• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Тәуелсіздікке қызмет ету – әр қазақтың борышы

471 рет
көрсетілді

Ұлттық мемлекеттігінен айы­ры­лып, бодандықтың бұрауын көр­ген халықтар үшін айтқанда, тәуел­сіз­діктен артық, дербестіктен қым­бат еш нәрсе болмақ емес. Өйткені, тек мемлекеттік тәуел­сіздік қана ұлт­тың ұлт бо­лып сақталуының, ел бо­лып даму­дың кепілі бола алады. Бұл тарихи аксиома. Бұған бір ғасыр жар­тылай отар болған Қытай мен екі ғасыр классикалық отар бол­ған Үндістанды мысалға келтіруге бо­ла­ды. Ол мемлекеттердің тәуел­­сіздік алғаннан кейін небәрі жарты ғасырлық даму арқылы әлем­нің ал­дыңғы қатарындағы қуатты, алып елге айналғанына куә болып отыр­ған жоқпыз ба?! Осы мемлекеттер сияқты Қа­зақ­стан да кештеу болса да ХХ ғасырдың соңына таман өз тәуел­сіздігіне қол жеткізді. 1991 жылғы 16 желтоқсан күні Президент Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасының тәуелсіздігін жа­рия­лағанда, жақсы білемін, Қы­тай­дағы қазақтардың қуаны­шын­да шек болған жоқ, олар өздерінің көктен тілегенін жерден тапқан­дай шаттанды. Қандастарымыз Қа­зақстанның тәуелсіздігінен хал­қы­мыздың жарқын болашағын көр­ген­дей болды, тұңғыш Президент Нұрсұлтан  Назарбаевқа бар үмі­тін артып, ізгі тілеуін тіледі. Қазақстан тәуелсіздік алды, ен­дігі жерде ұлттық тәуелсіздікті нығайтуға, дербес мемлекетін да­мытуға әрбір қазақ өзінің ақыл-па­расаты мен күш-қайратын қосу­ға борышты деп түсіндім өз ба­сым. Жай түсініп қана қойған жоқпын, Қазақстанға келіп еңбек етуге шешім қабылдадым. Ол кезде мен Қытай Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында институт директорының ғылымға жауап­ты орынбасары, ҚХР жастар сый­лы­ғының лауреаты едім. Оның үсті­не екі жылға Жапонияға барып, ондағы әріптестеріммен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізуге келісіп қойған болатынмын. Бірақ мен елім тәуелсіздік алып жат­қанда Жапонияға барып қай­тейін дедім де, 1992 жылы қара­ша­да Алматыға келдім. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым ака­демиясынан шақырту алып, 1993 жылы сәуір айында елге қай­та оралып, Ш.Уәлиханов атында­ғы Тарих және этнология инсти­ту­тына докторант болып орналас­тым. Ол кезде қоғам өзгеріп, ақша ауысып жатқан, халық азық-түлік, тауар тапшылығынан абдырап қал­ған, көптеген жастар ғы­лым­нан саудаға кетіп жатқан кез еді. Бірақ мен өзімнің мамандығым бойынша еліме үлес қоссам деген ұстанымнан таймадым, саудаға бармадым, кездескен қиыншы­лық­ты «көппен көрген ұлы той» деп есептедім. Шынымды айтсам, елге келген қуаныштың әсері ме, ол кезде пәлендей қиыншылықты сезінген де жоқпын. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми зерттеуімді жалғастыра жүріп, 1993-1996 жылдары Абы­лай хан атындағы Әлем тілдері уни­верситетінде жапон тілінен қазақ тобына дәріс бердім. Бұл Қазақ­стан­да қазақ тілінде жапон тілін оқытқан алғашқы курс болды. Маған Қазақстан Республи­ка­сының Заңы бойынша ғылыми дәре­желер қорғауға тура келді. Со­нымен 1995 жылы сәуір айын­да «Қазақ-Қытай қарым-қаты­нас­тарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығында)» деген та­қы­рыпта тарих ғылымдарының кан­ди­даты ғылыми дәрежесін қор­­­ға­дым. Бұл жұмыс отандық тарих ғылымында, тың деректер негізінде қазақ-қытай қарым-қа­тынастар тарихын жүйелі түрде зерттеген алғашқы еңбек болып саналды. 2001 жылы желтоқсан айында «Қытайдағы қазақтардың қоғам­дық тарихы (1860-1920 жж.)» деген тақырыпта тарих ғы­лым­­дары­ның докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. Бұл жұмы­сым ҚР БҒМ Жоғары аттестациялау комитеті тарапынан 2001 жыл­ғы «ең үздік докторлық диссертация» болып бағаланды. Мен 2000 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент, профессор ретінде оқытушылықпен шұғылданып, ас­пирант, магистрант және PhD док­торанттарға ғылыми жетекшілік етіп келемін. Қазірге дейін менің ғы­лыми жетекшілігіммен  14 магистрант, 4 ғылым канди­да­ты, 2 PhD доктор өздерінің ғы­лыми дәрежесін абыроймен қор­ғады. Университетте ұстаздық етумен қатар, ғылыми зерттеу жұмы­сын да жалғастырып келемін. Қа­зірге дейін институттардағы әріп­тес мамандармен бірлесе отырып, 5 мемлекеттік грантты жеңіп алып, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіздім. Бұлар: Қазақ мемле­кет­ті­лігінің тарихи сабақтастығы, қазақ диаспорасы мәселелері, қа­зақ тарихының өзекті мәселелері, дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелер саласын қам­тиды. Адал еңбек бағаланбай қал­май­ды екен. Мен конкурс  бо­йын­ша 2008 жылы Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-нің ең үздік оқыту­шысы болдым, 2009 жылы Қазақ­стан Республикасы Жоғары оқу орындарының үздік оқытушы жеңімпазы атандым. Қазіргі Қазақстанда жеке адам­дардың (индивидиумдердің) өз талантын көрсетуге, мүмкіндігін ашуға, арманын орындауға толық негіз бар деп санаймын. Мысалы, менің екі балам Үрімшіде қытай мектебінің біреуі оныншы, екіншісі жетінші сыныбын бітіріп келіп, Алматыдағы Ш.Уәлиханов атын­дағы № 12 мектеп-гимназиясында оқуларын жалғастырды. Олар конкурс арқылы мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындары­ның бакалавриат, магистрант жә­не аспирантурасын бітірді. Қазір магистратураны бітірген қызым Зәуре ҚазҰУ-дегі шет тілдері ка­федра­сында ағылшын тілінің оқы­ту­шысы, ал архитектура ма­ман­ды­ғы бойынша аспирантура­ны бітірген ұлым Мардан «Қазақ атомө­нер­кәсіп» саласында жұмыс істейді. Әрине, әр ұрпақтың өз арманы бар ғой. Дегенмен  менің түсі­нігім бойынша, әрбір қазақ бала­сы тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін еңбек етуге борышты. Мейлі ол қай жерде өмір сүрсе де, бейне еврейлердің Израиль үшін, қытай диаспорасы – хуациаолардың қы­тай үшін емірене еңбек ететіні сияқ­ты. Сонда ғана егемен елі­міз­дің тәуелсіздігі берік, болашағы нұрлы болады. Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.