• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2011

«Антивирус» спектаклі бізге не айтқысы келеді?

463 рет
көрсетілді

Жұртшылықтың сахна өнеріне деген іңкәрлігін суытпау театр ұжы­мы үшін ең басты мақсат. Сондықтан да театр мен көрермен арасында тығыз бай­ланыс орнату мақсатында Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ му­зы­калық драма театры жаңа туын­ды­лардың бірінен кейін бірін жұрт­шы­лық назарына ұсынуды соңғы кезең­де әдетке айнал­дырды десек те бола­ды. Бір есептен өйтпеске қақысы да жоқ сияқты. Бұлай дейтініміз, өнер­дің мүйізі қарағайдай корифейлері мен театр сыншы­лары­ның пікіріне сүйенсек, бүгінде еліміздегі мықты режиссерлер осы театрда еңбек ететін көрінеді. Біздіңше, мұның өзі де заңдылық сияқты. Өйткені, өнер­дің айтулы тұлғаларының да шығарма­шы­лық тағдырын бүгінде Астанамен жымдастыра өруінің маңызы зор десек, ұдайы ізденісте жүретін мықты ре­жиссерлердің бірі, тіпті бірегейі Болат Ұзақов қойған туындыларды жұртшы­лық­тың қалт жібермейтінін, сахнаға шыққан бетте оны арнайы барып кө­ре­ті­нін естіп те, байқап та жүрміз. Әрине, шығармашылық ада­мы үшін бұл ең үлкен бақыт қой. Алайда, ондай бақыт­тың оп-оңай ба­сы­ңа қона салмасы да белгілі. Өйт­кені, ондай бақытқа ты­ным­сыз ең­бек­тің, ұдайы ізденістің нә­ти­жесінде ғана жетуге болады. Біз жоғарыда Болат қойған туын­­дыларды Астана жұртшы­лы­ғы­ның қашанда күтіп жүретінін жәй көңіл аулау үшін айтып отыр­ғанымыз жоқ. Сол театр көрер­мендері айтқан пікір­лерді ғана тілге тиек етіп отыр­мыз. Міне, бұл жолы да тағы бір тың туындыны Болат Ұзақовтың сахнаға шығар­ға­нын, оның қаны тамып тұрған бүгінгі күннің проблемасы екенін де көрермен қауымнан, газет оқыр­мандарынан естігенбіз. Жақсыны көрмекке деген, Болат Ұзақов сахналаған Еркін Жуас­бектің  «Антивирус» комедия­сына, сөйтіп, біз де барғанбыз. Бастапқыда спектакльдің «Антивирус» деген атына қарап, адам ден­сау­лы­ғына қатысты дүние болар деген ойға келгенбіз. Алайда, бұл жеке адам­ның тән саулығынан гөрі, қо­ғам­ның жан саулығын қаузайтын дү­ние болып шықты. Дегенмен, бас­тап­қы ойымыз мүлдем негізсіз деуге де келмейтін сияқты. Өйткені, қоғам да жанды ағза ғой. Әдетте, бастың ауырып, балтыр­дың сыздауы өзінен өзі туындай сал­май­ды. Демек, бұл адам ағзасында вирустың көбе­йіп, ауруды қоздырып тұрғанын көр­се­те­ді. Егер сол вирусқа қарсы дәрі егіп, ағзаны емдемесе, оның түбі ке­са­пат­ты кеселге айналмақ. Тіпті, адам өмі­рі­не үлкен қауіп төндіруі де әбден мүмкін. Қоғам өміріне де қатыс­ты осыны айтуға болады. Спектакльдегі оқиға өзіміз күнде көріп жүрген техникалық қызмет көр­­сету орталығында өрбиді. Бүгін­де темір тұлпар кез келген адамның тақы­мын­да жүргені өзімізге аян. Сон­дық­тан да, бұл орталыққа бас сұқ­­пайтын адам кемде-кем. Жігіт-же­лең де, қыз-қырқын да осында. Егер бажайлап қара­саңыз, осындай ор­та­лықтарда (жал­пы қызмет көр­сету саласының қай түрінде болсын) іші-бауырыңызға кіріп, майлы қа­сық­тай жылпылдап тұр­ғандардың негізінен келімсектер екенін аңғару қиын емес. Олар сізге «Кезек күтіңіз. Ертең келіңіз» демейді. Ақ­шасын берсеңіз, лыпыл қағып, лезде қыз­мет көрсетеді. Көлігіңізді жуып та, жөн­деп те береді. Ал біздің қазекең осын­дай жүзіктің көзінен өткендей қыз­меткер жалдап, соларға бастық