Күні кеше қараңғы қазақ көгіне жарқ етіп шығып, жалт етіп ағып өткен жарық жұлдыздай қыршын кеткен ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлихановтың туғанына жүз жетпіс бес жыл толуы аталып өтті. Сан қырлы саңлақ ғалым, жалығуды білмеген жиһангез саяхатшы, ел тарихын тереңнен қозғап, ғажайып шежіресін түзген зерделі зерттеуші, әрі ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жинаған әйдік әдебиетшінің артында телегей теңіз мұра қалды. Сол асыл қазынаның қазіргі таңда да тарихи және ғылыми маңызы мейлінше зор. Алайда, сол тамаша туындыларды туған халқы күні бүгінге дейін ана тілінде оқып, толық білді деп айта алмаймыз. Республикамызда оның шығармалары екі мәрте орыс тілінде бес томдық болып шыққанымен, қазақша басылғаны тек таңдамалылары ғана. Таңдамалы дегенмен, онда даңғайыр ғалымның тарихи еңбектерінен гөрі замандастарының естеліктері, жол жазбалары көбірек аударылып берілген. Тумысынан тарих тереңіне бойлаған ғұламаның тарихи шығармалары олардың ішінде бірен-саран ғана болатын. Осынау олқылықтың орнын толтыруды ниет еткен белгілі публицист, байырғы журналист, жазушы Сарбас Ақтаев біраз жылдан бері ғалымның тарихи туындыларын аударумен айналысып келеді. Жақында «Ана тілі» баспасынан «Мерейтойлық әдебиет» айдарымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов. Шығармалары» атты кітап танымал тәржімашының сол көп жылғы еңбегінің бір көрінісі. Кітаптың қазақша қандай деңгейде сөйлейтінін аңғарту үшін оған енген ғалым- саяхатшының ұлы атасы туралы жазған «Абылай» очеркін ұсынып отырмыз.
Абылай орыс жылнамаларында Сібірдің ханзадасы деп аталады. Ал шынында Абылай Орта жүз қазақтарының XVIII ғасырда өмір сүрген ханы. Оның тегі Орта жүз сұлтандарының кенже буынынан тарайды да, үшінші атадан барып Әбілмәмбет ханға қосылады. Онымен Абылай (біздегі дерек бойынша Абылай сұлтан ханның немере інісі) 1739 жылы Орынборда Ресейге мәңгі бодан болатыны туралы ант берген. Атасы, оның да аты Абылай, Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін қанішер деген қаһарлы да құрметті атаққа ие болған кісі. Бірақ, баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза тапты. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар Абылай аман қалды.
Адал төлеңгіт өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ағайын-туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады. Дүрбелеңге толы дүбірлі кезең Абылайдың тапқырлығы мен табандылығын, ақылдылығы мен алғырлығын танытуына жағдай жасайды. ХVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі бір алапат кезең еді. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар қазақ руларына жан-жақтан тарпа бас салып, қырып-жойып, малын айдап, жанын байлап әкетіп, талай әулетті тұтасымен тұтқынға алып кетіп жүрді. Қытымыр қыс, кесепат жұт пен ашаршылық тәңірден түскен қыспақтай-ақ халықты сансыратып, қайыршыландырып жіберді. Орынбордағы бір қазақ рубасының өз жерлестерінің қайғылы халін соңынан бір топ ұялас тазы қуған қоянның жағдайына теңегені бар.
Әсіресе, 1723 жыл сұмдық сипатымен қазақтардың есінде өшпестей боп қалды. Қары қалың әрі көктайғақ болған сол бір сұрапыл қыста жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен қисапсыз қолмен қазақ қырына басып кіріп, қазақтар мен қырғыздарды бұрынғы шалдуарлығы мен шапқыншылығы үшін жаппай жазалауға кірісті. Қайда барса да қанқұйлы жоңғарлар қыр соңынан қалмаған қазақтар үріккен киік үйіріндей дүркіреп, жол-жөнекей дүние-мүлкін, бала-шағасын, кемпір-шалын, арық-тұрық малын, үй мүкәмәлін шашып, түстікке барып қойып кетті. Орта жүз – Самарқанның түбіне, Кіші жүз Хиуа мен Бұқар барып паналайды. Ал қырғыздар Болордың адам аяғы баспаған құз-жарына жасырынып, үрейі ұшқаны сонша Гиссар алқабына дейін жетеді. Орта Азияның құм белдерінен шүйгін жайылым таба алмай, жаңа көршілерімен жауыққан қазақтар құдіретті Ресейдің шекарасына жүз салып, олардан қолдау мен қолқабыс іздейді.
