• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Театр мен мешітті шатастырмайық

326 рет
көрсетілді

Театр – ой-өресі биік адамның көңіл-күйі рухани тұрғыдан құла­зыған сәтте жан дүниесіне қажетті сымбат пен сұлулықты, көр­кемдік пен кемелдікті, шеберлік пен шынайылықты іздеп баратын орны. Әлбетте, иман мен иба, әдеп пен әдет деген шәрбетті де сіміру қажет-дүр. Біз білетін бір кездергі көрер­мендер осындай-ды. Олар өнер­ді әлемдік өркениет дең­гейіне көтере білген марғас­қа­лардың сөзін естіп, жүзін жа­қыннан бір көргеніне бақытты еді. Ал білімі мен білігі бірнеше ұрпаққа үлгі болар қасқалар мен жайсаңдардың театр ту­ралы түсінігі кербез Ғабеңнің «Чудо!» дегеніндей, тіпті, ғажап болатын. Қазір ше? Қазір театрдан гөрі тойда бас қосатын «білімділер» көбейді. Тойда бас қосқасын театр тағы­лы­мынан гөрі тойдың «қызығы» мен «шыжығы» (кім келді, кім сөйледі, не сыйлады?) көбірек «талқы­ла­на­тыны» белгілі. Ал әкімдер мен олар­дың бірінші, екінші орын­ба­сар­ларының, басқарма және ірілі-ұсақты фирма басшыларының есіне театр атты дегдар шаңырағыңыз конференция, есеп-қисап, форум және өнеркәсіп, шаруашылық жи­ын­дарын өткізерде ғана түседі. Өйткені, олар үшін театр – «помещение»! Әрі су тегін. Сол үшін де оның құлап қалмай, қалқиып тұр­ғаны жақсы. Ал ішінде не қойы­лып, не айтылып жатыр... шаруасы жоқ. Айтпақшы, оларды театрға ерік­сіз жетелеп келетін тағы бір жағдай бар. Ол Құдайды құқайға айналдырған кеңес идеологтары ой­лап тапқан дәстүр. Жаназаны әкім­ші­лік іс-шараға, митингіге, жина­лысқа айналдырып, ұзақсонар сөйлеу, сөз тимей қалса, өкпелеу, пыш-пыштау... шығыста да, батыста да жоқ әдет. Қазақ зиялыларына бұл дерт кеңес өкіметі тұсында жабысты. Рас, дінді тәлкек қылған заманда «рұқсат бермейді» деп ақталды, мешіт жоқта «мешіт жоқ қой» деп күң­кілдеді, мешіт тар кезде «мешіт тарлық қылып тұр» деп қынжылды. Ал енді елі тыныш, діні аман, жері бүтін тұста не жорық? Үлкен қалада үлкен көшенің бойында үлкен мешіт­тердің мұнаралары менмұндалап тұрғанда  мұсылманның мәйітін театр­дан шығару дұрыс па? Әлде еліне еңбегі сіңген қайраткердің табытын мешіттен шығару айып па? Мүмкін біреулерге жақын-жуығының мүрде­сін театрдан шығару артықшылық болып көрінер... Жоқ, ардақты ағайын, біз білгенде театр – саф алтындай сирек өнер – сахна шаңырағы. Оны басқамен шатастыруға болмайды. Ал халқы қадір тұтқан марқұмдармен қош­та­сып, жаназасын оқуды мешітте өткізген жөн. Мысалы, әлемге әй­гілі Меккедегі Әл-Харам мешітінде бес парыз намаздың әр қай­сысынан кейін қайтыс бол­ған­дарға жаназа оқылады. Оған аз дегенде 2-2,5 миллион мұсыл­ман тік тұрып ұйиды. Міне, о дүниелік болған марқұмға керек құрметтің ең үлкені осы! Сондықтан Астана мен Ал­ма­тыдан бастап, ауылға дейінгі ардақты азаматтардың мәйітін мешіттерден шығарса және оған күллі жамағат қаты­сып, жаназаға тұрса, марқұмның біліп-білмей істеген күнәсі үшін үлкен сауап болар еді-ау деп ой­лаймыз. Айтпақшы, жақында об­лыс­тық қазақ драма театрының 75 жылдығына арналған салта­натты жиын өтті. Өкінішке қарай, сахна ұжымының осы қуанышына ақ жағалы шенеуніктердің бірде-біреуі бас сұқпады. Әйтпесе, қа­ла­ның қақ ортасында Қаратаудай боп тұрған қазақ драма театрына об­лыс­тық әкімдік алыс емес. Қала­лық әкімдік әудем жерде тұр. Ішкі саясат басқармасы да таяқ тастам. Демек, ерінбеген шенеунік «құт­тық­­тап құтылайықшы осылардан» деп, жаяу-жалпы бара салатын жер. Бірақ, шенеуніктер де, зиялы­лар да сахна қайраткерлерінің қуанышын бөлісуге жарамады. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Ал жаңарған елдің тәуірлері театрдан да тағылым ала біледі. Сондай-ақ, кеңестік идеологияның «дәстүрсы­ма­ғын» жаңартады. Өйткені, театр талабы бөлек те, мешіт миссиясы басқа! Біздікі екеуін шатастырып, шаңқай түсте адаспаңыз ағайындар, деу. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.