• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Бір отбасы – бір ауыл

709 рет
көрсетілді

Мамандығымызға байланысты үнемі ел ішінде жүреміз ғой. Сондай іссапарларда ойламаған тұста жерден жеті қоян тапқандай боласың. Ол «мені жаз» дейтін тақырыптың кездесетіні. Десек те, «бұл да соның бірі» деуге қимайтын ерекше мақалаға өзі сұранып, қазақ деген халқымыздың «Үбірлі, шүбірлі бол» деген батасының бақ болып оралып, асыл текті ұлтымыздың ұлылығына және бір тамсанғанымыз дәлел деуге болады. Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі осын­дағы көп балалы аналардың саны сексеннен асатынын мақтанышпен айтып өтті. – Айтпақшы, Жайсаңда 16 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға өрістет­кен Мәкен деген ардақты ана бар. Алтын және Күміс алқалы аналардың бәріне арнайы сый-сияпат жасаймыз. Келі­ңіз­дер, – деді тағы да. Елең етерлік жағдай. Әйелдер мерекесі қар­саңында тараздық әріптесім Көсем­әлі Сәт­тібайұлы осынша перзент өсірген Сегізбай мен Ақшай туралы жазғаны еске түсті. Олар Жамбыл облысының Жам­был ауданы­нан. Ша­ңырағы шалқыған бақытты отбасын қай­талау ма... Осы сәт­те қазақты жалпақ әлем­ге танытып, жүз жасаған дүлдүл ақын Жам­былдың ұлы рухы ойға оралды. Сірә, тегін емес... *  *  * Алатаудың төрінде, ұлы Жамбыл жерінде Үлкенсаз деген жайлау бар. Десе дегендей. Суық күзге дейін шалғыны бел­ден келіп, сан түрлі гүлі көздің жауын алып, жайқалады. Тура осы жерде, 1959 жылы тамыз айында үлкендердің ақ батасымен Мэлс пен Мәкен бірі күйеу, бірі келін атаныпты. Екеуінің де ата-анасы малшы. Бірі 18-де, бірі 16-да. Қосылған сәт­тері Алланың шын рахымы түскен қа­сиетті күн болса керек, екеуінен 10 қыз, 6 ұл өрбігенін соған жорысақ жаңылмаймыз. – Тұмау-сұмаудан сәл түшкіргендері болмаса, балаларымның бірде-біреуі ауыр­ған емес. Бірін-бірі жетектеп өсті. Бәрі бауыр­мал. Еш­бірінің тізгін үзіп, бетімізге жел болып тиген жері жоқ. Тәртіпті, біртоға, үлгі көргенін әр жер­де танытып жүргені. Оларды тәрбиелеуге ата-енемнің зор септігі тиді. Әйт­песе, ары-бе­рі кө­шіп-қонып жүрген қара­пайым малшы­мыз. Қалт жібермей қадағалап едік деп қалай айтайық, – дейді Мәкен ана сол сәттерді еске алып. – 1958 жылы малға шықтым да, пен­сияға дейін қой бақтым. Бүкіл өміріміз жаз жайлау, қыс қыстауда өтті. Малшы еңбегінің қиын­ды­ғы белгілі ғой. Бәрін де көрдік. Қазір ауыл­дамыз, – дейді Мэлс аға сабырлы сөйлеп. Аңқылдаған ақкөңіл, қақ-соқпен ісі жоқ момын жандар екендіктері сырт кейіптері мен әңгімелерінен анық байқа­лып тұрды. Хақ тағала шынайы ниеттеріне қарай шапағатқа бөлеп, шырақтарын жандырған-ақ екен-ау, дейсің момын жандарға шын көңілден. – Оқыта алдыңыздар ма? – Жоқ. Ұлдар ауылдан ұзап, шы­ған­дап кете алмады. Шетінен бесаспап механизатор, шопыр. Техникаға әуес болды да, шаруашы­лықтың қысы-жазы бір тын­байтын әдеттегі жұмыстарын атқарады. Қыздардың бір-екеуі арнайы білім алып, медбибі болып жүр. Негізінен айтсақ, дұрыс. Жұрттың бол­сын, болмасын бәрі оқымысты болуы шарт емес қой. Халқына адал қызмет ететін, шаруаға беріліп, от басын, ошақ қа­сын ұқыптайтындар да