• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2011

Арам тағам татпаған, ер намысын сатпаған қазақтың арлы жігіттері азайып кеткен жоқ па осы?

554 рет
көрсетілді

Біз тұратын үйдің тең жар­тысынан астамында ішкі істер органдарының көк форма киетін полиция қызметкерлері тұрады. Бәрі дерлік жас отбасылар. Олар­дың аттарын білмесем де, көріскенімізде бас изесіп аман­да­сып қоямыз. Тек өзіміздің бесінші қабатта тұратын көршіле­рі­мізбен жақсы араласамыз. Үй­леріне қонақтар келгенде біздікінен орындықтарды, кейбір ыдыс-аяқтарды сұрап алып кетеді. Оларды қайтаратын кезде сол үйдің келіншегі ыдыстарға тол­ты­рып не кәмпит, не бауырсақ салып беретіні бар. Туыс бол­ма­сақ та, көршімізбен тату тұра­мыз. Отағасының есімі – Асқар. Сол Асқар көршіміздің шағын­дау ғана көлігі бар. Жылы сәл ескілеу. Бірақ жүріп-тұруға сондай ыңғайлы. Тек қыстың күні қатты аязда оталдыруы қиын бол­маса, ол мәшинесінің бір жері бұзылып мазасын алғанын көрген жоқпын дейді. Кейде аяз қатты болады-ау деген күндері аккумуляторын шешіп алып үйі­не қояды. Ертесі мәшине­сі­мен көп алыспай, әрі кетсе он ми­нөт­тің ішінде үй ауласынан шы­ғып жұмыс жаққа қарай айдап бара жатады. Жұмысқа келген сәтте алдарынан қызметтестері кездесіп қалса, амандық-саулық сұрасқанның орнына, «Қалай, мәшинең қатып қалған жоқ па? Оталды ма?» деп сұрайды. Кейін келе бұл сұрақтың өзі аман-саулық сұрасудың елордалық үлгісі болып қалыптасқандай. Әрине, мәшине оталса ғана көлік иесінің көңіл-күйі өз қал­пында болады. Әйтпесе, ертең­гі­сін балаларын балабақшаға жеткізуі, өзінің жұмысқа баруы бас ауруына ай­налады. Көлікке әб­ден үйреніп алған жандар мәши­несінен қан­дай да бір ақау шық­са, көбіне қо­ғамдық көлікке оты­руды қиын­сынады. Сөйтіп, такси тоқта­та­ды. «Күйген дүние күйіп кетсе де таксиге отыра­мын» дейді де азын-аулақ ақша­сын таксиге жұм­сайды. Мәшинесі жөндел­ген­ше осы. Көлігі жөнде­ліп шық­қанда жөндеу ақысын төлеу үшін тағы шығындалады. Орыстар­дың «Ба­сыңа пәле қа­ласаң, мә­шине са­тып ал» дегеніндей, мә­шине де адамның біраз жүйкесін тозды­рады. Қыс­тың күні қала­ның көп тұрғыны осылайша мә­шине­лері­мен арпа­лысады. Ақ­ша­ларының көп бө­лі­гі сол те­мір-терсектің жағ­да­йын жасауға жұмсалады... Күнтізбенің 2011 жылға ауыс­қанына көп бола қоймаған кез. Қаңтардың қақаған аязы мұн­дай кезде ерекше күшейіп ке­тетінін қала тұрғындары жақ­сы біледі. Телеарналардағы ауа райы болжамына қатты сенің­кі­ремей, үйдегі балконның сырт­қы терезесіне шағындау ғана термометр орнатып қойғанмын. Үйден шығар алдында міндетті түрде соған қараймын. Үйдегі термометрдің көрсеткіші әдетте айтылған ауа райы болжамынан әлдеқайда төмен болады. Бір күні Алматыдағы құрбым маған өте қажет бір құжаттарды таңғы 6.35-тің рейсімен салып жіберіп, оны мен әуежайдан кү­тіп алатын болдым. Сөйтіп, үй­ден шығып бара жатқанымда көрші Асқарды көрдім. Түсі суық­тау екен. «Жұмысынан шақырып жатқан болар. Бұл сияқты білікті тергеушілер әрқашан да сақадай сай болуы керек қой» дедім іш­тей. Әдеттегісінше амандастық. Бір кезде: «Пәтшағарлар, жағда­йы­мыз жақсарып келе жатқанда бұзықтар азая ма десең, тіпті көбейіп келеді ғой», деді де жұ­мысына не үшін сонша ерте бара жатқанынан хабар берді. Арада бір аптадай уақыт өтті. Демалыс күні болатын. Бірақ, күн азы­рақ жылынып қалған еді. Үй­де 5 жасқа келген інім бар. Сол таңертең ерте тұрып алып, не өзі ұйықтамай, не маған ұйқы бермей, далаға алып шық деп құла­ғымның түбінде масадай ызыңдай берді. Сөйтіп, інімді қа­лыңырақ киіндіріп, далаға алып шығуға мәжбүр болдым. Жаңадан жауған қармен ойнаған інім мәз. Ара-тұра «Айбар, қарды аузыңа сала­тын болсаң, таяқ жейсің менен. Қарға көп аунай берме, үстің су болады. Осыдан су болса, енді да­лаға алып шықпаймын», деп айғайлап қоямын. Асқар ағай мәшинесінің кап­о­тын ашып қойып, бір нәрсесін шұ­қылап жатыр. Амандастық. Сөйт­сем, моторының майын тексеріп жатыр екен. «Мотордың майын ауыстыратын кез болыпты, тағы да шығындалатын болдым ғой, а», деді де мәшинесінің капо­тын жапты. Менің інімді көрді де: «Кейде осы бүлдіршіндер сияқты кіп-кішкентай болғым-ақ келіп кетеді. Қарашы, ешқандай уайы­мы жоқ. Ойын, тамақ болса бол­ды, қаперсіз», – деді. «Иә, айтпа­ңыз. Бұлардың өмірлері – нағыз өмір ғой. Ұйықтаса ұйықтай сала­ды, тұрса тұра салады. Бұлардай болу қайда бізге», – деп мен де басымды изедім. Содан соң ол әңгіме болсын деп маған жұмы­сындағы бір қылмыстық іс ту­ралы әңгіме бастады. Інімнің әзірге үйге кіретін сыңайы бай­қал­маған соң құлақ түрдім. Әң­гіме барысында бір қуарып, бір бозардым. «Адамдар не болып кет­кен», деген ойға қалдым. Әңгі­менің ұзын-ырғасы төмендегідей еді. Астанаға жұмыс іздеп келген үш-төрт жігіт құрылыс алаңында танысады. Қақаған аяздарда, қат­ты борандарда жұмысқа шық­па­ған күндері жүз грамдатады екен. Жақын танысады. Бірге үй жалдап тұруға уағдаласады. Бір айдай бірге тұрады. Күнделікті та­мақтарына ортақтасып ақша шығарады. Анда-санда болып тұ­ра­тын туған күн сияқты басқо­су­лардан қалмайды. Қыздармен та­нысады, өтірік-шыны аралас әңгі­мелер айтады. Сөйтіп, әр ауылдан жиналған жігіттер бір үйдің ба­ласындай болып кетеді. Солардың арасында момындау, аңқаулау келген Дәурен есімді, қалған­дарымен салыстырғанда еті тірілеу, мырза, сөзге де шешен Дастан есімді жігіттер өзгелерге қа­рағанда ерекше жақын, бауырмал болады (есімдері шартты беріліп отыр). Бір-біріне қарызға ақшаны жиі беріп тұрады. Қарызға ақша алған адам да дер кезінде қай­тарып отырады. Қыздармен кездесуге барғанда бірінің жоқ киімін бірінен сұрап киіп, шыттай болып шыға келеді. Ананың туфлиі болса, мынаның иіссуы бар дегендей, тату-тәтті күндер өтіп жатады. Осылай жүргенде пәленің бәрі жоғарыда аталған екеуінен шы­ғады. Жігіттер бір нәрсені сыл­тауратып үйлерінде дастар­қан жая­ды, әдеттерінше жүз грам­­датып жынды судан ұрт­тайды. Бір кезде бір нәрсеге келіспей қалған керемет бауыр екі жігіт жанжал­дасып, соңы төбе­леске айналады. Бір қызығы – еті тірі деген, бәрі­нің алдында дес бермейтін, күші де басқа­лар­мен салыстырғанда ба­сым­дау Дастан Дәуренге қол қай­тар­май тек «ойбай-ойбай» деп ай­ғайлаумен болады. Жігіттер Дәу­­­ренді тартқыштап жүріп, са­бырға шақырып тоқтатады. Екеуі­­нің де жұлма-жұлмалары шық­қанымен, еш жері жараланбаған. Дәуреннің мұрнынан аздап қан кеткен. Кәдімгі ауладағы бұзық ұлдардың төбелесінен айнымай­ды. Ентіккен жігіттердің демі басылған соң Дастан үндемес­тен сыртқа шығып кетеді. Қайда бара жатқанын, не істеуге бара жат­қанын ешкімге айтпайды. Ара­да 3-4 