• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2011

Шайыр шерткен шежіре

1461 рет
көрсетілді

Халық қазынасы саналатын шежіре – белгілі бір халықтың арғы тегі мен таралуын, сондай-ақ бүгінгі ұрпағы хақында сыр шертіп, тарихын баян­дайтын танымдық дүние деуге болады. Өз заманының озық ойлы, нұсқалы сөзді шайыры Қарасақал Ерімбет те шежіреге ден қойған. Ол өзіне дейінгі ғұламалар мен тарихшылар, ақындар, ескіден қалған есті сөзге үйір құйма- құлақ шешендердің дерек жазбаларына, өлең жырларына, майын тамыза жеткізетін ауызекі сөзіне, жалпы алғанда, қазақ ауыз әдебиетінің үздік үлгілері мен деректеріне сүйене отырып, қазақ шежіресін хал-қадірінше, шама-шар­қын­ша қағазға түсірген. Ақынның баға жеткісіз бұл еңбегі қазақ әдебиетін зерт­­теушілер мен жалпы ел арасында «Қара­сақал Ерімбет шежіресі», ша­йыр­дың өз тілімен айтқанда, «Ата санақ шежіресі» атанды. Шайырдың өмір сүрген заманын­дағы қалыптасқан дәстүр бойынша жа­зылған шежіренің түпнұсқасы автордың өзінде ғана сақталған да, ал оған қы­зыққандар мен ден қоюшылар қолжаз­баны көшіріп алып, қолдан көбейтіп отырған. Ерімбет шайыр өзінің «Ақтам сахаба» дастанында: «Мен Кіші жүз, Алшын, Әлім, асылым қазақ, бұл кім деп сұраса біреу табылмаққа», – деген өлең жолымен өзінің шығу тегін, қан­дай атаға жататынын қысқаша тарата келіп, қазақ екенін әспеттеп өтеді. Осы жыр тіркесінің өзінен-ақ, өнегелі өсиет пен насихат жыр-термелері, тынысы кең дастан, қиссалары арқылы сүйікті халқының бойына ізгілік пен адамгершілік нәрін себуді мақсат тұтқан өз заманының жаужүрек батыры, арын­ды ақыны, ділмар шешені, шежіреші білгірі атанған Ерімбет атамыздың рулық, тайпалық ойлау жүйесі дең­гейінде қал­ма­ғаны аңғарылады. Бар білгенінше қазақ шежіресін таратуда әділдікті, нақ­тылықты талап ететін шежіре жанрына барар жолда шайырдың көп ізденіп, оған барынша жауапкершілікпен қа­рағаны сезіледі. Бұған бала кезінде ша­йырды көзімен көрген, оның ұлағатты сөзін ұрпағына тынбастан айтып өткен, жүз жасаған Рыстығұл атамыздың өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басында айтқан мына деректері бұл­тартпас айғақ. – Жеті қат аспанды, жұмыр жерді қиялымен шарлайтындай кемел жасқа келгенде шайыр атамыз кейінгіге үлгі болсын деген оймен қазақ шежіресін қағазға түсірген. Әрине, шежіренің Кіші жүз Алшынның он екі ата Байұлы, алты ата Әлім мен Жеті руды, яғни өзінің жетік білетін тұстарына көбірек тоқтал­ға­нын, таратқанын жоққа шығаруға болмас. Бірде Ерекең оқығаны мен тоқы­ғанына, естігені мен білгеніне сүйеніп, қағазға түсірген жазбасының үлгісін алып, ел ішінің білгірі атанған Ақылбай ақсақалға іздеп барып жолықса керек. – Біз жаққа ат ізін сирек салушы едің. Нендей шаруамен жүрсің, Ерімбет? – деп қария сөзге тартады. – Халық шежіресін қағазға түсірген «шатпағым» бар еді. Соның үйлестіре алмаған тұсын сізге көрсетіп, ақылдас­пақ ниеттемін, – дейді ол. Содан не керек, болашақ шежіренің алғашқы нұсқасы шайырдың өз аузы­мен оқылады. Бәрін бастан-аяқ тыңда­ған дана қарт жазбаның кейбір ескерілмеген тұстарын қостырады, қате кеткен жерлерін түзетеді. Оған Ерімбет те риза болады. Қарасақал Ерімбет шежіресінің құн­ды­лығына қанығу үшін қазақ әде­биетінің көрнекті өкілінің бірі Зейнолла Шүкіровтің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1992 жылғы 25 қыркүйектегі нөмі­ріндегі танымдық мақаласына жүгі­не­йікші. Онда «Қазақ халқының сауат ашып, жазу-сызуға ден қойған кезі өт­кен XIX ғасыр, әсіресе, оның екінші жар­тысы. Халық орта­сы­нан шыққан ғұ­ламалар атасының қай­дан тарағанын анықтауға талап қыла бастайды. Бағзы біреулері бұрыннан айтылып келе жатқан аңыздарды өзінше толықтырып, жаңғыртып қазақ шежіресін жасайды. Қарасақал Ерімбет ақын­ның шежіресінде қазақ, қарақалпақ, түркі­мен халықтарының арғы тегін Әнес сахабадан таратады екен», – дей келіп, қазақтың шығу тарихы Әнес сахабадан да арыда жатқандығына тоқ­талады. Біз бұл жерде әр ғасырда өмір кешкен екі ақынның қазақ шежіресіне қатысты білім деңгейін, таным қабі­летін салыс­тыру­дан мүлдем аулақпыз. Айтпағымыз, халқымыздың шежіресі төңірегінде ой толғаған Зейнолла аға­мыздың Ерімбет шайырдың аталған мұрасын басшылық­қа алып, іске жарата білгендігі. Республикалык, «Ана тілі» газеті 1992 жылы шежіре кітапшасын дайындаған тұста Бекарыс, Алшын бірлестігін тарат­қан сәтінде Қарасақал Ерімбет пен Кердері Әубәкір шайырлардың қалдырып кеткен шежірелеріне көбірек сүйенген. Апталық қаламгерлері: «Жамбыл облы­сы, Құланды стансасынан Жұбатқан Өтегенов ақсақал жіберген шоғыр-шо­ғыр шежірелер арқылы біз шайыр Қа­расақал Ерімбеттің қолжазбасымен та­нысуға мүмкіндік алдық,» – деп ағынан жарылады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді,» – деген қа­нат­ты ұғым осы болса керек. Қаза­лы­лық білгір шежіреші Өмірзақ Ахметов ағай өзінің «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» атты танымдық кітабында Ерімбет шайыр шежіресін ілтипатпен еске алады. Бұл турасында автор: «Сыр өңіріндегі шежірені – Қарасақал Ерімбеттің, қырдағы шежірені – Құламан Былшықтың шежіресі деп атаған. Әсіресе, Ерімбеттің шежіресі халық арасынан қолдау тауып, осы уақытқа дейін үлкен кісілер: – Шіркін, Ерімбеттің шежіресін айтсайшы, керуеннің көсіліп жатқан даңғыл жолындай еді-ау, – деп әлі күнге дейін көксейді. Шамасы, Ерімбет шежіресі – халықтың көңілінен шыққан сәтті жазылған шежіре болса керек. Өйткені, бұл шежіреге ешкім қарсы дау айт­паған», – дей келіп, оның қыр-сырына ке­ңі­рек тоқталады. Ал қазалылық ба­йыр­ғы ұстаз Қалибек Бекетовтің «Қа­за­ғымды, Қазалымды жырлаймын» кі­та­бында  Самарқанды билеген, қазақ да­ласын жат дұшпандардан қорғауға өл­шеусіз үлес қосқан Жалаңтөс баһа­дүрдің шығу тегі мен ұрпағын Қарасақал Ерімбет шежіресі негізінде таратқан. Сондай-ақ, Асан Досжанов жасаған аударма­сын­дағы орыстың тарихшы ғалымы И.В. Анич­ковтың 1894 жылғы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» кітапшасында (Алматы, «Терме» бірлестігі, 1991 жыл) Ерімбет шайыр шежіресі ауызға алына­ды. Танымал тарихшы Хамит Маданов­тың кітабында да Ерекеңнің шежіресіне көбірек орын берген. Түйіндей келгенде, нар тұлғасына Алла сыйлаған қабілет пен дарынды шебер тоғыстыра білген Ерімбет ша­йыр­дың құндылығы артпаса кемімейтін қазақ тарихына, халқымыздың негізін құрайтын іргелі аталарды қолдың саласындай етіп келістіре таратқан шежіресі тарихымыз бен әдебиетіміздің мүддесі үшін алдағы күндерде де қызмет ете береріне кәміл сенімдіміз. Шайыр Жекей қызбен айтысында алты ата әлімнің екі ұлы Қарасақалға және өзіне анықтама берген тұста: Әлімде алты жүйе, бес шекті көп, Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп, Екеуі алты әлімнің қарасақал, Ішінде бізді айтады сарыбасы, деп, - сыр ақтарады. Сонымен қазақ шежіре­сі­нің бастау алып, өркен жаюына өз үлесін қосқан Ерімбет шайырдың кейінгі ұрпаққа қалдырған бұл асыл мұрасы құндылығымен ерекшеленуімен қатар, оның бойындағы дарынының молдығы мен сан қырлылығын айғақтаса керек. Қараша ҚАРАМАН, журналист. Алматы облысы, Қаратал ауданы.