• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Егістік қорғалса, өнім артады

544 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік дәнді дақылдар өндірісі ішінде бидай егісі әрдайым бірінші орында тұратыны бәрімізге мәлім. Біздің республи­камыз аграрлы-индустриялы, Орталық Азия­дағы бидайды  көп егетін аймақ болып есептеледі. 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде Елбасы Н.Назарбаевтың  айтуы бойынша, Қазақстан дүние жүзінде ұнды  экспортқа шығаруда бірінші орынды, бидай өндіруден жетінші орынды алды, тек қана еліміздің ішкі қажеттілігін   қамтамасыз етіп қоймай,  экспортқа да 7-8 млн. тонна  сапалы бидай дәнін шығаруда. Ауыл шаруашылығында келтірілген ста­тис­тикалық деректерге сүйенсек,  республика бойынша 2006 жылы 13,5 миллион гектар бидай егіліпті, соңғы бесжылдықта бұл көрсеткіш 16,8 миллион гектарға дейін көтерілген,  биылғы 2011 жылы 17 миллион гектардан  астам  бидай егу жоспарлануда. Еліміздің 11 облысының егіс  егілетін табиғат аймақтары бидай өсіруге ыңғайлы ке­леді, бірақ ауа райының ыстық, суығына бай­ланысты сапалы түсім алуға  әртүрлі зиянды организмдер кедергі етеді, атап айт­қанда, аурулардан келетін шығын мөлшері  жылына 15-20 пайызды түзейді.  Эпифито­тия дәрежесіне дейін жеткен жылдары  30-40 пайыздан жоғары болады. Бидай өнімділігін  қатты төмендетін аурулар коңыр, сары, са­бақ­ты  таттар, (Puccinia recondita, Puccinia striiformis, Puccinia graminis), жапырақты  дақтар (Septoria nodorum и  Septoria tritici, Drechlera tritici-repentis),  тозаңды  қаракүйе (Ustilago tritici), гельминтоспориозды және фузариозды тамыршіріктер (Bipolaris sorokinianа, Fusarium spp.) болып саналады. 2010 жылы Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің тапсырмасын орындау үшін  инс­титуттың ғылыми мамандары Қазақстанның тоғыз облысында бидай ауруларына үш-төрт рет фитопатологиялық тұрғыдан мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде Оңтүстік Қа­зақ­стан, Жамбыл және Алматы облыста­рын­да коңыр, сары  таттар және септориозды дақ ауруларының таралуы біркелкі болды – 40-50 пайыздан 80-100 пайызға дейін,  дамуы 10-15 және 25-50 пайызды түзді. Әсіресе Оңтүстік Қазақстанның Сайрам ауданында және Жамбыл  облысының Мерке ауданында қатты дамыды. Шығыс Қазақ­станда коңыр,  сабақты  таттар және септо­риоз­ды дақ ауруларының бидай егістігін за­қым­дауы әлдеқайда жоғары болды, таралуы  100 пайызға,  дамуы 50-75  пайызға жетті. Қарағанды және Солтүстік Қазақстан  об­лыстарында ауа райы мүлдем құрғақ болды, бірақ сондай қатты қуаңшылыққа  қарамас­тан Қостанай облысының Қарабалық және Қостанай аудандарында нөлдік  технологиямен егілген бидай егістігінде  коңыр тат  және септориозды дақ аурулары орташа,  сабақты  таттың ошақты түрде таралуын байқадық. Тозаңды қаракүйе біз мониторинг жүргізген облыстардың жеке шаруа­шы­лықтарының және ғылыми тәжіри­белік мекемелерінің дәнді дақылда­рында, әсіресе, жаздық бидай егістік­терінің бәрінде кездесті, ал гельмин­тоспориозды және фузариозды тамыр шіріктері ауа райының қолайлы және қолайсыздығына қарамастан бидай егіл­геннен бастап топырақтың астын­да дами бастайды, егіс толығымен шығып болғанша 1-3 пайызын  қатты зақымдап жерден шығармай  қояды, әрмен қарай  бидай  пісіп-жетілгенше теріс әсерін тигізіп,  жинап  алатын өнімді жыл сайын 5-7 пайызға дейін төмендетеді. Бұл ауру­лардың індеттері топырақта және өсімдік  қалдықтарында қалып өмір сүріп, келесі жылы қайтадан бидай егістігін зақымдайды. Қаракүйе және тамыршірік ауруларынан үлкен залал болмау үшін жылда егетін дәнді міндетті түрде егер алдында  бір жеті бұрын химиялық препараттармен дәрілеп алып, егу  қажет. Сонымен қатар қоңыр, сары  таттар және септориозды дақ аурулары жоғарыда аталған облыстарда кеңінен таралғанын айт­тық. Яғни оңтүстік облыстарда сәуір-мамыр, солтүстік және Шығыс  Қазақстан облыс­тарында мамыр-маусым айлары  ыл­ғал­ды болса, бидай егістігін аурулардың был­тыр­ғыдан  қатты зақымдайтынына күмән жоқ. Қазіргі таңда елімізде жоғарыда аталған ауруларды жоятын дәрі-дәрмектер жетерліктей. Олардың биологиялық тиімділігі  септо­риозды дақ және тамыршірік ауруларына 65-75 пайызға дейін жетеді,  тат және қаракүйе ауруларын 90-100 пайызға дейін қада­ғалайды. Алматы облысында күздік бидайда және Қостанай облысында  жаздық бидайда саңы­рауқұлақтар қоздырғыш ауруларының зиян­дылығынан бидай өнімінің қанша пайызға  төмендейтінін  анықтау үшін арнайы танап­тық тәжірибе жүргізгенбіз. Жасалған тәжі­рибенің нәтижесінде Алматы облысында сары  тат және септориозды дақ аурула­рының бидай егісіне тигізген зиянды әсері жинап алатын өнімнің 13,9 пайызын тө­мендетті.  Қостанай облысында сеп­ториоз­дың жапырақты және масақты дақтарының     зияндылығынан  бидай өнімі  6,8 пайызға  төмен болды. Облыстар және аудандық әкімдіктердің ауылшаруашылық басқарма мамандары, мем­лекеттік комитеттің аймақтық  инспек­тор­лары, әдістемелік  орталықтың фито­санитарлық диагностика және болжамдау мамандары, жеке шаруашылықтардың және ғылыми тәжірибелік мекемелердің басшы­лары,  біздің институттың ғалымдары бәрі бірігіп жылда бидай егістігін зиянды организмдерден қорғауы және қадағалауы  қажет, сонда ғана Қазақстанда бидай өнімінің көп төмендеуіне жол берілмейді, ел экономи­касының ауыл шаруашылығы бойынша дамуына да үлкен  үлес қосылады. Әбдумамат КОЧОРОВ, а.ш.ғ.к. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының дәнді дақылдарды қорғау бөлімінің меңгерушісі.