• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

«Тоқал» таңырқатпады...

243 рет
көрсетілді

Табыс табуды көздейтін заманауи режиссерлердің көпшілігі кинонарықтағы аудиторияны зерттей келе, сұраныспен санаса отырып, оларды қызықтыратын тақырыптар төңірегінде ғана фильм түсіруге тырысады. Ал қазақ қоғамындағы оқтын-оқтын көтерілетін «өлмейтін» тақы­рып­тың бірі – тоқал мәселесі. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған жалғыз мәселе тап осы тоқалдың жай-күй секілді төмендегілерден бас­тап төбедегілерге дейін ерінбей талқылап жатады. Бірі жақтап, бірі даттап жататын тоқал туралы әңгіме бүгін-ертең түгесілмек емес. Әлеуметтік мәні жоғары тоқал жырын сонау Голливуд жақтан жеке кинокомпания ашып, америкалықтардың әдісімен жұмыс істей бастаған Гауһар Нұртас есімді қазақ қызы да естіп, фильм түсірмекке бел шешіп кіріс­кенінен біраз уақыт бұрын хабардар болғанбыз. Алматыдағы «Бекмамбетов синема» кинотеатрында былтырдан бері жарнамасы жер жарып, жарты әлемді шулатқан сол «Тоқал» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмді түсіргендер мен бас­ты рөлді ойнаған актерлердің қатысуымен алдын ала өткен баспасөз мәслихатында продюсер Гауһар Нұртас «Тоқал» әлеуметтік драмасының Қазақстанға орайлас бір мезгілде Қырғыз елінде, Моңғолия, Әзербайжанда көр­сетіліп, одан әрі Түркия асып, бір­те-бірте Еуропа елдерін аралайтынын айтты. Фильм Art Media Production (Қазақстан)  және АҚШ-тың Mount Helix Films Inc компаниясының қатысуымен түсірілген. Сценарийді жазған да, оны экрандаған да Ресейден ша­қырылған режиссер Евгений Чельцов. Оператор Сергей Комаров та осы елден келген.  Музыкамен көркемдеген «Атамекен» атты белгілі әннің композиторы Жан­бота Тұяқбаев. Фильмдегі басты рөлдерге Тұңғышбай Жаманқұлов (Темірлан), Ерік Жолжақсынов (Қайрат), Жанел Мақажанова (Камилла) сынды танымал артис­тер түскен. Бірден айта кету керек, бұл «Тоқалдан» қазақтың әлеуметтік-отбасылық институтынан маңыз­ды орын алатын, құқы мен мәні күрделі шарт пен талаптан тұра­тын, алғаннан бастап ақыретке дейін бәйбішемен бірдей дәрежеде қорғалатын тоқалды іздеудің қажеті жоқ. Материалдық жағынан өзінің қайынатасына толықтай тәуелді екеніне қарамастан, ақшаның буына мастанған бизнесмен жігіттің жасырын махаббаты жайлы уақытша хикая деген дұрыс. Фильм бастала салған алғашқы секундта-ақ көрерменнің қақ маңдайынан біреу қос қолдап тұрып ұрғандай сілейіп қалды. Бейәдеп көрініс күтпегендіктен талмау тұстан тоқ ұрғандай,  есеңгіреп барып ес жиғандай болды ел. Жоқ, «күтпедік» дегеніміз өтірік, тоқал туралы туынды болған соң мұндай сахнаның болатыны анық еді, бірақ салған жерден сілейтіп салған ашық көрініс ұятты қарып-ақ кетті. Фильмнің композициясын құрған екі тақырып – махаббат пен бизнес, біріне-бірі сайма-сай, екеуі де осал, жеңіл, қарабайыр штрихтармен әрең дегенде еңсе тіктеп тұр. Бай-бағланның жемсауына оп-оңай түсетін жеңілтек қызға тоқал деген мәртебелі атты қию қиын-ақ. Заңды түрде некелеп, бәйбішемен арадағы жарастыққа жетелейтін сенімді сюжеттер емес, «сүйем, сүйем» деп сан мәрте қай­талағанымен, бай жігітке бай­ланған қырық көңілдес, алпыс ашынаның бірін көріп, жат қылық, жаға ұстататын түсініктен тысқары мәні бар тоқал деген ұғымды жоюға жасалған саналы қадам секілді секем алдық. Бірталай көркем фильмдерде шымыр бейнелер жасап шығарған Ерік Жолжақсынов коммерциялық киноның да кілтін тапқанымен, ол ойнаған Қайрат бала-шағасының алдында екіжүзді, бизнес сыйлаған қайынатасының алдында кінәлі, ең бастысы, өзінің және нақсүйері Камилланың алдында дәрменсіз болып жүргенін шебер жымдастыра алмады. Қайрат қайратсыз, жігерсіз. Бай болып та шалқып жүргені шамалы, ұят әлде қорқақтық оны үнемі басып, еңсесін тіктетпей жаншып тұрады. Бәйбіше (Гауһар Нұртас) адуын мінезді, күйеуінің күмәнді жүрісінен секем алған ол бірден ес жиып, тізгінді өз қолына алады. Ақша әрқашан еркіндік құралы болып есептелген,  еркін, қуанышқа, байлыққа толы күндерінен ай­рылған Қайрат бірінші әйелінің байыпты жоспарының әлде ақшаға мұқтаждығының кесірінен тоқалды тастап, өз отбасына оралуды жөн санайды. Жылаған жас тоқалдың, зарығып көрген ұлының алдында жауапкершілігі жоқ адам секілді бір-ақ күнде қарасын батырып, қиналмастан қиып кете барады. Тоқал деген еріккеннің ер­мегі емес, ақтап алар бірнеше себебі болғандықтан әлеуметтік мәселелерді шешудің тетігі болғаны мынау түсіру тобының қаперіне де келмеген сияқты. Тұтас отбасы – қайыната, күйеубала, ұлы, түгелі бас-басына топырлатып тоқал ұстап, жалғанды жалпағынан басқандардың өмір салтының көрінісі қай қырынан алып қарасаң да «тоқал» деген түсініктен тым алыс жатыр. Мұны екі отбасы ұстап, ортасында сергелдең болып жүргендердің тыйым көрмеген нәпсі-қалауының қарымтасына берілген жауап деген жөн.  Рас, мұндай тағдыр иелері төңірегімізде толып жатыр. Бұл оқиға соның бірі ғана. Идея авторлары тоқал сөзін ғана пайдаланып,  көрерменге тартымды болсын деген ішкі есеппен фильмнің шекесіне «тоқал» деген атауды жапсыра салғаны анық. 16 күнде түсірілген фильмнен қазақтың дәстүр құндылығын іздеп барып, тұмсық тасқа тіреліп жатса, мұның коммерциялық киноларға тән қитұрқы тәсіл екенін түсінуіміз керек. Кез келген ортаңқол қазақ режиссерінің қолынан келетін шаруаны тоқал туралы түсінігі де жоқ Е.Чельцовқа табыстағаннан продюсер ешнәрсе ұтпаған. «Тоқал» жобасы әлемдік деңгеймен тайталасу үшін сапалы кино түсіру жолындағы отандық қадам» деп бағалауы тым асыра сілтеушілік. «Тоқал» таң қалдыра алмады. Таң қалдыру мақсат емес шығар, ең болмаса, «Америкамен бірлескен» деген атына қарап, жаңалық іздеп едік, таба алмадық. Ерлі-зайыптылар арасындағы әдепкі өмірдің бір мысалы мұндай оқиғаның мыңымен бетпе-бет келіп, көкесін күнде көріп жүрген шетелдіктерге тіпті таңсық болмауы әбден мүмкін. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