• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Отырар тіршілігі қашан тоқтаған?

368 рет
көрсетілді

ХІІ-ХІІІ ғасыр аралығында Қарахан әулеті толық күйреп, Отырар өңірі Хорезмге қарағаннан кейін Мұ­хаммед шах Отырар қаласын билеуге қыпшақтан шық­қан туыс жұрағаты Иналшықты (Қайырхан) отыр­ғызады. Осы кезеңде өңір айтарлықтай өзгеріске ұшы­раған болатын. Атап айтқанда, моңғол билеушісі Шың­ғыс хан тарапынан болған шапқыншылық салдарынан Отырар қаласы біршама уақыт өмір сүруін тоқтатты. Шыңғыс хан тарапынан жүр­гізілген шапқыншылық жөнінде еңбек жазған қытай тарихшысы Елюй Чуцай­дың еңбектерінен Отырар қаласы мен осы өңірде ор­на­­ласқан басқа да шаһарлар жайында мәлімет алуға болады. Барыс жылының (1218 ж.) нау­рыз айы туа салысы­мен Чжань­жаньцзюйши (Елюй Чуцайдың лақап аты) жорық­шылармен бірге шыққанын айта келіп, жазбада «Ходжент қаласының солтүстік   батыс жағында 500 ли жерде Отырар қаласы бар, қаланың айналасында елді мекендер мен шағын кенттерден он шақтысы бар. Ке­зінде дәл осы елдің билеушісі ұлы қағанаттың бірнеше елшісін және неше жүз тоғанақ керуенін тұттай қып тонап алған екен. Сонымен, бұл оқиға батысқа жорық жасауына басты себеп болған көрінеді» деген мәлімет қалдырған. Көпшілік арасында әлі күнге дейін Отырар қаласындағы тір­шіліктің біржолата тоқтауына себеп моңғол шапқыншылығы деген пікір қалыптасып кел­гені рас. Алайда, моңғол шапқын­шылығынан кейін, яғни ХІІІ-XIV ғғ. аралығында Отырар қаласы қайта жандана бастаған. Бұған қазіргі уақытта қазба нәтижесінде аршылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған құ­рылыс нысандары дәлел бола алады. Ерзен ханның уақытында ірі қоғамдық орындар: медресе, ханака, мешіттер салынған. ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап мұнда ақша соғатын сарайлар жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, ХІІІ ғасырдың аяқ шешінде билеуші-көпес Масуд-бектің қолданысқа енгізген ақша реформасынан кейін қала өмірі біршама жанданды. Қайта гүлденген Отырар қа­ласы XIV ғасырдың екінші жартысында, яғни 1370 жылы Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темірге бағынған уақытта Сырдың орта ағысында орналасқан бірқатар қалалар көркейіп, дамыды. Қазақ хандығының нығаюына Сырдың орта ағысында орналасқан ортағасыр қалалары өз үлесін қосты. Оған осы өңірде орналасқан Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар тәрізді, уақытында Астана байтақ дәрежесіне көтерілген қалалар үшін болған шайқастар дәлел бола алады. Жері шұрайлы, сулы, өсімдікке бай өлке шаруа­шылықтың қай түріне болмасын қолайлы еді. Осыны білген көшпелі өзбек, моңғол тайпалары шабуылын тоқтатпай осы қалаларды өз уысында ұстауға күш салды. Мұндай қорғанысы берік, мәдениеті мен өнері қатар дамыған қала орталықтары жа­ңадан құрыл­ған қазақ хандығы үшін де өте қажет еді. Сол себепті, көршілес мемлекеттермен аянбай күрес жүргізе отырып, жаулаушы елдерді бұл жерден ығыстырып, біржола орнығуға талпынды және бұл әрекеті нәтижесіз де болмады. Ал Отырар қаласында тір­шіліктің тоқтауына бір ғана себеп болды деу қате пікір. Оған бірнеше фактор әсер еткені белгілі. Ең басты фактор көршілес мемлекеттер тарапынан жүргізілген үздіксіз шапқыншылық болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Отырар қаласы маңындағы суландыру жүйелері мен егістік алқабы қатты бүлінген болатын. Жергілікті халықтың қолға түскен басым бөлігі құлдыққа сатылып, қолға түспей қалған бөлігі беті ауған жаққа көшіп кетті. Бүлінген қорғаныс және суландыру жүйелерін қалпына келтіру ең маңызды мәселеге айналды. Сонымен бірге, жергілікті халықтың толығымен көшпендіге айналуы да өз әсерін тигізген болу­ы керек. Отырар қаласындағы тіршіліктің тоқтауы осындай себептерге байланысты деген дұрыс тәрізді. Ал Отырар қаласында тір­шіліктің тоқтаған уақытын көрсетер болсақ, М.Арапов есімді тілмаштың 1749 жылы берген мәліметінде Барақ сұлтанның Иқан, Ташкент, Отырар, Өгізтау, Созақ қалаларына хан тәрізді билік жүргізетіні, олардың тұрғындарынан тек алым-салық жинап қоймай, оларды басқа да жұмыстарға пайдаланатыны, Иқанда өзіне үй салдырып алғаны айтылады. Сонымен, осы тәрізді деректерді және қазба жұмысы барысында алынған заттай айғақ жәдігерлерді алға тарта отырып, Отырар қаласында тіршіліктің тоқтаған уақыты XVIII ғасырдың орта шені, яғни 1750 жылдар деп шамалап отырмыз. Отырар қаласында 1969 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан қазба жұмысы нә­тижесінде IX-XII және XIII ға­сыр құрылыстарына тән монша орындары, XI-XII ғ.ғ. тұрғын үй орамы, XIV-XV ғ.ғ. мешіті мен сарайы және XVI ғасырға тән мешіт медресе, сонымен қатар, Отырардың оңтүстік батыс қақпасы мен құмырашылар шеберханасы анықталып, ашық аспан астындағы мұражайға ай­налдырылған. Сонымен бірге, қаланың қорғаныс жүйесін анық­тау мақсатында Отырар қала­сының батыс, солтүстік және оң­түстік қорған-қабырғаларына бір­неше жерден шурфтар салынып, нәтижесінде өте құнды материалдар алынып отыр және ал­дағы уақытта бұдан да толымды нәти­жеге қол жеткізетініміз анық. Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі