• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2011

Шешуші кезең

436 рет
көрсетілді

Осы күндері «Шығыс» өңірлік қолбас­шы­лы­ғының әскери полигонында Қазақстан мен Ресей Қарулы Күштері қатысатын «Шығыс – 2011» бірлескен жедел-тактикалық команда­лық-штабтық оқу-жаттығуларының шешуші ке­зеңі өтуде. Бұған дейін Қазақстанның әр түрлі поли­гон­дарында өткен командалық-штабтық және так­тика­лық-арнайы оқу-жаттығуларына «Шы­ғыс», «Оң­түстік», «Астана» өңірлік қолбас­шы­лықтарының, Әуе қорғанысы күштерінің құ­рамалары мен бө­лімдері, Аэроұтқыр әскер­лерінің десантты-шабуылдаушы бөлімшелері қатысты. Ал «Шығыс – 2011» жаттығуларының шеңберінде «Қызылағаш» полигонында өткен Қа­зақстан Әуе қорғанысы күштері мен Ресей Әскери әуе күштері «Әуе күштері – 2011» бірлескен жаттығуларында екі ел әскери әуе күштерінің басшылығы мен ұшқыштары бірлесе қымылдау арқылы жақсы тәжірибе жинақтай алды. Қазіргі таңда десантты-шабуылдаушы бөлім­ше­лер ең ұтқыр және барынша дайындалған бөлімше болып табылады. Аз құрамда, заманауи қару-жа­рақтармен жарақталған десантшылар тапсыр­ма­лар­ды қысқа мерзімде орындауға қабілетті. Қазақстан мен Ресейдің бөлімшелері ҰҚШҰ Жедел қимыл­дайтын ұжымдық күштерінің құрамына кіретіні белгілі. Олар үшін мұндай жаттығулардың тапсыр­маларын орындау ҰҚШҰ Жедел қимылдайтын ұжымдық күштерінің іс-қимылы шеңберіндегі тапсырмалармен ұштасып жатыр. Кеше «Шығыс» полигонында оқу-жаттығудың маз­мұнына сай жауынгерлік іс-қимылдар өткізілді. Қа­зақ­стан және Ресей Қарулы Күштері өкілдерінен құралған коалициялық топ шартты әскери қақтығыс орын алған аумақтағы жағдайды тұрақ­тан­дыруға арналған операцияларды бірлесіп жүргізді. Жаттығуларға барлығы 3500-ден астам әскери қызметші қатысуда. 500-ден аса автомобильді және бронды техника тартылған. Олар – жаяу әскердің жауынгерлік маши­на­лары, Т-74 танкі, бронды транспортерлер. «Град», «Гиацинт», «Мста», «Гвоздика» сын­ды артилле­риялық қондырғылар да өз по­зицияларынан артиллериялық соққы берді. Жаттығуларға Қазақстан мен Ресейден отыз­дан астам авиатехника қатыстырылды. Олар­дың қатарында Су-27, Су-24, Ту-22, Ил-76 ұшақ­тары мен Ми-24, Ми-17, Ми-8МТ тікұшақтары бар. Әскерлерді басқару негізі байланыс болып табылатыны белгілі. Жаттығу барысында Қазақстан жағы далалық жағдайда спутниктік байланыс орна­тып, интернет желісін қосты. Далалық жауынгерлік басқару орталығындағы баяндаулар мен тыңдаулар заманауи бейнеконференция желісін қолдану ар­қылы жүзеге асты. Жаттығу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресейдің әскери басшылығы жаттығулардың басты мақсаты – басқару органдарының өзара іс-қимылы сәтті орындалды деп шешті. Командирлер мен штаб­тар арнайы операциялар жүргізуге тәжірибе жинақтаса, әскерлер өздерінің далалық біліктерін жетілдірді. Сонымен қатар, екі елдің әскер­ба­сы­ларына әскерлердің коалициялық топтарын құру, оны жасақтау және қолдану мәселелерін зерттеуге қосымша мүмкіндік туды. Дина МУХАРИНОВА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.