Міне, осындай екідай, үрейлі қанды-қасап кезеңде ел назары Абылай сұлтанға ауады. Өйткені ол жорықтардың бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысып, соның өзінде қисапсыз ерлік көрсетіп, айрықша амал-айласымен көзге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі, сұңғыла зердесі арқасында, ол бірден-ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие болады. Шынында да, қазақтар мұны ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, әруақ иесі деп ұққанға дейін Абылай талай күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті. Ол екі мәрте торға түсіп, бірінде қырғыздарға, екіншісінде Қалдан-Серенге тұтқын болды. Оның Қалданнан құтылуы шын мәніндегі керемет. Себебі ол ханның сүйікті ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіріп, құдіретті қалмақтың қазақтардан табандап тұрып талап етуімен тұтқынға түскен ғой.
Қалай болғанмен де, 1739 жылы біз оны Орта жүздің ең ықпалды, ең күшті билеушісі деп таныдық. Орыс үкіметі де көбінесе Абылаймен және оның ағасы Сұлтанбекпен ғана байланыс жасап отырған. Өйткені, қырға барып қайтқан орыстардың айтуына қарағанда, ол тұста нағыз ханның ешқандай мәні де, беделі де болмаған. Даламен жақсы таныс Тевкелев бұл сұлтанды қырғыз билеушілерінің ішіндегі ең айлакері, әрі ең ықпалдысы дейді.
1759 жылы Абылай орыс сарайына өзінің туысқаны Жолбарыс сұлтанды жіберіп, сый-сияпат сұрайды. Кейін оған өкілеттік қағаз жіберіліп, жылына 300 сом жалақысы тағайындалып, 200 пұт ұн беріп тұру белгіленеді. Осы екі арада Орта Азияда Абылайдың мансап жолындағы ой-арманын жүзеге асыруына жағдай жасайтын оқиғалар болған еді. Ол оның халық алдындағы абырой-беделін тіпті аспандатып жіберді. 1745 жылы қазақтарға әзірейілдей болған Қалдан-Серен дүние салып, Жоңғарияда билікке таласқан дүрбелең басталады. Қалмақ тайшылары енді Абылайдан көмек күтеді. Ескі кегі зығырданын қайнатып, жоңғарларға тісін қайрап жүрген сұлтан олардың алтыбақан алауыз боп әлсіреуін пайдаланып, бірде бір жағына, бірде екіншісіне ыршып шығып, ұрыс-керістің көрігін қыздара түседі.
Жоңғарияны тарихта теңдесі жоқ жылдамдықпен оп-оңай жаулап алған император Цян-Лунның жеңімпаз армиясының жоңғар жеріне келуі Абылайдың саясатына үлкен ықпал етеді. Жоңғария мен Кіші Бұқар аймағын оп-оңай өзіне қаратуы және қытайлықтардың жауынгерлік рухын көтеріп, басқыншылық құштарлығын арттыра түседі. Зайыры, император Цян-Лун хань және тань әулеттерінің заманын қайталағысы келгенге ұқсайды. 1756, 1758 және 1760 жылдары Қытай жасақтары Орта жүз қазақтарының жеріне ат ізін тастайды. Қазақ билеушілері Кіші жүздің ханы Нұралы, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай Аспанасты империясымен келісімге келуге құлшынады. 1756 жылы Абылай өзін бөгдіхан вассалы деп мойындап, бекзада атағы мен жылпарақ алады. Ал Нұралы Пекинге елшілік жібереді. Қоқан билеушісі Ердене би 1758 жылы, кейін мұрагері Нарбота би Көктің ұлына пенделігін мойындайды.
