• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

«Қазақ жерінен артық құтты мекенді білмейміз»

645 рет
көрсетілді

Атырау тұрғындарының негізгі бөлігін жергілікті тұрғындар құрағанмен, өңірді мекен еткен өзге ұлттың өкілдері қазақтармен біте қайнаса тұрып жатыр. Әрине, олардың па­йыз­дық үлесі бұрынғыдай болмағанмен, әр ұлттың салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін, тілі мен дінін жаңғыртуына барынша қолдау жасалып отыр. Атырау тұрғындарының ара­сында армяндар да, әзірбайжан мен чешен-ингуштар да, украин мен орыстар да, татар-баш­құрттар мен корейлер де бар. Олар ұлтаралық татулықтың беки түсуіне үлес қосып келеді. Өзге ұлттар өкілдері этномәдени бірлестіктерде бас қосып, жас ұрпақтың халықтық тамырынан тәлім-тәрбие  алуына да ұйытқы болып жүр. Қазір Атыраудағы этномәдени бірлестіктер қатары 17-ге жетті. Қазақстан халықтарының бірлігі күні  қарсаңында этно­мә­дени орталықтар жетекшілеріне  «Сізге қазақ елі, қазақ жері несімен қымбат?» деген ортақ сауал қойған едік. Ольга ПАВЛЕНКО, «Довіра» украин этномәдени бірлестігінің жетекшісі: – Қазақстан топырағына 1962 жылы та­баным алғаш рет тиді. Содан бергі кезеңде қазақ жерінен тамыр үзген жоқпын. Бұрынғы Гурьевтегі, бүгінгі Атыраудағы орта мектепте білім алдым. Біздің отбасының бұл қалаға көшіп келу себебі былай: әкем әскери қыз­меткер болғандықтан, жұмысын осында жал­ғас­тыруы тиіс болды. Шешем сауда саласында жұмыс істеді. Ал мен бала болсам да Қазақстанды, жергілікті халықты  бірден  іш­тарт­тым. Осы қаладан ажырамас достар тап­тым. Бара-бара менің бар өмірім қазақ жерімен байланысты боларын, тіпті менің алпыс екі тамырым қазақ жерінде байланып қалғандай боларын сезбеген шығармын. Қалай айтсам екен,  менің өмірлік  тағдырым қазақ жерінде қалып­тас­ты. Жүрегім де Қазақ елі деп соғатын болды. Ұлтым украин болса да, халықтарды ұлты­на, дініне байланысты бөлуді мүлде ойла­мап­пын. Мен үшін жүрегі таза, көңілі пәк адам­ның бәрі дос, бәрі бауыр секілді көрінеді. Көңілің жарасып, көзқарасың, ұстанымың үй­лес­се, өзге ұлттың өкілімен достасуға да кедергі жоқ деп ойлаймын. Тіпті өмірлік жұп құрып, бір-біріңе тағдырыңды сеніп тапсыруға болады. Өмірлік серігім Шамильмен осы қала­да таныстым. Шамиль бұл қалаға 1972 жылы көшіп келген екен. Ол дағыстан жігіті, мен украин қызы болсам да, екеуміздің  достығы­мыз ұлы махаббатқа ұласып, шаңырағы шайқалмайтын берік отбасын құрадық. Қазір ешкімнен кем емеспіз. Бір-бірімізді, ағайын-туыстарымызды құрметтейміз. Балаларымыз өсті, олар да отбасын құрды. Бірақ оларға «Басқа ұлтпен некеге отырмайсың» деп шектеу қоймадық. Жүрегі сүйген, көңілі қалаған адамымен дәм-тұзы жарасты. Бір құдамыз қазақ отбасынан болып шықты. Біздің оларға, олардың бізге деген құрметінде, сыйласты­ғында шек жоқ.  Біздің отбасымызда Болат, Әсел деген қазақы есімдер иеленген кішкентай балбөбектеріміз өсіп келеді. Кейде маған мынадай ой келеді: Қазақ­станды көптеген ұлт өкілдері мекендейді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың арасында ортақ келісімді, татулық пен бірлікті нығайту үшін  барлық мүмкіндікті жасап келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Өңірлерде де кіші ассамблеялар бар. Бұған қоса айтарым, менің отбасым да, жетекшілігімдегі «Довіра» украин этномәдени бірлестігі де кіші ассамблея секілді. Дағыстан жігіті Шамиль екеуміз құрған отба­сымызда да, этномәдени бірлестікте де бірнеше ұлттың өкілі бар.  Алайда, біз бір-бірімізді еш уақытта жатырқаған емеспіз, кеудеден итерген жоқпыз. Болашақта да дәл солай бола беретініне нық сенемін. Сондықтан ұлтаралық  бірлігімізді бекіте түсуге әрқайсымыз барынша үлесімізді қоса беруіміз қажет деп ойлаймын. Өйткені, мен оң-солымды танығалы бері қазақтың жерінен артық құтты мекенді көрген жоқпын. Рас, жұмыс бабымен, басқа да себептермен Қазақ­станнан тысқары елдерге барып жүреміз ғой. Сондай сапарларымда  Қазақстанды ерекше сағы­намын. Өскен жерге, өзімнің өмірлік бақы­тымды тапқан құтты мекенге жеткенше жүрегім алып-ұшып тұрады. Қазақ жерінде  менің та­мырым тереңге жайылды, ұрпағым өмірге қанат қақты. Енді немере-жиендерім өсіп жатыр. Бұл жерде, сонымен бірге, өзге ұлттардың өкілдері секілді ұлы Кобзарьдың ұрпақтары да тамыр жаюда. Ең бастысы – көпұлтты Қазақстанда ырыс­ты ынтымақ пен берекелі бірлік  берік тамыр