• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Президенттің төл туындысы

450 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаевты көптен білемін. Сонау бір кезде еліміздің Министрлер Кеңесіне Төраға бол­ғанда Атырау өңіріне жиі келуші еді. Ол кезеңде жас жігіт қой. Бірақ соған қарамастан қай мәселені де тереңнен ойлап, кеңінен пішетін парасатты басшы екендігін танытқан еді. Әсі­ресе, біздің өңірдегі балық шаруа­шылығы мен мұнай-газ өнеркәсібінің өркен жаюы тікелей Мәскеу арқылы шешілетін тұста да бұл салалардың елімізге пайдасы тигенін қалай­ты­нын емеурінмен байқатып қоятын. Еліміз тәуелсіздігін алып, тұңғыш Ел­басыны сайлаған кезде оған Нұр­сұлтан Әбішұлының бірден-бір лайықты үміткер боларына сендік. Сол сенім бір мені ғана емес, барша қазақстандықтардың ойында болды. Қазір, Құдайға шүкір, үмітіміз ақтал­ды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаев тәуелсіз Қазақста­ны­мызды жиырма жылдың ішінде әлем таныған, жаһан жұрты қызыға да қызғана қараған жаңа тұрпаттағы Қазақстанға айналдырды. Рас, әлемде өз тәуелсіздігіне ие болған жалғыз біздің еліміз емес. Талай елдер Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында бағындырған асуларына иек артпақты мақсат тұтуда. Алайда, бірінің ұлтаралық дау-жанжалмен, екіншілерінің қаржылық қыспақпен ойлаған мақсатына жетуі қиындап тұрғаны жасырын емес. Тіпті кей мемлекеттердің билік тізгінін ұстар көшбасшы таңдауда қателесіп жат­қаны да бар. Оның бір мысалы ретінде көршілес Қырғызстандағы алауыз­дықты айтуға болады. Осы бір жер көлемі шағындау, халқы аздау елде қатарынан бір емес, екі президенттің биліктен қуғындалғаны Қырғыз­стан­дағы ішкі тұрақтылықты шайқалтып ғана қоймай, экономикалық әлсі­реуі­не әкеліп соқты. Қырғыз ағайын­дар­дың басынан өткен саяси тұрақ­сыз­дық тақылеттес жанжалдың оты КСРО секілді алып елдің сыртқы сая­сатында шыңдалған дипломат Эдуард Шеварнадзе басқарған тұста Грузияны да, географиялық орна­ласуы бойынша Еу­ропаға бір табан жақындау Украи­наны да айналып өткен жоқ. Міне, осы секілді ТМД құра­мын­дағы өзге де елдермен тәуелсіздігін қатар алған Қазақстанда ғана дәл осындай көңілге кірбің түсіретін жайттар болған жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Сол бірнеше себептердің негізгі бастауын Нұрсұлтан Назар­баев­тың ел басқарудағы қайрат­керлігімен байланыстырған дұрыс. Өйткені, Елбасы саясаттан гөрі эко­но­миканы өркендетуге басым бағыт берді. Бұл бағыт мемлекеттілікті қа­лыптастырудың негізгі қағидатына айналып, отандық өнімдер сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес­тен­діру, сөйтіп Қазақстанды бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарына кіріктіру бастамасы кей жетістіктер бойынша өз жемісін бере бастады. Мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге шетел ин­вестициясын тартып, инвес­торларға қазақ жеріндегі табиғи бай­лықтың игілігін алдымен жергілікті халық көруі қажеттігін алға тартты. Бұл күндері бұл салада шетелдіктермен бәсекелес бола алатын­дай отан­дық мамандардың шоғыры қалыптас­ты. Экономиканың қай са­ла­сы да қар­қынды өркендеу жолына түсті. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстандағы саяси, ұлтаралық алауыздыққа жол берілген жоқ. Керісінше, қазақ жерінен, қазақ елінен бақыт тапқан өзге дінді, өзге тілді өкілдер қазақ халқымен бірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруге бейіл. Тіпті, тәуелсіз­дік­тің елең-алаң шағында әлдебір топтардың айтақтауымен тарихи мекенінен пана іздеуге көшіп кеткен кей ұлттардың өкілдері Қазақстанға қайта қоныс аударды. Осының бәрін ой елегінен өткізгенде Қазақстан­да­ғы тұрақтылықты, экономикалық өр­кендеуді қалыпты арнаға түсіріп, ыр­ғағынан жаңылдырмау, әрине, оңай емесін түсінесің. Әсіресе, демокра­тияны сылтауратып еліміздегі сүттей ұйыған ұлтаралық татулыққа сына қаққысы келгендердің бейпіл сөздері көбейген шақта тіптен қиын. Оның үстіне түймедейді түйедей етуге әуес әсіре демократтардың ел экономика­сын өркендетудің тың жобасын ұсынбаса да әйтеуір бірдеңені айту керек дегенді ұстанатыны байқалады. Десек те, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан қо­ғамын демократиялық дамудың даң­ғыл бағытынан адастырмай, өрке­ниетті елдер қатарынан лайықты орын алуына