Осынау сырттай тәнтілікке қарамастан ортаазиялықтар аса абыржулы еді. Күшті Жоңғария құлап, кіші Бұқардың басып алынуы адам айтқысыз үрей туғызды. Оның үстіне діндар мұсылмандар ақыр заман болар алдында жердің жүзін қара қытай қаптайды деген аңызға қатты сенетін-ді. 1762 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға 130 адамнан тұратын Қытай елшілері келіп, императордың әмірі бойынша көктем туа Түркістан мен Самарқандқа әскер шығатынын жариялап, алда болар жорық үшін көмекке кісі, көлікке жылқы мен өгіз, сойымға қой сұрауы бұрынғы қазақтардың үрейін тіпті ұшырып жіберді. Олар уақытша өзара іріңгезекті доғарып, одақ құрып, оның басына қолбасшы етіп Нәдір-шахтың түменбасы, Қандағар билеушісі әрі Дурани әулетінің негізін қалаушы Ахметті тағайындады. Абылай сырттай одаққа кіретін сияқты көрінгенімен, шын мәнінде қытай үкіметімен байланысын үзбей, барған сайын онымен жақындаса түсті. Ол тіпті Пекинге аманат етіп ұлы Әділді жіберді. Бірақ Бөгдіхан Абылайдың тәнтілігіне дән разы болып, Әділді қолына өкілеттік қағаз беріп, көп сый-сияпатпен әкесіне қайта аттандырды. Ал, Абылайдың өзі болса Сайрамкөл жағасына Іле цзян-цзунымен (генерал-губернаторымен) кездесіп, онымен сауда шартын жасасты. Шарт бойынша Тарбағатай (Шауешек) мен Іледе (Құлжа) айырбас базары ашылып, одан қазақтар айдап әкелген малына қытай бұйымдарын айырбастап алып жүрді. Бөгдіханның мұндай мейірімі, әсіресе, тарту-таралғысы баққұмар, даңққұмар қазаққа ұнамай қалған жоқ.
Қытайлармен байланысы беркіген сайын Абылай Ресеймен қарым-қатынастан іргесін аулақ сала бастады. 1771 жылы хан сайлағанда да ол орыс шекарасына барып, ант бергісі келмеді. Сөйтіп, ол өзін халық қалап, баяғыда-ақ бұл дәрежеге лайықтап қойғанын, Көктің ұлының және өкілеттік қағазы барын желеу етті. Дегенмен, орыс үкіметі қырға өз қызметшісін арнайы жіберіп, Абылайға ант бергізіп, хан атағының белгілерін (қылыш, қамқа тон және бөрік) тапсырды. Ондағысы өздері бекітпей тұрып, хан болу деген қазақтардың қаперіне де келмесін деген ішкі есеп. Абылай өз балаларына ақыл айтқанда Қытаймен жақындаса түсуге кеңес беріп, Ресеймен келісімді сақтау керек деп тапсырды. Оның ойынша, қытайлар хан билігі үшін ешқашан қатерлі емес, ал, орыс үкіметі болса, жергілікті билікке ең күшті бәсекелес. Оның үстіне заман ағымы қазақтардың Ресей көмегіне мұқтаждығы аз екенін айқындай түсті.
Абылайдың қырдағы билігі тіптен нығайды. Ұлы жүз де (біздегі қағаз бойынша Үйсін болыстары) оның билігін мойындады. Жоңғарларды қытайлар жойып жіберді. Қазақтар ту-талапай еткен, әсіресе Абылайдың өзі түбіне жеткен торғауыттар Ілеге әрең жетіп, қытай саясатшыларының қитұрқы торына түсті. Пугачев бүліншілігі титықтатып, тағдырын енді үкімет қолына алған Жайық казактары өз бетімен басып кіре алмас халге жетті. Қазақтардың ендігі жауы Түркістан, Созақ, Сайрам, Шу мен Ташкенттің арасындағы және басқа қалалардағы қазақ сұлтандарынан ауылын аулақ салуға тырысқан қу қырғыздар мен Орта Азия билеушілерінің бір бөлегі ғана. Абылайға аян беріп отыратын әдеттен тыс аруаққа деген сенім қазақ халқына бұрын-соңды болмаған өжеттік дарытты. 1770 жылы Абылай Шат асуынан да асып, Туро өзенінің маңында қырғыздарға шабуыл жасады. Таулықтарды өкшелей қуып, ол Шу жазығына дейін айдап салды. Шуға құятын Қызылсу мен Шамси өзендерінің бойында қырғыздар Абылайға қарсы одақтасып қан кеше жүріп айқасады. Бұл жайында «Жайыл қырғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар. Қырғыздардың қырылғаны сонша, Сұлту руының Талқан деген атасынан тек қырық-ақ адам тірі қалады. Сонан соң Абылай олжасын артынып-тартынып өзінің Сібір желісіне жақын сүйікті қонысы Көкшетауға қайтып келеді. Алып келген тұтқындары тіпті көп, қазір олардың ұрпағы Жаңа және Бай қырғыз деген екі болыс ел болып отыр.
