• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Алда шауып бара жатыр ақ атпен

474 рет
көрсетілді

Бүгін жұмыста отырғанымда маған бір азамат телефон соқты. Сәлем­дес­кеннен кейін, «Егемен Қазақ­станның» басшысы Сауытбек Абдрахманов: «Тұмаға, сізге бір қолқа сала­йын деп отырмын.  Шілденің 6-сы елор­да­мыз­дың да, Елбасымыздың да туған күні екенін жақсы білесіз.  Осы оқи­ғаға ар­налатын арнаулы нөмірдегі мақа­ланы сіз жазса деген ойға келіп отырмыз», деді. Мен көңілімдегі қуанышымды жасыра алмай: «Сөзсіз жазамын, бірақ мақаланың орнына өзім бала күннен машықтанған өлең жазсам қайтеді?» дедім. Мақаладан гөрі өлең жазуды қуаныш көретін көңілімді жасыра алмадым. «Бізге керегі мақа­ла», деді інім. Мен келістім. Әйтпесе, «Балыққа қара судан терең оңай, ақынға қара сөзден өлең оңай», деп Кенен ата айтқандай, қаламыма жыр жолдары алдымен оралып тұра­тыны рас та ғой. Президент туралы мақала жазу сеніміне ие болғаныма өз ішімнен қуа­нып та қалдым. Алыстан да, жақыннан да өз қиялыммен жиі көретін Нұрекең туралы мақаламды бастап та кеттім. 1962 жылы көктем айларының бірінде Алматыда өткен Қазақстан комсо­мо­лының съезі менің есімде қалыпты. Съездің екінші күні ғой деймін, ұмытпасам. Мінбеге Теміртау қаласынан келген болатшы жігіт көтерілді. Ол онша қысылып, қым­тырылған жоқ. Өзіне-өзі өте сенімді жігіт: «Достар, біздің Теміртауда өңкей өнерлі сұлу жігіттер тұрады, олар әнді өте жақсы айтады, биді де келістіріп билейді. Болатты да өте жақсы қоры­тады. Жалындаған жас жігіттерге бәрі де жетеді, бірақ жетпейтін бір нәрсе бар, олар – сендерсіңдер, қыздар, сендердің күн секілді сұлу бейнелерің олардың арманын, қиялдарын алыс күн­дерге, бақытты шақтарға алып ұша­ды. Сенімді серік, ардақты ана бола­мын десеңдер, бүгіннен бастап Темір­тауға аттаныңдар», деген жас жігіттің аузынан шыққан сөзге тебіренбеген, қуанбаған сол залда ешкім жоқ еді. Съезд өтіп жатқан Абай атындағы опера және балет театры жастар соққан шапалақтан тербеліп, теңселіп кеткендей болды. Съезд президиумында отыр­­ған Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің бірінші хатшысы Дін­мұхамед Қонаев ағаның көзіндегі қуаныш отын көру бақыт еді басқаға. Мүмкін, Димекең осы сөйлеген жас жігіттің ұлы болашағын сол сәтте үлкен зейінмен аңғарған да болар, кім біледі. Бүкілодақтық комсомолдың сол кездегі Мәскеуде өткен 14-ші съезіне Нұр­сұлтан бауырыммен бірге барға­нымды әлі күнге мақтаныш етемін мен. Қазан вокзалында Арқа жақтан барған делегаттар атынан болатшы жігіт Нұрсұл­тан сөйлесе, екінші күні Алматы жақтан барған делегаттар атынан өзімнің сөйлегенімді жиі-жиі есіме аламын. Жылдар өтіп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев билік биігіне тез көтеріле бастады. Ұмытпасам, 1979 жылы жасы 40-қа толмаған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне өнеркәсіп саласын басқа­ратын хатшы болып келді. Менің Нұре­кеңмен жеке кездесулерім осы кездерден басталды. Онымен кездескен кездердегі жүрегімде пайда болатын ұлы сезімдер мені әлі күнге дейін өз гүлі­мен, өз нұрымен аялайды. 1995 жылы Нұрекеңмен Парижге бірге барғаным, менің өмір күнімнің жарқырай ашыл­ған кезі десем, тіпті де артық айт­пағаным болар. Ұшаққа бізден кейінірек кірген Президентті ол кісімен бірге Парижге баратын жұрт тік тұрып қарсы алды. Бір кезде Президент сәл жымиып келіп, менің де қолымды алды: «Сіздің атақты алпысыңызды Парижде бірге тойлаймыз. Өміріңіздің осы бір нұрлы шағында маған бір тілек айтыңыз, мен орындауға тырысып көрейін», деді. «Айтар тілегім жоқ десем, сенесіз бе, сенбейсіз бе, білмедім. Дегенмен, жүрегімде  бір тілек оянса, Парижден елге қайтар жолда айтар­мын», дедім. Біртүрлі сасқалақтаға­нымды Президентіме сездіргім келмеді. Нұрекең аса бір мейіріммен қарады маған. Парижде француз кәсіпкерлері­мен кездесудегі сөзіне ол кісіні тың­даған біз де, француз кәсіпкерлері де аса бір тебіреніс құшағында болып едік. Мен сол сапарымыз жайлы жаз­ған бір өлеңімде «Нағыз ақын мен емес, сен екенсің, Нұрекем» деп жазып ем. «Ұлы, ұлы жолда келе жатқан ер, Шуағыңды бақыт күткен баққа бер. Күндіз-түні сенің қамыңды ойлайтын Дәл осындай басшыңа сен мақтан, ел. Дәл осындай от арманы бар ұлың Береді елге көкте күннің жарығын. Алда шауып бара жатыр ақ атпен Оны солай жаратқан соң тәңірім – деген жолдар туды кейін. Парижден қайтқан сапардағы әңгімемізге қайта көшейін. Бір кезде Нұрекеңнің көмекшісі маған келіп: «Сізді үлкен кісі шақырып жатыр», деді. Дереу Нұрекең отырған салонға кірдім, дастарқан жаюлы тұр екен. Нұрекең мені жақсы көңілмен қарсы алды: «Міне, Парижден елге қайтып бара жатырмыз, айтамын деген тілегі­ңізді айтсын деп шақырдым», деді Нұрекең. «Бәріне де рахмет, осы Парижге әкелгеніңізге мың-мың алғыс. Менің айтар тілегім: ел бақытына ұзақ жасаңыз. Осы жер бетінде сізді жақсы көретін жүректердің біреуі Тұманбай бауырыңыздың кеудесінде соғып тұр­ғанын анда-санда болса да еске ала жүріңіз. Мен соған өте риза боламын». Нұрекең орнынан тұрды: «Өлеңіңізді жазып, сіз де аман-сау жүре беріңіз», деп менің бетімнен сүйді. Сол кезде жүрегімнің қуаныштан, бақыттан неге жарылып кетпегеніне мен осы күнге дейін қайранмын. Кезінде осы ойла­рым­ды қағазға өлең ғып түсірген де болатынмын. Өлеңімді Нұрекеңнің оқы­ған-оқымағанын білмедім бірақ. Нұрсұлтан Әбішұлын оның Қазақ­станы жақсы көреді. Былтыр Қазақ­станда өткен дүниежүзілік Саммит Нұрсұлтанның халықаралық беделін аса биікке көтерді. Біздің Президенті­міздің ерекше тұлға екеніне дүниенің көзі жетті. Елге сүйкімді болуың үшін сол елді өзің де ерекше сүюің керек. Нұрекеңді кейде теледидардан, кейде радиодан тыңдап жүремін. Оның ұлы бейнесіне, ұлы істеріне ылғи да басымды иемін. Өткен жыл Назарбаев үшін ұлы емтихан жылы болды. Біздің Президентіміз өзін күткен сол сынақтардан абыроймен өтті. Мен Нұрекеңнің сол ерліктеріне арнап өткен жылы бір топ өлең жаздым. Соның біреуін бүгін оқырмандарға ұсынып көрейін.   