• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Бірінші жартыжылдық қорытындысында ілгерілеу бар

334 рет
көрсетілді

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ІЖӨ өсімі 6,5 пайызды құрады Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Соның бастыларының бірі еліміздің үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Ке­лім­бетовтің айтуы бойынша, атал­ған мерзім ішінде экономикадағы дамудың оң үдерістері одан әрі жалғасқан. Осы мерзім ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 пайызға өссе, өңдеу секторының өсу қарқыны 8 пайызды құраған. Ал кен өндіру саласындағы даму көрсеткіші 5 пайыздық деңгейде қалыптасты. Міне, осылардың не­гізінде алдын ала жасалған бол­жам бойынша үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқсанындағы ішкі жалпы өнімнің өсім көлемі өткен жыл­дың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда 6,5 пайызды құраған. Осы ретте Қайрат Келімбетов өнеркәсіп өндірісінің өсіміне на­рық конъюнктурасындағы жағым­ды баға құбылысымен қатар, өт­кен жылы елдің индустриялан­дыру карталары шеңберінде енгізілген өнеркәсіптік қуаттардың ұлғаюының да қолайлы ықпал жасағандығын атап көрсетті. Бірінші тоқсанда құрылыс секторында қозғалыстың оң си­па­ты байқалған. Бұл саланың даму көрсеткіші өткен жылдың бірінші тоқсанында 8,7 пайызға тө­мендесе, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 3,1 пайызға өс­кен. Дегенмен, тұрғын үйді пай­далануға беру көлемі 6,3 пайызға азая түскен. Мұны қысқа мерзімді құбылыс деуге болады. Өйт­кені Экономикалық даму және сауда министрінің мәлімдеуінше, құрылыс саласына салынып жат­қан инвестициялардың көлемі 42 пай­ызға өсіп отыр. Осы инвестициялар саланың қарқынына ал­дағы уақытта жағымды әсер етуі тиіс. Сыртқы сауда айналымы қаң­тар, ақпан айларында 15,4 миллиард АҚШ долларын құрап, 32,4 пайызға өсе түскен. Соның ішінде тауарлар экспорты 11,6 миллиард долларды құрап, 36 пайызға ұлғайған. Экспорт құрылымында отын-энергетикалық тауарлардың үлесі 76,2 пайызды, метал­лур­гия­лық өнімдер үлесі 12,8 пайызды құраған. Ал импорт көлемі 3,8 миллиард АҚШ долларын құрап, 22,4 пайызға өскен. Осы экспорт-импорт опера­ция­ла­рын жүзеге асыруда Кеден одағы құрылуының жағымды әсер ете бастағандығы байқалады. Мә­селен, үстіміздегі жылғы алғаш­қы екі айдың өзінде еліміздің Ресейге тауарлар экспорттауы 56,1 пайызға, Беларусьқа 2,6 есе артқан. Сондай-ақ Ресейден бізге ке­летін импорт көлемі де 33 пайызға ұлғайған. Осылардың нәтиже­сін­де Кеден одағы елдерімен ара­да­ғы сыртқы сауда айналымы 2,9 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 41,5 пайызға өсе түскен. Қайрат Келімбетов үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ин­фляциялық үдерістердің жеделдей түскендігі байқалғандығын атап көрсетті. Жыл басынан бері тұтыну тауарлары мен қызмет­тердің бағасы 3,7 пайызға көте­ріл­ген. Соның ішінде азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 6 пайызды, ақылы қызметтер ба­ға­сы 3,6 пайызды, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 0,9 пайызды құраған. Қаржы секторының жағ­дайы­на келсек, екінші деңгейдегі банк­тердің активтері жыл басы­нан бастап 111,9 миллиард тең­ге­ге немесе 0,9 пайызға көбейген. Соның ішінде ағымдағы жылғы алғашқы екі айдың ішінде депо­зиттердің көлемі 11 пайызға өсіп, 7,5 триллион теңгені құрапты. 2011 жылдың алғашқы үш айында елдің халықаралық резервтері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 31,4 пай­ызға өсіп, 69 миллиард долларға жеткен. Соның ішінде ұлттық қор­дың активтері шетел валюта­сын­да 33,8 миллиард АҚШ дол­ла­рын құрап, 33,6 пайызға ұл­ғайған. Ал ұлттық банктің алтын-валюта активтері 29,6 пайызға өсіп, 35,2 миллиард долларға жет­кен. Сондай-ақ Қайрат Келім­бетовтің айтуынша, 2011 жылдың 22 сәуіріндегі жаңа мәліметтер бойынша елдің халықаралық резервтері 71 миллиард долларға кө­теріліпті. Мұның өзі Қазақ­стан­да капиталдану, яғни капиталдың қорлану үдерісі жедел жүріп келе жатқандығын көрсететін болса керек. Ағымдағы жылдың ал­ғаш­қы екі айында халықтың нақты ақшалай табысы 10,4 пайызға өссе, нақты жалақы көлемі 7,8 пай­ызға көтеріле түскен. Міне, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның жағдайы осындай көрсет­кіш­термен негізделіп отыр. Мұ­ның өзі үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында экономикада қа­лып­тасып отырған оң өзгеріс­терді одан әрі нығайта түсуге мүмкіндіктердің бар екендігін біл­діреді. Осыған орай алдағы міндеттерге тоқталған Қайрат Келімбетов екінші тоқсанда ішкі жалпы өнімнің өсім деңгейін өт­кен жылдың осы мерзімімен са­лыстырғанда 7 пайызға дейін жет­кізуді міндеттейтіндігін білдірді. Соның ішінде тауарлар өн­дірісінің өсім деңгейін 5,3 пай­ыз­ға, ал қызметтер көлемінің өсімін 8,2 пайызға өсірудің мүмкіндігі бар. Бұл үшін елдің инвес­ти­ция­лық және іскерлік белсенділігін арттыра түсу, осы үшін банк­тер­дің экономиканы кредиттеу белсенділігін қайта қалпына келтіру қажет. Аталған мәселе бойынша кезекті баяндама жасаған еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішев үстіміздегі жылдың бірінші тоқ­са­нында мемлекеттік бюджетке 1 триллион 076,7 миллиард теңге, Ұлттық қордан берілген трансферттерді есептемегенде 926,7 миллиард теңге түскендігін, ал республикалық бюджетке 902,2 миллиард теңге, Ұлттық қордан берілген трансферттерді есептемегенде 752,2 миллиард теңге түскендігін мәлімдеді. Соның ішінде республикалық бюджеттің кірістері 885,5 миллиард теңге, салықтық түсімдер 664,9 миллиард теңге құрап, болжамды көр­сет­кіш 117,8 пайызға орын­дал­ған. Жоспардан тыс 100,3 миллиард теңге түскен. Осы мерзім аралығында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 1 триллион 176,3 миллиард теңгені құрап, жоспар 91,8 пайызға орын­далған. Соның ішінде респуб­ли­ка­лық бюджет шығыстары 1 трил­лион 063,4 миллиард теңгені құрап, 94,3 пайызға орындалған. 64,4 миллиард теңге игерілмеген. Аталған мәселені қорытын­дылай келе, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бюджет әкімші­ле­ріне бөлінген қаржылардың игерілмеу мәселесіне ерекше мән берді. Осыған орай бірінші жар­ты­жылдықтың қорытындысы бой­ынша жыл соңына қарай бюд­жеттің орындалуы қалай қалып­та­сатындығы шамамен белгілі болатындығын айтты және тиісті министрліктерге бірінші жарты­жыл­дықтың қорытындысы бой­ынша игерілмеген қаржыларды қайта бөлу жөнінде нақты ұсы­ныстар енгізуді тапсырды. «Қыр­күйекте біз Парламентке нақ­ты­лаған бюджетпен баруға келісім сұраймыз. Осы ретте бюджеттік тапсырмаларды кім орындамаса, одан ақшаны қайтадан кері қай­тарып алатын боламыз. Ол қар­жы­лар қажетті жұмыстарға қарай бағытталады. Алдымыздағы 2012-2015 жылдардың бюджеттік циклына дайындық барысында бюджеттік тапсырмаларды орын­да­маған әкімшілердің жағдайы қосымша ескерілетін болады», деді Премьер-Министр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.