Еліміз Тәуелсіздігінің биылғы 20 жылдық мерейтойына орай қос палаталы Парламент құрылғаннан бері Сенаттың ауыстырылмайтын депутаты, «Парасат», «ІІ дәрежелі «Барыс» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, ауыл шаруашылығы саласының майталман білгірі Нүсіпжан НҰРМАНБЕТОВТІ әңгімеге тартқанбыз.
– Нүсіпжан Нұрманбетұлы, биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толғалы отыр. Сіз заң шығару органының жоғары палатасындағы ең байырғы, ең тәжірибелі сенаторлардың бірісіз. Сіздіңше, біздің еліміздегі парламентаризм ннституты толығымен қалыптасып болды ма?
– Мен 1995 жылы қабылданған Конституцияға сәйкес енгізілген қос палаталы кәсіби Парламенттің жоғары палатасында алғашқы күннен бері келе жатқан депутаттардың бірімін. Сіз бен біздің әңгімеміз еліміз тағы бір асудан асып, Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беру құқы бар Қазақстан халқы түгелге жуық қатысқан кезектен тыс президенттік сайлауда 95 пайыздан артық дауыс беріп, қайта сайлаған сәттен көп уақыт өтпей болып отыр. Сондықтан, алдымен мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқтала кетсем деймін. Өйткені, Қазақстанның Тәуелсіздігі және оның іргесінің нығаюы Елбасының есімімен тікелей байланысты ғой.
– Құлағымыз сізде...
– Екі мәрте – 1993 жылдың желтоқсанынан 1994 жылдың наурызына дейін және 1995 жылдың наурызынан 1996 жылдың қаңтарына дейін ұзақ уақытқа Қазақстан Республикасындағы заң шығарушы және атқарушы билік тұтасымен Президенттің қолына шоғырландырылды. Н.Назарбаев оны мемлекеттік мүдде тұрғысынан демократиялық институттарды реформалау мен нығайту үшін ақылмен тиімді пайдаланды.
Осы құқығын пайдаланып, Елбасы заң күші бар 147 заңнамалық актілер қабылдады. Осы актілердің бәрі де елімізде экономикалық реформаларды бөгетсіз жүргізуге жағдай жасады. Соның арқасында Қазақстан инвестициялық жеңілдіктер бере алатын тартымды ел қатарына қосылды. Сырттан кірген инвестицияның арқасында тұралап қалған экономикамызға қайтадан жан бітті. Өмірдің барлық саласында қайнаған тіршіліктің қазаны қайнады. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастады. Ал мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Өйткені, КСРО-ның шекпенінен шыққан бізде сырттан келетін инвестицияға қарсы консервативтік көзқарас әбден шегіне жетіп, шетелдің бәрін жау көріп, олардың капиталы енсе болды, олардың құлақкесті құлы боламыз деген түсінік бекем қалыптасып қалған болатын. Сондай қалыпты бұзып-жарып шығу – тек болашақты тура болжай алатын аса ірі қайраткердің ғана қолынан келетін іс. Біздің Президентіміз нақ сондай тұлға болды. Ал посткеңестік кеңістіктегі көптеген басқа елдер әлі де нарықтық реформаларға бел шешіп кірісе алмай, жартыкеш шаралармен шектеліп, экономикасын дамыта алмай отырғаны белгілі. Міне, мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ерлігін айрықша бағалаймын. Ол халықтың жарқын болашағы үшін керекті реформаларды батыл жүргізе отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Егер сол жылдардағы батыл реформалар болмаса, Қазақстан бүгінгі табысына әлі де қол жеткізе алмаған болар еді. Халық Нұрекеңнің осындай жұмыстарын жақсы білген соң, оған сенім көрсете береді деп ойлаймын.
– Сіз қатарына енген жаңа сайланған Парламент те сол кездерде Президент бастаған нарықтық реформаларды дамытуға мүмкіншілік беретін жаңа заңдар қабылдай бастады ғой...