Халқының бойға жиған махаббатын, Бәйгеден тағы келді, інім, атың. Ешқашан айнымайтын айтқанынан Жүрек бар қазағыңда сені ұғатын.   Асылым, ажырама бір де еліңнен, Арманшыл түндеріңнен, күндеріңнен. Сол жүрек сені қолдап келе жатыр, Атыңа тізгін тартып мінгеніңнен.   Жайлаған мың сан халық Отаныңды Асырды асқарлардан атағыңды Жеңгенге берілетін әрқашанда, Қадады көкірегіңе ата гүлді.   Басқа бір әңгіменің қойды бәрін, Өзінше бастап кетті ой думанын. Қазақ ана ерекше мейірленіп, Шырқады өзі келіп тойдың әнін.   Бұл тойға түйе мініп келді далаң, Тойлап жүр өз бақытын әрбір адам. Өмірі ұстамаған бақыт еді, Қолыма мен де бүгін домбыра алам.   Батыр боп бұзып өтем ой қамалын, Ақынның ағызамын бойдағы әнін. Өлеңді аңыратып айқайын сап, Сол тойдың жыршысына  айналамын.   Бір жанса лапылдайды, дуылдап от, Жайнайды Жамбыл айтқан өлеңдей боп. Алатау бір жымиған сияқтанды, «Бәйгеден балам келді» дегендей боп.   Бұл сенің өзгермейтін дара бағың, Өшпейді көкіректен таудағы үн. Қара Ертіс қарт Есілді құттықтады, Жеңіспен құттықтады балаларын.   Ақтаудың ақ ботасы тайраңдады, Сары алтын бір еріді Сайрамдағы. Кейуана орынынан түрегелді Баласы үйге оралып майдандағы.   Кірем деген жеріне батыл еніп Жеңістің көрген емес оты кеміп. Ақ Жайық Атыраудан сүйінші алды, Бәйгеден баласының аты келіп.   Келді деп бұл заманның ұқтық бағы, Бақыттың бал шарабын жұттық тағы. Орнынан түрегеліп қарт Қаратау Құшақтап Алатауды құттықтады.   Толтырып қуанышқа туған жерді Көк аспан аялады көңілді ерді. Ағамыз ақтарылып айтсыншы деп Маған ақын інілер жолын берді.   Бұл тойға тұлпар мініп келді далаң, Тойлап жүр өз бақытын әрбір адам. «Жассың ғой менен гөрі, айта ғой»,  деп Батасын Мұзағам да берді маған.   Шабытым кетті шалқып бүгін менің, От алған ұшақ сынды дүрілдедім. Көріп пе ең қуанышқа қойны толып, Өзеннің өрге қарай жүгіргенін.   Дүние, неткен әсем, көрікті едің, Жүре бер арманыма еріп менің. Қара бұлтты басынан жұлып алып, Таудың тойға барғанын көріп пе едің.   Көрмесең, осы жолы көріп қалғын, Гүліне қуаныштың толыпты алдың. Ертістей жаның шалқып кетсін өзі Арасына бір түсші жарықтардың.   Шығатын ердің бүгін төрі бөлек, Ұлына мейірленді Тәңірі елеп. Нұрсұлтан Абылайдың ақ атына Мінсін де сәлем берсін еліне кеп.   Менің өлең жазудан басқа ештеңе қолымнан келмейтінін жұрт өзі біледі. Ақын жыры уақытпен бірге жасай беретініне мен бір түрлі ішімнен сенемін. Халық бақыты үшін астына ақ ат мінген Нұрекең ұзақ ғұмыр кешсін. Өзі жақсы көрген Жамбыл атасының жасына жетсін. Өзі салдырған Астананың даңқы ғасырлардан ғасырларға өтсін. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы.