• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Мұра

474 рет
көрсетілді

Айтулы дін қайраткері, 108 200 сөз ұғым­ды сыйғызған «Арабша-қазақша сөз­дікті» туындатқан және үндінің даңқты шы­ғармасы «Кәлила мен Димнаны» жаңғырт­қан дарынды тәржімашы, Құран-Кәрім аят­тары мен хадистердің тәфсірлерін, мәуліт жырларын, діни уағыздарды қазақша сөй­леткен, «Діни педагогика» оқулығын жаз­ған, би-шешендердің даналық пен ізгілікке толы тұжырымды толғамдарын меруерттей тізіп, хатқа түсірген өз заманының дарабозы Сәдуақас Ғылмани (1890-1972) мұрасы кешеуілдеп болса да Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму инс­титутының директоры, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының ыждаһатты ересен еңбе­гі­нің арқасында жарық көргенін айту адам­шылық парызымыз дегім келеді. Профессор Дихан Қамзабекұлы Сәдуа­қас Ғылманидің өмір тарихын, ата-баба шежіресін, тұқым-зәузатын, әдеби мұрасын, қазақ әдебиеті тари­хындағы орнын, яки 30-жылдар мұрасын қалайша тану қа­жет­тігінің ғылыми мәнді мәселесін, ХХ ға­сыр­дағы «ұлт рухани ізденісінің, діни талабының әрі жар­қын үлгісі, әрі ақ­таң­дағы», «таным­дық – көркемдік күн­делігі» екенін жік­теп, жүйелеп, жан-жақты то­лымды түсін­дір­ген. Сондықтан да мұ­ны  Сәдуақас Ғыл­мани­дың ой сүзгісінен өткен, ақыл та­разы­сына өлшенген тұң­ғыш ғылыми өмір­баяны десек, жаңы­лыспаймыз. Сонымен қатар Сәдуақас Ғыл­ма­нидың ұлттық та­рихи-мәдени мұрасының жеткізушілері жөніндегі деректері мен мәлі­меттері де еңбектің ғылыми құндылығын, мәртебесі мен дәрежесін көркейтері хақ. Бұл орайда Үкі­жан мен Әмина Сәдуақасқызы, Тас­мұхам­бет Тәлімұлы, Талғат Жанайдарұлы, Жиенбек Серік, Сәрсенбек Өтепов, Ақтоты Елешова секілді мұра жанашырларын атап айтуға, ардақтауға лайық. Қоғам қайраткері  Сәдуақас Ғылмани 1952-1972 жылдарда Қазақстан қазиятының қазиы, Орта Азия мен Қазақстан діни бас­қармасының мүшесі, Ақмола шаһары мен Ерейментау мешіттерінде имам қызметтерін атқарған. Сәдуақас Ғылманидің заңғар тұлғасын аса көрнекті фарабитанушы Ақжан Машани (1907-1997) сөзімен былайша сипаттасақ, әділдік болар еді. «Мен С.Ғылманиды өзім­нің ғылыми жетекшім деп есептеймін. Өйткені, «екінші ұстаз» Әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама» деген хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылған шығар­маларды оқи алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған шығармаларды ау­дарып берді. Соларды зерттей келіп, Әл-Фараби зиратын тауып, қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты екенін дәлелдеп,  ел-жұртына таныстырдым» − деп жазған-ды Ақжан Машани. Ислам құндылықтарын зердесіне берік ұялатқан, діни-түркілік дүние тану ерекшеліктерін болмысына дарытқан Сәдуақас Ғылманидің әсерлі, ұтымды ой өрнектерінде, үлгілі, жатық ақындық толғаныстарында, көркемдік ойлау жүйесінде   жер мен көктің әміршісі Алланың ғажайып құдіреті, қи­сы­нымен көрікті де келісті Құранның керемет қасиетті аяттары, Мұхаммед пайғам­бардың теңдесі жоқ хадистері, нұрдан жа­ралған қанатты періштелер жәйі, жара­тылыс жұм­бағы, табиғат көріністері, замана суреттері, «тұр­мыс тоқпақ» теперіштері мән-мәнісі­мен жетік кестеленген. Асылы, «халық тілінің сәулелі мөлдір тереңінен туған елдің табиғаты ғана емес, сонымен қатар халықтың рухани өмірінің бүкіл тарихы да көрінеді» деп К.Д.Ушинский айтқандай, тәрбие мен білімнің шырағы қазақ тілінің жойқын қуаты турасында «Ана тіл» дейтін лебізінде былайша толғайды: Орынды сөз тілдің үлкен зеннәті, Сыр мен маңыз көрсетпекші қымбатты... Сөйленсе сөз терең болсын мәнісі, Қысқы келіп, ұзақ аяқ алысы... Ана тілің - сүйегіңе біткен тіл, Шұбар қылмай сол тіліңмен сөйлей біл. Тіл мәдениетін мейлінше діттеген Сәдуақас Ғылманидің тілдің дұрыстығына, айқындығына, тәртібіне айрықша мән берген. Ол «Сөз құрылысы» жы­рында (1931) өлең буы­ны, өлшеуі, үйлесімі, сыр мен даналық сипаты, яғни өлең тілінің бірыңғайлығы мен тұтастығы қайран қал­дырсын дейді. Сөз ішінде өлең-жырдың жолы өзге, Ілінбейтін уақыты жоқ бір көзге – деп, поэ­зия пара­саты мен сал­танатын сұң­қар­ша сезініп мәлім­дейді. Және де ойдың ұш­ыр­лығы мен тапқыр­лығы тіл мен жүректің бірлестігінен туатын­ды­ғын «Бір ертегі» шы­ғар­масында қадап көрсе­теді. Негізінде, С.Ғыл­мани тілімен жетік жеткізер болсақ, оның іңкәр көңілден, таза пейілден мейірленіп туған жара­тын­дылары «мол ойлы, ғибрат көзді», «саналы, сәулеліге» арналған. Себебі, оның өлең-жырларында діни-ағартушылық са­рын­дар, араб-парсы өркениетінің даналық дәрістері, дәстүрлері, Алланың ғылымы, жаратылыстану ғылымы, адамтану ғылымы шебер үйлесім, орайлы жарасым тапқан. С. Ғылмани «Мүнәжәт», «Зейін ашу бәйіті», «Сахар назым», «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі аудармасының мазмұны», «Тағы да пайғамбардың мынау сөзі», «Тағы да пайғамбардан сөйленген сөз», «Ұзақ хадистің аудармасы», «Тәпсерден бір әңгі­ме», «Әбубәкір хазіреттің біраз жайы», «Әтиім үшін ғазал» атты толғауларында Жаратқан Ие, Алланың Елшісі, аяттар мен хадистер әлемі хақында тағылымды тәмсіл­дерді, мәйек-дәйегі өзгеше ой-пікірлерді өрбітеді. Сталиндік зобалаңның, зорлық-зомбы­лықтың куәгері Сәдуақас Ғылманидың түрме жырларында замана қайшылықтары, «қажытқан себептер» шыншылдықпен суреттеліп, сай-сүйегіңді сырқыратады, де­нең­ді түршіктіреді, үрейлендіреді, тозақ­тың отына күйгендей күйге түсесің. Еркім есен, ер көңілім солмаса, Еркіндікті еркін Құдай оңдаса. Жалғыз бақыт менде болсын демеймін, Солып, сөнген еркелі елім оңалса. Қызығы не барлық өмір, тірліктің, Еркелейтін елім өсіп, оңбаса. Көңілдегі сырым осы, басқа жоқ, Амалым не, ойым өрге қонбаса − деген мүбәрәк тілегі, мәрт жүрегі қандай де­сеңізші! С.