• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Іскерлік деп осыны айт

491 рет
көрсетілді

Ауылдағы кәсіпорын Еуропа рыногына шықпақ Осыдан бірер жыл бұрынғы кездесуде серіктестіктің құрыл­тай­шылары Айдар Сексенбаев пен Нұрлан Қасымханов өзде­рінің кең көлемді жоспарларын жайып салып, республиканы қойып, біраз уақыттан соң Ресей мен Еуропаға құлаш ұра­тын­дарын баяндағанда, бізге олар­дың бұл желпіністері ал­бырт жігіттердің арманы іспетті көрініп, сене қоймағанымыз рас болатын. Аудан көлеміндегі бір­ден-бір кәсіпорын болып сана­латын серіктестікте соңғы жыл­дары қандай өзгерістер болды? Құрылтайшылардың ынталана кіріскен жаңа жобалары нендей нәтижелер берді? Осы сауал­дар­ға нақты жауап табу мақсатында біз кәсіпорын қақпасын қаққан едік. – Цехтарды араламай тұрып, алдымен жалпы жағдайдан біраз мағлұмат алғаныңыз жөн болар, – деді бізді ықыласпен қарсы алған осындағы үш құ­рылтайшының бірі Н.Қасымха­нов, – содан соң барша ахуалды алдыңызға жайып саламыз. Осылай деп кәсіпорынның бүгінгі жай-жапсарын баяндай бастағанда мен таңырқағаным­ды жасыра алмадым. Біраз уа­қыт бұрын өзім күмәндана қа­ра­ған жоспарларын арқалы азаматтар жүзеге асырып та үлге­ріпті. Оның ең басты айғағы се­ріктестіктің Еуропадағы мүйі­зі қарағайдай бизнес серкелерімен келісімге келіп, бірлесе жұмыс істей бастағандары дер едік. Кә­сіпорын бастан-аяқ еуропа­лық стандартқа сай құрал-жабдық­пен жарақталып, бұрынғы қара­дүрсін тірлік келмеске кетіпті. – Өндірісті қайта жабдық­тауға 180 миллион теңге көле­мінде инвестиция салынды, – деп әңгімесін жалғастырды Нұр­лан Есімханұлы, – бұған мемлекеттен бір теңге де алған жоқ­пыз, бар қаржыны Айдар Уат­қанұлы және әріптесіміз Артур Буч үшеуіміз салдық. Артур Буч – Германиядағы әйгілі «Дельта-Стикс» АҚ президенті. Ол осын­да арнайы келіп, барша жағ­дайды мұқият сараптаған соң, бізбен бірлесе жұмыс істеуге келісім берген болатын. Ал жұ­мысты дұрыс жолға қою бағы­тында кәсіпорын директоры Ар­ман Қалиакперовтің, осында­ғы филиал директоры Асылбек Әділбековтің сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Кәсіпорын бүгінде бес бағыт бойынша жұмыс істеп, жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ең біріншісі – балықтың жон етінен филе дайындау. Филе цехы көксерке, шортан, ала­бұға етінен заманауи талаптарға сай дайындаған өнім Ресей ар­қылы шет елге де шығарылуда. Екінші бағыт деп балық кептіру цехындағы қарқынды жұмысты атай аламыз. Мұндағы автомат­тан­дырылған цехтарда шортан, табан, майшабақ, балықтары кеп­тіріледі, бұл сапалы өнімге де сұраныс мол. Үшінші бағыт­та балық ұнын тартатын цехтың жұмысына ден қойылған. Өнді­рістен қалған барша қалдықтар ұн етіп тартылады. Ал бұл ұн­ның, әсіресе құс фабрика­лары мен мал бордақылайтын шаруа­шылықтар үшін таптырмайтын өнім екенін есепке алсақ, сонау Астанадан бастап көптеген кә­сіпорындардың әр килосын 117 теңгеден сатып алып жатқаны­на таңдануға болмайды. Осы­дан анық байқайтынымыз, се­ріктестіктің қалдықсыз өндіріс­ке айналғандығы. Ал дәл осын­дай кәсіпорын әзірше Қазақ­станда жоқ десек, мұның өзі ұшқары сөйлегендік бола қой­майды. Төртінші ба­ғытты кәсіпорын бас­шылары бүгінде Зайсан көлінде өріп жүр­ген шаянды өңдеуге арнаған екен. Ауданда оны өңдейтін өн­діріс орны болмаған­дықтан, осыған дейін ауланған шаян­ның барлығы қала асып, Ресейге жөнел­тіліп жататын. Енді бұл қосмекендіні өзі­мізде іске жаратуға мүмкіндік туып отыр. Бесінші бағытта, әри­не, атакәсіп – мал өсіру жобасы тұр. «Тұлпар» шаруа қо­жалығы шын