бо­лып, қоқиланғанына мәз. Иә, олар ар жағына ой жүгіртіп, бас қатырып жат­қан жоқ. Ал келімсектердің әр­қай­­­сы­сының өз арманы бар. Олар қайтсе де  қазақтың қалтасын қағып, мол ақша тапқысы келеді. Оның бірі жер сатып алып, алып ғимарат тұр­ғы­зып, айнала­сы­на ағайын-туғанын жинап, бүгінгі бастық болып шертиіп жүргендерді малай орнына ұстау­ды көздейді. Спектакльдегі Равшан (Дастан Әлімов, Жәні­бек Мұсаев) соның бірі. Сырттай елгезек, елге жұғымды көрінгенімен, оның ішінде әлгіндей жымысқы ой тұ­нып жатыр. Тіпті онысын жасыр­майды да. Жал­пы, сырттан келіп, қазақ жерінен нәпақасын айырып жүргендердің қай-қайсысы да осындай әртүрлі ой­дың жетегінде жүргендер. Олардың бірі­нің туған жерінде жүздеген гектар жері, оншақты дүкен, ресторан­дары бар. Бірақ, оны місе тұтып жүрген олар жоқ. Өздері жұмыс істеуге қырсыздау халықтың есебінен байып жатуға мүм­кіндік бар болса, оны қалай құр жіберуге болады?! Сондықтан олар қазақ жеріне келіп, ақша тауып жүр. Мейлі, бүгінгі бас­тықтар әзірге бізге қожайын бола тұр­сын. Әуселесін кейін көреді. Шаруа­сы шатқаяқтап шыға келгенде, менің қол астыма келіп малай бола­ды, деген ойды  да Нафиса (Нұрзада Ташимова, Майра Омар), Фатима (Бақыт Жұмағұлова, Зибагүл Карина), Зульфия (Айман Аймағамбет, Гүл­баршын Қы­лышбай), Гүльчетай (Айнұр Бер­мұ­хамбетова, Айнұр Жет­піс­баева) қосыла орындаған би қимылдары айқын аң­ғартып, буын-буыныңды қуалап бара жатады. Ал біздің ағайындар болса, бар шаруаны келімсектерге жүктеп,  өз­дері сыра ішіп, карта ойнағандарына мәз. Тіпті, олай етпесіне де келімсек­тер­дің ырық беретін түрі жоқ. Дәмді таға­мын ал­ды­на тосып, шыбынын қорып, әлди­леп ұйықтатуға да даяр. Ал өздері болса еш  бейнеттен қашпайды. Шар­­­ша­­дыңдар ғой, бір мезгіл дем а­лың­дар  деген сөзді мүлдем естігісі де келмейді. Өйткені, олар уақыттың ақша, та­быс екенін жақсы біледі. Мұндай жағдайда не істеген жөн? Ушығып тұрған жараны бү­гін емдемесең, оның іріңі бүкіл де­неңе жайылады. Демек, вирусты ем­деу үшін антивирус керек. Режиссер бұл шешімді қазақ әйел­дері­нің иығына жүктепті. Бұл да жәйдан-жәй туа салған шешім емес. Олай дейтініміз, қазақ деген халықтың бүгінгі күнге аман-есен жетуі – ең алдымен, қазақ әйелінің арқасы десек, бұл артық айт­қан­дық емес. Олар бейбіт кезең­де бала туып, ұрпақ көбейтсе, ел ба­сы­на күн  туған сәттерде де қарап отыр­­мады. Қолына қару алып, ерлермен бірге  жаудан елді қорғады. Тіпті, күні кешегі өтпелі кезеңде, ер азаматтар абдырап қалғанда, ала қап­ты арқа­лап, ұлтымызды сол ке­зең­дегі тығы­рық­тан аман-есен алып шыққан да сол қазақ әйелі болатын. Ал ата-баба­мыз ғасырлар бойы ар­ман­даған тәуел­сіздік таңын  жақын­датуға да біздің қыз-келіншек­тері­міздің қосқан үлесі бір төбе деуге болады. Бұл орай­да, сонау Желтоқ­сан көтерілі­сін­де өрім­­дей қыздары­мыз­дың ба­сын бәйгеге тігіп алаңға шыққаны, жігіттерге жігер беріп, өк­тем күшке қарсы ерекше қайрат көрсеткені өзімізге белгілі.  