еңбек сіңіріп келеді. Қазақ елінің экономикасын өркен­дету, ішкі-сыртқы саясаты мен азаматтық қоғамын дамытудағы жасампаз жетістіктерге оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Мұның бастауын­да елін сүйетін, елі сүйетін Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке пара-пар ерен еңбегі барын жаһан жұрты мойындай бастады. Тіпті демократия шыңының басында тұрмыз дейтін Еуропа мемлекет­тері­нің басшылары да Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибелі саясаткерлігіне, адамзат­тың бейбіт өмірін қалайтын прогресшіл көшбасшы екеніне көздерін жеткізе түсті. Қазақстан Азия және ТМД мемлекеттері арасында ЕҚЫҰ сынды беделді халықаралық ұйымға төр­ағалық етіп, оған мүше мемлекеттер басшыларының үлкен саммитін өткізген тұңғыш ел. Осының өзінен Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауым­дастыққа кеңінен танылған беделді саясаткер болмаса, Қазақстанға дәл мұншалықты сенім көрсетілмесін бай­қар едік. Қазақстан жұртшылығы келешегін тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде елімізді дәл осындай биік бедел мен абыройлы да асқақ дәрежеге көтерген Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Әр уақыт Елбасы­мен бірге болғысы келеді. Оның Қазақстанды жасампаз жобалар іске асатын әлеуетті елге айналдырмақ болған асқақ мұраттарына сенеді. Ел Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ­стан­дағы жасампаз істердің жолбасшысы, саяси тұрақтылықтың кепілі деп біледі. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамын демократия та­лап­тарымен өркендетіп қана қоймай, әлемдік архитектуралық сәулеті сан алуан елдің көз құртына айналған асқақ та әсем Астанадай жауһар ел­орданы өз идеясымен тұрғызды. Сарыарқадай сайын дала төсіндегі Есілдің қос жағалауынан бой кө­терген Астананың кең қанат жая өркендеуін Нұрсұлтан Назарбаевтың ойға алған ісін орта жолда қалдыр­майтын табандылығымен байланыс­тырамыз. Бұл қала Целиноград, Ақмола атанғанда қандай еді? Енді қазір қандай?! Көрген көз сүйсінетін, көңіл марқаятын, қазақпын деген әр азаматтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататын ХХІ ғасырдағы әсем елордаға айналып шыға келді. Әрине, айта салу жеңіл болғанмен, оны құрылысын жүргізу барысында қиындықтар кездескенін білеміз. Оның үстіне айналасында орманы жоқ, балшығы тобықтан келетін, жазда масасы арылмайтын, қыста ақ­түтек бораны басылмайтын қалаға бұрын тұрмаған халықтың тез бой үйретуі де оңай емес. Бірақ, бір таңданарлығы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Астана құрылысын жүргізуде қолбайлау болған жайттарды халыққа ешқашан айтқан емес. Үнемі нар жүгін ар­қалаған ерге тән сабырлылықпен, Аста­наға көшіп келіп жатқан халық­ты салмақты мінезімен, парасатты па­йы­мымен жігерлендіре білді. Тәуел­­сіз елдің, Астананың ертеңіне деген сенімін қалыптастырумен бірге ор­нықтыра түсті. Еліміздің өзге өңір­леріне сапары кезінде қалаларды Астана үлгісімен дамытуды ұдайы ай­тып келеді. Енді жұрттың бәрі Аста­наға баруға асық, жауһар елордаға қоныс аударуды көксейді. Астанада жұмыс жасағанды мақтаныш етеді. Міне, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қас қағым сәттей болып өте шыққан 13 жылда Астананы қандай қалаға айналдырды! Көк тіреген сәулетті ғимараттарының бір-бірінен өтетін әсемдігін айтпағанның өзінде, Қазақ елі, «Отан-Ана», Бәйтерек монумент­тері­нің, Кенесары, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молда­ғұлова секілді қазақтың біртуар­ларына орнатылған ескерткіштердің кейінгі ұрпаққа тағылымдық, өнеге­лік тұстары жетерлік. Астананы жа­ға­лай отырғызылған жасыл бел­деу­ді табиғатқа жанашырлықтың үл­гісі деу қажет. Енді Астананың таңғажа­йып кереметтерін тамаша­лау­ға тек өз еліміздің азаматтары ға­на емес, алыс-жақын шетелдерден де келушілер де көбейе түсуде. Демек, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың төл туындысы – жау­һар елорда­мыз Астана жаһан жұрты­ның да көңілінен шықты. Астананы бір көр­ген адам одан Нұрсұлтан Назарбаев­тың айшықты қолтаңбасын жазбай таниды. Және Елбасының Астананы Еуразия кіндігіне ор­нық­тырып, жа­құт­тай жайнаған сәулет­кер­лікпен өр­кен жайдырған кемең­гер­лігіне тән­ті болатыны дау тудырмайды. Есен ТАСҚЫНБАЕВ, Атырау облысының құрметті азаматы. Атырау.