• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Халықаралық жаңа жоба жоралғысы

326 рет
көрсетілді

Кез келген демократиялық және құқықтық мемлекет өз ішіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытып, азаматтық қоғамда оның басымдыққа ие болғанын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікке кепілдіктің бар екендігі көрсетілген. Осы ретте Еу­ро­одақтың қолдауымен Қазақстан криминалогиялық ассоциациясы Алматы қаласында «БАҚ-тың халықаралық стандарттары және ұлттық заңнама» атты жобаны талқылауға арналған кездесу өткізді. Кездесуге Президент Әкімші­лігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов, Парламент Се­натының депутаты Б.Имашев, Жо­ғарғы Сот төрағасы Б.Бекназаров, Бас прокурордың орынбасары И.Меркель, Сыртқы істер минис­трлігінің Алматы қалалық өкіл­дігінің басшысы Б.Оспанов, Бай­ланыс және ақпарат министрінің орынбасары Н.Оразов, Қазақ­стан­дағы Еуроодақ өкілдігінің жоба­лаушы маманы Е.Левченко, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы адам құ­қықтары жөніндегі аймақтық бөлі­мінің өкілі қатысты. Жиналыстың басында-ақ сөз алған үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық БАҚ өкілдері еліміздегі бұқаралық ақпарат құрал­да­рындағы тіл мәселесін түсін өзгертіп өздеріне тиімді сипатта көтеруді көздеді. Олардың айтуын­ша, мемлекеттік тілде берілетін бағдарламалардың артуы жекелеген ақпарат құралдарының өзге тілде жұмыс істеуіне және эконо­микалық ахуалына әсер етеді-міс. Яғни, жарнама арқылы толығатын ішкі қаржылық жағдайына нұқсан келмек. Алайда, олардың мұндай ұшқары пайымына Конституция­лық кеңес төрағасы И.Рогов «Ата Заңның 7-бабында Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп көрсетілген. Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару орындарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де еркін қолданылып отыр. Консти­туциялық кеңестің 2004 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне сәйкес радио және телевизиялық БАҚ-та апта­лық және тәуліктік хабар тарату ауқымына  мемлекеттік тілді енгізу өзге тілдердің мәртебесі мен тара­луына шектеу жасамайды» деген жауабын бере отырып, елімізде еркін таралып, жұмыс істеп отырған өзге мемлекеттік БАҚ-тар мен тәуелсіз сарапшылардың біздің заңда­рымызды сыйлап және ба­ғына отырып әрекет етулері керектігін қадап айтты. Екінші бір қызу талқыға түскен тақырып журналистердің ақпарат алу мәселесі болды. Заң жүзінде кез келген мемлекеттік орган бұқаралық ақпарат құралдарының меншік түріне қарамастан мемлекеттік құпияға жатпайтын ақпарат­ты мерзімінде беруге тиіс. Десек те, кейінгі кездері адам өміріне қауіп тудырған мәселелер мен табиғи апаттарға қатысты мәлімет­тер, экология, денсаулық, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, жем­қорлық пен мемлекеттік қыз­меткерлер тарапынан болған заң бұзушылықтар жөніндегі оқиға­лар­ға қатысты ақпараттарды алу мүмкіндігіне көрінбейтін тосқа­уыл­дар қойылған. Осы мәселе төңірегінде үлкен пікірталас туын­дап, нәтижесінде кейбір жекелеген шенеуніктерге қатысты заң бұзу­шылықтардың орын алатынды­ғымен қатар БАҚ өкілдері тара­пынан да өз құқтарын елемеушілік немесе кей ретте асыра пайда­ланушылықтардың кездесетіндігі айтылды. Сонымен қатар, БАҚ-ты құру, тіркеу және хабар таратуға байланысты сұрақтар қойылып, оған Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Н.Оразов жауап беріп отырды. Осы тақырып аясында тұлғаны ғайбаттау және тұлғаға қатысты жалған ақпарат тарату, мағлұматты қасақана бұр­малау мәселесі жөнінде де айтылды. Мемлекет қауіпсіздігіне және жеке тұлғалардың моральдық құқығына нұқсан келтіретін осын­дай әрекеттерге қатысты әлемдегі көптеген елдердің тәжірибесінен мысалдар келтіріліп, бізде де бұ­қаралық ақпарат құралдарының ақпаратты тарату ісінде жауапкершілікті бірізділікке түсіру шарасын қолға алу ұсынылды. Конституциялық кеңес төраға­сы Игорь Рогов мырзадан елдегі сөз бостандығының жайы мен жаңа жоба туралы пікірін сұра­ғанымызда сөз бостандығы дейтін құндылық Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясында маңыз­ды орынға ие және айрықша қарастырылған. Осы бір ұғым болмаса ешбір демократиялық, құқық­тық мемлекет толыққанды мемлекет бола алмайды. Алайда, кез келген қоғамда сын көтерерлік үздік жетістік болуы мүмкін емес. Мүдделер қайшылығы, жекелеген тұлғалардың құқығы туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде мәселе заңға барып тіреледі. Тағы бір айта кететін жәйт, сөз бостандығы мен мемлекет қауіпсіздігінің аражігін анық білген жөн. БАҚ-та барлық пікірді қозғауға болады, мазалап жүрген ойды ашық білдіруге бәріміздің құқығымыз бар, бірақ мемлекеттік құпияны жария етуге ешкімнің қақысы жоқ. Барлық елде бұл мәселе мұқият қамтылған. Сондықтан да, сөз бостандығы дегеніміз мемлекеттік құпияны ашық айту, адам құқығына нұқсан келтіре беру керек деген сөз емес екендігін әрқайсымыз білгеніміз абзал, деп жауап берді. ҚР ұлттық заңнамасы БАҚ саласында халықаралық стандарт­тарға сәйкес даму жолымен үздік­сіз жылжып келеді. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елі сөз бостан­дығы мен адам құқығы жөніндегі көптеген халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Халықаралық құ­қық қорғау ұйымдары мен журналистік қауымдастықтар тарапынан лайықты бағаланып, болашақта дамудың жаңа кезеңдерінен көрі­нетіндігін байқатып отыр. Еуро­одақтың қолдауымен Қазақстанда өткізіліп отырған «БАҚ-тың ха­лық­аралық стандарттары және ұлттық заңнама» атты жоба осы сөзіміздің айғағы бола алады. Қанат ЕСКЕНДІР.