Ендеше, режис­сер­­дің қазақ әйелінің бойындағы табан­ды­лыққа, ұлтжандылыққа, әріден ой­лай­тын байыптылыққа сенім артуы әбден орынды деп білеміз. Сахналық туындыдағы қазақ әйел­дері Жамал (Жұмагүл Мейрамова, Түймехан Атымтаева), Сәуле (Гау­­­һар Жүсіпова, Таңсұлу Мұзап­парова), Жанна (Сая Тоқман­ғалие­ва, Айнұр Жүгінісова) ойынды одан әрі ширатып әкетуі сол сенімді ақтаса деген ел арманы сияқты елес береді. Иә, әшейінде жан әлем жадағайлау жі­гіттерді көзге ілгісі келмейтін қыз­­дар көпті көрген Жамал апа­лары­ның ақыл-кеңесіне жүгінеді. Ал­дарында қырық құбылып, еркек­тер­дің көңілі­н жаулап алған келімсек әйелдер­ден оларды бүгін ара­шалап алмаса, ертең кеш бола­ты­нын жан-тәнімен сезіне отырып, қыз­дар да қарсы айла-әрекетке бара­ды. Сөйтіп, әрең дегенде ер-азамат­тардың бетін бері бұра­ды. Келімсек келіншектердің емек­сіт­кеніне елігіп жүрген Асан (Тілектес Мейрамов, Ерлан Малаев), Самат (Жас­ұлан Ерболат, Шахмұрат Ордабаев), Марат (Қасымхан Бұғыбай, Қуандық Қыс­тықбаев) сынды ер-азаматтар есін жиып, екі тізгін, бір шылбырды жинап алады. Бұдан кейін қазақты тегін жатқан батпан құй­рық көріп жүргендер тайраңдаудан тыйылып, бет-бетіне қаша бастайды. Жұрттың қалтасын қаққан сайын: қазағым аман болсын, оның арқа­сы­нан қақсам, менің де қалтам тола­ды. Бір теңгені мың теңге, мың теңгені миллион, миллионды миллиард етем деп әндете билеп жүрген Равшан­ның да зәре құты қалмайды. «Ау, бір амалын тапсаңызшы. Бұлардың бетін қайтадан өзімізге бұрайық та» деген өзі сияқты келімсектерге ол екі көзі алақ-жұлақ етіп, қазақтың еркектерін өз дегеніңе көндіруге бо­ла­ды-ау, ал бұлардың әйелдері қиын деп зытып бара жатуы, біраз жәйтті аңғартып тұрғандай... Міне, осылайша бүгінгі қоғам тынысындағы олқылықтарды сахна арқылы көрсете отырып, көрер­менге ой салуды көздеген спектакль өзінің діттеген мүддесінен  шыққан. Және осының бәрін әртіс­тер күлкіге бөлей отырып жет­кізе­ді. Тіпті, мұнда бөле-жара айтатын бас кейіпкер жоқ десе де болады. Өйткені, оқиға бір адам­ның айна­ла­сында ғана өрбімейді. Барлық кейіпкерлерді тең деңгейде қатыс­тыра отырып, мәселенің мәнін аша­ды. Ондағы мақсат – қоғам ты­ны­сындағы кеселді кінәрат бәрімізге қатысты екенін меңзеу сияқты. Әрине, бұл сахналық қойы­лым­­ды біз мінсіз дүние деуден ау­лақ­пыз. Әлі де қайта қарап, әрлей түсетін, қырлай түсетін тұстары баршылық. Солардың қайсыбіріне тоқтала кетсек, осы сахналық туын­дыда ойнай­тын әртістердің әрқайсысы өз кейіп­керінің бол­мыс-бітімін ашудағы ізденісін әлі де болса ширата түскені оң болар еді. Бұл ескертуді, әсіресе, спек­такль  басталар тұста Равшан­ның  ән­дете жүріп билейтін тұсына қа­тысты айтуға болады. Өйткені, спек­такльді ә дегеннен жанданды­рып, кө­рермен көңілін бірден өзі­не тар­тып әкететін де осы тұс қой. Өкі­ніш­ке орай, бұл көрініс сол­ғын­­дау шық­қан. Сондықтан да  оны ширата түсу өз-өзінен сұра­нып тұрған мәсе­ле. Бұл ойды келімсек әйелдер биіне бай­ла­нысты да айтуға болады. Олай дейтініміз, бұл әйелдердің қимы­лын­да да лыпылдаған ширақтық, жы­мысқы ойнақылық  жетіспей жат­қан­дай. Әрі ритмге ілесе алмаған шашы­раңқы қимыл да көзге ұрып тұр. Әрине, айта берсе, мұндай кемшілік аз емес. Алайда, біз көш түзе­летін мұндай жәйттерді бұдан әрі тізбелеуді жөн көрмедік. Ең басты­сы, спектакль жұртқа атан түйеге арт­саң, белі қайысатын ой ар­қала­тып жібереді. Және әдет­тегі­дей жан әлеміңді езіп, жүйкеге ауыр салмақ салмай-ақ, сол ойды күлкі арқылы көрермен жүрегіне жеткізе біледі. Сөз жоқ, бұл режиссердің де, пьеса авторының да зор табысы. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, Астана.