Қостанай қаласындағы «Алпамыс» акционерлік қоғамы еліміздегі аяқ киім шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Кеңес Одағы кезінде де санаулылар қатарында болатын. Қазір еліміздің Қарулы Күштері мен әлеуеттік органдардың барлығын қысқы-жазғы аяқ киім түрлерімен қамтамасыз етіп отыр. Жақында осында «Нұр Отан» ХДП Қостанай қалалық филиалының өкілдері және журналистер келді. Оларды кәсіпорын директоры Алмагүл Сәуденова фабриканың басты цехына бастады. Станоктар қаз-қатар тізілген атшаптырым цехта жұмысшылар мен партия өкілдерінің әдеттегіден ерекше басқосуы өтті.
Кәсіпорынның іргесі 1941 жылы, Кеңес одағына фашистік Германия тұтқиылдан соғыс бастаған кезде қаланды. Анығын айтқанда, Ресей мен Украинаның соғыс өртінен қауіптенген аймақтарындағы маңызы зор зауыт пен фабрикалар Қазақстанға көшірілген болатын. Қостанай аяқ киім фабрикасының тарихы мен тағдыры ХХ ғасырды тітіренткен соғыспен тікелей байланысты. Содан бері 70 жыл уақыт өтті. Мұнда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жұмыс ұжымының еңбек дәстүрі осы күнге дейін сақталған. Қазір кәсіпорында 380 адам жұмыс істейді. Ал жоспарды шұғыл орындау керек болған жағдайда жұмысшылардың саны 700-ге дейін барып жығылады. Аяқ киім фабрикасында осы кезге дейін сақталып отырған дәстүрдің бірі – еңбек әулеттері. Светлана Кревоспицкая осында 16 жасында келген болатын. Болашақ жарымен де фабрика цехында танысты. Светлананың енесі де, қайын апасы да осы цехта жұмыс істейді екен. Міне, қазір ұлы Сергей де ата-анасының, әжесінің ізімен аяқ киім фабрикасына келді. Ол да келіншегімен осы фабрикада танысты, бүгінде Светлананың кішкентай немересі өсіп жатыр. Кәсіпорында еңбек өтілі қырық жылдан асқандар жиі кездеседі. Соның бірі, бас инженер Анна Бега ханым.
– Институтты бітірген соң осында келгенмін, міне, уақыт қалай өзгерсе де екінші үйім болып саналатын фабрикадан ешқайда кетпедім, суығына тоңып, ыстығына күйіп келемін. Біз бір атаның балалары сияқтымыз, еңбек демалысынан жұмыс орнымызды сағынып ораламыз. Қазір бүкіл фабрика бір-ақ тыныспен, бір оймен ғана жұмыс істейді. Ол – отандық бұйымдарға тұтынушылардың назарын аудару, сұранымды көбейту, – дейді Анна Владимировна.
Алмагүл Қасымқызы тағы бірнеше жұмысшыны ортаға шақырды. «Біздің фабрика ұжымында еңбексүйгіштікпен қатар, нағыз достықтың, патриоттық сезімнің салтанат құратынын осыдан-ақ білуге болады», деп нықтап қойды басшы Валентина Пассикті арқасынан қағып тұрып. Одан әрі Валентина Алексеевна өзі туралы айтып кетті.
– Осы ұжымда жас күнімнен бері жұмысшы болып істеймін. 90-шы жылдары Қазақстанды мекендеген өзге ұлттардың тарихи отанына көшуі етек алған болатын. Уақыт та ауыр еді. Менің үлкен ұлым Белоруссияға көшті, мен де балаларымнан қалмай қоныс аудардым. Алайда, мені туған қалама, фабрикама деген сағыныш тарихи отаныма тұрақтатпады. Сонымен 2006 жылы Қостанайға қыдырып келдім де, бірнеше күннен кейін ұлыма телефон шалдым. «Ұлым, кешір, мен Қостанайда қаламын, бара алмаймын» дедім. Туған фабрикама келіп, Алмагүл Қасымқызына «мені қайта жұмысқа аласыз ба?» дегенде, директор: «Сізді туған ұжымыңыздан айыруға менің адамгершілік құқым жоқ» деп жауап берді, – деп ағынан жарылып әңгіме айтты Валентина Алексеевна.
Жақында осындай ұйып отырған жұмысшы ұжымында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастауыш ұйымын құрайық деген бастама көтерілді. Қазір адамдардың барлығы да ақпараттан кенде емес. «Нұр Отан» партиясының белсенді қимылын барлығы да біледі. Сонымен оның қатарына өтуге арыз бергендер қатары көбейді. Партияның Қостанай қалалық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанова мүшелік билеттерін табыс етті.
– Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс ХІІІ съезде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы туралы айтты. Бұл бағдарлама он жылға арналған. Сіздер Қазақстан экономикасын дамыту үшін осы бағдарламаға үлес қосасыздар. Сондықтан партия қатарында болу үшін өте оң шешім қабылдадыңыздар,–деді Римма Шыңғысқызы. – Биыл облыста осы бағдарлама шеңберінде 11 жоба қолға алынып отыр. Оларда 9 мың қостанайлық жұмыс орнын табатын болады. Қала көркейіп келеді. Ауылда да алға ұмтылушылық бар. Бір адамның мүмкіндігі барлығына бірдей жетпейді, ал біз Көшбасшының соңынан ергенде, оның бастамаларын қолдағанда ғана даму жолынан адаспаймыз.
Алмагүл Сауденованың айтуынша, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласында «Алпамыс» аяқ киім фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындар сиреп кеткен. Мұнда өндірістік жабдықтар, станоктар да, заманауи жаңа технологиялар да бар. Алайда, тендер кезінде аяқ киімді өздері сияқты таза теріден тікпейтін, сырттан сатып алатын фирмалардың бәсекелесіп, килігетіні ренжітеді екен.
– Біздің етіктер де, бәтеңкелер де, жазғы туфлилер де таза теріден тігіледі. Біз жасанды терімен жұмыс істемейміз. Өйткені, біздің дайындаған аяқ киімді елді қорғап тұрған сарбаздар – балаларымыз киеді ғой, – дейді Алмагүл Қасымқызы.
Партия билетін алған сәтте сөз сөйлеген жұмысшылар кәсіпорынның тендер сайын жеңіске жетуін тілеп отыратынын айтты. Ал сұраным болу үшін олар жұмысты барынша адал, сапалы атқаруға тиісті екен. «Біз кәсіпорын басшылығымен бір кемедеміз. Сұраным болса – жұмыс болады, жұмыс болса – жалақы көбейеді, жалақы – әр отбасының нәпақасы» дейді олар.
Жұдырықтай жұмылған еңбек ұжымы сайлауға да бір кісідей барып қатысты. Олар өз таңдауын жасады. Жақын күндерде фабрикадағы «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымы іске кіріспек. Елбасының жеңісін олар өз жеңісіміз деп қуанып жатты. Өйткені, нұротандықтарға Елбасы бір табан жақынырақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.