• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Мұражайдағы мол мұра

380 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында дәу­летті адамдардың қаражатына тұрғы­зы­лып, бүгінде тарихи ескерткішке айналған ғимараттар көп. Солардың бірі – «көпес Свет­лин­скийдің үйі» сәулет өнерінің қайталанбас жауһары іспеттес. Ол ХХ ғасырдың ба­сын­да тұр­ғы­зылса да, сыртының тозғаны­на қа­рамастан, сынын жо­ғалта қой­мағаны бірден бай­қалар еді. Біразға дейін әркім пайдаланып келген ғимарат 1980 жылы мемлекеттік қорғауға алы­нып, 2007 жылы академик Ма­наш Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университеті­нің қа­ра­мағына берілді. Универ­ситеттің аума­ғын­да орналасқан үй үш жыл бойы күрделі жөн­деу­ден өткізі­ліп, құрылыс-мон­таж жұмыс­тары­на 100 миллионнан астам, құрал-жабдықтар мен қондыр­ғы­лар са­тып алуға 12 миллион теңге жұмсалды. Сөй­тіп, Қазақ­станның, әлемнің, іргелі оқу ордасының тарихынан сыр шертетін әмбебеп мұра­жай­ға және интернет-кафеге айнал­ды­рылды. 406 шаршы метр ау­мақ­ты алып жатқан оның ашылу салтанатына тарихшы Манаш аға­мыздың зайыбы Сара Пішен­бай­­қызы, об­лыс әкімі Серік Бі­ләлов қатысып, көк лентаны қиды. – Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын Қызылжар өңірінің жұртшылығы да жоғары жетістіктермен атап өтуге бел буған. Олардың бел ортасынан СҚМУ ұжы­мын көреміз. Мемлекет бас­шысы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында жа­ңа әлеуметтік саясаттың тың ба­ғыт­­тарын белгілеп берді дей келіп, бүгінгі күні кәсіби және тех­ни­калық білім берудің мән-маңы­зы артып келе жатқанын, білім беру жүйесін халықаралық талап­тарға сай дамыту – іргелі мін­деттердің бірі екенін тілге тиек еткен Серік Сұлтанғазыұлы мерейлі мерекені бірлесіп, қарсы алу­ға шақырды. Мұражай мең­герушісі Ботагөз Қожабекова құр­метті қонақтарды бастап жүріп, осын­дағы қымбат та құнды жәді­герлермен таныстырды. Екі қа­бат­ты мұражайдың жеті залына сегіз мыңға жуық экспонаттар мен этнографиялық, архео­логия­лық қазба ескерткіштері қойыл­ған. Олар тақырыптар бойынша жіктеліп, тас дәуірінен бастап, қазіргі кезеңге дейін қамтиды. Әсі­ресе, отандық тарихқа, Тәуелсіз Қазақ­станның 20 жыл­дығына арналған бөлімдер бай. Сондай-ақ, университет өміріне қатысты да мол деректердің жиналғаны байқала­ды. Алдағы уақытта дәрістер, кездесулер, тақырыптық кештер, жыл­жымалы көрме ұйымдастыру көзделген. – Қызылжар өңірінде археоло­гиялық қазба жұмыстарын жүр­гізіп, бұрын мәлімсіз болып келген «тарихи ақтаңдақтарды» зерт­теуде СҚМУ-дың орны ерек­ше. Мәселен, Айыртау ауда­нындағы Ботай археологиялық қазба орнын тауып, әлемге та­ныт­қан біздің мекеме болатын. Бұған дейін мұражай тар бөл­мелерге қоныстанып келсе, енді экспедициялық зерттеулер мен жаңалықтарымызды кеңінен та­ма­шалауға мүмкіндік туып отыр. Осындағы экспозициялар ұжым қызметкерлерінің, оқыту­шылар мен студенттердің күші­мен жиналғанын айта кеткен жөн, – дейді тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Виктор Зайберт. Интернет-кафесінің қа­зір­гі талап-талғамға сай безендіріліп, жабдықталғанына қарап, бір кездері көпес үйінің қой­масы болды дегенге сену қиын. Мұндағы қызметтер студенттер үшін тегін. Бір сөзбен айтқанда, жастардың алаңсыз демалуына да, біліммен айналысуына да барлық жағдай жасалған. Осы күні университеттің мә­жіліс залында «Инно­ва­циялық технологиялар – болашақтың эко­номикасын дамыту негізі» деген тақырыпта республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция өтті. Онда түрлі сала ғалым­дары баяндама жасап, иннова­ция­лық техно­логияны, озық ғы­лы­ми әдістерді өндіріске енгізудің жолдарын ор­таға салды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.