• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Апам және «сотка»

446 рет
көрсетілді

«Аллаға шүкір!..» Мар­құм әжеміздің күнделікті айтар сөзі осы еді. Бала кү­німізде байқатпай келіп қасына отыра қалсақ: «Ас­тафыралла, көктен түстің бе, сен қыз! Бір күні  көкке ұшып кетемін, сол жақ­та жү­ріп те сендерді қолдап, қор­ғап жүрем ғой», – дейтін. Ал, Мақпал апа­мыз әже­міздің кенжесі, жасы жетпістен асып барады. Әже­міз­дің қасынан кетпей күтіп қа­ра­ған, алыс сапарға да өз қо­лы­мен шығарып салған. Ол кісі­нің салауат, иман­дылық жайын­­да айтып кеткен ама­нат-қағидаларын, наным-ұс­та­ным­дарын  ешкімге айтпай құпия ұстайды. Дінге өте берік жан. Жұма күнгі намазға мешітке кеткен сол  Мақпал апамыз міне, бүгін кешікті. Нау­қастанып үйде қалған ша­лының  қарадай дегбірі кет­ті. – Кемпірдің сотка­сы жауап бермейді? Бұған не болды?– дей бергенше бол­ған жоқ: – Үйбай-ау, Аянға  хабар­ласып ала алма­ған соң, бір көк көз бала кетіп бара жатыр екен, сол балаға «мы­наны кө­ріп жіберші, дыңыл­дамайды,  Балтабек деген жазуға звондап көрші дедім.Әлгі бала қарады да, басын шайқап «спутник не работает, связь жоқ» деді де, көкке бір қарап, бетіме бір қа­рап зу етіп кетті де қалды. Содан мешіттің есік алдын сы­пы­ратын Қайырға айтып, Ба­тыр­­бекті тауып алдым ғой, ал, Балтабек қаладан тыс жерде жүр дейді,  көшеде кездескен бала-шағада сенім бар ма қазір деп жатыр,–деді Мақпал апа­мыз кешіккен себебін айтып. – Ә, сөйтіп соткаңнан айы­­рылдың ба? Осы мен саған қанша үйретемін  жа­сыл нүк­тені бас деп! Өзің аман-сау келсең болды. Менсіз бір күн мешітке барамын деп, қарашы енді, Мәскеуде жүрген Балтабекті іздепті! –деді күліп. Апамыз Аян сыйлаған сот­каға үйрене алмай-ақ қой­ып еді. Ақыры қолды бол­ды. «Көк­­тен хабар жетсе жақсы­лықты да, жамандық­тың да боларын адам баласы өзі сезеді ғой, бәрін біліп, көріп отыра­мын. Пайғам­барыңа са­лауат айтпайынша, тілеген дұғаң аспан, яғни, көк пен жердің арасында бөгеліп, көкке көте­ріл­мей тұ­рып қа­ла­ды, қарақта­рым,  тілеген тілектерім мен дұғаларым өздеріңді қорғап жүреді»,–деп жүрді. Үйде бас-басында мәшине болса да, шалы екеуі үш-төрт аялдама жүріп мешітке жаяу барып, қайтады.  Ата-бабамыз Меккеге де жаяу барған, сауап болады. Мешітке барып-қайту сән-сал­танат құру емес қой, – дейді апа­мыз. Содан шалы қояр­да-қой­май:  «Көкпен сөй­ле­сіп біліп отыр­саң да,  дүние зама­ны­на қа­рай, қалтаңа са­лып  қой, жасыл нүктені бас­саң бол­ды», деп соткаға әзер үйретті. – Әжем   соткамен емес, на­­мазбен сөйлеседі, – дейді немересі Әбуқасым. Намаз оқитынын, ауыз бекітетінін  біліп, көріп өсіп келеді. Бізде осылай  өстік, әже­міз қалың бір ескі қоңыр­қай кітапты оқи беретін, не деген бітпейтін кітап  деп  жүр­сек, Құран кітап екен. Әжеден қал­ған сол аманат-мұра кітап апамыздың бөл­ме­сіндегі сан­дықта жатыр. – Әй, енді бара берің­дер! Менің көкпен сөйлесуім керек! – дейтін әжеміз кейде.  Баламыз ғой. Көкпен  қалай сөйлеседі деп  қызық көріп, тасадан  қа­раймыз. Бірдеңе дейді, қолын көкке созады, қайта күбір­лей­ді, қайта қо­лын көкке созады, бетін си­пайды біздер үшін әрі қызық әрі күлкілі еді. Жазда ыс­тықта әже-аталар  көк­пен сөйлесіп, жаңбыр сұрай­ды, аздан соң нөсер жаңбыр жауады төпеп.. «Жаңа туған ай  ауа райынан хабар беріп тұр, шөп-шаламдарыңды дай­ын­дап па едіңдер, бата бердіңдер ме айға, шақы­райып қарап тұр ғой жа­рықтық-ай!» – деуші еді. Кә­дімгідей көкке қарап, бата жасап, жақсылық тілейді. Ас­панға, көк жүзіне, жұл­дыз­дарға көп қараңдар, сөй­ле­сіңдер, біздің өміріміз сол жақпен байланысты деуші еді, – өзіміз жерде тұрға­нымызбен, жанымыз көкте қарақтарым,– дейтін. Сотка демекші, енді ой­лап қарап отырсақ,сол көк­пен бай­ланыс енді ғана бізге келіп жеткендей. Төбеде тұрған темір спутниктің біз­дің тілегімізді қабылдап екінші бар адамға жол­дайтыны ға­жап: біздің сөздеріміз көк­пен бай­ланысып, тілдесуде. Ал әже­леріміз көкпен ешқан­дай спутниксіз-ақ сөйлесіп, елдің амандығын тілеп кетті. Жұ­мыс, қызмет барысында керек нөмір­лер бар еді деп өкініш білдіретіндей емес, апамның соткасын бір тәр­тіпсіз жүгір­мек алып кетті, көзі көк бала деген соң,  үлкенді сыйлап өскен қазақ баласы болса өйтер ме еді деп қойғанбыз. Тек, Батыр­бек: «Сендер өздерің не қа­рап отырсыңдар! Апама қа­рамай!.. Мен үйде болғанда полицияға хабарлап, дер кезінде ұстатып,шара қолданар едік. Айдың күні аманында түс кезінде,  бұл не деген сұмдық кәрі кісіні алдап!»  деп ашуланды. Апамыз­ға су жаңа финский қымбат сотка сатып алып берді. Арада бір аптадай ма уақыт өткен. – Апатай, міне, соткаңыз! Мынау дәп өзі сіздің сот­каңыз ғой, а? – деп есікті ашар-ашпастан бір жігіт қалбалақтап үйге кірді. – Үйбай-ау, қарағым-ау, дәл өзі болмай, өзімнің сот­кам, мұны қайдан алдың? – деді Мақпал апамыз таңыр­қап. – Таптық қой, апасы, – деді келген жігіт. Апамыз  айтып жү­ретін мешіттің ауласын сыпы­рып, күтетін Қайыр екен. Сот­каны көк көз бала мешітке  әкеліп беріпті. – Ападан кешірім сұраймын, неше күн ұйықтай алмадым, асқа да тәбетім соқ­пады, кө­ңіл-күйім жоқ,  қарадай мазам кетті. Өш­пей тұрғанда Бал­табек, Батыр­бек, Болатхан, Мәруа, Майда, Кәусар де­ген есімдердің нөмір­лерін жазып алдым, біреуіне хабар­ласып тап­сыр­саңыздар екен, – депті. Содан мешіттегілер дереу Балтабекке хабарла­сып­­ты. Үлкен ұлы Мәскеуде жолсапарда: Алла жар бол­сын! Ана деген сол! Алыста жүрген менің халімді білейін деп сабыр таппайды. Сегіз баласы тұрғанда апамызға сотка дүние болып па, тәйірі! Пайғамбары­мыз да қателік жасаған баланың басынан си­паған. Айыбын білгені үшін рахмет айтып, балаға қай­ыра бере салыңдар, қолы жетпей жүргендіктен қызы­ғып алған болар, – депті.  Сөйтіп, Мақпал апамыздың соткасы үйге оралды. Мешітке барып-қайт­қан­да әлгі  ба­ла­ны көрсем берейін дей ме екен, сумкесіне салып алып жүр. Иә, сол көк көз баланың ар-ұятына маза бер­меген – имандылықтың, иман-сауап­тың ортамызға еніп, жұмақ­ты өз үйіңнен ізде дейтін мұ­сыл­мандық көзқарасты қа­лып­­тас­тырып, айналаға өзгеріс әкелгені қандай ғанибет. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.