Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысының күн тәртібінде сегіз мәселе қаралса, соның ішінде халықтың көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат депутаттар тарапынан қызығушылық тудырды.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова қолданыстағы заң өзін толық ақтағандығын ерекше атап өтті. Алайда уақыт өте көші-қон ағыны мен сапасы өзгеріске ұшырап отыр. Көші-қон бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, тарихи отанына оралу, отбасымен қосылу, білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру көші-қоны, сондай-ақ гуманитарлық және саяси себептер бойынша көші-қон. Этностық көшіп-қонушылардың тарихи отанына кірігу жағдайын жақсарту ерекше қарастырылғаны белгілі болды. Этностық қазақтар көшіп келу квотасына қосу туралы арызбен өзінің тұрып жатқан елінде өтініш жасай алады екен. Квотаға қосылуға келісім берілген жағдайда олар келгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде оралман мәртебесін, он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат және бір ай ішінде әлеуметтік қызметтер пакетін алатын болады.
Оралман отбасы квотаға енгізілгеннен кейін күнтізбелік бір жыл ішінде келген басқа да отбасы мүшелері, сондай-ақ ата-аналары Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін туған балалары сол оралмандардың көшіп келу квотасына кіре алады. Оралман квотаға қосқаннан кейін қайтыс болған жағдайда бір жылдық жәрдемақы және тұрғын үй алуға қаралған қаражат оның Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгермегеніне қарамастан, отбасы мүшелеріне беріледі. Орналастыру өңіріне қарай сараланған бір жылғы жәрдемақы берілетін болады. Оралманға тұрғын үй салу, қалпына келтіру немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие қарастырылады.
Сонымен қатар, заң жобасында жекелеген адамдар тарапынан жемқорлық әрекетінің жасалуына алғышарт болатын заңнама нормалары алынып тасталды. Атап айтқанда, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті сенімді адам арқылы беру нормасы жойылады, квотаға енгізілген оралмандарға ақшалай қаражат Қазақстан Республикасының азаматының жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда төленеді. Сондай-ақ заң жобасында квота алған кезде қоныстануға жіберілген өңірден басқа жерге алғашқы үш жыл ішінде өз бетінше қоныс аударған жағдайда оралман мәртебесін алған күннен бастап бес жыл ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты орын ауыстырған жағдайда төленген төлемдер қайтарып алынатын болады.
Ішкі еңбек нарығын қорғаудың негізгі қағидаттарын қамтамасыз ету, әр елдің инвестициялық қолайлылығын арттыру мақсатында заң жобасында сыртқы еңбек көші-қонын реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылады. Үкіметке шетелдік жұмыс күшін тартудың жалпы квотасынан бөлек жекелеген басым инвестициялық жобаларға арналған квота белгілеу құқы беріліп отыр. Сонымен қатар, заң жобасында маусымдық шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру, заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында маусымдық жұмыс атқаратын шетелдіктердің мәртебесін реттеу, арнайы заң қабылдау арқылы құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілердің жекелеген санаттары бойынша бес жылда бір рет арнайы заңдастыру акциясын жүргізу көрініс тапқан. Заң жобасында, сонымен қатар, ішкі көші-қонды реттеу мәселелерінде бірінші рет Үкімет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіле отырып, ішкі көші-қон квотасын белгілеу құқығы қарастырылған.
Депутаттар сұрақтарына орай жауабында министр жылына 75 мыңдай еңбек күшін алып келу квотасы бөлінсе, ол экономикалық белсенді халықтың 0,75 пайызына тең екендігін айтып өтті. Алайда қазіргі таңда жылына елімізге 50-60 мыңдай жұмыс күші тартылады екен.
Түркияда тұрып, түрік болып жазылып кеткен этностық қазақтар мәселесін көтерген Ермұхамет Омаровтың сұрағына орай жауабында министр міндетті түрде қазақ екенін растайтын құжаттардың болуы қажеттігін баса айтты. Өйткені, өзге ұлт өкілдері жеңілдіктерді пайдаланып, тұрғын үй алуға да ұмтылған фактілер кездесіпті.
Осылайша талқылаудан өткен заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.