• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Ертісте туған ер елорданың өркендеуіне үлес қосуда

247 рет
көрсетілді

Ұлты неміс болғанымен, жаны қазақ. Туған Отанын ешкімнен кем сүймейтіні де ақиқат. Қазақстанға деген құрметі айрықша. Сондықтан ғой, алаштың бас шаһары Астананың құрметті азаматы атанып жүргені. Өңіндегі уақыт табы салған әлсіз де болса әжімдерден ағаның біраз жасты алқымдағанын аңғару қиын емес. Көзілдіріктің астындағы көкшіл көздері от шашып тұр әлі де. Қимылының тым ширақтығына қарап, жетпістің желкенін керіп үлгергеніне күмәнданатыныңыз анық. Құрылыс саласында ұзақ жылдар тер төккендігінен болар, жарау жылқыдай тың. Кере қарыс маңдайы бойшаң бітіміне келісіп-ақ тұр.

Еңбекке ерте араласты

Кейіпкеріміздің ныспысы – Виктор Буллер. Ертісті бойлай қонған Кереку өңірінің Шарбақты ауданында туыпты. Тарихқа қанды әріптермен таңбаланған Ұлы Отан соғысы жеңіспен тәмамдалса да, халық әлі етек-жеңін жия қоймаған тұс. Өзге топырақтан қоныс аударылып келген отбасылардың ахуалы да көңіл қаритындай. Дмитрийдің шаңырағына шаттық сыйлаған ұл ата-анасына қара­ша­ның қара суығы мен тұрмыстың сызын елетпегендей еді. Десе де, зұлмат жыл­дардан кейін туғандарда қайбір оңған балалық шақ болды дейсіз?! Қазақы ауылдың қам-қарекетімен көз ашып, ер жеткен бала Виктор еңбекке ерте-ақ араласты. «Біздің заманы­мыз­дың ұраны тек еңбек еді ғой. Ауыл үлкендерінің қырман басында, егістік алқабында, мейлі, өзінің ауласында жан аямай жұмыс істеп, шаруамен айналысып жүргенін көріп өстік. Әке-шешелеріміз күнмен таласып тұрып, қара жұмысқа жегілсе, қас қарай­ған­да қайратын сарқып қайтатын. Міне, осындай жанкештілік менің заман­д­ас­тарымның, қатарластарымның қанына сіңіп үлгерген. Әлі күнге қол қусырып отырудан аулақпыз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген емес пе?» дейді Виктор Дмитриевич.  

Целиноградқа жолдама – болашаққа оң қадам

Виктор Буллер мектеп қабырғасын бітірер-бітірместен Павлодар қала­сындағы «Элеватормельстрой» меке­месіне құрылысшы болып кіреді. Небәрі он жеті жастағы бала алып трестің ауыр жұмыстарына жегіле жүріп, болашақ мамандығының алғашқы қыр-сырына қаныға бастайды. «Биік үйлерге қатты қызығатын едім. Зәулім сарайлар соғуды армандадым да. Құдай тілеуімді берген екен ғой, көп ұзамай сол кездегі Павлодар индустриялық институтына құжат тапсырып, жолым болып кетті», деп еске алды бозбала шағын қарт құрылысшы. Бес жыл бойы білім алғанда, инженер-құрылысшы-технолог мамандығын тео­рия­лық тұрғыдан меңгеріп үлгерді. Жігері бекем, қайраты мығым жас маман жұмыс таңдаған жоқ. Басшы­лық­­тың жолдамасымен сол кездегі тың иге­рушілер қаласына жол тартты. Ар­қа­ның жазық даласын тіліп, еркелей аққан Есілдің оң қапталын бойлай қон­ған жас қала арманын қанат қы­лып жеткен Ертістің ұлын жатырқай қоймады. Виктор келе сала Целиноград темір-бетон бұйымдары комбинатына жұмысқа кірді. Қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ол араға аз уақыт салып арматура шығаратын цехтың аға шебері болды. Тынымсыз еңбегі мен білік­тілігі оқу орнын кеше бітірген түлек­ті цех бас­шысы лауазымына дейін жет­кізді. Тіпті, 1971 жылы бас инженер қыз­меті­не та­ғайын­далды. Ал екі жылдан соң Вик­тор Буллер комбинат директоры болды.  

