• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2011

Қазақстандағы исламдық қаржыландыру, даму перспективалары

1897 рет
көрсетілді

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

“Банктер және банк қызметі туралы”, “Бағалы қағаздар рыногы туралы” Заңдарға және бірқатар басқа да нормативтік құқықтық актілерге елдегі исламдық қаржыландыруға қатысты түзетулер енгізілгеннен кейін іс жүзінде исламдық банкингтің дамуы үшін құқықтық жағдайлар жасалды. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі зайырлы қоғам үшін құптарлық исламдық банкингтің моделін тұңғыш рет құрып қана қоймай, классикалық және исламдық жүйелер үйлесімдігінің қолайлы форматын жасап отыр. Қазақстандағы исламдық қаржының әлі ұзаққа созылмаған тарихы көрсетіп отырғандай, жүйелердің өзара бейімділігі жаман емес, антагонизм жоқ, алайда кейін оның даму барысында бірқатар ерекше мәселелер мен проблемаларды да шешуге тура келеді. Қазіргі уақытта классикалық қаржы институттарымен қатар республикада алғашқы мынадай исламдық институттар тіркеліп, жұмыс істеуде: Al Нilal банкі, АӨҚО қатысушысы – “Fattah Finance” исламдық инвестициялық қорын басқаратын брокерлік компания; отандық және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасу арқылы Қазақстандағы исламдық қаржы нарығының жүйелік және жан-жақты дамуына ықпал ете алатын Исламдық қаржыны дамыту қауымдастығы. Такафул-сақтандырудың екі түрін: шет елге баратын тұлғаларды ерікті сақтандыруды; жазатайым жағдайлардан такафул-сақтандыруды жүзеге асыратын “Такафул” өзара сақтандыру қоғамы” ӨК алғашқы исламдық сақтандыру компаниясы тіркелді. АӨҚО деректері бойынша өткен жылы компания 70-тен аса сақтандыру полисін жазған. Исламдық қаржы институттарының Қазақстанда белсенді қалыптасуы әлемдік дағдарыстың өткір кезеңіне сәйкес келгенін атап өткен маңызды. Белсенділік көбіне объективті себеппен: әлемдік қаржы дағдарысының исламдық банкингті шарпымауымен түсіндірілді. Екінші себеп – Қазақстанның баламалы қаржы жүйесін қабылдауына заңнамалық тұрғыдан дайын болуы. Осы дайындық қаржы жүйесінің бұл бағыттағы он жылдан астам баяу қозғалысының қорытындысы болды. Өтімділік дағдарысы және баламалы қор жинау көздерін белсенді іздеу катализатор болды. Практика көрсетіп отырғандай, капиталдың әлемдік нарықтарының қазіргі кезде байқалып отырған жандануы Қазақстанның исламдық банкинг жағына қарай жылжуына кедергі болмады. Бұл саладағы көп векторлық саясатының нығая түскенін атап өтуге болады. Бұл жайында біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитетінің төрағасы Дархан НҰРПЕЙІСОВПЕН жан-жақты әңгімелесеміз. Нақты пайдаға қарай – Дархан Қадырбайұлы, классикалық қаржы секторындағы ахуалдың қалай қа­лыптасатындығына қарамастан Қазақ­стандағы исламдық банкинг дами береді деген қорытынды қаншалықты шын­дық­қа жанасымды? – Заңдарға түзетулердің енгізілуі осы қаржы саласын іс жүзінде дамыту ниетінің барынша байыпты екендігін көрсетеді. Одан кейін де жасалған қадамдар осы қорытын­дыны растайды. Реттеушілер исламдық қар­жыландырудың негізгі халықаралық стан­дарттарын ескерді. Нәтижесінде АӨҚОҚРА Байланыс және ақпарат; Индустрия және жаңа технологиялар; Қаржы; Экономикалық да­му және сауда министрліктерімен, СІМ, ҚҚА, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, сондай-ақ ҚР ҰБ-мен бірлесіп “Қазақ­стан Республикасында исламдық қаржылан­дыруды дамыту жөніндегі 2010-2012 жыл­дар­ға арналған бірлескен іс-қимылдар жос­парын бекіту туралы” қаулы және бұйрық қабылдады. Құжаттар топтамасы “Жол кар­тасы” деген ат алды. Ол мүдделі мемлекеттік органдармен инвестициялар тарту, исламдық қаржы құралдарын дамыту және ендіру жөніндегі үйлескен іс-шаралардан тұрады, исламдық қаржы институттарын тарту және ашу жөніндегі жағдайларды қалыптас­тыруды көздейді. Корпоративтік эмитенттер үшін бенчмарк (инвестициялардың нәтижелілігін салысты­ру үшін үлгі болып табылатын көрсеткіш немесе қаржылық актив, кірістілік) құру мақ­сатында тәуелсіз исламдық бағалы қағаздар шығару жоспарланып отыр.  Исламдық қаржы жөнінде Қазақстанда да, шет елдерде де түрлі халықаралық форумдар мен конференциялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша қаржылық сауаттылық­ты көтеру мақсатында АӨҚО Академия­сында исламдық қаржының ерекшеліктері мен қағидаттарын ашып көрсететін бірқатар семинарлар, сондай-ақ Лондон бағалы қа­ғаздар мен инвестиция­лардың аккредиттелген институтының (CISI) Исламдық қаржы­ландыру біліктілігі (IFQ) бойынша оқыту өткізілді. Алға қадам басқан әріптестік – Заңнамалық базаны дамыту туралы, оқыту үдерістері туралы айтарлықтай көп айтылады, бұл кез келген жаңа сала қызметінің дамуы үшін қажетті шарт екендігі түсінікті. Біздің, соның ішінде оқырмандарымыздың Қазақстанның сөз­ден іске көшкендігі жайында, нарық­тағы айтарлықтай ілгері жылжу туралы қоя­тын сұрақтары да аз емес. –  Исламдық қаржыландыруды дамытуға бағытталған нақты қадамдардың заңдарға түзетулер енгізілгенге дейін жасалғандығын айтар едім. Қоғамда қызу талқыланбағанмен, олар нақты жобалар болатын. Отандық екінші деңгейдегі банктердің исламдық банктермен және Ислам Даму Банкімен әріптестігі оған мысал бола алады. Қаражат жеке сауда операциялары үшін де, бизнестің жекелеген түрлерін коммерциялық кредиттеу мақса­тын­да да тартылды. Мурабаха (сатып алу-сату шарты) өнімі арқылы қазақстандық ком­па­ниялардың қызметін қаржыландыру кезінде дәстүрлі банктер агенттер ретінде болды. Мурабаха қағидаттарына сәйкес банк клиент­тің атынан исламдық қаржыландыруға сәй­кес келетін белгілі бір тауарды сатып алады, содан соң оны клиентке үстемеақы қосып сатады,  сомасын тараптар алдын ала келісіп алады және ол белгілі бір мерзім ішінде төленуі тиіс. Астанада “Абу-Даби Плаза” отелін ашу туралы және алғашқы ислам банкін ашу ту­ралы үкіметаралық екі келісімге қол қойыл­ғанын да атап өткен жөн. Алайда, бірінші жоба әзірге тоқтатылған. Ал екіншісі іске асырыл­ды: Al Hilal 2010 жылғы наурыздан бастап жұмыс істейді. Небәрі бір жылдың ішінде ол 23 млн. долларға жуық сомаға телекоммуникациялар, сауда, құры­лыс және басқа салаларда кейбір жобаны қаржыландырды. Қазіргі уақытта “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ Al Hilal-мен бірлесіп ҮИИД бағдарламасы шеңберінде бірнеше жобаны қаржыландыру мәселелерін қа­рас­тыруда. 