ауылға керек-ақ. Он алты баланы рет-ретімен қағазға тү­сі­ру­дің өзі бір ғанибет екен. «Ал, айта бері­ңіз­дер», деп қалам, қағазды ыңғайла­дым. Тұң­ғыш­тары мен кенжелеріне дейін шатастыр­май жазу оңай шаруа болмас. Ендеше, кеттік... Талғат, Жанат, Манат, Қанат... Тәтеміз төрт ұлды қатарынан өмірге әкеліп, аға­мыздың көңілін әбден орнықтырған соң, егіз қыздың «іңгәсі» де көп күттірмепті. Өкі­ніштісі, бүгінде бақуатты Ләззаттың сыңары шетінеген. Әйтпесе, бала саны 17 болғандай. Ондайды қазақ ырымдап жататыны тағы бар. Бесеуін біліп үлгердіңіздер. Енді ары қарай жылжимыз. Сәуле, Болат, Серік... Тұра тұры­ңыздар. Сегіз балалы болған соң, Мәкен тәте­міз және «рекорд» жасап, қа­тарынан сегіз қыз ту­ғанын ерекше атасам артық болмас. Шолпан, Гүлмира, Жұл­дыз, Ажар, Әсел, Раушан, Гау­һар, Гүлзира!.. Ал, Талғат 1960 жылы, Гүлзира 1987 жылы туыпты. Он алты жасында басына ақ жаулық салған ардақты Мәкең 44 жас­қа келге­нінше, жиырма сегіз жыл мұғда­рын­да он алты құрсақ көтеріпті. Мұндай алтын құрсақты асыл ананы төбеге көтерсек айып емес. Көк Тәңірінің көзі түзу түскен ұлы түркінің асыл тегі деген, міне, осы! Бұл да батырлық, батылдық десе болғандай. Ұлдар мен қыздардың бүгінгі дерегін білу үшін тағы қалам жүгірттік. Талғат пен Свет­лана келін, Сәуле мен Болат күйеу бала, Шолпан мен Ержан күйеу бала, Раушан қыз, Гүлзира мен Әділбек күйеу бала Алматыда тұрады екен. Ең алыс ұзатылған «жы­рақ­та­ғы» қыз Гауһар Текеске келін болып түсіпті. Жанат күйеу бала Райымбек ауданының жігіті. Ал қалған ұлдардың бірі Ақсеңгірде, бірі Жайсаңда дегендей, ата-ана төңіре­гінің ажа­рын кіргізіп, туған жер төсін түлетіп, баянды тұрмыс түзеп, тұрып жа­тыр екен. Жанаттың зайыбы Людмила бол­са, осы ауылда бірге өскен орыс қызы. Қазақшаға келгенде су төгілмес жор­ға дерсіз. Болат пен Ұлжан келін, Серік пен Бақыт келін, Манат пен Гүл­баһар келін, жоғарыда айтқанымыздай, ауыл­дан алыстамай, түтінін түзу шығарып отыр. Қыздардың біразы көрші ауылдан көп ұзамапты. Ләззат үйде, Гүлмира мен Болат күйеу бала, Жұлдыз бен Марат күйеу бала, Ажар мен Алғат күйеу бала, Әсел мен Ба­қыт­жан күйеу бала... Таратып айт­қанда, осы­лай жалғасады. Жаза басып, жаңылмадым ба деп, жазғаныма қайта-қайта үңілуге тура келді. Қызығы, ұлдар мен күйеу балалардың аттас болуы да отбасының ерекшелігі-ау, шамасы. Ол да жаратқанның жазуынан десек, қателес­пейміз. Тіл-көздің сұғынан сақта­сын, деп осылай бұйыртқан шығар. Немерелердің де атын термелеуге әуес­теніп барып, іркілдім. Онда бұл ма­қа­ла емес, тізім болып шыға келетін еді. «Қанша немере, шөберелеріңіз бар?» дегенде, екі Мәкең де кәдімгідей мүдіріп қалды. Рас жаңылды, әйтпесе, айтар еді. Я болмаса, ырым бағып, күмілжіп тұрған болар. Әрі қарай қыстау­дың реті жоқ. Әрбір рәсім-салттан пәлсапа түйіп үй­рен­ген халықпыз ғой. «Немере-жиендер бар ғой, шөберені енді көретін шығар­мыз», дейді жетпіске биыл толатын отағасы. Алайда, ата-әжелерінің мейіріміне бөлен­ген немерелердің атын тізбейміз деген ұста­нымды бұзуға тура келгені. Қара шаңы­рақ­тағы Қанат ұлдың төрт баласы – Берік, Бекзат, Мөлдір, Диананы, Ләззат