• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Еуропа төріндегі тұғырлы елмен етене жақынбыз

394 рет
көрсетілді

Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан ДӘНЕНОВПЕН әңгіме – Бұл жыл еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық белгісімен өтуде. Осы жылдар бойы сіз сыртқы саясат саласында жұмыс істеп келдіңіз. Отанымыздың егемен ел ретінде жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз? – Өткен жылдарда нені іске асыра алғандарымызды түпкілікті түсіну үшін біздің кешегімізге зер салып, барлығы неден, қалай басталғанын еске түсіру керек. Тәуелсіздікті бойға сіңіру тез де тиімді, батыл да теңгерімді шешімдерді қабылдауды талап еткен жаһандық геосаяси сілкіністермен қатар жүрді. Бай таби­ғи байлықтарға ие болса да, қажетті ин­фрақұрылымдарсыз, қаржылық ресурс­тар­сыз және инвестицияларсыз еліміз қиын әлеуметтік-экономикалық дағда­рыс­ты бастан кешіруге мәжбүр болды. Алайда геосаяси орналасуы жедел ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын, әлеу­меттік-экономикалық даму страте­гия­­сын, теңгерімді сыртқы саяси бағытты әзірлеуді талап ететін, байтақ аумағы бар, аяққа енді тұрып келе жатқан мемле­кет­тің бұл жалғыз ғана проблемасы емес еді. Көптеген сарапшылар біздің елімізге «Бал­қан синдромы» деп аталатын ішкі жанжалдар мен ыдырауды таңған бола­тын. Арал теңізінің тартылуы Семей өңі­рі­нің экологиясы, тағы басқа көптеген проб­лемалар да еңсені езе түскен шақ-тын. Мемлекеттің өміршеңдігін қамта­ма­сыз ету жөніндегі күрделі оперативті міндеттерді шеше отырып, Президент Н.Назарбаев болашаққа бастаған идеялары мен бастамаларын сол жылдары ұсына бас­тады. Стратегиялық бағдарламалар әзір­ленді, алысты көздеген тарихи саяси шешімдер қабылдана бастады. Әңгіме бұл арада Еуразия идеясы, «Қазақ­стан-2020» даму стратегиясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы, Семей сынақ алаңын жабу, әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тарту жөнінде болып отыр. Одан кейінгі болған оқиғалар олардың ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды тұғыр болғанын растады. Астананың көп векторлы сыртқы сая­саты өзінің тиімділігін дәлелдеді. Еуропа мен Азия арасында орын тепкен, Қа­зақстан бәрі таныған өңірлік жетекші ел мәртебесіне ие бола отырып, Ресей және Қытай сияқты стратегиялық әріптестері мен Орталық Азиядағы жақын көрші­лерімен, сол сияқты Еуроодақпен, АҚШ және Жер шарының барлық құр­лық­тарын­дағы басқа мемлекеттермен де өзара тиімді және сындарлы әріптестікті дамыта бастады. Көп тарапты дипломатия пішіні бойынша да үлкен жұмыстар жолға қойыла бастады. Ислам Конференциясы Ұйы­мы (ИКҰ) Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде (СІМК) төрағалығын атқаратын Қазақ­станның ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасын­дағы байланыстырушы рөл атқаратынын бүгін көпшілік жақсы нышан ретінде ба­ғалайды. Бірақ символдан бөлек, барлық дүниежүзілік қоғамдастық үшін нақты практикалық мүдделіліктің бар екені мәлім. Біздің халықтың бір ерекшелігі, мүмкін артықшылығы болар, оған батыс­тың да, шығыстың да менталитеті жат емес, әлемнің осы екі бөлігінде тұратын халықтардың игі ұмтылыстары бізге бірдей жақын. Астана жасампаз үнқатысуды нығайтуға өзінің ерекше үлесін қоса алатынын бүгінде бүтін дүние мойындап үлгерді десек, қателеспейтініміз анық. Қазақстанның бүгін қол жеткізген та­быстарының бәрі бірден бола қойған жоқ, әрине. Оның артында Президент, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың орасан зор интеллектуалдық, мемлекеттік