2011 жылғы шілдеде банк меншікті капиталын 70 млн. долларға дейін екі еселейді деп күтіледі. Бұдан басқа “ҚазАгроҚаржы” компания­сы исламдық қаржыландыру қағидаттары бойын­­ша қаражат алған компания ретінде мы­сал бола алады, ол Ислам Даму Банкінен (ИДБ) агроөнеркәсіп кешені үшін лизингке жабдық пен техника сатып алуға 30 млн. доллар мөлшерінде заем алды. ИДБ “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік жобасының шеңберінде де 400 млн. доллар бөліп отыр. Жалпы алған­да 2011 жылға қарай (трансұлттық жобаны есептемегенде) исламдық банктердің Қазақ­станға 500 млн. доллардан аса қаражаты тартылды. Исламдық қаржы бойынша нормативтік құ­­қықтық базаны дамыту қаржыландыру көз­де­рін әртараптандыруға және елімізде тұрақты қаржы жүйесінің дамуына мүмкіндік береді. Алғашқы Al Hilal ислам банкінен басқа республикада қызметтері исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін басқа да ұйым­дар жұмыс істеуде. Аса айрықша құрылымдар да бар. Мысалы, Малайзияның AmanahRaya мемлекеттік компаниясымен бірлесіп республикада инвестициялық қор түрінде Қажылық Қор исламдық қаржы өнімі құрылды. Онда Қажылық жасауға арналған қаражат жинақ­тал­ған. Мұндай қордың құрылуы  халықтың бос қаражатын жұмылдыруға мүмкіндік беріп, оның исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес жинақталуын қамтамасыз етеді. Бұған дейін АӨҚО ҚҚА-мен бірлесіп исламдық сақтандыруды ендіру жөніндегі заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта бұл құжат талқылану үстінде, жылдың аяғына дейін Үкіметке енгізу жоспарланып отыр. Бұл тізбе әрі қарай да жалғаса береді: елімізде исламдық қаржылан­дыруды дамыту қабылданған Жол картасына сәйкес жалғасуда. Заңдағы сукук – Негізгі белестерін атап өтейікші…  – Жол картасы аясында әлемдегі бірқатар жетекші ислам ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылатын болады. Атап айтқанда, Халық­аралық исламдық қаржы нарығы (International Islamic Financial Market), Исламдық қаржы институттарындағы бухгалтерлік есеп пен аудит жөніндегі ұйым (Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions), Халықаралық исламдық рейтинг агенттігі (In­ternational Islamic Rating Agency), Исламдық қаржы қызметтерін көрсету жөніндегі кеңес (Islamic Financial Services Board) сияқты және басқалары. Осы институттарға қолдау көрсету аясында білуге деген қызығушылығын қана­ғат­тандырудан және ұйымдастыру міндеттерін шешуге көмектесуден басқа исламдық қаржыландырудың тұтас бағыттары дамитын болады. Осындай маңызды бағыттардың бірі – Қазақстанда исламдық микрокредиттік ұйым­дарды ашу және жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау. Лизинг және ипотека секторын да дамытатын боламыз.  Жол картасын іске асыру елде исламдық қаржы қызметтері индустриясының тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға, эмитенттердің, инвесторлардың және нарықтың кәсіби қаты­су­шыларының сыни жағдайлардағы тобын құруға ықпал ететін болады. Бұл құжат Ал­матының 2020 жылға қарай аймақтағы ал­дыңғы қатарлы қаржы орталықтарының бірі ретінде қалыптасуына да ықпал ететін болады және жалпы алғанда Қазақстанның халықара­лық дең­гейдегі исламдық қаржыландыру орталығы ретінде мәртебесінің нығаюына септігін тигізеді. Исламдық қаржыландыру жүйесінің да­муы­на қарай осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіре беретініміз сөзсіз. Атап айтқан­да, салық және банк заңнамасына тиісті өз­герістер енгізу қажет. Қазіргі кезде еліміздің заңнамасы ис­ламдық банкинг қызметтерін мамандан­дырыл­ған