• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Әке рухына тағзым

646 рет
көрсетілді

Жауынгер Шәкір Ақпанбетовтің жерленген жерін қызы арада 67 жыл өткенде тапқан еді ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ Күні кешегі күр­кі­реп өткен алапат со­ғыс­та хабарсыз, із-түз­­сіз кеткен боз­дақ­тар қан­шама десеңіз­ші? Елде қалған жа­қын-туыстары оларды «Кебін емес, кебенек киіп кетіп еді», деген үміт­пен сарыла, сар­ғая күт­ті. Олар арада қан­шама жыл өтсе де үміт отын өшірмей әлі де күтуде. Хабарсыз кет­кен­дердің дерегі әлі де шығып, аптап ыстықтағы бір желпінтіп өтетін самал жел іспетті қа­палы, қам көңілдерді бір жады­ратуда. Астанада тұратын Кәсира Шә­кір­қызы да хабарсыз кеткен әке де­регін арада 70 жылға жуық уа­қыт өткенде тауып, көңілін демдеп, сонау Ресей жеріндегі бауыр­ластар зиратына жерленген әке қа­бірінің басына зиярат етіп қайт­қан жанның бірі. Ұлы Жеңіс мереке­сінің қарса­ңын­да Кәсира апайдың шаңыра­ғын­да болып, бар әңгімені өз ауы­зынан естіген едік. Беттері сар­ғай­ған құжаттар мен ескілі-жаңалы фотосуреттерді алдымызға жайып салған ол бар оқиғаны толғана отырып баяндап берді. – Өзім негізінен Солтүстік Қа­зақстан облысы өңірінің тума­сы­мын. Әкем Шәкір Ақпанбетов со­ғыс өрті өршіп тұрған 1942 жылы күзге салым Октябрь ауданының Кеңес ауылынан әскерге шақы­рыл­ды. Айы-күніне жетіп отыр­ған анам Рақия соның алдында ғана бір ай бұрын әпербақан бри­гадирдің терезе түбіне келіп, айқай­лаған дауысынан шошып, түсік тастап қай­тыс болып кеткен-ді. Ше­ше­міз­дің ғапыл қазасынан ба­сымызға түс­кен қайғы бұлты сейілмей жа­тып, әкеміз қан майданға жол тарт­ты. Осылайша ағаларым Қинаят пен Нұрмұхамбет үшеуміз 74 жас­тағы әжеміз Балкүмістің па­насында қалдық. Ол кезде мен 10 жастамын, бірақ соғыс ойын бала­ларын ерте есейтті ғой, – дейді өткен күндер оқиғаларын ой елегінен өткізген Кәсира апай. Иә, жанды да, тәнді де қыты­мыр қаңтардың аязындай қарыған сол бір тауқыметке толы кезең қа­лайша есінен шықсын? Көздері жау­таңдаған үш балаға қамқор бо­лып жүрген Балкүміс әжей қыр­­шын кеткен келіні мен әскердегі баласын ойлап, тірі жетімектерге көрсетпей көз жасын сығып алады анда-санда. – Әкемнен соңғы хат 1942 жыл­дың қараша айында келді. «Жеңіл жараланып, қайтадан сап­қа тұр­дым, таяу күнде ұрысқа енгелі жа­тыр­мыз» деп жазыпты сол ха­тын­да. Кейін хабар-ошар сап тыйылды. Сонан не керек, арада көп уақыт өтпей, 1943 жылдың басында қара қағаз келді. Оның өзін жоғалтып алдық қой кейін, – деп әңгімесін жалғастырды Кәсира апай. Уақыт қандай да болсын жа­раны емдеп жазады ғой. Жыл өткен сайын қайғы жүгі де бірте-бірте жеңілдеді. Бірақ, өзі шіркін-ай, әкемнің жерленген жерін тапсам ғой деп ойлаушы еді. Әйтеуір бейітінің басына барып дұға қылып қайтса да дәтке қуат емес пе. Со­ғыс аяқталған соң хабар са­лып, іздестіремін деп жүрген аға­сы Қи­наят жол апатынан қайтыс болып, қайғы үстіне қайғы жа­мал­ды. Өзі болса тұрмыс құрып Ақмолаға кетті. Күн­делікті күйбең тір­ші­ліктің иіріміне бойлап, бала-шағаның қамы деп тағдыр жа­зуына мойын­сұн­ған­дай еді. Бар қолдан келері жыл сайын 9 мамырда әкесінің аруа­ғын еске алып, дұға ба­ғыш­тай­ды. Алайда, сы­ғы­рай­ып жан­ған майшамның өлеу­­сіре­ген сәуле­сін­дей бол­ған кеудедегі үміт оты ақыры маздап жанды. АҚЖОЛТАЙ ХАБАР – Мама, мен атам­ның жерленген жерін таптым, – деп немересі Әділбек телефоннан қоңырау шал­ғанда Кәсира апай әуелгіде не бол­ғанын түсінбей қалған-ды (Немересі әжесін әлі күнге дейін осылай атайды). – Құлыным-ау, не дейсің... Қай­дан дейсің.., шын ба? – дей берді абдырап. Сөйтсе, үнемі ком­пьютер алдында отыратын Әділ­бек ғалам­тор арқылы атасы Шәкір Ақпан­бе­товтің жерленген жерін тауыпты. Сол қуанышын әжесіне жеткізгелі асыға хабар­ласып тұрған беті екен. Бұл 2009 жылдың маусым айы бо­ла­тын. Алғашында сенбегені рас. Бірақ немересі атасына қатысты барлық деректерді тақылдатып, нақпа-нақ айтып бергенде сенбеске ша­расы қалмады. Үйде жалғыз отыр еді. «Шынымен табылдың ба, әкетайым-ай», – деп ебіл-дебілі шы­ғып, нешеме жылдар бойы кеудеде запырандай жиналған шерін тарқатып, еңіреп тұрып жылады. Қаншама жылдар бойғы арма­ны аяқ астынан орындалған соң Кәсира апай жедел жол қамына кірісті. Ендігі мақсат-тілегі біреу ғана. Ол – әке рухына тағзым етіп, бейітіне зиярат етіп қайту. Құлағымыз әңгімеде болған­мен, көзіміз қолымыздағы құжат жазбаларында. Онда былай деп жа­зылған: «РСФСР, Воронеж облысы, Краснолесный поселкесі, Графская стансасы, №35 бау­ыр­ластар зира­ты. Бұл жерде 79-шы темір жол ба­тальонының 5-ші темір жол бри­га­да­сының жауынгерлері жерленген. Олар 1943 жылдың шілде айында қаза болған» деген сөздер жазыл­ған. Зиратта жерленген жуын­гер­лер тізімінде қызыләскер Шәкір Ақ­панбетов 7-ші болып тұр (Мұн­да Ақтанбеков деп қате жазылған). Одан кейін қатардағы жауынгер Жұма Авизов, сержант Иван Абрасов, лейтенант Дмитрий Аверьянов... Тізім осылай­ша жалғасып кете береді. Барлығы 209 жауынгер. Туған жерлерінен то­пы­рақ бұйыр­май, жат жердің бүйірін томпайт­қан қайран боздақтар!.. ӘКЕ ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА Тағы да Кәсира апайдың әңгі­месіне құлақ түрсек: – Сөйтіп, 2010 жылдың жазын­да Ресейдің Воронеж жеріне та­ба­нымыз тиді. Ол жаққа бармас бұ­рын әскери комиссариат, Ресей елшілігі ар­қылы деректерді тағы бір анықтап алдық та жолға шық­тық. Көрмеген жердің ой-шұң­қыры көп деген емес пе, жалғыз өзіме жол жүру қай­дан келсін, жаны­ма немере сіңлім Әлима мен кіші ұлым Жанболат ерді. Графская стансасы Воронежден небары 25-30 шақы­рым­­дай жерде екен. Сол арадан бізді Краснолесный поселкелік кеңесінің қызметкері Марина Воронина есімді жылы жүзді әйел күтіп алып, зират басына ертіп апарды. Енді сол кездегі жүрек тол­қынысымды тілмен айтып жет­кізе алмаймын. Бейне бір алдымнан әкем шығып: «Құ­лын­шағым-ау, келдің бе, са­ғын­дырдың ғой әбден», – деп маңдайымнан иіскеп, құша­ғы­на басатындай біртүрлі алакү­лік күй кештім. Көңілім ұйқы-тұйқы, көзімде жас... Кәсира апай көзіне жас тығылып, сол бір жүрек тебірентер сәтті жаңа ғана басы­нан өткеріп отырғандай бірауық үнсіз отырып қалды. ...Әке қабірінің басында қар­таң ана көп жылады. «Жан әкем, менің келгенімді саған Алла тағалам сездірсін, пер­зен­ті­ң­нің сағыныштан сартап бол­ған топырағыңа тамған көз жа­сын балаңның өзіңді ай­малауы деп білерсің. Жа­ным әкем, осын­шама кешіккеніме ренжі­мес­сің. Осы күнді қаншама жыл бойы сарыла күткенімді сезсең етті», деп егілді ол. Әбден шерін тарқа­тып, мауқын басқан соң ар­найы алып келген туған жер­дің топырағын әке қабіріне салып, сол араның бір уыс топырағын орамалға түйіп алып, бар білген аят сүресін оқып орнынан тұрды. – Графская стансасында болғанымызда Марина Николаевна бізге мына бір жайды әңгімелеп еді. Бауырластар зи­­ра­тына жерленген жауын­гер­­лер­дің есімдерін анықтап, жария етуде әскерден жара­ланып қайтқан, мектепте тарих пәні­нен сабақ берген бір азамат көп ең­бек сіңірген екен. Ол қаза тапқан жауын­гер­лердің госпитальде жина­лып, ескерусіз қал­ған құжат­тары мен жеке кәрт­іш­келерін реттеп, осы бауыр­ластар зира­тында жатқан боз­дақтардың тізімдерін ретке келтіріпті. Ол адаммен де кездесуге тағдыр жазбапты. Осыдан 2 жыл бұрын қайтыс болып кетіпті. Өкінішке қарай, ол кісінің аты-жөнін де сұрап алмап­пын, – дейді Кәсира апай бір өкініштің шетін шығарып. Дегенмен, көңілге демеу бо­ла­тыны – кеш те болса әке қа­бі­рінің табылғандығы. Ендігі жерде артында қалған ұрпақ­тары жауынгер Шәкір Ақпан­бетовтің жырақта жатқан бейі­ті­нің басы­на барып зиярат етіп қайтып тұрады бұдан былай. Кәсира Шәкірқызы осыған тәубе дейді. Талғат ТӘШКЕЕВ, журналист. Астана. ------------------------------------ Суреттерде: Кәсира апай ұлы Жанболатпен бірге әке қа­бірінің басында; Шәкір Ақпан­бе­тов­тің әскерге алынар алдын­дағы кезі.