Абылайдың Ташкентпен және Ходжентпен соғысы Жизаққа дейін жетіп, шаһарды алуымен тынды. Олардың арасында Әзірет сұлтан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалар бар. Ал, Ташкент алым-салық төлеп отыруға тиісті болды. 1774 жылы Абылай Үйсіннің ел ағаларының өтінуі бойынша оларды басқару үшін ұлы Әділді жіберіп, оған Талас өзенінің бойынан қалашық салып берді. Кентке кілең еңбекқор қарақалпақтар қоныстанды. Ұзын саны жетпіс бірге жететін басқа балаларына ол Орта және Ұлы жүз руларын бөліп берді. Ал, өзі әулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін Түркістанда қалды. Сонда 1781 жылы дүние салып, мүрдесі Қожа Ахмет Ясауидің мешіті алаңына жерленді.
Міне, ғаламат қазақтың саяси өмірінің желісі осындай. Даңқы дәуірлеп көтерілуіне жеке басының кісілігімен, ақыл-парасатының кеңдігімен жеткен ол арыны ауыздықсыз, қызуқанды қызба халықтың қадір-құрметіне ие бола білді. Қырдағы бұл құрметтің тылсымдап тастайтын тамаша бір сипаты болды. Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін өз сұлтандарының ішіндегі ең лайықтысы осы деп халық оны бірден хан көтерді. Ал, қазақ дәстүріне бақса, Әбілмәмбет балаларының ішінен заңды мұрагерлер табылатын-ақ еді. Осынау сайлаудың куәгері болған орыс азаматы алқалаған рубасыларының оны ақ киізге салып қалай төбеге көтергенін, бірінен бірі асырып өжеттігі мен өтімділігін, жампоздығы мен жеңімпаздығын жер-көкке сыйғызбай қалай мадақтағанын, сонан соң ол киген шапанды өрім-өрім ғып қиқымдай жыртып, үлесіп алғанын тамсана жазады. Мұның өзі ханның қадір-қасиетін танытар тамаша көрініс еді.
Қазақ хандарының арасында Абылайдай шексіз билікке ие болған бірде-бірі жоқ. Ол өз өктемдігін асырып, ең алғаш өлім жазасын енгізді. Бұрын бұндай сұмдық шешім халық жиынының ұйғарымымен ғана жүзеге асатын. Сөйтіп, ол ханның билігін алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын рубасылары мен сұлтандардың өркөкірек үстемдігін тыйды. Әуелі мұндай жаңалық сұлтандар мен билердің наразылығын туғызып, бас көтертті де. 1781 жылы Дайыр сұлтан Орынбор губернаторына арыз айтып, Абылайды өзіне тиісті емес билікті басып алушы деп бейнелейді. Рубасылары ежелгі әдет бойынша кәдімгі Польшадағы корольға қарсы соғыс сияқты, ханға қарсы аттанбақ та болды. Алайда, Абылайдың төлеңгіттері оларды тас-талқан қылды да, бәрі ханның темір тезіне бағынуға мәжбүр болды. Бұл ханның ықылым заманнан аяланып келген еркін жайылуды өктемдікпен басып, өз қимыл-қарекетін қалай заңдастырғанын кім білсін, әйтеуір ұрпақтар оны әулие санап, шабуылға шыққанда есімін жігер шыңдар ұран етіп атайды. Ал, оның өз балаларына қалдырған ауызша өсиеті Ақсақ Темірдің саясатымен астасып жатқанын аңғартады. Балаларына ол қазақ тайпалары арасындағы ру таласын ешқашан түбегейлі шешпе, дүрдараздық пен дау-дамай қашанда хан билігінің тапжылмас таяныш-тірегі болуы керек деп ақыл-кеңес беріп отырған.
Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орындалатын небір күйлер соның дәуірінде дүниеге келген және көбі сол кезеңді сипаттайды. Халық күйі «Шаңды жорық» жаудан қайтып көрмеген жүрек жұтқан Баян батыр опат болған шабуыл кезінде шығарылған. Ал «Қыпшақ қағу» Еділ қалмақтарына қарсы қысқы жорықтан туады. Сол жолы қазақтар жеті күн бойы ашығып, олжаға қолы әрең жетеді. Бұл күйлердің бәрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді.