• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Ел сенімін білімді де білікті ұрпақ ақтайды

1692 рет
көрсетілді

Кез келген елдің бағдарлы болашағын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Қазақ халқы үшін жаңа тарихтың жаңа парағының ашылған кезеңі – Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанған тұс. Сол уақытта халық алдында шешуді қажет ететін күрделі де қиын мәселелер тұрды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев күрделі саяси-экономикалық мәселелерге қарамастан, жастар саясатын назардан тыс қалдырған жоқ. Яғни, сонау 1991 жылдан бастап, жастар саясаты мәселесіне ерекше зейін қойды, соның нәтижесінде сол жылдары Жастар ісі жөніндегі комитет құрылды. Елбасының 1993 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің, ал 2012 жылы ел Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жастар ісі жөніндегі комитетінің негізі қаланды. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау. Жастардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен, жастар саясаты төңірегінде сөз қозғамас бұрын, Қазақстандағы жастардың жал­пы санына шолу жасасақ. Ста­тис­тикалық мәліметтер бойынша, олар қанша? 2015 жылдың басында рес­публика бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 4 миллион 206 мыңнан астам адамды құраса, оның 2 миллион 376 мыңға жуығы – қала, 1 миллион 830 мыңнан астамы – ауыл жастары. Жастарды толғандыратын мәселелер қай кезде де болған. Солардың бірі – жұмыссыздық. Бүгінгі таңда жұмыссыздық біз­дің елімізде ғана емес, әлемнің дамыған алпауыт елдерінде де шешімін таппай келе жатқан мәселе екені жасырын емес. Мы­салы, жұмыссыз жастардың саны 2015 жылы 4,5% болса, 2016 жылдың екінші жарты жылдығында 4,2%-ды құраған. Ал қазір Қазақстандағы жұмыспен қамтылған жастар саны – 2,1 миллион, жұмыссыз жастар саны – 95,6 мың адам. Бұл жұмыссыздық көрсеткішінің жылдан жылға төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Мұндай оң үдеріске себеп жетерлік. Ол үшін, ең алдымен, жастардың өзі жүйелі түрде білім алып, қо­ғамдық жұмыстармен бел­сен­ді түрде айналысуы керек. Бұл ретте, мемлекет тарапынан жас­тарды жан-жақты қолдайтын түрлі бағдарламалар мен жобалар жеткілікті. Мұндай жоба-бағдарламалар, әсіресе, жастар саясаты тетігін мықтап бекіту мақсатында қолға алынған. Мәселен, 2012 жылдан бастап, Қазақстанның барлық өңірінде Жастар саясаты жөніндегі бас­қармалар құрылды. Ал 2013 жылғы 27 ақ­пан­да «Қазақстан-2020: бола­шақ­қа жол» Қазақстан Респуб­ли­касы мемлекеттiк жастар саяса­тының 2020 жылға дейiн­гi тұжырымдамасы мақұлдан­ды. 2015 жылы 2020 жылға дейінгі мем­лекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Соның нәтижесінде, жастар ресурстық орталықтарының жұмысы кеңейген. Қазіргі уақытта рес­публика бойынша жастар ресурстық орталықтарының саны 198-ге жетіп, штаттық саны аймақтар бойынша 1716 адамды құрады. Бұдан бөлек, жастар ісі жөніндегі кеңестер жұмысы да қарқын ала түсіп, әкімдер бұл кеңесті жеке өздерінің басқаруына алды. Бұл да атқарушы биліктің жастарға деген оң көзқарасын білдірсе керек. Бүгінде кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарында, колледждерде барлығы 984 адамды құрайтын жастар ісі жөніндегі комитеттердің те­ті­гі іске қосылған. Олардың ішін­де жоғары оқу орындарында – 118, колледждерде – 697, кәсіп­орын­дарда 169 азамат еңбек етеді. Жалпы, жастар саясатын іске асыру барысында үкі­мет­тік емес секторлармен, жас­тар ұйымдарымен және жастар­дың өздерімен тікелей қа­рым-қатынас жасау өркениет­ті қоғамға аяқ басқан елдердің тә­жі­рибесіне айналып келеді. Бү­гінде бірнеше белсенді, үкі­меттік емес жастар ұйым­дарының жұмыстары жолға қойылған. Олардың негізгілері мыналар: «Жас Отан» жас­тар қанаты республикалық қоры», «Қазақстан жастар Конгресі» заңды тұлғалар бірлестігі, республикалық «Жасыл ел» жас­тар еңбек жасақтары, «Балалар мен жасөспірімдердің «Жас Ұлан» республикалық бірыңғай ұйымы», «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі, «Ұлттық Дельфийлік комитеті» корпоративтік қоры, «Қазақстан КВН одағы» республикалық жас­тар қоғамдық бірлестігі, «Қа­зақстан студенттерінің Альян­сы» республикалық студент­тік қоз­ғалысы. Қазіргі таңда жастардың білік­тілігін арттыратын «Жастар­дың кадрлық резерві», отансүй­гіштікке тәрбиелейтін «Жас­тар – Отанға», өнерлі жастар­ды қолдайтын «Ұлттық Дель­фий ойындары» бар. Мәсе­лен, биылдан бастап Ұлттық Дель­фийлік ойындарға мүмкіндігі шек­теулі жастар да қатысып, өз өнер­лерін көрсетуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, жас­тардың сан қырлы көшбас­шылық қасиет­терін ашатын «Жай­дарман» көңілді тапқырлар клубы» сынды жобалар іске асырылып келеді. Ел аумағында «Жасыл ел» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын қолға алынған бұл бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді. Мәселен, «Жасыл ел» жобасы бойынша биылғы жылы қосымша ақыны екі есеге дейін арттыру мәселесі қарастырылып, соның нәтижесінде бұл қара­жат 35 мың 394 теңгеге жеткен. Жалпы, «Жасыл ел» бағдар­ламасын жүзеге асыру кезінде 200 мың адам жұмыспен қам­тылып, 100 гектардан аса жер өңделіпті. Бүгінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары елі­міздің «Нұрлы жол» бағдар­ламасы бойынша салынатын индустриялық нысандарын, ЭКСПО қалашығын тұрғызуға да атсалысуда. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап еңбекпен қамтылған сарбаздар саны екі есеге, яғни 12 мыңнан 24 мың­ға дейін артқан. Бұдан бөлек, сар­баздардың өтінімімен жұмыс кезеңі 2 айға ұзартылған. Әрине, мұндай шаралар өз нәтижесін бермей қоймасы анық. Себебі, олардың барлығы демалыс уа­қыты кезінде жастарды жұмыс­пен қамтуға септігін тигізері сөзсіз. Жастар саясаты төңірегінде бүгінге дейін атқарылған жұ­мыс­тарды одан әрі жандан­дыру мақсатында биылғы жыл­­дан, дәлірек айтсақ, 2016 жыл­дың 13 қыркүйегінен бастап Қазақстан Президентінің Жар­лы­ғымен жас­тар саясатының қызметі еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министр­лігінің қарамағына берілді. Сол себепті, Жастар сая­саты де­партаменті қазір осы министр­лікте өзінің жұмысын жалғас­тыруда. Бұл департамент Ведомствоаралық үйлестіру, Әдістемелік қамтамасыз ету және халықаралық қатынастар, Жастардың әлеуметтік жобалары, Жастар ұйымдарымен әрекеттесу басқармаларынан құралады. Алдағы уақытта мемлекеттік жас­тар саясатын жүзеге асырудың кезеңдік си­пат­тағы іс-қимылдары бірне­ше негізгі бағыттарды басшы­лыққа алатын болады. Олар: жас­тардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, білім, еңбек және жұмыспен қам­ту салаларындағы кепілдік­термен қамтамасыз ету, жас­тар­дың кәсіптік, рухани және дене тәрбиесінің дамуына жағдай жасау, жас таланттарды қолдау мен шыңдау, жастарға әлеуметтік көмек көрсету мен қазіргі жағ­дайға бейімделу жүйесін қалып­тастыру, балалар мен жас­тар бір­лестіктерін дамытуға жәр­демдесу. Қазіргі таңда Қазақстан Рес­­публикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмысы мейлінше пысықталуда. Бұл ретте, Жастар саясаты де­пар­таментінің Кеңестің құрамына орталық мемлекеттік атқарушы органдардың бірінші басшыларын қосу туралы ұсынысы қолдау тапты. Қазақстанның болашақ ли­дерлерінің рухани жетілуіне, олардың қоғамда өз орындарын табуына ықпал ететін маңызды іс-шаралар мұнымен түгесілген жоқ. Бүгінде Бүкіләлемдік банкпен арадағы Келісімді іске асыру бойынша жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру туралы жұмыстар да жүргізілуде. Бұл ретте, 8,5 мыңнан аса жас азамат, оның ішінде әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жандар, сондай-ақ, 100-ге жуық жастар ұйымдары жобаны жүзеге асыруға атсалысатын болады. Бұл жоба алдағы уақытта Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан бас­тау алмақ. Осыған байланысты жобаны бас­қаратын арнайы топ құрылып, Бүкіләлемдік банкпен бірге құжат­тары қаралып жатыр. Бұл да елі­міздегі жастардың әлеуетін арттырып, жұмыссыздықпен кү­ресуге өз септігін тигізуі мүмкін. ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Бұл ретте, бірінші кезекте мем­ле­кеттің, ондағы жастардың білім сапасы алдыңғы лекке шығары сөзсіз. Мәселен, Жас­тар дамуының жаһандық көрсеткішінің қорытындысы бойын­ша 2016 жылы Қазақстан 170 елдің ішінен 61-орынға көте­рілгенін айтқанымыз жөн. Яғни, бұл сатыда Қазақстан Түр­киядан (62-орын), Ресейден (110-орын), Қытайдан (118-орын) еңбекпен қамтылуы, саяси және азаматтық белсенділігі жағынан алға шықты. 2016 жыл Елдер 1 Германия 2 Дания 3 Австралия 4 Швейцария 5 Ұлыбритания 61 Қазақстан 62 Түркия 110 Ресей 118 ҚХР Барлығы: 170 ел Алайда, қазір тоқмейілситін кезең емес. Сондықтан Қа­зақ­стан жастары осы көрсет­кішпен тоқтап қал­май, бұдан да жоғары деңгейге қол жеткізу керек. Ол үшін жастардың алдында бұрынғыдан да бі­лімді, белсенді болу міндеті тұр. Ал бұл ретте, жастарға қатысты өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мәселесі де өзекті бола түсетіні сөзсіз. Мұндайда таптырмайтын оң әдіс-тәсілдердің бірі – белсенділікті, жауапкершілікті қалыптастыруға әрі қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін форумдарды өткізу. Міне, осы орайда, 2015 жылғы 9 ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның 20-бабына сәйкес, биылғы жылдың 29 қарашасы мен 1 желтоқсан аралығында Республикалық жастар форумы өткізілді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мұндағы негізгі ой – ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде жастардың жетіс­тік­тері мен жастар сая­саты аясында атқарылған жұмыстарды көрсету, ел жастарын «Қазақстан-2050» Страте­гиясының міндет­теріне жету жолында жұ­мылдыру, оларды «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында біріктіру, сондай-ақ, мем­ле­кет­тік органдар мен жастар ұйым­дарының арасындағы қарым-қатынасты жалпыұлттық дең­гейге жеткізу. Ол үшін олардың ортасында үнқатысу мен байланыс орнату, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды талқылау мен оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұдан бөлек, Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» аясында «Нұр­лы бо­лашақ» ұлттық жобасын әзірлеу мен іске асырудың 89-қадамы – «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша жұмыстар да қолға алынып келеді. Сонымен қатар, 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Мемлекеттік жастар сая­саты тұжырымдамасының екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік ұйымдармен бірлесіп әзірленді. Аталған іс-шаралар жоспары 10 бөлімнен, 73 тармақтан тұрады. Қазірдің өзінде оның 22 тармағы орындалды. Жалпы, Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінің негізгі мақсаты – жастарды табысты әлеуметтендіруге бағытталған мемлекеттік жас­тар саясатының тиімді моделін қалыптастыруды аяқтау. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде: «...Ата тарихын, ана тілі мен түп тамырын білмей тұрып, нағыз патриот болу мүмкін емес», – деген еді. Ендеше, Елбасы сенімін ақтайтын азаматтар – білікті де, білімді жастар. Ғабидолла ОСПАНҚҰЛОВ, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры