қоғамның жетекші жұ­мыл­ды­рушы күші мәртебесінде нығаюы тиіс. Этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастардың барлық қыр­ларын зерттеудің қуатты ор­та­лығын құру қажет. Бұл – ғылым, және өте сал­мақты ғылым. Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға ты­рысады, әркім осы мәселе бой­ын­ша пікір айтқысы келеді. Қолы таза еместердің оған бас сұғуларына болмайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өте нәзік материя, оның үстіне әңгіме этнос­аралық, дінаралық қарым-қатынас туралы болған кезде. Бізде соңғы жылдары ондаған адам осы аса көкейкесті тақырып бойынша ғылыми дәрежелер алды. Ешкімді де ренжіткім келмейді, осы мәселелер бойынша бір топқа жинауға болатын нағыз мамандар саусақпен санарлық! Олар жоқ десек те болады. Этносаралық және конфессия­аралық қатынастарды ғылыми зерттеу саласы аса үлкен назар аударуды талап етеді. Мен еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді. Біз мына мәселеге мән беруіміз керек, мұсылмандар, православиелік христиандар бірлестіктері Қазақстанға ойлары мүлдем бөтен түрлі діни секталар мен ұйымдардың кіруінен сақтай­тын біздің діни қатынастары­мыздың басты қорғаушылары болулары тиіс. Білім және ғылым министріне осы мәселені жеке бақылауына алуды тапсырамын. Төртінші. Басым бағыттардың  бірі барлық этностар өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету болып қала береді. Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстан­дықтар саны 80 пайызға жетсін, ал 2020 жылға қарай одан да көп болсын деген мақсат қойдық. 10 жылдан кейін мектептері­міздің түлектері қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болуы тиіс. Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі – әшейін бір ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін бола­ды деген сөз. Бұл барлық қазақ­стандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің ара­мыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады. Ассамблея жұмысының мақ­саты, міне, осында. Ұлы Абай былай деген еді: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді». Бұл жерде әңгіме тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы тілдер туралы. Тілді білсең, сол халықпен тең боласың. Қандай терең сөздер! Яғни, бұл барлығы араласқан, бүкіл әлем бір-бірімен қатынасқа түскен бүгінгі жаһандық дүниеде  қажеттілік болса, ол біз үшін және біздің балаларымыз үшін де ашық. Біз сондай-ақ барлық этностық топтардың мәдениетін, дәстүр­ле­рін, салттарын, тілдерін сақтап дамыту бойынша, біздің бай ортақ тарихи-мәдени мұрамызды сақтау бойынша жұмыстарды жалғас­тыруға тиіспіз. Бұл ел ішіндегі тұрақтылық, бей­бітшілік пен келісім, оның өр­кендеуі мәңгілік болуы үшін қажет. Бесінші. Мәдени-ақпараттық сала арқылы толеранттылыққа тәр­биелеу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Мен қазақстандықтарға түрлі этностардан өкілдік ететін отан­дастарымыздың өмірлері мен тағ­дырлары туралы жаңа көркем фильмдер қызығушылық тудыра­ды ғой деп ойлаймын. Бұл жұмыс табысты жүргізіліп жатыр және оны жалғастыру керек. «Қазақфильм» киностудия­сын­да түрлі халықтарды – немістерді, корейлерді, поляктарды, чешендерді, күрдтерді және басқа­ларды Қазақстанға күштеп депор­тация­лайтын қасіретті кезең туралы әңгімелейтін «Жерұйық» атты жаңа көркем фильм түсірілді. Ассамблея жұмысын БАҚ-тарда кеңірек көрсету керек. Мен орыс театрларында қазақ драма­тург­терінің, ал  қазақ театрларын­да орыс драматургтерінің пье­салары қойылатынын білемін. Мұндайды да ынталандыру керек. Ассамблеяға өзінің жеке газетін шығару мәселесін қарасты­рып, веб-сайтын жаңғырту қажет. Түрлі этностар өкілдерін, біздің этномәдени бірлестіктер мен олар­дың жұмысын көрсететін арнайы телехабарлар керек. Мұны республикалық, сондай-ақ жергілікті телеарналарда жа­сауға болады. Кедергі көріп тұрған