исламдық банктерге ғана көрсетуге мүм­кіндік береді. Исламдық банк, “Самұрық-Қа­зына” ҰӘҚ ұлттық холдингі, “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингі және олардың  100%-дық еншілес ұйымдары құрған исламдық арнайы қаржы компаниялары ис­ламдық бағалы қағаз­дар­дың (сукук) эмитент­тері бола алады. Жақын­да Парламент Мәжі­лісі исламдық қаржылан­дыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша заң­намаға түзетулерді мақұлдады, ол түзетулер ори­гинаторлардың (эмитенттердің) тізімін кеңей­туге мүмкіндік беріп, Қазақстанның ТМД және Орталық Азия аумағында тәуелсіз сукук­тың бірінші шыға­рылымы үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ис­ламдық қаржы саласын реттейтін заңнаманы дамыта отырып, біз әлі де бірқатар мәселе­лерді шешуіміз қажет. Атап айтқанда, ислам­дық банктер депозиторларының мүдделе­рін қорғау, сондай-ақ исламдық және дәстүрлі банктер үшін тең жағдайды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік міндетті кепілдік беру жүйесіне талап еткенге дейінгі пайызсыз депозиттерді қосу қажет. Түзетулердің бұл қомақты топтамасы исламдық сақтандыруды ендіру үшін заңнамалық жағдай жасау мақ­сатында қабыл­дануы тиіс. Исламдық банктерді, такафул-ком­панияларды, исламдық инвес­тициялық қорлар­ды, консалтингтік компания­ларды ашу мақса­тында инвесторлар тарту жөнінде де тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүр­гізуіміз қажет. Тәуекелдер мен кірістерді бөлудегі әділдік –  АӨҚО мамандары исламдық банкингті алдын ала әрі жан-жақты, оның ішінде Қазақстанда қалыптасқан қаржы жүйесіне оның бейімделу мүмкіндігі және оның әлеуеті тұрғысынан зерделеді. Ислам­дық қаржыландырудың қандай артық­шылықтарын ерекше атап өтіп, қандай кемшіліктеріне тоқталар едіңіз? – Көптеген сарапшылар атап жүрген маңызды артықшылық – исламдық қаржы­ландыру жүйесінің әлемдік қаржы дағда­рысына қарсы едәуір тұрақтылығы. Дағда­рыстан кейін де исламдық қаржыландыру институттары артық өтімділік көрсетіп отыр. Исламдық қаржы жүйесі тұрақтылығының мәні -  мәмілеге қатысушылар арасында тәуе­келдер мен кірістердің әділ бөлінуінде. Демек, мәміленің екі тарабы да жобалардың кірістілігі мен инвестициялардың қайтарым­дылығы үшін жауапкершілік атқарады. Ис­лам­дық қаржыландыру қағидаттары мәмі­леге қатысушылар арасындағы өзара сенімге, әділдікке, шындыққа, айқындылыққа жә­не транспаренттілікке негізделген, бұл  дәс­түрлі қаржыландырумен салыстырғандағы негізгі артықшылық болып табылады. Бұдан басқа исламдық қаржыландыруда ақша тауар емес, құн шамасы ретінде қарас­ты­рылады, сондықтан да валютамен алып­сатарлық жүргізуге тыйым салынған. Біріншіден, пайыздық ставкаға тыйым исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарына жатады, сондықтан да мұнда дәстүрлі банктік депозиттер мен кредиттер жоқ. Екіншіден – тәуекелдердің бөлінуі. Банк клиенттің жобасын қаржыландыра отырып, оған тең инвестор болады, соған байланысты, жоға­рыда атап өткенімдей, жобаның тәуекелдерін де, пайдасын да бөліседі. Үшіншіден,  алыпсатарлық әрекетке тыйым. Бұл тағы бір  - белгісіздікті болдырмау қағидаты. Әрбір мәмілені жасамас бұрын оның барлық талаптары: қатысушылары, мәні, мерзімдері және т.б. нақты айқындалуы тиіс. Тағы бір тыйым – белгілі бір тауарлармен: темекімен, алкогольмен, қару-жарақпен, шошқа етімен, құмар ойындарды дамытумен және т.