жайған. Қазақ жері – мен үшін ең қымбат мекен. Қазақ елі – менің тамырым мәңгілік ажырамай­тын Отаным! Ал Отан қашанда ыстық, қашанда қымбат! Гүлсина БАЙКЕНОВА, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің  жетекшісі: – Мен Қазақстан жерінде, қазақ топы­рағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бірақ, ата-анамның жұмыс бабы­мен Қырғызстанда да тұрдық. Қырғыз еліне қоныс аударғанда бес жаста едім. Сол елдің Жалалабад қаласында мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім. Адам өзінің  тағдыры қалай қалыптасарын алдын ала болжай алмайды ғой. Мен мұны жұмысымды Ресейдің Челябі қаласында бас­тағаныма  байланысты айтып отырмын. Білесіз бе, кейін, яғни 1992 жылы Қазақстанға қайта оралуыма тура келгенде қатты қуандым. Өйткені, менің кіндік қаным қазақтың жерінде тамды емес пе? Оның үстіне қазақ пен татар халқының бір-бірімен туыстық байланысы бар. Біздің халықтардың тамыры бір, дініміз де бір, тіліміз де ұқсас, түркі жұртының балаларымыз ғой. Тіпті бабаларымыз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болған. Мұның бәрі бүгінге дейін үзілмей, екі халықтың арасын­дағы туыстық, достық байланыстардың ұрпақ­тан ұрпаққа жалғасын таба беретінінің дәлелі. Бұл күндері шешем Татарстанда тұрады. Жиі байланысып, хабарласып тұрамыз. Сонда анам: «Қазақстан халқының бірлігі, татулығы қызықтырады. Көршілеріңмен, жора-жолдас­тарыңмен, достарыңмен ұдайы тату бол. Еліңді, қазақ халқын, олардың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, өнерін құрметте. Қазақстанның өркендей беруіне үлесіңді қосу­дан тартынба, қолыңнан келсе, көмегіңді аяма», дегенді телефонмен болса да ұдайы айтып отырады. Мұны анамның аманаты деп түсінемін. Бұл өмірде адамдардың татулығы­нан, достығынан қымбат нәрсе жоқтығын балаларымның құлағына құйып келемін. Өзім жетекшілік ететін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі өткізетін шараларда бас қосатын Атыраудағы үлкендеріміз де жастарға осындай өсиетін әрдайым айтып келеді. Себебі, Қазақстанның әр өңірінде бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмысын жалғастыруда. Атыраудың өзінде 2200-ден астам татар-баш­құрт өкілдері тұрады. Оларға өзге ұлттың өкілісің деп ешкім айтпайды. Керісінше, қазақ халқының қонақжайлығы, досқа адалдығы еліміздегі барша ұлттарды бір-бірімен сыралғы достардай біте қайнастыруда. Мұның басқа да себептері бар. Біріншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақ­стандықтардың арасында бірліктің берік орны­ғуы қажеттігін ұстанып келеді. Екіншіден, мемлекет тарапынан өзге ұлттардың ұлттық құн­дылығынан ажырамауы үшін барынша қолайлы жағдай жасалып отыр. Мәселен, бізде үш буын­ның басын қосатын, татар-башқұрт халық­тарының ұлттық өнерінің терең тамыр жаюына жол ашатын үш шығармашылық  ансамбліміз бар. Кіші топтағы балалар «Балақай­да» жина­лып, ұлттық өнермен сусындай бастайды. Ал орта буындағы жастар «Тату­лық» жастар қанаты» ансамблінде ұлттық өнердің құндылықтарын бойына сіңіреді. Ал ағаларымыз бен әпкелеріміз «Татулық» ансамблінде ертеден келе жатқан өнеріміздің тамыры үзілмеуін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттайды. Қазақ халқының өнерін де меңгереді. Шара­ларымызды мемлекеттік тілде де өткіземіз. Өзім, сонымен бірге, жасөспірім қыздарды би өнеріне баулимын. Оған ұлтына қарамай, би билеуге икемі, қабілеті бар қыздарды қабылдаймын. Оларға бір-бірімен тату, дос болудың маңызын түсіндіріп жүремін. Жалпы, еліміздегі тыныштықтың ешқашан бұзыл­мауын, ұлттар арасындағы бірліктің тіні беки бергенін Алладан тілеп жүретін жанның бірімін. Біздің Қазақстанды мекен еткен барша халық үшін ынтымақтан, бірлік пен татулық­тан, тұрақтылықтан қымбат нәрсе жоғына көзіміз жетті. Қазақта «Ырыс алды –ынты­мақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды» деп бекер айтылмайды ғой. Қазақстан –біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен сал­танатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Биші қыздарымды өнер сайысына қатыстыру үшін алыс жол жүрсем, туған елім – Қазақстанға тезірек жетуге асығамын. Сондайда жүрегімді туған елге деген сағыныш сезімі кернейді. Ел шебіне енген сәтте-ақ мен үшін қазақ жерінен өзге қымбат әрі құтты  мекен болмайтынын анық сезіне бастаймын. Жазып алған Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.