жоқпын. Алтыншы. Менің тапсырмам бойынша Ассамблея тәуелсіздік  ме­рейтойын мерекелеу шеңберін­де кең ауқымды бағдарлама дай­ындады. Мамыр айы «Бірлік» ұраны­мен өтетін болады, ал жылдың соңын­дағы 20 жұлдызды күннің бірі, біз айтып жүргендей, «Келісім» ұраны арқылы өтетін бола­ды. Бірінші мамыр  – бірліктің ерекше мерекесі. Мамырда тұтас ай бойы  жақын­дасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ой­ластырса, өте қызықты жұмыс жүргізуге болады. Сонымен бір мезгілде, әлеу­мет­тік жаңғырту мәселелері де Ассамблеяның басты назарында болуы тиіс. Біз Жиырма жылдықты мерекелеу жөніндегі комиссия жасаған өзіміздің бағдарламамызда тек тойлар мен концерттер өткізіп қана қоймаймыз, әр адам 20 жылдықтың рөлін сезінетіндей, осы жылдары не алғанын білетіндей бағыттар енгіземіз дедік. Бұл жерде әңгіме жаңа мектептер мен ауруханалар салу, тұрғын үй бағдарламасы, қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен қам­тамасыз ету, аумақтарды көгал­дандыру, барлық елді мекендердің тазалығы туралы болып отыр – осының барлығы жұмыстардың маңызды учаскелері. Осы жұмыс­тардың барлығы қазірдің өзінде басталып кетті және Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті жерлердегі осы жұмыстарға белсенді қатысып, халық алдында үлкен ұпай жинайтынына сенімдімін. Келіңіздер, қолдауға нақты мұқтаждардың барлығына жәрдем қолымызды созайық. Барлық қазақстандықтардың нағыз бауырластығы осылайша ғана беки түсетін болады. Адамдар қаза тапқан Қызыл­ағашта, жан ауыртар қасіретті әр қазақстандық жүрегімен сезінген Шығыс Қазақстан облысында осылай болды. Барлығы үн қатты, адамдар соңғы сайлаудағыдай бірлік та­ныт­ты. Бұл жақсылықтың ныша­ны, яғни біз ешкімді жеке қал­дырмай, бір отбасы, бұл біздің үйіміз деген тұрғыда тәрбиелеп, текке жұмыс істемейтінімізді көрсеттік. Ассамблея мүшелері ғана 47 миллион теңгелік жеке қаржыла­рын сал­ды. Бұл соншалықты үлкен қаржы да емес шығар, бірақ осы фактінің өзі маңызды. Қазір мұндай қолдау тас­қын­нан зардап шегіп жатқан Батыс Қазақстан облысының тұрғын­дарына қажет. Мұның бәрін «Нұр Отан» пар­тиясымен бірлесіп жасау керек және ол еліміздің ең шал­ғайдағы бұрыш­тарына, әр аза­матқа жетуі тиіс. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғын шын мәнінде осылайша атап өтеміз. Құрметті сессияға қатысушылар! Біздің дамуымыздың 2020 жылға дейінгі даму стратегия­сын­да, халыққа менің Жол­дауымда, инаугурация салтана­тын­дағы сө­зім­де алдағы онжыл­дыққа арнал­ған барлық міндеттер егжей-тегжейлі мазмұндалған. Ал кеше Үкіметте бүгінгі күннің нақты міндеттері белгіленді. Қазақстанның ХХІ жүзжыл­дық­тағы табысы мен тағдыры оларды шешуге байланысты болмақ. Алдағы онжылдық сындарлы болатыны туралы осы жылдың алғашқы айларының оқиғалары барысы нақты айтып отыр. Таяу Шығыс елдеріндегі жаппай наразылық қозғалыстары бә­сеңдер емес және жаңа елдерді қамтуда. Күні кеше экономикасы та­быс­ты елдер ондаған жылдарға артқа лақтырылып тасталды. Әлемдік дағдарыстан жалаң­аш­танған гуманитарлық проб­лема­ларды азық-түлікке бағаның өсуі, артып отырған есірткі трафигі, терроризм толықтыруда. Көптеген мемлекеттер үстіне ауқымды аштық қатері төніп тұр. Бүгінде шамамен бір миллиард адам аштықтан зардап шегіп отыр. Жыл сайын тек аштықтан ғана 5 миллионға жуық адам ажал құшады. Қайғы-қасірет тыныштық пен болашаққа деген сенімін жоғалт­қан миллиондаған отбасыларына келіп жатыр. Бұл – бұрынғы жетістіктері­нің барлығы жоққа айналған тұтас елдер мен халықтардың қа­сіреті! Мен оны іздеп алысқа ба­рудың қажеті жоқ, біз оны өзіміздің көршілерімізден көріп, біліп отырмыз ғой деп ойлаймын. Бұл – адамзат тарихының қа­сіретті парағы. Көрнекті ағыл­шын жазушысы Хаксли былай деген болатын: «Адамдардың тарих қателігінен үйренбегені – тарихтың ең басты сабағы». Келіңіздер, біз бұл тарихты біле отырып, үйіміздегі тыныш­тыққа қуанайық және бәріміз бірігіп, осы тыныштықты сақтай­тын болайық. Әлемдік экономиканың перс­пек­тивалары еуроаймақтың бір­қатар елдеріндегі созылмалы дағдарыспен күрделене түсуде. Еуроодақтың көптеген елдерінде мультикультуризм саясаты­ның құлауы ашық мойындалуда. Олар қазірдің өзінде көпұлт­тылық пен көпмәдениеттіліктен бас тартуда. Сонымен бір мезгілде, бүкіл әлем бойынша дінаралық қарама-қайшылық шиеленісе түсіп отыр. Құранды көпшілік алдында келеке ету мұсылман қоғамында әділетті наразылық туғызды. Жауап ретінде фанаттар Ауған­стандағы БҰҰ мис­сиясында жұ­мыс істейтін жазықсыз жан­дардың қанын төкті. Әлемнің көптеген өңірлері та­биғи апаттардың тегеурінін бастан кешті. Ондаған мың адам опат болса, сұрапыл материалдық шығын келді. Жапониядағы – әлемнің екінші экономикасындағы жер сілкінісі мен цунами жаһандық эко­номи­калық дамуға қатер төн­діруде. Фукусима қасіреті бейбіт атомды пайдалану қауіпсіздігіне  үлкен проблемалар алып келді. Мұның барлығы, қымбатты достар, жаңа онжылдықтың нақ­ты қауіп-қатерлері. Бүгінде Қазақстан – әлемдегі аздаған қауіпсіз елдердің бірі. Бізде әрі қарай да әлемге тұрақты­лық­тың, төзімділік пен қоғамдық топтасудың үлгісін көрсетуге мүм­кіндік бар. Кезінде Махатма Ганди: «Мен басқа елдер менің бостан елімнен бір нәрсе үйрене алулары үшін өз елімнің еркіндігін қалаймын», деген болатын. Міне, осылайша деуге болады, біз басқа елдерді табысқа қалай жетуге болатынына үйретудеміз. Егер менен сұраса, мен былай деген болар едім: қазақстан­дық­тар бүкіл әлемге өркендеудің жал­ғыз дұрыс жолы – халықтың топтасуы екенін дәлелдеді. Бізде барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Біз жаңа он­жылдық­тың жаһандық қауіп-қа­тер­леріне тек осылай ғана қарсы тұра аламыз. Және біздің табыстарымыз әлемде аса жоғары баға алуда. Бұл – біздің Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына басты сыйымыз. Осында, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінде сөйлегенде Ұлттық азшылықтар істері жөнін­дегі Жо­ғарғы комиссар Кнут Воллебек былай деді: «Мен өз кезегінде сіздің елі­ңіздің өзіндік біртектілігін айқын­дайтын Қазақстанда алға қойыл­ған мәдени көпқырлылық үшін кеңістік қамтамасыз ету мақсатын қолдаймын». Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы­мыздың табысы, 11 жылғы үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу – біздегі бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін, қазақстандықтардың бірлігін жаһандық мойындау. Қымбатты достар! Мен ұлы қазақ ойшылы Абай­дың сөзін тағы да көлденең тарт­қым келеді. Ол былай деген бола­тын: «Таң алдындағы сәт бәрінен қараңғы». Біз 90-шы жылдары ерлік таныттық, біз тарихтағы ең күшті әлемдік экономикалық дағдарыс­қа шыдас бердік. Біз империялардың қалай қирап жатқанын көрдік. Мұның барлығы біздің көз алдымызда болып жатты. Ештеңеге қарамастан, Қа­зақстан таңсәріден де аман өтті. Біздің еліміз өсіп келеді және өзінің позицияларын нығайта түсуде. Қазақстандықтар қиямет-қайым қиын міндеттерді шешу төңірегінде бірлесіп, табысқа жетуде. Біздің еліміз күшейе түсуде, біз­дің барлығымыз күшейе тү­судеміз. Мен Қазақстан жері бойы­мыз­ға сіңірген жасампаздық қуаты әлемдегі ең озық, ең топтасқан және парасатты қоғам құруға пайдаланы­ла­тынына сенімдімін. Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының халық бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы рө­ліне қатысты баян­да­масынан соң, елі­міздегі этномә­де­ни орталықтардың өкілдері сөз алды. Алғашқы болып сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Валерий Вишниченко өз сөзін Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауындағы та­ма­ша жеңісінен бастады. Біз жең­дік, біздің еліміз жеңіске жетті. Біздің біртұтас көпұлтты халқы­мыз жеңді! – деді Мәжіліс депу­та­ты. – Біздің Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на дауыс бергеніміз өзі­міздің және отбасымыздың бола­ша­ғы үшін, Отанымыздың алдағы уақытта өркендеуі үшін дауыс бергеніміз болып табылады. Бұл – әркімнің жүрек қалауы, дұрыс таңдауы. Осындай табысқа же­тудің құпия­сы қарапайым. Ол – құрм­етті Нұр­сұлтан Әбішұлы, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде жүзе­ге асырған орасан зор жұ­мыстарыңыздың нәтижесі. Депутаттың атап өткеніндей, биылғы президенттік сайлау елі­міздің жаңа тарихында ерекше орын алады. Халықаралық бай­қау­шылар мен сарапшылар кезек­тен тыс президенттік сайлау әділ, ашық және өз деңгейінде өтті деген баға берді. Бұл сайлаудың ұйымдастырылуы және демокра­тия­лық жағдайда өтуі қазіргі Қа­зақстан тарихына ғана емес, Ор­талық Азия елдерінің барлығына үлгі бо­лады. Осы сайлау арқылы Қа­зақ­стан және қазақстандықтар әлем жұртшылығына өзінің бір­лік­ті ту еткендігін көрсетті. Осыған байланысты шешен мысал ретінде Қазақстанның өт­кен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымның жоғары дең­гейдегі Саммитін өткізгендігін, Саммитте Астана Декларациясы қабылданғандығын келтірді. Бұл біздің еліміздегі этносаралық то­ле­ранттылықтың бірегей моделін әлем жұртшылығы танығандығын көрсетеді. Бұл модель – Назар­баевтың моделі. Сөз барысында ха­лық қалаулысы биылғы 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атап өтілетіндігіне тоқ­талды. Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрынғы еліміздің алдына қойған мақсаты мен міндеттерін табысты орындады. Бүгін біз осыны мақтан етеміз, – деп жалғастырды сөзін В.Виш­ниченко. – Еліміз бүгінде әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алды. Қол жеткізген осы табыстарға ел Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың басшы­лы­ғымен дүниеге келген әлемде баламасы жоқ бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ерекше рөл атқарғандығын атап өткім келеді. Сөзінің соңында депутат елі­міздің алдында тұрған жауапты міндеттерді атап өтті. Мемлекет басшысы ал­да­ғы кезеңдерде елді үдемелі ин­дустриялық-иннова­ция­лық да­мы­ту және Қазақ­станды бәсекелес­тік­ке қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Бұл ас­қаралы мін­детті шешу бары­сында Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның 2020 жылға дейінгі стра­те­гиясы да үлес қосатын болады. Одан кейін сөз алған «Вайнах» чешен және ингуш халқы мә­де­нетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы Ахмед Мурадов пре­зиденттік сайлауда Қазақстан халқы өзінің бірлігін әлем жұрт­шы­лығына тағы да тәнті еткеніне тоқталды. Оның атап өткеніндей, кезектен тыс президент сайлауы елімізде саяси және эконо­ми­ка­лық реформалардың табысты жү­зе­ге асырылғанын көрсетті. Сай­лау ел Конституцияның талап­та­рына сәйкес демократиялық жағ­дай­да өтті. Сайлауға еліміздегі сая­си партиялар,  қоғамдық бір­лестіктер, жастар мен ардагерлер белсене қатысып, өздерінің саяси және мәдени сауаттылығының көтерілгенін әлем жұртшылығы алдында дәлелдеді. Мен Коалициялық демокра­тия­лық күштердің құрамында Мемлекет басшысының сенімді өкілі болдым, – деп жалғастырды сөзін ол. – Біз сайлау науқаны ба­рысында еліміздің барлық өңір­лерін аралап шықтық. Қоғамның барлық деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ түрлі ұлттық және кон­фессиялар өкілдерімен де кезде­сулер өткіздік. Сол кездесулерде Мемлекет басшысының сайлау­ал­ды тұғырнамасының қазақстан­дық­тардың болашақта әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына құрылғандығы барша халықтың шынайы көңілінен шыққан­ды­ғы­на көзіміз жетті. Мен барлық Қазақстан халқын Президенттің өз елі мен өз халқының тағдыры үшін аса зор жауапкершілікті тағы да алғанымен құттықтаймын. Шешен сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қазақ жерінде қазақ халқы мен және оның мәдениетінің жанда­нуы­на үлес қо