б. байланысты сауда операцияларын қаржы­лан­дыруға үзілді-кесілді тыйым салынған. Исламдық банкингтің біздің өмірімізге бейімделуінің қиындықтары туралы айтар болсақ, мен ең алдымен институционалдық-құқықтық базаның жеткіліксіз дамуын айтар едім. Екіншіден, жаңадан енгізілген ислам­дық құралдарды реттеу, бақылау және салық салу тетіктерінде қиындықтар бар. Үшінші проблема – мемлекеттік және Шариғат ба­қылауын жүзеге асыру үшін білікті маман­дар­дың жоқтығы. Осының бәрі ислам банктерін құруға және олар ұсынатын өнімдерге жұм­салатын шығыстарды айтарлықтай ұлғайтады. АӨҚО үшін исламдық міндеттер – Al Hilal банктен кейін елімізге басқа да қаржы институттары келеді деп күтіл­ген болатын. Алайда әзірге ондай ойын­шылар жоқ. Бұл дағдарыс енгізген түзету ме? – Дағдарыстың да әсері бар. Бірақ бұл жерде басқасы маңыздырақ: қаржы қызба­лық­ты көтермейтіні белгілі. Әзірге жұртшы­лық байқай бермейтін жұмыстар, үдерістер жүргізілуде. Бұл жұмыстың нәтижесі де көп ұзамай көрініп қалар. AmanahRaya, “Fattah Finance” АҚ және Қазақстан Даму банкі құратын ислам банкін ашу жоспарланып отырғанын айтуға болады. Жылдың аяғына дейін бұл банк жұмысын бастап та кетуі мүмкін. Исламдық қаржы нарығының тағы бір қатысушысы – Алматыда өзінің өкілдігін ашқан “Кувейт-түрік қатысу банкі” қазақ­стан­дық банк нарығына кіру мәселелерін белсенді зерделеуде. Исламдық банк өнімде­рін ұсыну жөнінен банк Түркиядағы көшбас­шылардың бірі болып табылады. Менің ойымша, ол нарықтағы мықты қатысу­шылардың бірі болады. – Исламдық қаржыландырудың дамуы Қазақстанға не береді? – Қазақстанда исламдық қаржылан­дырудың дамуы инвесторларға инвести­ция­лаудың баламалы құралдарын ұсынады, жалпы алғанда, ел экономикасының қаржы­лық тұрақтылығына қолдау көрсетудің қо­сымша көздерін құруға мүмкіндік береді. Қазір исламдық қаржыландыру секторы - әлемдегі ең жылдам дамушы сектор. Оның әлемдік активтері 1 триллион доллар деп бағаланады, бұл ретте өсу қарқыны да соңғы жылдары ерекше жоғары - жылына 15-20%. – Әңгімеңізге рахмет.           Әңгімелескен Алла ДЕМЕНТЬЕВА.   Глоссарий Мудараба  – пайда мен зиянды бөлу. Мушарака – бірлескен қызмет туралы келісім. Мурабаха – сатып алу-сату шарты. Сатушының тауардың спот бағасы және мерзімін кейінге қалдырғаны үшін  үстемеақы туралы ақпаратты жария етуі Мурабаханың шарты болып табылады. Кері сатуға тыйым салынған. Кард Хасан – заем. Заем талап ету бойын­ша кері қайтарылады. Несиелік пайызға тыйым салынған, бірақ кредиторға сыйлық беруге болады. Иджара – осы операцияның негізінде арендаторға заттан түскен кірісті пайдалану және алу құқығы беріледі. Такафул – исламдық сақтандыру. Сукук – исламдық бағалы қағаздар, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін шығарылады. Бай ал-Кали би ал-Кали – борышты бо­рышқа сату, мысалы, форвардтық келісім­шартты ол үшін төлемнің мерзімін кейінге қалдыра отырып сату. Riba – өсім алу – борыштан несиелік пайыз алуға тыйым. Gharar – белгісіздік – қажетті шектен шығып кеткен қасақана тәуекелге тыйым және келісімшарттағы белгісіздік. Maisir – құмарлық – кездейсоқ жағ­дайлардың тоғысуы нәтижесінде пайда алу. Тыйым салынған тауарлармен, қызмет­термен мәмілелерге тыйым салынған.