• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Қобызды киіз үйде отырып тыңдағым келеді

249 рет
көрсетілді

Вольфрам БУРГЕРТ, швейцариялық DIVOX дыбыс жазу компаниясының президенті:

Қобызды киіз үйде отырып тыңдағым келеді

Қазақтың «құлақтан кіріп, бойды алар» әсем ән-күйлерінің құдіреті жер жүзін жаулауға жететіндей көрінеді де тұрады. Қайдан білейік, бәлкім, әлемдегі әрбір ұлт өкілі өздері туралы осылай ойлайтын шығар. «Қоғалы-ай, әркім көңілі жоғары-ай!» дегендей. Бірақ сол бабадан мирас байлы­ғы­мызды базарлауға келгенде кейде біздің кежегеміз кейін тартатын тә­різді. Әйтпесе, бұл бағыттағы табыс­та­рымыз қазіргіден гөрі қомақтырақ бол­мас па еді. Дегенмен, ауызды құр шөп­пен сүрте бергеніміз жарамас. Халықаралық байқауларда қатарынан қара үзіп, қанжығаларына бәйге байлап жүрген сахна саңлақтарымыз баршылық. Олардың орындауындағы ұлттық музыка туындылары арысы Американы, берісі Еуропаны елең­де­тіп, талғамы биік көрерменді талай та­м­­- сандырғаны белгілі. Осыдан тура үш күн бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің редакция­сына Швейцариядағы DIVOX дыбыс жа­зу компаниясының президенті Воль­фрам Бургерт келді. Алыстан ат арытып жеткен қадірлі қонағымыз құр қол емес екен. Аэрофония атты саз тех­но­логиясындағы ең соңғы үлгідегі үр­­діспен шығарған екі бірдей ерек үнта­спасын әкеліп, бас басылымның тө­рағасы Дархан Қыдырәліге сыйға тартты. Мәселенің мән-жайын мәртебелі мейманның жолбастаушысы Ғазиза Жұ­банова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің көркемдік же­текшісі, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Ернар Мыңтаев тү­сіндірді. Оның айтуынша, Бургерт мырза басқаратын DIVOX компания­сы негізінен кәсіби камералық му­зыканы күйтабаққа түсірумен айна­лысатын Еуропадағы ең танымал бренд­тердің бірінен саналады екен. Негі­зі­нен камералық музыканың майталмандарын немесе осы жанрда жаңа көріне бастаған жас жұлдыздардың орындауындағы елеулі дүниелерді жазып, таратады. – Біз бұл кісімен төрт жыл бұ­рын Швейцарияда кездестік. Шы­ғар­машылық ұжымдағы төрт жі­гіт Президенттің «Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сы бойынша Базельде оқып жүрген ке­зіміз еді, – дейді Ернар өткен шақ­ты еске түсіріп. – Бірде қаладағы сту­дент­тер концертіне қатыстық. Бой­ымыздағы бар қабілетімізді салып бақ­тық. Мендельсонның екі шы­ғар­масын орындадық. – Бәрімізге неке куәлігін тап­сыр­­ған­да құлақ құрышымызды қан­­­дырған атақты махаббат мар­шы­ның авторы ғой. Осыны ой­на­ған орган Лондондағы әулие Анна шір­кеуінде орналасқанынан ха­ба­ры­­мыз бар. – Дәл өзі. Содан концерттен кей­ін қолымызды қысып, орын­дау­­­шылық мәнеріміз ойынан шық­қа­нын, шығармашылық байланыс орнатуға құлықты екендігін біл­дірді. Жарты жылдан соң алғашқы аль­бомымыздың жарық көруіне жағ­дай жасады. Кейін­нен тіпті достасып кеттік. Аралас-құ­ра­ластықтың арқасында арамызда айтылмайтын сыр қалмайтын дәрежеге жеттік. Қа­ныма тартпай тұрам ба, емен-жар­қын әңгімелер үстінде қазақ мә­де­ние­тінің інжу-маржандары жайы­н- да сөз қозғауды әдетке айнал­дырдым. Жақ­сыға жаны құмар продюсер бірден қы­зығушылық та­ны­тып, іркілместен ір­гелі іске кі­ріс­ті. Астанаға арнайы ат басын бұ­р­ып, халқымыздың көне аспапта­ры­мен, музыкалық мұ­ра­ла­ры­мен жа­қы­н­ырақ танысты. Та­ла­нт­- ­ты тарлан­боз Әлқуат Қазақбаев бастаған қо­бызшыларымыздың өне­рін тамашалағанда аузын ашып, көзін жұмып, қайран қалды. «Мынау керемет қой. Сенің ниетіңді түсіндім. Мұн­дай ғажайыпқа бүкіл ғалам таң­дануға тиіс» деп таңдайын та­қыл­дат­қанын көзіммен көрдім. Ұзын сөз­­­дің қысқасы, ағамыз алды-арты­мыз­­ға қаратпай жаңа жобасына қа­ты­суымызды қолдады. Көктен тіл­е­г­ен­іміз жерден табылып жатса, не тұ­рыс?! Ұтымды ұсынысты қуана-қуана қабылдадық. Маған ағаның музыкалық туындылар мен аспаптарды іріктеп, шебер орындаушыларды іздеп табуды тапсырып, қалған қажеттіліктердің бәрін өз мойнына алды. – Мына екі дискі соның жемісі ғой? – Иә. – Қай жерде жаздыңыздар? – Мәскеудегі Слободкин орта­лы­ғын­да таспаға тарттық. – Анау Арбаттағы, Ресейдің ха­лық әртісі Павел Слободкин сал­ды­р­ған концерт залы ғой. Бір жағы театр есебіндегі ғимарат білем. – Ол ортаның акустикасы ғажап! Оның үстіне дәл сол тұста рубльдің құны құлдырап, экономикалық жа­ғы­нан тиімді болып тұрды. Ре­сейдің аста­насына бәрімізді алдырып, қы­руар қаржысына Еуропаның өзінде енді ене бастаған аэрофония тех­нология­сымен өздеріңіз көріп отыр­ған екі үнтаспаны дүниеге кел­тірді. – Мұнда қандай дүниелер қам­тыл­ған? – Біріншісінде – КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова бастаған көрнекті композиторларымыздың классикалық шығармалары, ал екіншісінде – «Ұлы дала әуендері» айдарымен Қорқыттың «Қоңыры», Құр­манғазының «Адайы», Тәттімбеттің «Қо­с­басары», Әбді­момын Жел­ді­баевтың «Ерке­сылқымы», Төлеген Мо­м­бе­ков­тің «Салтанаты», Әлқуат Қазақбаевтың «Абылай ханның жо­рығы» секілді күйлер, сосын дәс­түрлі әнші Елікбай Иса төгілдірген «Сүйін­байдың термесі» бар. – Бәрекелді! Ендігі әңгімені қазақ өнеріне осыншама қамқорлық жа­саған швейцариялық жам­поз­дың өзі­нен естігеніміз жөн болар. – Әлбетте. – Олай болса, Бургерт мырза, ай­тыңызшы, музыка сіз үшін ма­ман­дық па, әлде жүрек қалауы ма? – Мамандығым бойынша мен – пси­хологпын. Ал музыка – менің өмі­рі­м­- нің мән-мағынасы. Әдемі әуен­дер­ді тыңдасам жаным жай табады. – Иелігіңіздегі компанияның көз­деген мақсаты не? – Өнер шіркін сан салалы екенін білесіз. Біз соның ішінде камералық музыканы насихаттауды жөн санадық. Оның тыңдарманы эстрада немесе операдағыдай көп емес. Сондықтан табысы аздау да, шығыны көптеу. Әйтсе де, алға қойған мақсатымыздан айныған емеспіз. – Классикалық композиторлардан кімдерді «пір» тұтасыз? – Брамс пен Стравинскидің ше­девр­леріне елтуден ешқашан жа­лық­пай­мын. – Жөн екен. Бірі «Неміс рек­вие­мін» жазған, екіншісі Санкт-Петер­бург­те туып, Нью-Йоркте өл­­ген орыс корифейі. Екеуі де ро­ма­н­ти­ка­лық бағыттың баһадүр­ле­рі. Ал енді қазақ музыкасына құ­мар­­туың­ыз­дың себебі неде? – Базельдегі байырғы досым про­фе­ссор Райнер Шмидт мені бірде өз шә­кірттерінің концертіне шақырды. Ол музыканың майын ішкен аса ірі ма­ман. Ұлағатты ұстаз. Көрермендер ал­дында жапониялық, испаниялық, бри­таниялық, швейцариялық және қа­зақстандық квартеттер өнер кө­р­­сетті. Маған мына Ерландардың тө­рт­­­­тігі қатты ұнады. Бұлардың қол­­­­таң­­­басынан еуропалықтарда кез­­­дес­пей­тін ерекше нақышты бай­қа­­дым. Бас-аяғы жұп-жұмыр тұ­тас­­тықты тұла бойыммен сезіндім. Өне­­­бойымды шы­мырлатқан өзгеше ағын жан-жү­ре­гімді елжіретіп, бө­лек­ше күйге бөледі. Содан өнерлі өрендермен өзара пікір алмасып, біте қайнасып кеттім. – Қазақстан жайында бұрын-соңды естіп-біліп пе едіңіз? – Өкінішке қарай, сіздердің ел­де­рі­ңіз туралы мәліметім мүлдем марды­мсыз. – Жарайды, Қазақстанның тарихын, мәдениетін, экономикасын, та­ғысын тағыларын білмей-ақ қой­ы­­­ңыз. Ал енді дүние жүзінің кар­та­­сын­­да далиып жатқан аумақты алып мем­лекетті көрмеу мүмкін емес қой? – 1991 жылға дейін КСРО-ға көз­қарасымыз онша дұрыс болма­ды да, оған қарасты одақтас рес­пуб­ли­ка­ларға мән бермегенімізді не­сіне жасырайық. – Қазір қалай қарайсыз? – О, оны айтып жеткізе алмас­пын. Астанаға осымен төртінші рет келуім. Көркіне көз тоймайды. Өте қысқа мерзімде самаладай қала салып тастағандарыңыз тым таң­ғаларлық құбылыс. Адамдарыңыз қандай ақжарқын. Отандастарыңыз материалдық игіліктерден гөрі рухани құндылықтар төңірегінде көбірек толғанатыны тәнті етті. Рухани ұстындарыңыз мықты екен. – Швейцария банктерінің ауылы бізден алыс, сондықтан көз ал­дымызға көкала қағазды ақша­дан гөрі қолмен ұстауға кел­мейтін, тек санамен ғана сезетін алтынға айыр­­бас­тамас байлықтар кө­бірек елес­тей­тін шығар (Әзіл-шыны ара­л­ас сө­зімізге кеңкілдеп күл­ген кейіп­керіміз отырған орны­нан тұрып, қо­лымызды қысты да, үзі­л­ген әңгі­месін әрі қарай жал­ға­с­тырды). – Астанаға сапарларым аясында салт-дәстүрлеріңізбен де біршама таныстым. Конгресс-холдағы бірқатар мәдени шараларға қатыстым. Ме­нің­ше, әрбір музыка аспабының ды­бы­сы тәуірірек естілетін орындар бо­лады. Мәселен, орган дыбысының шіркеулерде шалқи шығатыны сия­қты. Неге екені қайдам, қазақтың қасиетті қобызын киіз үйде тыңдағым ке­леді. Сұмдық сұңғыла аспап! Қо­ңыр үні кісінің қай-қайдағысын қоз­ғай­ды. Біздің компания қолдарыңыздағы альбомды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұсынады. – Меніңше, сөйтетін жөні бар. Өйткені, біздің қобыз – сіздер қатты қадірлейтін скрипканың бабасы. Алайда, музыкатанудың бірде-бір оқулығында бұл жайлы жазылмайды. – Скрипканың бірден қазіргі қалпында аспаннан түсе қалмағаны анық. Страдиварий сияқты шеберлер ғасырлар бойы жетілдіргені әмбеге аян. – Әңгімеңізге көп рахмет. *** Кеше Ұлттық музейде жоғарыда біз жай-жапсарын баяндаған үнтас­па­лардың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған бір топ зиялы қауым өкілдері қа­тысып, швейцариялық продюсерге ризашылығын білдірді. Әңгімелескен Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