сағат өткен кезде жі­гіт­тердің жалдап жатқан үй­леріне екі полиция келіп, Дәу­рен­ді сұрайды. Дас­танның жаз­ған арызы бойын­ша келген тәр­тіп сақшылары екен. Асанбаев Дастанды үш жігіт жабылып қат­ты соққыға алғандары үшін Үсенбаев Дәурен және оның қасындағы төбелеске мүлдем қатысы жоқ екі жігіт ұсталады да, тергеу бөліміне апа­рылады. Неге екені белгісіз, Дас­танның атына жазылған «аяғы сынған», «бел омыртқасы ма­йыс­­қан», «үш тісі қағыл­ған», «оң жақ көзінің қара­шы­ғына зақым келген» деген түрлі-түр­лі анық­та­малар тергеу үсте­лі­нің үс­тінде жатады. Ұсталған үш жігіт аң-таң. Айтқандарының бә­рі дәлелсіз. Сол жерде отыр­ған, танымайтын басқа жігіттер лезде Дастанға куәгер бола қалады. Дәурен мен қасындағы екі досын қаралап, төбелестің негізгі ұйымдастырушысы етіп көрсетеді. Ал кінәлі деп табыл­ған үш жігітте өздерін ақтап шығатындай ешбір дәлелдері болмаған соң амалсыздан бәрін мойындауларына тура келеді. Істің анық-қанығына жеткенше үшеуін уақытша қамауға алып, отырғызып қояды. Бір күн өті­сімен оларды уақытша қа­мау­да ұстап отырған полиция жігіт жылмың қағып Дәурен мен оның серіктестерінің қасына келеді де: «Жігіттер, кеңес керек болса, мені тың­даң­дар. Егер мы­на пәледен аман-есен құтыл­ғы­ларың келсе, куә­гер­лердің ауыз­дарын жап­ты­рың­дар. Со­сын олар арыз­дану­шы­мен сөй­леседі де ол арызын бізден қай­тып ала­ды. Ең соңында ол да тыныш, біз де тыныш, сендер де істі болмай, аман-есен үй­леріңе қайта­сың­дар. Куәгер­лер­дің ауыз­дарын жаптыру үшін 1 мың, арызды қай­тарып алу үшін 2 мың, біз мы­на жақта арыз­ды қай­тарып бергеніміз үшін 1 мың (әрине, барлығы доллармен) бер­сеңдер жеткілікті», дейді түл­кі­көздене үш жігітке кезек қарап. Ешбір шындықпен, әділдік­пен өз-өздерін ақтап шығуға үміттері қалмаған жігіттер амал­сыздан құтылудың осындай «әділ» жолы туралы ойлана бас­тайды. Жиыны 4 мың доллар беру керек. Ал бұларда ондай ақ­ша қайдан болсын? Ұялы теле­фондарын алып жан-жаққа қо­ңы­рау шала бастайды. Біздің көрші Асқар соның ішіндегі бір жігіттің Астанадағы нағашы ағасы болған екен. Асқар қылмыстық істерді тер­геудің басы-қасында жүр­ген­­дік­тен, мұндай жағдаймен ал­ғаш рет жолығып тұрған жоқ. Осы­ған дейін қалаға жа­ңадан келген талай жас жігіттерді осылайша сорлатқан Дастан сияқты оңба­ған алаяқ­тар­дың та­лайын кездестірген. Бі­рақ оларды кінә­лай­тын айғақ­тар табылмаса, бә­рі бекер бо­ла­ты­ны анық. Өз­деріне керек дәрі­герлік анық­тама қағаз­дар­ды таныс-біліс­тері арқылы ақша­мен «аяғы сынған», «көзі за­қымданған» деп өтірік жаз­ды­рып алады да, ауруханада та­ғы сол таныс­тары­ның арқа­сында шал­қиып жатып алады. Ең со­ңында сор­лаған жігіттерден өн­ді­ріп алған пайданың бір бөлігін анықтама жазып берген дәрігер­ге, біраз бөлігін поли­цияға, тағы біраз бөлігін жал­ған куәгер­лер­ге, қал­ға­нын өз қалтасына баса­ды. Ақ­ша қолға тиген соң «сын­ған аяқ» та, «за­қымданған көз­де» де әп-сәтте қалпына келеді. Содан қар­мақ құрып, қаланың басқа бұры­шы­нан ауылдың аң­қау бала­ла­рын іздей бастайды... Осы­лай­ша сценарий бойынша жолға қо­йыл­­ған бизнес тағы қай­таланады. Арам тағам татпаған, ер на­мысын сатпаған қазақтың арлы жігіттері азайып кеткен жоқ па осы? Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.