         Ер – туған жеріне

«Іргесі ыдырамастай көрінген Кеңес өкіметі де құлады. Қазақстан егемендігін алғанда шын қуанғандардың бірі мен едім. Өзге ұлттар атажұрттарына көш басын бұрғанда да, көңілім туған жерім­ді қим­ағанын неге жасырайын. Қазақ­тың «Ер – туған жеріне» деген мақа­лы әр­кез жадымда. Кіндік кескен жұр­тым­­ды қиып кету ойыма да кірмеген екен. Бар мұратым дербестігін алған ел­­дің бір кетігіне кірпіш болып қалану еді. Жа­саған оған да жеткізді», дейді кейіп­керіміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарын­­дағы сын сәттерде Виктор Дмит­рие­вич «Стройконструкция» ак­цио­нер­лік қоғамына басшылық етуге келді. Отыз жылдан аса тарихы бар мекеме де ел экономикасымен бірге тоқы­­рау кезеңдерді басынан өткер­гені р­ас. Қазақстанның көптеген кәсіп­орын­дары жабылып, жабылмағаны тұралап, аласапыран күйге түскен шақта В.Буллер жетекшілік ететін «Стройконструкция» АҚ та есігіне құлып салудың аз-ақ алдында тұрған. Алайда, өндіріс саласында ширек ғасырдан аса тәжірибесі бар маман іргелі мекемені аяғынан тік тұрғызу үшін барын салды. Күн-түн демей еңбек етуге, тер төгуге тура келді. «Әсіресе, 1995-97 жылдардағы қаржы дағдарысы күллі Қазақстанға ғана емес, әлем елдеріне де ауыр соққанын көпшілігіміз біле­міз. Мен басқаратын кәсіпорынның да шаңырағы шайқалуға шақ тұрған. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев көреген кісі ғой. Халықтың маңдайына жаза салған бірегей перзент дер едім. Сарабдал саясаты сон­дай алағай да бұ­лағай заманнан халық­т­ы аман-есен алып шықты. Біз де Елбасы­ның жол көр­­сетуі­­мен ірге бекітіп, еңсе­мізді түзе­­дік. Барша қазақ, тіпті, әлем ел­дері біз­дің бас­шымызға қарыздар. Өйт­кені, Нұрсұлтан Әбішұлы жер бетін­дегі тыныш­­тықты, тұрақтылықты сақ­тауға көп ықпал етті, күш салды», деп иек астын­­­дағы ғасыр­дың соңғы жылдарын­дағы қиын­дықты есіне алды ол. Бетон өнімдерін шығаратын «Строй­конструкция» АҚ Виктордың ұзақ жылғы тәжірибесінің, білім-білік­тілі­гінің арқасында кадрларының негі­зін, аппараттарын сақтап қалғанын және дағдарыстан қарызсыз шыққанын баса айтуымыз керек. Қандай тоқырауда да жұмысшыларын нәпақасыз қалдырмады. Комбинат шағын қуатпен жұмыс істесе де, мамандарды қысқарту болған емес. Қандай жағдайда да қызметкерлерді әлеу­меттік қорғаудан шектеген емес. Қай­та жыл санап кадрлар санын ұлғайта түсті. Виктор Буллер өнімдер сапасын да назардан тыс қалдырған жоқ.

Елордаға еңбек сіңірген

Бүгінде алып мекемеде сегіз жүзге жуық жұмысшы қызмет атқарады. Олардың барлық жағдайы жасалған деуге әбден болады. «Әрқайсысының қуаныштарын ескереміз, мерейтойларын атаусыз қалдырмаймыз. Еңбек өтілі жоғары мамандарды демалыс орын­дарына жіберу дәстүрімізге айналған. Ең ақыры, жұмысшылардың түскі асы да тегін. Жұмысқа қатынайтын көлік­тер­дің де мәселесін оң шешкенбіз», дейді ком­­би­нат директоры. Тіпті, «Строй­конс­­трук­­ция» АҚ-тың жанында дүкен, асха­на, наубайхана, медициналық пункт, аяқ киім жөндеу шеберханасы да бар екен. Байырғы Целиноград қазақтың аста­насы болды. Күллі жұрттың көзін сү­рін­­­дір­­ген көркем шаһардың даму­ы­на, өр­кен­деуіне алғашқы қазығы қа­ғыл­­­­ған­­нан, кешеге дейін кейіп­кері­міз өзі­нің үлесін қосып келеді. Сөз ба­сын­­да айт­қан «Астана қаласының құр­­мет­­ті аза­маты» атағын сол үшін де ал­ған. Мақ­тана жеткізейік, елор­да­да­ғы «Ин­тер­континенталь» қонақ үйі, «Алатау», «Қазақстан» спорт сарай­ла­ры, «Ащы­сай», «Есіл» тұрғын үйлері, Әс­ке­ри-патриоттық мұражайы, Есілдің қос қап­талын жалғайтын көпірлер, «ҚазМұнайГаз» ғимараты, «Хан Шатыр», «Мега», «Синема-Сити», «Думан» сауда және ойын-сауық орталықтары, ас­та­на­лық цирк, Тұңғыш Президент – Елба­сы атындағы әскери университет, «Алау» мұз айдынының, «Сарыарқа» велот­регі, Ұлттық акаде­миялық кітап­хана, «Шабыт», Оқушы­лар сарайы, №1,2 қалалық ауруха­налар, «Бәйтерек» монументі, «Тәуелсіздік», «Бейбітшілік және Келісім сарайлары», «Нұр-Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттері, «Астана Опера» опера театры, Назарбаев Университет, Қор­­ғаныс, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министр­­ліктері, тіпті, Ақорда сынды маңыз­ды ғимараттардың құрылысына Вик­тор Буллер басқаратын мекеменің өнім­дері пайдаланылды.  

Еселі іс елеусіз қалмайды

«Стройконструкция» АҚ уақыт озған сайын ісін жандандырып, ауқымын кеңей­тіп келеді. Өйткені, соңғы жылдары құрылыс материалдарына деген сұраныс күрт артуда. Біз жылына 300 мың текше метр темір-бетон өндірсек, 50 мың текше метр бетон өнімдерін әзірлейміз. Біз өндір­ген тауарлар еліміздің Павлодар, Қос­танай, Петропавл, Оңтүстік Қазақ­стан сынды өңірлеріне жеткізіледі. Мұны жұмысшылардың ерен ерлігі, маңдай терлерінің жемісі деу керек», дейді мекеме директоры. Виктор Буллердің табысты еңбегі елеусіз қалған емес. Кеудесінде «Құрмет», «Ұлт­тар достығы» орденьдері жарқы­рай­­ды. «Еңбек ардагері» медалімен, «Астана», «Астананың 10 жылдығы» ме­ре­­ке­лік медалімен марапатталған. «Қазақ­стан­ның құрметті құрылысшысы» төс­бел­гісі тағы бар. Жеке бөлмесінде ал­ғыс хат­тары мен грамоталары самсап тұр. Жетпістен асса да аяғын үзеңгіден үзбеген азаматтың өмірі мен еңбек жолы жас буынға үлгі боларлықтай. «Ғұмы­рым­ның тек ат үстінде өтіп келе жатқанына қуанамын. Елімнің, әсіресе, Астананың әр жетістігі, мұндағы қызу тіршілік, адам­дардың, замандастарымның жарқын болашаққа ұмтылысы мені жасарта түседі. Соларға қарап жігерімді жани түсемін», дейді Виктор қарт. Көптің тілеуі де сол, ақсақал аттан түспесін! Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»