қыз­ме­ті, халықаралық беделі, халқымыздың ерен еңбегі, сондай-ақ төзімі мен шы­дамы тұрды. – Соңғы жылдары БАҚ-тарда Фран­цияның іскер және ресми топ­тары­мен болған кездесулер, келіссөз­дер және сапарлар туралы әңгімелене­тін материалдар жиі кездеседі. Әңгіме тұтастай ал­ған­да не туралы жүріп жа­тыр, келіс­сөз­дердің нәтижелері қандай және олардың біздің ел үшін мәні қаншалықты? – Шығыста айтады екен: «Артқа әрбір көз салған, алға екі есе көз тігуге тиіс» деп. Қазақстанның алғашқы екі онжыл­дығына көзделген міндеттер орындалды және бүгін біздің елдің алдында Мемлекет басшысының стратегиялық ұстын­дары­нан шығатын жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларға бұрынғы жылдар­дағыдай қол жеткізу үшін біздің сенімді шетелдік әріптестердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін пайдалану маңызды. Ондай елдердің қатарына көп салаларда жетекші әлемдік ұстанымдарға ие және Еуропа­лық одақтың локомотивтері рөлінің бірін орындайтын Франция жатады. Сондай-ақ Қазақстанның егемендігін бірінші болып таныған елдер ішінде Франция бар екендігін еске сала кеткім келеді. Соңғы үш жылда екіжақты ынты­мақтастық айтарлықтай жандана бастады, Қазақстан-Франция қарым-қатынасы са­па­лы жаңа деңгейге, яғни ресми мәлім­демелермен шектеліп қалмайтын, нақты жобалар және қадамдармен расталатын нақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Фран­ция Президенті Н.Саркозимен тұрақты түрде кездесіп тұратыны мәлім. Олардың келіссөздерінің тақырыптары сан алуан және мазмұны терең. Біздің елдер және мемлекет бас­шы­лары өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа белгілі бір үлес қоса отырып, халықаралық аренада да белсенді өзара әрекеттесіп отырады. Бұл ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалық барысында нақты байқалды. Бұрын бұл тақырыпқа әңгіме айтқан болатынмын. Сондықтан тек бір ғана қағидаттық кезеңді атап өт­кім келеді, яғни ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясы алғаш рет Н.Саркозидің 2009 жылы қазанда Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойын­ша Қазақстан мен Франция прези­дент­те­рінің Бірлескен мәлімдемесінде көрініс тапқан болатын. Шын мәнісінде Париж осы Ұйымдағы еліміздің төрағалығы басталардан бұрын бірінші болып ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Н.Назар­баевтың идеясын ресми қолдады. Екіжақты келіссөздердің бұдан да бас­қа көкейкесті бағыттары бар. 2010 жылы қазанда Парижде болған жоғары дең­гей­дегі кездесу кезінде екі ел президенттері әлемдік қаржы жүйесін реформалау, валюталық курс тербелісін болдырмау тетігін әзірлеу және азық-түлік пен мине­рал­дық шикізат рыногындағы бағаны реттеу бойынша пікірлерімен алмасты. Осы жаһандық мәселелерге қатысты әдіс-айла жағынан жақындық білініп, кейбір жерлерде тіптен өте ұқсастықтардың бар екендігі белгілі болды. Президент Н.Саркози Францияның Т20-дағы төрағалығы кезеңінде Астананың идеялары мен көзқарасын есепке алатынына біздің Мемлекет басшысын сендірді. Қазақстанның ИКҰ СІМК-нің төраға­сы ретінде жуырда болатын қызметі шең­бе­рінде пікір алысулар өзінше бөлек жүруде. Бұл арада ИКҰ-дағы төрағалық араб әлеміндегі көтерілістер және шека­ра­ны көзге ілмейтін терроризм мен экс­тре­мизм­нің қаупі сақталып отырған күр­делі кезеңде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Егер біздің сыртқы саясатымыздың еу­ропалық векторы туралы айтатын бол­сақ, онда Франция біздің Еуропалық Одақ­пен (ЕО) ынтымақтастық шеңберін­дегі сенімді әріптес болып табылады. Сондай-ақ Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру және визалық режімді жеңілдету ту­ралы Қазақстан мен ЕО арасындағы екі­жақты хаттамаға Қазақстанның қол қоюы жөніндегі мәселеде де Астана Париждің нық қолдауына сенім артады. – Сіз қазақ-француз экономикалық ынтымақтастығы қаншалықты та­быс­ты деп есептейсіз және оның нә­тижелеріне қандай баға бересіз? – Экономикалық ынтымақтастық ай­тар­лықтай табысты дамуда, ол екіжақты қатынасымыз үшін өте маңызды да маз­мұнды сала болып табылады. Мәселен, екі ел арасындағы электровоз құрастыру және портативтік радиостансалар өндірісі бойынша ірі жобалардың, авиация және ғарыш саласындағы жобалардың, қайта­ла­ма қуат көздері мен күн батареясы панелінің қазақстандық тазалығы жоғары кремнийінің өндірісі жөніндегі бірлескен жобалардың болашағы зор. Францияның Күн қуаты ұлттық институты сарап­шы­ларының берген бағасы бойынша, біздің фотовольттық элементтеріміз өздерінің сапалық сипаттары жағынан олардың әлемдік баламаларынан асып түседі. Десек те, жан-жақты тоқталғымыз келген бірқатар аспектілер бар. Бір қа­рағанда өнеркәсіптік технологиялар транс­фері мүл­дем қарапайым нәрсе бо­лып көрінуі әбден мүмкін және француздар басынан бастап-ақ бізбен барлық өнеркәсіп құпияларын бөлісуге, ондаған жылдар бойғы байқау мен қателер сына­ғы­нан өткен «нау-хауды» беруге, біздің ма­мандарға кәсіптің барлық ұңғыл-шұң­ғыл­дарын үйретуге дайын екендіктерін білдіріп отыр. Француздық әріптестеріміздің пікірінше, Қазақстанда инженерлер мен кәсіби техникалық мамандар жетіспеушілігі жер­гілікті мазмұндағы міндеттерді орын­дау­ды қиындатады. Сонда да болса, нағыз білікті инженерлер мен кәсіби жұмыс­шы­лар мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ал олардың ха­лық­аралық стандарт бойынша сертифика­ция­сына келетін болсақ, ол басқа мәселе. Осы­ған байланысты Жамбыл облысын­да­ғы Мыңарал қыстағы маңындағы жоғары технологиялы және энергияны сақтайтын құрғақ әдіспен цемент өндірісі бойынша бірлескен зауыт салу нақты мысал бола алады. Зауыттың ерекшелігі сонда, оның құрылысы туралы келісім-шарт 2008 жылы Мемлекет басшылары арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қоюмен бір уақытта жасалған еді. Өз рыногында үшінші орын алатын француз компаниясы бұл жобаға 230 миллион еуро инвестиция салды. Құрылыс 2010 жылы қыркүйекте аяқталып, жоғары са­палы өнімнің алғашқы партиясы қазақ­стандық тұтынушыларға сол жылдың желтоқсанында жеткізіле басталды. Әрине, цемент өндірісі аэроғарыш, радиоэлектроника немесе атом саласы сияқты инженерлерді соншалықты мұ­қият терең дайындауды талап етпейді. Алайда француз әріптестеріміздің цемент жобасындағы практикалық істерінің айтарлықтай пайдасы мол. Француздар Қазақстанда керекті мамандардың жетіспеушілігін үлкен әңгіме-дүкенге айнал­дыр­май, Алматыда инженерлік персонал­ды іріктеп табуды байыппен жүргізіп, Мыңарал қыстағына техникалық қызмет­керлерді алып келді. Басқарма төрағасы етіп французды, бас директоры етіп қазақты қойды. Нәтижесінде зауыт штат­тық кестемен жұмыс істеп, сапалы өнімге деген сұраныс өндірістік мүмкіндіктен айтарлықтай асып түсті. Шын мәнісінде бұл Қазақстан-Фран­ция стратегиялық әріптестігінің бір көрінісі ғана. – Мемлекет басшысының соңғы ұс­тынын есепке ала отырып, сіз Фран­ция­ның инновацияны мемлекеттік қолдау саласындағы тәжірибесіне қыс­қаша тоқтала кетсеңіз. – Инновациялық экономиканы құру ісінде халықаралық бүгінгі тәжірибе және біздің әріптесіміздің әлеуеті керек бола­ты­ны күмәнсіз. Француздар инновация­лық бизнесті қаржыландыруда үлкен нәтижеге жетіп отыр. Негізгі