– Әрине... Сол кездерді есіме алсам, 1996 жылы біз инвестиция және шетел инвестициясы туралы заң жобасына өзгерістер енгіздік. Осы заңға дейін үкіметтің қаулысымен бекітілген бір реттік рұқсат арқылы көптеген тауарлар кедендік баж салығын төлемей өткізіле берген екен. Кәсіпкерлер кедендік декларациясында құрал-жабдықтар деп көрсетеді де, шын мәнінде өздері халық тұтынатын тауарлар әкеліп, ішкі рынокта сатқан. Осы заңның арқасында осындай келеңсіз істер тоқтатылып, бір реттік рұқсат беру мүлде болмай, бір жылда ғана бюджетке 16 млрд. теңге баж салығы түсті. Ал келесі, 1997 жылы 9 млрд. теңге түскені белгілі болды. Бұл еліміздің экономикалық дағдарыстың қиыншылығын бастан кешіріп, қатты қиналыста жүрген жылдар екенін білесіздер. Осы жылдарда бюджеттен төленетін еңбекақы, зейнетақы, өтемақы төлеу қиындап тұрған еді. Сол кезде мына заңның пайдасы орасан зор болды. Ол бюджеттің толығуына жағдай жасады.
– Қиын кездерді ауызға алғанда тағы да қандай заңдар қабылданып, соның нәтижесінде қандай оң шаралар жасалғанын еске ала аласыз?
– Елімізде нарықтық құбылыстарға жақсы жағдайлар туғызылып, қабылданған заңдарымыз оларға құқықтық жағынан кепілдік берген соң бізге халықаралық қаржылық институттар да сенім көрсете бастады. Соның ішінде Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 1998 жылы 300 млн. доллар несие алған едік. Бұл да халықтың алдындағы қарызды жеңілдетуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, тиімді, жаңа әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға септігін тигізді. Жалпы айтқанда, бізде 2001 жылдан бастап зейнетақы төлеу дұрыс жолға қойылды. Осы жылдарда біздің Экономика, қаржы және бюджет комитетінің ықпалымен зейнетақы төлеу туралы заң қабылданды. Елбасының тікелей тапсырмасымен дайындалған Ұлттық қор құру туралы заң жобасы да біздің комитеттен өткен еді. Аталған қордың пайдасын кейін халық көрді.
Сондай-ақ, біз халықтың банктерге салған депозиттік салымдарының 2012 жылға дейін сақталуына кепілдік беретін заң қабылдадық, бұл да халықтың салымдарын банктерден жапа-тармағай алуын тоқтатты.
– Ал енді бастапқы сұрағымызға келейік. Сонымен, елімізде парламентаризм институты қалыптасып болды ма?
– Парламентаризм институтының қалыптасу жолы оңай болған жоқ, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің Ата Заңы да екі рет өзгерді. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес еліміздің заң шығарушы жоғары билігі екі палатадан тұратын болды. Бұл көптеген елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданған шешім еді. Уақыт өте келе өмір талабы, елді демократияландыра түсудің қадамдары соның өзін жетілдіруді қажет етті. Өздеріңіз білесіздер, осы мақсатпен 2007 жылдың мамыр айында конституциялық реформалар жасалды. Жаңа өзгерістерге сәйкес сенаторлардың саны 39-дан 47 адамға дейін арттырылды. Бұл жұмыс ауқымының көбейіп, заңдарды шығару көлемінің ұлғаюына байланысты жасалды. Сенат төменгі палата мақұлдаған заң жобаларын тағы бір қарап, оның Ата Заңымызға, қолданыстағы басқа заңдарға, еліміздің саяси, қоғамдық және экономикалық мүддесіне сәйкестігін мұқият қарайды. Кейбір заңнамалар жөнінде келіспеушілік білдіріліп, ол қайта қарауға жіберіледі.
Сонымен бірге, Сенатқа жүктелетін айрықша міндеттер де бар. Мәселен, Сенат Жоғарғы Соттың төрағасы мен судьяларын сайлайды және орнынан босатады. Сондай-ақ Президенттің Ұлттық Банк төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындауына келісім береді. Мен Сенаттың байырғы депутаттарының бірі ретінде Қазақстан Парламенті әбден қалыптасып, өзінің қызметін мүлтіксіз орындап келе жатыр деп айта аламын. Әрине, заман талабына сай жетілдіру мақсатымен кейбір өзгерістердің болып тұруы заңды. Бірақ, олар қалыптасқан парламентаризм институтының негізін бұзбай, тек дамыта түседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.