келінді қалай атамайсың. Күні кеше ғана тай-құлындай асыр салып өскен 16 бала­ның шаттығын бүгін еске түсіріп жүрген осылар екені даусыз. Енесін күтіп, қас-қабағын баққан Ләззат осы күні де қасында өбектеп жүр. Ә, дегенде әңгіме көрігін бірден қыз­дырып әкетпегенімен, енді ашыла сөйле­ген қос Мәкеңнен сыр тартқанымызда, «Өзім 1941 жылы сәуірдің 4-інде туып­пын. Биыл тура 70-ке толамын. Әкем Әмір­қасым Берлинге дейін жеткен соғыс ардагері еді. Елге менің бес жасымда, 1946 жылы оралды. Бес жыл соғыста жүргені болмаса, ғұмыры мал бағумен өтті ғой, кейін мен де әке жолын ұстан­дым. Кеңес заманы кезінде дүрілдеген осы өзіміздің «Ақсеңгір» тәжірибе ша­руа­шылығында асыл тұқымды қой өсі­рілетін. Біз де жыл сайын отардан отар өргіздік. Әр жүз саулықтан 120-дан кем қозы алған кездерім сирек. Жайлауымыз Үлкенсаз, қыстауы­мыз Алаяқ еді. Қысы-жазы таудан түспедік. Кәдімгі киіз үйді паналадық. Балаларды ауыл­дағы үйде әке-шешем бағып, қақты. Қарапайым шаруа адамымыз. Ұл-қыздардың бәрі де өзіміз сияқты еңбек десе ерінбей, алға ұмтылғанына қуандық. Шүкір, қазір ұя­дағысы ұяда, қиядағысы қияда, өмірдегі орындарын адаспай тапты. Кейде бір қуаныштарда бас қосқанымызда бір ау­лаға сыймай қалатын кездеріміз болады. Онда да түгел жиналу қайда. Өсіп, өрістедік. Той жа­са­сақ, құда-құдағи, құда бала, құдашаларды қосқанда жүзден асып кетеді. Әйтеуір, «көз тимесін дейміз», деп Мэлс аға ағынан жарылды. «Бала санын әдейі осыншаға жеткіземін деген мақсатыңыз болған-ау, әсілі», дейміз әңгімені қоюландыра түспек ниетпен Мәкен тәтеге. «Жоқ-ә, тәйірі, перзентке келгенде адамның жоспары жүзе­ге асушы ма еді, жаратқанның сыйын кері итермедім. Осылай он алты баламыз болады, оның бәрі аман өседі, деп ойлады дейсіз бе. Мал соңында жүрген адамбыз, дәрігерге жетіп үлгерсек үлгер­дік, үлгермесек... Мысалы, Раушан қызы­мыз­ды Құмда, киіз үйде босандым. Жаңа да айтып өттім, бәрі ауру-сырқаудан сау өсті, Алла берген қуаттың арқасында өзім де көп қиналмадым», дейді Мәкен ана. Иә, Шойынбаевтардың шаңырағына шы­нын­да да Алланың нұр сәулесі молы­нан тү­сіпті. Мэлс Әмірқасымұлы мен Мәкен Егін­шібайқызы осы сәуленің шуағына малынған жандар. Әсірелеп айтар болсақ, бүгінде бір әулет бір ауылға ай­налған. Бұлардың ұлдары мен қыз­дарын, келіндері мен күйеу бала­ларын, немерелерін, құда-жегжаттарын, алыс-жақын ағайындарын қоса есептеп көр­сеңіз, осы сөзді дәйексіз дей алмайсыз. Сансыраған, салыққан кезеңдерде халқы­ның саны адам айтса нанғы­сыз мөлшерде кеміген елге тура осы үлгі жұғыс­ты болса, қанекей. Шіркін-ай, әрбір қазақ отба­сына тура осындай бақыт бұйырар ма еді... Онда айымыз оңынан, күніміз солынан туар еді-ау. Мына қызықты қараңыз. Он алты бала­ның әкесі, бар саналы өмірін қой шаруа­шылығын дамытсам деп дамылсыз еңбекпен өткізген Мэлс Шойынбаевтың алатын зейнетақысы небәрі 24 мың теңге. Мазақ сияқты. Бұл Шойынбаевқа қазақ қоладан болмаса да, шойыннан ескерткіш қойса жарасар... Он алты баланы киер киім, ішер астан тарықтырмай асырап, баққаны үшін де зейнетақысын дұрыстап үстемелесе қазына қоржыны ортайып қалмас еді-ау деп қынжылатыныңыз анық. Осы мақала Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқа­лықова ханымның назарына түсіп, ел ішінде өте сирек кездесетін ерен әулеттің иесі Мэлс ағамның тіпті күлкілі зейнет­ақысын қайта қарауға мұрындық болар, кім біледі, үмітсіз шайтан деген ғой. Қоштасарда «Мұншама баланың әке-шешесі атану екінің бірінің пешенесіне жа­зыл­маған. Мұқтаждығыңыз жоқ шы­ғар, аға?» деп қалғанда Мәкең «Дұрыс айтасыз, балалардың арқасында бақыт­тымыз. Туған жерде, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқа­ны­мыздың өзі бір мәртебе. Үйіміз, қора-қоп­сымыз бар дегендей, ешкімге көз сатып отыр­ған жоқпыз. Үйрен­ген әдетпен мал ұс­таймыз. Күнкөрістің негізгі көзі де сол. Дегенмен, пенсияға келгенде қатар­лас­та­рым­ның біразы маған менсінбей қарайтыны жанға батады. Сонша жыл талмай істеген еңбегім зая кет­кендей сезінемін кейде өзімді. Әйт­песе, қалған тіршілікке түк өкпем жоқ. Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың сара саясаты арқасында ауыл бір­тіндеп оңалып келеді. Көш жүре түзеледі, деген рас екен. Соған көзіміз жетті. Осыдан жазбасын. Елге тыныш­тық, Елбасына амандық тілеймін», дегені барды қанағат етіп үйренген шаруа адамы­ның шынайы бейнесін аша түсті. Осылар, тура осындай адамдар ғой елдің түп қазығын нық ұстап отырған. Момын­ның ісін Құдай ескереді деуші еді. Ал, Мәкеңнің сіңлісі Меруерт те, інісі Надырбек те Кавказда тұрады. Жұптарын тау халқынан тауыпты. Тағдыр ғой, дейді үлкен шаңырақтың киесі атанған кейуана. Майтөбе жайлауынан табылған таң­ба­лы таста домбыра ұстап, би билеп жүр­ген ежелгі адамдардың бейнесі бедерленген. Бұл жәдігер­дің ғұмыр жасын ғалым­дар алты мың жылдың ар жағында деп жүр. Адамзат баласының алғашқы бір бесігі тербетілген осындай қасиетті жердің жұпар ауа, мөлдір суы тіпті тегін емес. Содан нәр алған Мэлс пен Мәкеннің тегі асыл десек, қате шыға қоймайды. «Ал­тын Алқадан» кейін де алты бала тапқан мұндай аналар облысты былай қойғанда, Қазақстан­ның өзінде некен-саяқ. Соны естігенде шын қуанып, 500 шақырым жерге екі мәрте жол түсті. Жол азабын қуа­ныш басты. Енді, міне, қоштасып тұрмыз. Айналайын шаттығы шал­қыған әулет аман болсын. Және бұлар геоме­трия­лық прогрессиямен өссе деген тілек те бар. Сонда жүз жылда... Иә, оны уақыт өзі санап алар. Сан болса, сапа шығаты­нын айтқан да біз емес. Санымыз кө­бейіп, сапамыз арта түссін дейміз, ендеше. Ұлтымның мерейі өссе, шын ба­қыттың өзі осы. Р.S. Әдеттегідей «ұялы телефон» шырылдады. Арғы жақтан Мэлс аға кезектен тыс өткен президенттік сайлауда Шойынбаевтар әулеті түгелдей Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергенін айтты. Солай болуы заңды. Өйткені, бүгінгі қоғамның басты құндылығы – адам екенін жақсы түсінген отбасы өз Отанын қалтқысыз сүйеді. Ал, Отанын сүйген адамның өзгеше таңдау жасамайтыны айдай анық ақиқат. Міне, елжандылық қасиеттің маздағы отбасында осылай алаулайды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы, Жамбыл ауданы. ----------------------------------- Суретте: шаттығы шалқыған Шойын­баевтар отбасы.