көмекті мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікке жасауда. Өйткені, ірі компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстарға (НИОКР) бөле­тін қаржылары жеткілікті. Францияның әлемдік рынокта аэро­ға­рыш саласы, атом өнеркәсібі, телеком­му­никациялық қондырғылар, автокөлік жасау, фармацевтика мен косметикада жетекші орын алатыны мәлім. Үкімет елдің жаһандық қатаң жарыс­қа түсуі жағдайындағы инновациялық дамуының шешуші мәнін әбден түсінеді. Сөйтіп, 2009 жылы француздар иннова­ция­лық даму жолында секіріс жасау қа­жет деп шешті. 35 миллиард еуро мөл­ше­рінде ірі мемлекеттік несие бөлу ісі ұй­ымдастырылды. Жоғары білім беру мен кадрларды кәсіби дайындау модерниза­ция­сына 11 миллиард еуро, ғылыми зерттеуге – 8, өнеркәсіп, жоғары техноло­гия­лық шағын және орта бизнесті дамытуға – 6,5 экологиялық бағдарламаға 4,5 миллиард еуро бөлінді. Франция үшін инновацияның қанша­лық­ты маңызды екендігін жақсы түсіну үшін бұл ірі қаржы құюлар мемлекеттік бюджет тапшылығы 149 миллиард еуро­ны немесе ІЖӨ-нің 7,7 пайызын, ал мемлекеттік қарыз 1591 миллиард еуроны немесе ІЖӨ-нің 82,9 пайызын құраған дағ­дарысты және дағдарыстан соңғы кезеңде болып отырғанын атап өткен жөн. Қорытындылай келе айтқанда Қа­зақ­стан үшін дамыған елдердің, соның ішінде Францияның тәжірибесін зерттеп, пайдалану маңызды екенін тағы бір қайтара атап көрсеткім келеді. Сонымен қатар, Фран­циямен біздің стратегиялық әріптес­тігіміз өзінің жемісін беріп отыр­ған­дығын тағы да көлденең тартсам деймін. – 27-28 маусым күндері Франция үкіметінің басшысы Франсуа Фийон­ның шақыруымен Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Францияға – Еуропалық Одақ­тағы елге өзінің тұңғыш ресми са­па­рын жасайды. Бұл сапардың мақсаты неде? – Бұл сапар Қазақстан-Франция әріп­тестігін нығайтуға жасалатын маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр. Және де өзара іс-қимыл үдерістерінің дәйек­тілігі мен үздіксіздігі сипатына басымдық берілетінін айғақтайтын сапар болмақ. Сапардың негізгі мақсаты Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластық­тардың жүзеге асырылу барысын талқы­лау, аса маңызды жобаларды ілгері жыл­жытуға жаңа серпін беру және алдағы кезеңдерде жоғары деңгейде қарастыры­ла­тын жаңа бастамалар бойынша жоспар түзу болып табылады. Келіссөздер кезінде Қазақстан бас­шысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға орай елімізде жетекші техноло­гия­ларды енгізу, инновациялық өндіріс­тер құру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және отандық кәсіпорындардың өнімділі­гін жоғарылату мәселелеріне баса назар аударылатын болады. Атап айтқанда, фран­цуздық әріптестеріміздің мұнай кә­сіп­орындары мен металлургия саласы үшін кәсіпорындық газ өндіру, қуат үнемдеуші және табиғат қорғау техноло­гияларын енгізу, инновациялық кәсіп­орын­дарды венчурлық қаржыландыру сияқты жаңа ұсыныстары талқыланатын болады. Сонымен қатар, жақын болашақ­та екі елдің әуе компанияларына Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатына­сының жүзеге асыруларына мүмкіндік беретін уағдаластықты бекемдеу көзделіп отыр. Қазақстан-Франция ынтымақтастығы саяси және экономикалық әріптестіктер­мен ғана шектелмейді. К.Мәсімовтің алдағы сапары барысында 2010 жылы Қа­зақстанда Франция мәдениетінің маусы­мын, ал 2014 жылы Францияда Қазақстан мәдениетінің маусымын өткізу бойынша құжатқа қол қойылады. Осылардың барлығының жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тағы бір мәрте нақтылай түсетіні күмәнсіз. Әңгімелескен Самат МҰСА.