Ғылмани «Календар тысына жаздым» дейтін жырында (1929) былайша тебіренеді: Түсінші, көп ойланшы сөздің ішін, Түңілме үстірт қарап сыртқы түсін. Расында, ақын толғауларының мәні де, сәні де дүниетаным тереңдігінен, білімдар­лық зердесінен, ішкі жан дүниесінің таза­лы­ғынан, адамгершілік мәдениетінен, әдеп­ті жаратыл­ғандығынан болса керек-ті. Оның түпкі мақ­сат-мұраты да – елді сәуле­лендіру, қоғамды ізгілендіру, ұлттың рухани құндылықтарын өркендету, «діннің түпкі негізін» түсіндіріп ұқтыру, «Жақсы­лықтың түбінде өсері бар, Жамандықтың түбінде өшері бар» дейтін халық дана­лығына имандай сенген ұстаздың мынадай ой меруерттері жігеріңді, жүрегіңді, тілегіңді нұрлан­дырады. Мысалы: Адал жүрек, талап-шарт, Тілек керек елді ағарт. Жұмсақ тілді майда бол, «Қазақ», «ноғай», демей «сарт». («Шәкірттеріме жазғаным») Дінсіз жасау болмайды, Дүние дінсіз толмайды. («Зейін ашу бәйіті») Па, шіркін, кәпір дүние, бұзық дүние, Өзіне ергендерге қызық дүние. Дардиып шалқысаң да, жайқалсаң да, Ұмытпа, барлығын бір сызық, дүние. Сызыққа қожа да бар білсең, дүние, Есептеп ақыл, миға ілсең дүние. Жөн ғой деп бар ісіңді  айтар едім, Бұлтармай бір  қалыпты жүрсең дүние. («Әй, дүние») «Тұрмыстың тоқсан та­рау тармақтарын» көр­ген, «сынаптай жүз тол­қып құбылған» дүниенің тауқы­меттеріне көнген, «тағ­­­дырдың кермесіне кез­­­дескен», сөйтсе де арыстанша арпалы­сып ой еңбегіне іңкәрлікпен қызмет еткен жанкешті сабаз салиқалы ойларымен бөліседі. Дін тарихына жүйрік С.Ғылмани Хақ Пайғамбар жиені Құсайын турасында сөз қозғағанда төрт қасиетті ерекшелеп, өрнекті жеткізеді. Ол былайша: Ол төрт қасиет біреуі жақсы нәсіл, Екінші жомарт көңіл, сөзі де асыл. Үшінші қолда Құран басшы қылған Төртінші көркем өңді ажары асыл. Ақындық мәдениеті жоғары ел еркесі, ой серкесі С.Ғылмани өлең құрылысының қыр-сырын жыға түсініп, байыптағаны байқалады. Мәселен, «Тағы соған», «Олжа­байға», «Өкіну», «Қорытынды», «Жұмбақ­ты ажал» секілді өлеңдері алты аяқ өл­шемімен шығарылған. Сөйтіп, мөлдір мағы­налы сыңғырлаған суретке көшірген. Ой пікірін түрлендіріп, безендіру мақ­сатында мәнді де мәнерлі оюлы-ойлы сөйлемдерге жүгініп отырады. Айталық: «Жалқауға ешуақытта болма жолдас» «Еңбексіз еткен дәулет − қардың суы» «Мен қаңбақпын бір құйын жел үйірген» «Тұрмыс − жел, адам басы болған қаңбақ» «Жарылғасаң жомартсың жарылғампаз» «Дүние − көпір, мақсатқа мініп өтер, Болаттан беріктігі болсын бетер» «Екі айыр тіл, Қыран боп іл, Ғылым, өнер егіз». Дін ғұламасы кейбір ретте жыр-толғау­ларға араб тілінде мағынасы ірі, кесек нақыл сөздерді келтіріп, оқырман дүние­танымына сәуле шашып, жан дүниесін иман қуатымен сұлуландыруды мақсат еткендей. Бұған мынадай афоризмдерді атауға бола­тындай: «Мүмкін бір кісі бір қауым елдің орнын басар», «Адамды сынамай тұрып, кем­сіте көрме», «Атақ, даңқ − апат, бірақ барша адамдар соған ұмтылады», «Хасан­ның шешендігі, Ибн Мұқланың қаламгер­лігі, Ибн Әдһәмнің дүниеге қызықпауы, Лұқпан хакімнің даналығы». С.Ғылманидің поэзиялық шығарма­ларына лирикалық әуез, эпикалық қарым, діни-философиялық, мұсылмандық-түркілік сарын, аллегориялық сипат, деректілік пен тарихилық тән. Сондықтан да ағартушы діндардың асыл мұрасы ( Алматы: «Ел шежіре», 2010) ұлт руханиятына қосылған кәусар бұлақ іспетті. Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы.