• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Жығылмаған байрақ туралы жыр

863 рет
көрсетілді

Эпик ақын Несіпбек Айтұлы қазақ мемлекетінің бас рәмізінің бірі байраққа арнап жеке поэма жазды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында болмаған тың тақырып, сүбелі табыс деуге болады. Рас, қазақ ақындарында туға, байраққа, жалауға арнаған жекелеген өлеңдері, жыр шумақтары болған, бірақ тұтас поэма тудырғаны жоқ. Алайда, бұрынғы Көк түріктің бөрілі байрағы, ғұндардың қыл шашақты туы, бертінгі Алтын орданың айбарлы туы, Қазақ ордасының жалауы, ту ұстайтын тубегілер туралы там-тұмдаған деректер, жыр шумақтары ежелгі әдебиет нұсқаларында, шежіре-дестірлерде, кейінгі жыраулардың жырларында, халық ақындарының өлеңдерінде өрнектеліп келді. Бүгінгі Несіпбек ақынның көлемді  «Ту» поэмасы елдік сананы, ерен ерлікті дәріптейтін ерекше дастан деуге негіз бар. Өйткені, жыр қазақ елінің қасиетті байрағын майдан даласында қас қақпай күзетіп, өзі шейіт бол­са да құлатпай, ұрпаққа табыстаған ер сарбаз Қазымбет туралы болып отыр. Поэ­ма өмір­де бол­ған оқиға мен  халық аңызы­ның асыл арқауына сүйенген. Аңызды айтып беру­ші қарт шежіреші – Жақыпбек Кәріп­бай­ұлы. Оқиға Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай бастаған қазақ қолы Тарбағатай тауы­нан жоңғарларды талқандап қуған Шорға со­ғы­сында болады.Тегінде, өзі ат үстінде жау оғ­ы­нан шейіт болғанымен, туды жықпай, құл­ат­пай құрыштай қатып көз жұмған жауынгер туралы аңыз сюжетінің басқа нұсқалары да ел арасына таралған.  Осы тарихи бағалы да құнды аңызды бала кезінде абыз қарияның аузынан естіген ақын оқиғаны жаңғырта жырлағанын айтады: Осылай ұзағынан толғап еді, Сүңгітіп тұңғиыққа сонда мені. Шұбырып сілекейім, аузымды ашып, Сусыным шөліркеген қанған еді. Жақаңның жатқан жерін жарық қыл­сын, Үзілген жіптің ұшын жалғап еді. Берейін кейінгіге қайта жырлап, Жадымда жаңғырығы қалған еді. Жырда хан Абылай, Бұқар жырау, Қан­жығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Көкжал Барақ секілді Абылай заманының бас батырларының тұлғасы эпизод-штрихтармен сом­далғанымен, поэманың алтын арқауы – Қазақ ордасының туы, оны көтерген тубек сар­дар Қазымбет, сол қасиетті байрақтың қайта жаң­ғырған бүгінгі жалғасы – Көк байрақ. Ақын өткен тарихпен бүгінгі күнгі құбылысты сабақ­тастыра жырлап, намысты найзамен қор­ғаған бабалар ерлігін қазіргі ұрпаққа аманаттап, азаттықтың Көк байрағын қастерлеуді, қадір­леу­ді, биікке көтеріп, алтын тұғырын бекітіп, ай­барын асқақтатуды өнеге етеді. Ақын ел байрағын поэмасына өзек етіп алғандықтан да, Ту ұғымы мен бейнесіне екпін түсіріп, жырды ширата түседі, мағыналық бояуын үстеп, динамикалық серпін береді. Өйткені, жырдың бас кейіпкері – Ту мен ту ұстау­шы Қазымбет сарбаз. Сол себептен де ақын жырдың бастапқы бөлігінде жеңімпаз Абылайдың ақ туы мен шегінген жоңғардың қыл туын шендестіре суреттеп, тартысты үдете түседі: Қаһарлы хан Абылай ту түбінде, Дұшпанға төнді ажалдың бұлты күнде. Тұтасқан қалың жасақ тынбай жортты, Қонақтап құс ұйқысы кірпігінде. Қазақ пен қалмақ киіз туырлықты, Қайғының екеуі де уын жұтты. Үш жүздің қалың қолы Хантауында, Ойрандап ойраттардың туын жықты. Жоңғар шегіне ұрыс салып, Тарбағатай тауына тығылғанын хабардар етіп, бұл өлке­ге өкшелей қуа келген қазақ қосынының жай­ға­суын суреттегенде де, ақын туға айрықша мән береді, бас сардар Қаракерей Қабанбайдың туы Ақшәулі кезеңінде желбірегенін бейне­лей­ді: Шықпаған биігі еді бұрын тіпті, Дарабоз Ақшәуліге туын тікті. Шорға соғысына қатысқалы жиналған үш жүздің қолбасыларын жырлағанда, ақын дәстүрге иек артып, батырлар мен жырау­лар­дың, абыз билердің белгілі жиынтық тізімін әдет­тегідей тілге тиек етеді. Жоңғармен болатын ақырғы соғыс алдындағы оқиғаны қоюлатып, мұнда да Ту образына серпін бе­рі­леді: Ел үшін қанын төгіп, жанын берген, Сұмдықтың қайран ерлер бәрін көрген. Қасына Қабанбайдың туын тікті, Бөгенбей бұлттай шөгіп қалың қолмен. Қолдаған жерде Әулие, көкте Құдай, Аспандап ақ байрағы жетті Абылай. Қазыбек, Бұқар жырау қалай жатсын, Жоңғардың туын жығар шақта бұлай?! Шорға соғысы болардың алдында  Абылай хан кеңесін өткізеді. Бұл жайт тарих дерек­те­рі­мен де дәлелденеді. Поэмада бұл тарихи оқиға көркем­дікпен көмкеріле берілген. Себебі, әде­биет тарихи оқиғаның жалаң жылнама­сы емес, оған лирикалық кейіпкер – ақын арқылы берілген бүгінгі ұрпақтың бағасы, заман тынысымен астасқан поэтикалық шешім. Бұқар жырауды басқаша сөйлеткен ақын қазіргі ұрпаққа тағылым-тәрбие беруді көздейді: Ей, Бөгенбай, Бөгенбай! Таусылмасын төзімің. Аңдап тұрсам жөні бар, Дарабоздың сөзінің. Алтай менен Барқытбел, Атажұрты өзінің – Қарашығы көзінің! Бұл араға келгенде, Жау қарасын көргенде, Дарабозға дем берер: Тауда жортқан тағысы, Құстың қанат қағысы... Ей, Абылай, Абылай! Айтсам сөздің қысқасын, Көңілдегі нұсқасын – Ақтық айқас тізгінін, Ер Қабанбай ұстасын! Поэмада таң атпай қалмақты  тұт­қиыл­дан шапқан қазақ қолының қиян-кескі ұрыс суреті шешен тілмен шынайы өрнектеледі. Көкжал Барақ пен Күршім батырдың жекпе-жегі поэманың желісін ширықтыра түседі. Алайда, жасанып, шеп құра бекінген жаудың мығым күшіне тап болған қазақ қолының оқыстан кері шегінуі жыр оқиғасын тіпті динамикалы етіп, оқырманды тосын әсерге бөлейді. Бірақ кері бұрылған қазақ қолына төмендегі оқиға рух беріп, намысын қайрайды: Соғыстың баяндайсың жайын қалай, Жасырсаң болған істі мойындамай. Жау жағы бір мезетте басым түсіп, Серпілді қайран ерлер кейін қарай. Торғауыт топырлата қуды келіп, Көрмеген атқан оғын құр жіберіп. Кенеттен аттың басын қайта бұрды, Қашқан қол желбіреген туды көріп. Осылайша поэманың бас кейіпкері Ту бейнесі қызу ұрыстың шарықтаған кезінде жауынгерлерге отты жігер беріп, жауды жасқаса, жырдың соңғы түйіні де тосын. Бұл поэманың ерекшелігі сол, мұнда оқиғаның шарықтау шегі бас кейіпкер – Ту мен ту ұстаушы Қазымбеттің күрделі тағдырына қайта тіреліп, тартыс ұлғай­тылып, кәнігі қолтаңбалы эпик ақынның ма­шық­қан шеберлігі оқырманды тағы да тәнті етеді. Жыр арқауына бас нысан болған – Ту жығылмаған, ал бас кейіпкер  – ту ұстаушы  Қазымбеттің шейіт болуы жеңістің шаттық қуанышы мен трагедияны қатар өріп, бір арнаға тоғыстырады: Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында, Көргендер аң-таң қалды алғашында. Байрағы қолындағы желбірейді, Өзінің көрінбейді жан қасында. Болмастан ойларында ешбір қауіп, Батырлар сатырлатып келді шауып. Күйінде ту ұстаған қатып қапты, Өлсе де құламаған аттан ауып. Қос жебе қатар тиіп өндіршектен, Аққан қан омырауын кеткен жауып. Жыр трагедиямен аяқталғанымен, қасиетті шейіт арқылы жеңістің рухын асқақтатып, бүгінгі бейбіт өмірдің, қасиетті көк байрақтың  құнын бағалауға ұрпаққа тағылымды да ұлағатты үндеу тасталады. Бас кейіпкер ту ұстаушы Қазымбеттің қазасы сай-сүйегіңді сырқыратып, қарағайдай қасқайып, жау­ға еңкеймей, ат үстінде байрақты құ­лат­пай, желбіретіп өлген өр мінезді батырдың аруағы намысыңды жаниды. Жыр соңында ту ұстап қатып қалған Қазымбет пен  қасиетті Ту тұтас тұлғаға, ерлік үшін тұрғызылған алып мүсінге айналғандай әсер етеді: Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең, Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем. Түбінен тудың сабын қатты қысып, Қарысып саусақтары қалған екен. Қолынан туын алып ел әзерге, Тапсырды қайран ерді қара жерге. Байрақты жас жігітке беріп тұрып, Дарабоз былай деді қарап елге: – Күн туар деген рас ұл туғанға, Түсесің от пен суға жұртың барда. Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет, Артында желбіреген Ту тұрғанда! Алайда, Қазақ ордасының Қазым­беттей талай ерлер күзеткен алып Туы ғасырлар керуенінде қолдан тай­ып, көзден таса боп, қайран алаш отар­лық кебін киіпті. Ту туралы түсінік те көмескіленіп, намыс та енжар тартып, елжандылық сезімге де селкеу түсі­ріліпті. Себебі, бас рәмізіміз – Тудан да айырылған, кері кеткен сәтіміз болыпты: Кең дала қасіреттен тұрды аңырап, Халықтың көкірегі құр қаңырап. Байрағы Бостандықтың көзден тайды, Басымен хан Кененің бірге құлап. Жаулар Қазымбетті атқанымен, Туды құ­лата алмағаны  секілді хан Кене шаһит бол­ғанымен, оның рухы мен ойы азат­тық болып оралыпты, осындай сансыз ерлердің дәстүр жалғастығы бүгінгі Туға сіңіп, қазақ елінің байрағы көк аспанда қалықтап тұр. Азат елдің Астана төріндегі алып байрағы ақынға шабыт сыйлап, осы поэманың тууына күш бергені сөзсіз. Ақын бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа табыстап, Көк тудың сабынан ар-ожданы таза азаматтың ғана ұстауға тиісті екенін ұқтырып, отаншылдық сезімді дәріптейді: Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген, Қашанда қиянаттан қазақ өлген. Көк тудың қасиетті киесі атар, Сабынан ұстамасақ таза қолмен! Жығылмас ешқашанда елі жарға, Алдында Ту ұстайтын Ері барда! Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр, Тілегін аңсап күткен беріп Алла! «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөн­бейміз!» деп  армандаған Сұлтанмахмұт ақын өткен ғасырда. Ал қазір әлемге танылған аспан түстес алып байрағымыз зеңгір көкте желбіреп тұр, түгел Алаш Ту түбінен табыламыз. Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, ақын, фольклортанушы ғалым