мәнін­де осы серіктестіктің қосалқы шаруашы­лығы болып табыла­ды. Шаруашылық бас­шылары қазақтың ақ бас сиырын көптеп сатып алып, мал тұқымын асылдандыруға да шындап ден қоюда. Бұдан соң біз кәсіпорын цех­тарын аралап, ондағы өзге­ріс­терді көзбен көруге ниет білдірдік. Сыртқы есіктен кірген­де-ақ мұндағы жағдайдың түбе­гейлі өзгеріске ұшырағанына куә болдық. Бұрынғыдай жай ара­лап шығуға рұқсат беріл­мей­тін болыпты. Алдымен, бә­рі­міз бірдей ауруханадағы қа­таң бақылауда ұсталатын бөлім­шелердегідей арнаулы киімдерді кидік. Бұдан кейін дезинфекция бөлімінен өттік. Осыдан соң барып, барлығы бірдей ар­наулы киім киген, барша та­лапқа сай құралдармен жарақ­тан­ған кәсіпорын жұмысшы­лары қызу қимыл көрсетіп жат­қан цехтарға ендік. Цехтар жұ­мысы толығымен автоматтан­ды­рылған. Мұнда тазалыққа өте қатты мән беріледі екен. Ба­лықты жуатын, шаятын судың барлығы алдымен аквафор атты құрылғыдан өтеді. Мұнда су ауыр металдардан, басқа да зиянды заттардан 90 пайызға дейін тазаратын көрінеді. Содан соң бір айта кетерлік жәйт, кә­сіпорын­ның барша қалдық сула­ры автоматтандырылған та­зарт­қыштан үш мәрте өтеді екен. Сөйтіп, майынан, кірінен арылған қалдық су арнаулы мәшинемен со­рып алынып, әдейілеп жабдықтал­ған тұйық шұңқырға төгіледі. – Мұндағы қайта құру жұмыс­тары аяқталған соң бізге Ресейдегі әйгілі «Россельхознадзор» басқар­ма­сынан инспекторлар келді, – дейді Нұрлан Есімханұлы. – Бірнеше күн болып, мұқият тексеру жүр­гізген олар біздегі жағдай талапқа сай деген шешімге келіп, өз сайттарына шығуға рұқсат берді. Енді бізге Ресейге өз өнімі­міздің кез келген түрін шығаруға жол ашылды. Бұдан соң Еуро­одақтан арнайы жіберілген еуроко­миссарларды күтіп алдық. Кірпияз еуропалықтар зауыттың, өнімнің, судың, осындағы техника атаулы­ның, өнімді сақтаудың, тіпті, киім­нің тазалығына дейін шұқшия тексерді. Олар денсаулық қауіпсіздігін қатаң назарда ұстайды ғой. Дегенмен, біз бұл сыннан да абыроймен өте алдық. Аталған комиссиямен бірге Астанадан, облыстан, ауданнан да құзырлы адамдар келіп, біздің өз ісімізді лайықты деңгейде ұйымдастырғанымызға куә болды. Енді сертификат нөмірін тосып отырмыз. Ол қолға тиген соң, өнімді Еуроодаққа тікелей жөнелтетін боламыз. Ал Кеден одағымен де қоян-қолтық әріптестікке қол жеткізіп отырмыз. «ВостокБизнесТrade» ЖШС аталатын бұл ұйым­ның бюджетке жыл көлемінде түсіретін қар­жысы 10 млн. теңгеден асып жығылады. Кәсіп­орында 80-нен астам адам жұмыс істейді, оларға 30-70 мың теңге аралығын­да еңбекақы төленеді. Зейнетақы қорына тұрақты түрде төлем жаса­лып отырады. Кәсіпорынның демеушілік ба­ғыт­тағы оң істерін де атап өткен ләзім. Зайсан көлінің жағалауын­дағы балықшы ауылдарына барын­ша қамқорлық жасалып тұрады. Балықшы тойларын өткізуге қы­руар қаржы бөлінеді, аудандағы спорт, өнер тарландарына жүйелі түрде демеушілік көрсетілуде. Аудан мешітіне қажетінше қолдау-демеу жасалады. Өткен қыста су алған Қаратоғай ауылына 150 мың, осы ауылдың мектебіне 50 мың теңге ақшалай жәрдем берілді. Күршімдегі «ВостокБизнес­Тrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай келелі істерге қадам жасап жатыр. Қалдықсыз технология арқылы экологиялық таза өнім алу жолында барша білімдерін жұмсап, қаржылары мен мүмкіндіктерін аямастан тер төгіп жүрген кәсіпорын жетекшілерінің күні ертең көздеген межеге қол жеткізіп, отандық өнімдерді экс­порт­таушылар ретінде халық­аралық бизнес шоғырынан бой көрсетеріне сеніммен аттандық. Хасен ЗӘКӘРИЯ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.